Халықаралық армия ойындары: Қазақстан «Бейбітшілік жауынгері» сайысында 1-орын алды

2477

Халықаралық армия ойындары аясындағы «Бейбітшілік жауынгері» зияткерлік-кәсіби сайысында қазақстандық әскери қызметшілер 1-орынды олжалады, деп хабарлайды ҚР Қорғаныс министрлігі.

Дилижан полигонында (Армения) қазақстандық команда (аға сержанттар Дархан Аслан, Бектөре Назашов, Тұрар Тілегенов және қатардағы жауынгер Назира Әлбосынова) Армения, Беларусь және Ресей елінен қатысқан қарсыластарын басып озды.

Сайыстың нәтижесі «Ратник» қорытынды кезеңінде шешілді. Қазақстандық әскери қызметшілер ерлер арасындағы әскери-қолданбалы пәндер жарысында да жеңіске жетті. Қатардағы жауынгер Назира Әлбосынова әскери-медициналық жарыста үздік нәтиже көрсетіп, атыс даярлығының жаттығуларын сәтті орындап шықты. Бұл кезеңдегі жеңіс қазақстандық командаға байқау тұғырының жоғары сатысына көтерілуге мүмкіндік берді. Жалпыкомандалық есепте екінші орынды Ресей әскери қызметшілері еншілеп, Беларусь елінің өкілдері үздік үштікке енді.

Әзербайжан Республикасындағы әскери теңізшілердің «Теңіз кубогі» байқауының сайыстары да аяқталды. Барлық кезеңдердің қорытындысы бойынша қазақстандық команда 2-орында тұр. Бірінші орынды Әзербайжан мен Ресейдің әскери қызметшілері өзара бөлісті.

Кабардино-Балкарияда өтіп жатқан «Эльбрус шеңбері» байқауында қазақстандық әскери қызметшілер жаттығуларды орындаудан Ресей мен Өзбекстан жауынгерлерінен сәл артта қалып, 3-орынға тұрақтады. Төртінші және бесінші орындарды Қытай мен Үндістан командалары иеленді. Байқау нәтижелері командалар арасындағы соңғы жарыс – Эльбрус шыңына шығудан соң анықталады.

Мәскеу маңындағы «Алабино» полигонында қазақстандық танкистер «Танк биатлоны» байқауының ақтық мәресіне өтпей қалды. Қазақстан құрамасы мәреге жетер алдында Қытай командасына жол беріп, халықаралық армия ойындарының жабылу күні өтетін финалға шықпайтын болды.

Бұған дейін Қазақстан әскерилері «Артиллериядан оқ ату шеберлері», «Меридиан» және «Тактикалық мерген» байқауларында жеңіске жеткен еді.
 

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить