Елорда әкімі ҚР президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының студенттерімен кездесті

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Мемлекеттік басқару академиясының магистранттарымен, докторанттарымен кездесіп, елорданың дамуы туралы айтып берді. Бұл туралы әкім Instagram парақшасында мәлім етті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

«Мегаполистердің дамуы қалада жайлы өмір сүруге және адами капиталға тікелей байланысты. Адам – қалаларды дамытудың басты күші. Елордамызда білім алуға, кәсіби тұрғыда өсуге, отбасын құруға және т.б. үшін барлық жағдай жасалған.

«Ашық микрофон» режимінде Мемлекеттік басқару академиясының магистранттарымен және докторанттарымен кездестім. Олардың әрқайсысының мемлекеттік қызметте жұмыс тәжірибесі, мемлекеттік басқару саласын өзгертуге көзқарасы, ең бастысы елдің дамуына үлес қосуға ниеті бар. Кездесуде елорданың дамуы, әлеуметтік бағыттар (әлеуметтік тұрғын үй, мектептер, медициналық орталықтар, мәдениет, спорт нысандары және т.б.) туралы айтып бердім. Сондай-ақ «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-жоспарының бағыттарына бөлек тоқталдым. Елорда ең алдымен жаяу жүргіншілерге жағдай жасай отырып дамып келеді. Ол үшін соңғы екі жылда 400-ден астам қоғамдық кеңістік пен аула абаттандырылды.

Сонымен қатар, студенттердің тайм-менеджмент, қала құрылысы, елорданы дамытудың алдағы жоспарлары туралы сұрақтарына жауап бердім. Осындай кездесулер пікір алмасуға, халықпен кері байланыс орнатуға мүмкіндік береді. «Ашық микрофон» форматындағы кездесулерді әрі қарай да өткізетін боламыз», - деп жазды елорда әкімі.

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Выбор редактора
Ошибка в тексте