«Жылдам жеңістер» жоспары Қазақстан мен ҚХР Хубэй провинциясының бірлескен жобалары үшін әзірленеді

Бұл туралы Қазақстанның Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев ірі қытайлық кәсіпкерлермен дөңгелек үстел барысында келісті.

Бизнес капитандарымен іскерлік келіссөздер қазақстандық тауар өндірушілердің Хубэй провинциясының Ухань қаласына сауда-экономикалық миссиясы шеңберінде өтті. Тараптар ынтымақтастықтың өзекті бағыттарын талқылады, өздерінің экспорттық және инвестициялық әлеуетін таныстырды. Хубэй провинциясының электрондық коммерция қауымдастығы e-cоmmerce секторын өзгерту туралы ұсыныстарын айтты.

Сауда және интеграция министрі атап өткендей, Қазақстан мен Қытайдың қарым-қатынасы барлық бағыттар бойынша қарқынды дамып келеді. Тамыз айында Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Шэньчжэнь және Пекин қалаларында қытайлық бизнес өкілдерімен кездесулер өткізді. Астанада Шаньси және Шаньдунь провинцияларының іскер топтарының өзара сапарлары өткізілді.

Бүгінде Қазақстан мен Қытай экономиканың түрлі секторларында 20 млрд доллардан астам сомаға 52 бірлескен жоба бойынша тығыз өзара іс-қимыл жасалуда. Индустрияландыру және инвестициялар саласында өзара жұмыс жүргізілуде.

«Инвесторларды тарту үшін негізгі секторлармен АӨК, қайта өңдеу және логистика, сондай-ақ цифрлық сауда секторлары анықталды. Инвестиция салғысы келетін компаниялар үшін біздің елімізде индустриалды нысандарды салуға жер учаскелерін бөлуді, 10 жылға дейінгі мерзімге салық салудан босатуды, жұмыс күшін әкелуге квоталар беруді және басқа да артықшылықтарды көздейтін ауқымды ынталандыру пакеті бар. Сіздердің компанияларыңыздың профильдерін ескере отырып, біз Қазақстан экономикасына инвестиция салу мүмкіндіктерін ұсына аламыз», - деді дөңгелек үстелге қатысушыларға Арман Шаққалиев.

Министр мемлекет елге шетелдік инвестицияларды тартуға өте мүдделі екенін атап өтті.

«Біз еліміздің өңірлерін дамытуға міндеттіміз. Егер Қазақстанның белгілі бір саласына мақсатты қызығушылық болса, біз инвестициялық жобалар және солармен байланысты процестер бойынша туындайтын барлық мәселелерді жедел түрде жергілікті жерлерде пысықтауға дайынбыз. Бұл тиімдірек әрі жылдам болады», - деді Арман Шаққалиев.

Келіссөздерге минералды ресурстарды өңдеу, бизнес-қызметтер және көтерме сауда, энергетика объектілерін салу және пайдалану, күн батареяларын өндіру, тасымалдауды басқару, жүктерді сақтау, электрондық коммерцияны қоса алғанда, әртүрлі салалардағы 20-ға жуық қытайлық компаниялар қатысты.

Кездесуде тараптар жедел іске асыру және жылдам нәтижелерге қол жеткізу үшін перспективалы жобаларды айқындауға келісті. QazTrade сауда саясатын дамыту орталығы Хубэй провинциясының Кәсіпкерлер қауымдастығымен бірлесіп өнімді экспорттау-импорттау бойынша нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеуі тиіс.

Сондай-ақ, Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Қауымдастық өкілдерінен қазақстандық компанияларға өткізу нарықтарын іздеуде көмек көрсетуді сұрады. Бұған жауап ретінде Хубэй провинциясының кәсіпкерлер қауымдастығының өкілі Чжан Фанчэн Қытайдағы әлеуетті серіктестер біздің тауар өндірушілеріміздің мүмкіндіктері мен қазақстандық брендтер туралы түсінік алуы үшін қазақстандық кәсіпорындар үшін маркетингтік науқан жүргізуді ұсынды.

Қазақстандық кәсіпкерлердің Хубэй провинциясының Ухань қаласына сауда миссиясы 14-16 қыркүйек аралығында өтеді. Іс-шара аясында В2В форматында іскерлік келіссөздер, кәсіпорындарға бару жоспарланған, экспорттық келісімдерге қол қою күтілуде.

 

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Ошибка в тексте