Бейжіңде Қазақстанның ШЫҰ төрағалықтың басымдықтары талқыланды

4212

Қазақстанның Қытайдағы елшілігі Шаңхай ынтымақтастық ұйымының хатшылығымен бірлесіп, еліміздің 2023-2024 жылдардағы Ұйымға төрағалық етуінің басымдықтарына арналған арнайы брифинг ұйымдастырды.

Брифингке ШЫҰ-ға мүше мемлекеттерінің, байқаушылары мен диалог бойынша серіктестерінің елшілері мен дипломаттары, ҚХР мемлекеттік органдары мен жетекші сараптамалық орталықтарының өкілдері, сондай-ақ қытай және қазақстандық БАҚ өкілдері қатысты.

Іс-шараны ашу кезінде ШЫҰ бас хатшысы Чжан Мин тәуелсіздік жылдарында Қазақстан дипломатиясы халықаралық күн тәртібінің барлық салаларын қамтитын бірқатар стратегиялық маңызды сыртқы саяси бастамаларды іске асыра алғанын атап өтті.

Чжан Мин Қазақстанның ШЫҰ-дағы алдыңғы төрағалығы тарихи болғанын атап, Үндістан төрағалағымен бейнеконференция режимінде кеше өткен ШЫҰ 23-ші саммитінде ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған еліміздің алдағы төрағалықтың алты негізгі басымдығы Ұйым шеңберіндегі көпжақты ынтымақтастықтың жаңа даму кезеңіне шығаратынына сенім білдірді.

«Алдағы кезеңде Қазақстан төраға рөлінде ШЫҰ халықтарының өркендеуі мен әл-ауқаты мақсатында Ұйымның іс жүзіндегі өзара іс-қимылын жаңа деңгейге шығарады және сол үшін бар күшін салады деген сенімдемін», – деді бас хатшы.

ШЫҰ хатшылығы жанындағы ҚР Тұрақты өкілі Нұрлан Аққошқаров қатысушылардың назарын Қазақстан ұйымның негізін қалаушы мемлекеттердің бірі болғанын және ол құрылған күннен бастап көптеген ұсыныстар, жобалар, құжаттар мен бағдарламалар бастамашысы болған белсенді мүше мемлекеті болып қала беретініне аударды.

Ол қатысушыларды алдағы қазақстандық төрағалықтың негізгі басымдықтарымен толығырақ таныстырды: ұйым кеңістігінде қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету; экономика және сауда саласындағы байланыстарды кеңейту және тереңдету; энергетикалық ынтымақтастықты нығайту; цифрлық саладағы ынтымақтастықты кеңейту; экология саласындағы өзара іс-қимылды нығайту; мәдени-гуманитарлық байланыстар, әрі ШЫҰ реформалау, оны практикалық және тиімді платформаға айналдыру.

Сонымен қатар іс-шара барысында Қытайдың ғылыми және сараптамалық орталықтардың өкілдері Қазақстанның төрағалығы кезеңінде ШЫҰ шеңберінде ынтымақтастықты іске асырудың жолдары мен келешегіне қатысты мәселелер бойынша жан-жақты пікірлерімен бөлісті.

Сарапшылар Мемлекет басшымыздың саммитте сөйлеген сөзі мазмұндылығымен және жан-жақтылығымен ерекшеленгенін атап өтті. Олар ҚР президенті ШЫҰ төраға мемлекет ретінде айтқан басымдықтарын іске асыру үшін Ұйымға мүше мемлекеттер мен оның хатшылығы барлық күш-жігерін жұмсайтынына сенім білдірді.

Брифинг соңында Қазақстанның Қытайдағы елшілігі, ШЫҰ хатшылығы мен Қытайдың тату көршілік, достық және ынтымақтастық жөніндегі комитеті арасында бірлескен іс-шаралар жоспарына қол қойылды.

Жалпы, төрағалық ету кезеңінде Қазақстан министрлік деңгейінде 80-нен астам сараптамалық кездесулер, форумдар, кеңестер, сондай-ақ саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларда жұмыс тетіктерінің отырыстарын ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Аталған жоспарда Қазақстан мен Қытайда қосымша бірлескен мәдени-гуманитарлық 20-ға жуық іс-шаралар көзделген.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить