Алтай Көлгінов 2 мыңнан астам әлеуметтік пәтер салынып жатқан шағын ауданға барды
Елорданың әкімі Алтай Көлгінов әлеуметтік қолжетімді тұрғын үй құрылысы жайлы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігіне сілтеме жасап.
«Қала — тірі организм іспеттес, ал ол толыққанды жұмыс істеуі үшін барлық саланы жетілдіру қажет. Мысалы, тұрғын үй және басқа да нысанды салу кезінде үйлерді жылумен, электрмен және басқа да коммуникациялармен қамтамасыз ету керек, ал жолдар, балабақшалар, мектептер, медициналық мекемелер салу үшін инженерлік желілер жүргізу қажет. Осы тұжырымдамаға сәйкес елорда аудандары орталықтандырылып дамып келеді», — деп жазды елорда әкімі желідегі парақшасында.
Әкім қаланы аралап жүріп, әлеуметтік қолжетімді тұрғын үй қалай салынып жатқанын қарап шықты. Оның айтуынша, қаланың барлық ауданында, соның ішінде елді мекендерде жеңілдікпен берілетін баспана салынып жатыр.
«Бүгін «Отау» шағын ауданына (Алматы ауданы, Метро маңайы) бардым. Онда қолжетімді жеңілдікпен берілетін тұрғын үйлерден тұратын шағын аудан болады. Бұл шағын ауданда кезекте тұрғандарға (оның ішінде Отбасы банкінде кезекте тұрғандар үшін) арналған әлеуметтік пәтерлердің жалпы саны 2 мыңнан асады. Шағын ауданда балабақша, мектеп салуды, сол сияқты медициналық мекеме, демалыс орындарын, азық-түлік дүкендерін және т.б. қарастыруды тапсырдым», - деді Алтай Көлгінов.
Әкім аумақты абаттандыруға яғни аула аумақтары, жолдар, канализация, автобус аялдамалары, жарықтандыруға ерекше назар аудару қажеттігін жеткізді.
«Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әлеуметтік тұрғын үй санын арттырамыз. Мысалы, 2018 жылы 1 800 әлеуметтік пәтер салынған болса, биыл бұл көрсеткішті 10 мыңға дейін жеткіземіз, соңғы 3 жылда әлеуметтік тұрғын үй саны 5 еседен аса артты. Сондай-ақ Елбасының бастамасымен қолға алынған «Жұмыс істейтін жастарға жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы биыл да жалғасады. Бұдан бөлек, тұрғын үй сертификатының сомасын 1 млн теңгеден 1,5 млн теңгеге дейін ұлғайттық, Қазақстандық тұрғын үй компаниясының (ҚИК) бағдарламасы бойынша қатысушылар санатын кеңейттік», - деді әкім.
Вам может быть интересно: «Әлемнің бірқатар елінде коронавирустың таралуы бойынша тәуліктік антирекорд тіркелді»