«Shardara Armsport» қалайша әлемдегі ең мықты клубтың біріне айналды

11963

Дүниежүзінің кәсіби спортшылары неліктен Шардараға келіп жаттығады?

Арман Қарсыбаев
Арман Қарсыбаев

Бұл туралы Forbes.kz тілшісіне «Shardara Armsport» клубының негізін қалаушы, армрестлингтен қазақстанның чемпионы, Азия және әлем чемпионаттарының жүлдегері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Арман Қарсыбаев айтып береді.

F: Арман мырза, «Шардара армспорт» клубы қалай және қай кезде негізін қалады? Сізге оған жетекшілік ету қалай бұйырды?

- «Шардара армспорт» спорт клубы 2000 жылы құрылды. Мен өзім бұл спорт түрімен Алматы қаласында Қазақ көлік және коммуникациялар Академиясында оқып жүргенде  айналыстым, Владимир Залманович Дрекслердің  шәкірті болдым, соның қолында жаттықтым. Ал 1999 оқу бітіріп, экономист мамандығын алып шықтым. Содан туған жерім Шардараға қайта оралып,  осы клубты ашуды қолға алдым.

F: Ал өзіңіз армрестлинтен қандай нәтиже көрсеттіңіз?

- Мен өзім 2005 жылға дейін күрестім. Сол жылы Өскемен қаласында өткен Азия чемпионатында және Жапония астанасы Токио қаласында өткен әлем чемпионаттарында аса ауыр салмақта жүлдегер атанып, Оңтүстік өңірінің тарихында армрестлингтен тұңғыш Спорт шебері және халықаралық дәрежедегі спорт шебері атақтарына лайық болдым.

F: Ал Шардарада алғаш қайда жаттықтыңыздар? Қазіргі базаларыңыз қандай?

- Алғаш ауылдың балаларын өзімнің мал қорамда жаттықтыра бастадым. Әрине, онда мал жоқ еді. Біз оның ішін тазалап, жаттығуымызды қолдан жасалған темірлермен және жылу батареяларымен бастадық. Кейін орта мектеп жертөлесіне ауыстық, уақыт өте қараусыз қалған Қазпочта ғимаратына қоныс аудардық. Сол кезде қатты армандайтынмын, Құдай маған бақ берсе ауылымның балаларына  міндетті түрде зал салып беремін деп ойлап жүрдім. Бұл ойым жүзеге асты, мүмкін болды, мақсатымыз орындалды. Қазіргі таңда спорттың 14 түрін қамтитын, бүгінгі заманға сай «Шардара армспорт» спорттық базасын салдық. Мемлекеттен қаржы алған жоқпыз, бұл кешенді тек шәкірттерімнің көмегімен және өз қаржыма салдық.

F: Алғашқы жарыстарға шығуға қаржы болмаған екен. Бұл мәселе қалай шешілді?

- Иә, бірінші бастаған кезде ақша болған жоқ. Қатты қиналдық. Себебі бұл кезде өзімізді дәлелдеп үлгерген жоқ едік, мемлекет қиын жағдайда еді. Жалпы біздің елде армрестлинг спортын білмейтін еді, бұл спорт түрі аса танымал емес еді. Сондықтан басында тапшылық болғаны рас, қаржы көзін табу оңай болмады. Бірақ біз қарап отырмадық, жұмыс істедік, мақтаға шықтық, демеушілер іздедік, достарымыз, сыныптастарымыз барынша қолдады. Осылай жарыстарға шыға бастадық, кейін өзімізді жан-жақты көрсетіп, таныла бастадық, жігіттеріміз жеңіске жете бастаған соң толығымен мемлекеттің қаржыландыруына көштік. Яғни, бүгінде оқу-жаттығу жиындарын,  шетелдегі жарыстарға қажетті шығындарды толығымен мемлекет мойнына алды.

F: Қанша елдерде, қандай жарыстарға қатыстыңыздар? Олардың нәтижесі қандай болды?

- Біздің спортшыларымыз сонау 2005 жылдан бастап барлық құрлықтық және әлемдік чемпионаттар мен кубоктардан қалмады. Осы жылдар ішінде 45 мемлекетте өткен жарыстарға барып қайттық, бәрінен олжамен оралдық.

F: Қазірге дейін қанша шәкірт, оның ішінде қанша чемпион дайындап шықтыңыз? Қазір қанша адам жаттығады, олар кімдер, қай жердің тумалары?

