Жыл қорытындысы бойынша республикалық маңызы бар жолдардың 2,2 мың шақырымында реконструкция жұмыстарын аяқтау көзделген. Бұл туралы бүгін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің өкілдері айтып берді.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте баяндама оқыған вице-министр Б.Камалиев Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша "Орталық-Оңтүстік" дәлізін дамыту қарқын алғанын жеткізді. Бүгінгі таңда реконструкция жұмыстарымен ұзындығы 955 шақырым болатын Қарағанды – Балқаш – Бұрылбайтал – Құрты – Қапшағай учаскесі қамтылған.
«Еліміздің шығысында біз Талдықорған-Өскемен (768 шақырым) және Қалбатау-Майқапшағай (415 шақырым) автомобиль жолдарын қайта жаңартып жатырмыз. «Үшарал-Достық» (184 шақырым) автожолының, «Мерке-Бұрылбайтал» (262 шақырым), сондай-ақ, ұзындығы 96 шақырым болатын «Ұзынағаш-Отар» автомобиль жолдарының реконстукциясын жүргізіп жатырмыз. Батыс өңірде Ақтөбе-Атырау-Астрахань (740 шақырым) дәлізін жаңарту бойынша жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Сондай-ақ, Шамалған станциясының теміржол өткелінде жол айрығының құрылысы жалғасуда», - деді ол.
Оның сөзіне қарағанда, аталған жобалар 2021-2023 жылдары кезең-кезеңмен тәмәмдалатын болады. Бұдан бөлек, мемлекеттік-жеке меншік серіктестік аясында ҮАААЖ айналма жолының құрылысы жүргізілуде, ол 2024 жылы аяқталады.
Вам может быть интересно: «ҚР Президенті Кореяның ұлттық батыры Хон Бом Доның құрметіне орай өткен рәсімге қатысты»