- Иә, 2000 жылдан бастап біздің спортшылар үлкен нәтиже көрсетті. Қазіргі таңдағы көрсеткішіміз төмендегідей. Мысалы, бүгінгі күні 48 спортшы Әлем чемпионы, 39 спортшымыз Әлем чемпионатының жүлдегері, 26 спортшы Әлем кубогының иегері, 144 спортшы Азия чемпионы атанды. Сонымен қатар, 154 спортшы Азия чемпионатының жүлдегері болды, 50 спортшы Азия кубогының иегері, 339 спортшы Қазақстан Республикасының чемпионы, 373 спортшы Қазақстан Республикасы чемпионатының жүлдегерлері болып табылады. Ал 85 спортшы Халықаралық турнирлердің жеңімпазы,  62 спортшы ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағына лайық болды. Біздің жетістікеріміз бұнымен шектелмейді. Қазіргі күні 113 спортшы ҚР спорт шебері,  501 шәкірт ҚР спорт шеберлігіне үміткер 2 жаттықтырушы Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы, тағы 1 спортшы ҚР Еңбек сіңірген спорт шеберіне дайындалған. Жалпы армрестлинг Шардараның брендіне айналған соң  қатысушылар саны күнне күнге артуда. Қазіргі таңда 800-ге тарта жасөспірім армрестлингпен айналысуда. Барлығы шардаралықтар. Оларға барынша жағдай жасап, тегін автобус жүргізіп қойдық.

F: Әрбір спорт түрінің өзіндік ерекшелігі, талабы, дайындау әдісі болады? Қол күрес спортшылары қалай дайындалады, оларға қойылатын талап қандай, жаттығу тәртібінің өзгешелігі неде?

- Иә, біздің жаттығуларымыздың өз тәртібі мен жоспары бар. Қол күресі бойынша  аптасына 6 күн жаттығады, 3 күн темірмен жаттықса, 3 күн үстел үстінде дайындалады. Жексенбі демалыс. Армрестлинг жаттығуы, жалпы бұл спорт кез келген олимпиадалық спорт түрінен оңай емес деп ойлаймын. Өйткені  бұл спорт түрінде раунд немесе кезең деген болмайды. Бар күшіңді, бар өнеріңді бір сәтте, санаулы секундта көрсете білуің керек.

F: Қазіргі күні клубтың Қазақстандағы және әлемдегі рейтингі қандай? Елдегі және дүниежүзінде қандай орын аласыздар?

-Армрестлинг және гір көтеру федерациясы Қазақстанда 1993 жылы құрылған. Оның негізін қалаушылар Владимир Дрекслер және Мұхамедолла Ағзамов деген ағаларымыз. Ол кісілерге алғысымыз шексіз. Қазіргі таңда Қазақстанның барлық өңірлерінде командалар құрылған, олар өз облыстарында жаттығуда, сол өңірлердің намысын қорғайды. Ал Қазақстан бойынша Құдайға шүкір, біз көп жылдан бері көш басында келеміз. Ал әлем бойынша біздің клуб көш басындағылардың бірі болып табылады.

Сіздер үшін әлемдегі негізгі қарсыластар кімдер?

- Әлем чемпионаттарында негізгі қарсыластар Ресей, Грузия, Түркия, Украина болып табылады. Ал Азияда өзбек ағайындар.

F: Жуырда Румынияның Констанца қаласында өткен әлем чемпионатынан жеңіспен оралдыңыздар? Онда қандай мемлекттер қатысты, жалпы елдер арасында қандай нәтиже көрсеттіңіздер?

- Румынияда өткен әлем чемпионатынан 8 әлем чемпионы шықты. Қызығы сол, ең негізгі 75 кг салмақ дәрежесінде екі спортшымыз (чемпионаттарда әр елден әр салмақта екі адамға ғана рұқсат етіледі) өзара финалда кездесті. Бірақ екеуі күреспей, кішісі үлкеніне жол бергенде бәрі шапалақ ұрып жатты. Әрине, басқа елдердің менталитетінде мұндай жағдай кездесе бермейді.

F: Кореяда 37 корейді қатарынан жеңген Қыдырғали Оңғарбаев Қазақстанмен бірге күллі әлемге танылған еді. Бұл сайыс қай кезде болды, шәкіртіңіздің қазіргі жетістігі қандай?

- Қазіргі таңда Қыдырғали Оғарбаев салмақ дәрежесіне қарамастан Қазақстандағы ең мықты спортшы болып табылады. Былтыр өткен сайыста, яғни салмақ дәрежесіне қарамайтын бәсекеде Топ- 8 құрамына енді, дәлірек айтсақ әлемдегі ең мықты 8 адамның ішінен 4- ші орынды иеленді.  Оның салмағы 100 кг, ал қарсыластары 150 келіден жоғары, тіпті алды 180 кг болады. Кореядағы халықаралық турнирде сол елдің өтінішімен 37 спортшымен күш сынасты және бәрін  қатарынан жеңді. Осы жеңістен кейін Корея құрамасы Шардараға арнайы келіп, 10 күн жаттығып кетті, содан олар Грузиядағы оқу жаттығуға  аттанды. Шын мәнінде олар бізге өте қызығады, таңқалады, біздің жаттығуларымызбен бірге қонақжайлылығымызды көрді. Оңтүстік Корея бізден қарағанда дамыған мемлекет болғанымен, біз олардан әлдеқайда басым түсіп отырмыз.

F: Сізге Қазақстанның өзге аймақтарынан немесе шет елдерден ұсыныс болды ма? Яғни жаттықтырушы ретінде жұмыс істеуге шақырғандар болған шығар.

- Біздің Шардарамызға керісінше оқу жаттығу жиынына немесе бізден үйренуге Франция, АҚШ, Малайзия, Жапония, Тайланд сынды мемлекеттердің спортшылары келіп тұрады. Ал біз өз туған жеріміз бен еліміздің атын шығарумен қоса, тек  елге қызмет ету үшін, еңбек ету үшін туған азаматтармыз.

F: Шетел спортшылары қанша уақыт дайындалды? Олар кәсіби спортшылар ма, әлде жаңадан басстаушылар ма?

- Жалпы, шетелдің спортшылары бізге 2015 жылдан бастап келе бастады. Олардың ішінде енді бастап жатқандары бар, кәсіби деңгейде жаттығып жүргенері бар. Мысалы Франция құрамасы тек кәсіпқойларды жіберді, ал Тайландтан келген спортшылардың үлкен тәжірибесі жоқ, олардың деңгейі бізбен салыстырғанда әлдеқайда төмен, оның үстіне оларда бұл спорт анау айтқандай дамымаған, сол елдің спортшылары 18 күн жаттығып кетті, біз өз кезегімізде білгенімізді көрсеттік, үйреттік.

F: Жалпы армрестлингте жүлде қоры қалай белгіленеді. Қаржылай беріле ме, әлде тек медальдармен шектеле ме? 

- Жалпы ресми чемпионаттарда, мысалы Қазақстандағы байрақты бәсекелерде тек медаль және спорттық атақ беріледі. Қазақстан чемпионы, Әлем чемпионы, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері деген сияқты. Бұл бәсекелерде жүлде қоры жоқ. Ал біздің балаларымыз негізінен коммерциялық турнирлерге қатысады, ондай жарыстар Еуропада, Азияда көп өтеді. Мысалы олар Азиядан Тайланд, Кореяда, Еуропада Голландияда жиі ұйымдастырылады. Ал олардың жүлде қоры әр қалай, мысалы мен 10 салмақ бойынша 10 адам жіберсем және сол 10 спортшы чемпион болып оралса, онда қомақты қаржы жиналады.

F: Сіз жоғарыда толығымен мемлектетік қаржыландыруға көшкендеріңізді  айттыңыз. Ал одан бөлек қандай да бір компаниялармен жарнама бойынша келісімшарттар немесе демеушілер бар ма?

- Ресми демеушілер жоқ. Тек мемлекет қаржыландыруда. Бірақ менің көптеген шәкірттерім бар, 2000 жылдары шыққан жігіттердің көбі кәсіпкер болып кетті, солар қолдан келгенше көмек береді, сонымен қатар, біздің жігіттер жарыстардан қомақты қаржымен оралады, олар тапқан сыйақыларының  жартысын қорға құяды, жартысын өздері алады. Сол қаржымен біз спорт залдарды салудамыз және қайырымдылық жасаймыз. Ал жарнама берушілерге, брендтермен жұмыс істейтін деңгейге әлі жеткен жоқпыз. Ал қалған шығындар толығымен мемлекет есебінен. Өзімізді барынша дәлелдеген соң, үкімет тарапынан қолдау болып жатыр. Сондықтан біздің күшіміз- бірлікте!

F: Мемлекет сіздің еңбегіңізді қалай бағалауда. Алдағы арман, жоспар, мақсат қандай?

- Мен «Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы» атағының иегерімін. Осы ауданда көп жыл спорт саласын басқардым. Қазіргі таңда Шардара аудандық мәслихатының хатшысымын. Алда жоспар көп. Құдай қаласа күз айында Грузияның Батуми қаласында өтетін әлем чемпионатында елімізді тағы да танытамыз деген сенімдемін. Ал негізгі мақсат- ауылымыздың балаларына салауатты өмір салтын насихаттап, өз елін, Отанын сүйетін азаматтарды тәрбиелеп  шығару.

F: Жеңіс пен жетістіктің сыры неде деп олайсыз? Бұндай дәрежеге жету қалай мүмкін болды?

- Әрине, бұның бәрі ең алдымен Жаратушының арқасы, содан барып тынымсыз еңбек пен бірлігігімздің, спортқа деген қызығушылық пен құштарлықтың нәтижесі деп білемін. Жауынгерлік, батырлық қазақтың қанында бар, біздің команданың спортшылары да ауылдың намысты жігіттері мен қыздары, жаңағы 48 әлем чемпионының жартысынан көбі бір көшенің балалары. Бәрі де ауылдың менталитетімен тәрбиеленген, бәрі де үлкенді тыңдайды, сыйлайды, бағынады, алға қойған мақсатқа жету үшін барын салып жаттығады. Осындай табандылықтың, ауызбіршіліктің арқасында үлкен жетістіктерге жетіп жатырмыз деген ойдамын.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить