Сарапшы: Экология мәселесіне қажеттіліктен емес, саналы көзқараспен келуіміз керек

17156

Әр қазақстандық жылына шамамен 157 кг қоқыс тастайды екен. Әдетте, біз қоқыс жәшігіне өзіміз тастаған сол қоқыстың біздің денсаулығымызға, қоршаған ортаға әсері туралы ойлана бермейміз

Фото: © pexels.com/Ron Lach

Бүгінде экология – жаһандық күн тәртібінде тұрған өзекті мәселенің бірі: көптеген әлемдік экобелсенділер су, энергия тапшылығы, қоқыс эпидемиясының салдары бойынша дабыл қағуда. Осы ретте, Қазақстанда да экосана мен экоәдет қалыптастыруға талпынып жүрген мамандар баршылық. Сондай маманның бірі – эколог, Greenup.kz қоғамдық қорының атқарушы директоры Пәкизат Сайлаубекова. 

F: Пәкизат, ең алдымен осы салаға қалай келгеніңізді айтып берсеңіз. Экология тақырыбымен айналысуға не түрткі болды?

- Мен экология тақырыбына саналы түрде келген адамдардың қатарынанмын. Тақырыпты терең зерттеу мақсатында 2018 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне магистратураға түсіп, диссертация тақырыбы ретінде «электрондық қалдықтар» тақырыбын таңдадым. Ол кезде бұл қалың көпшілік үшін аса таныс емес тақырып-тын. Оқытушыларым бұл таңдауыма тіпті қарсы да болды. Мен де беріспедім. Оқумен қатар экология саласындағы әртүрлі бастамаларға ерікті ретінде қатысуды әдетке айналдырдым. Алғашқы тәжірибем танымал дүкендердің бірі өткізген «Өз қалаңның қаһарманы бол» деген акциядан бастау алды. Біздің жұмысымыз, сол дүкендерде төрт сағаттан сегіз сағатқа дейін тұрып, пластик бөтелкелерді қабылдау болатын. Төрт ай бойы әр жұма сайын Алматыдағы Гагарин көшесінде орналасқан дүкенге барып, тиесілі сағаттарымды атқарып қайтатынмын. Сол кезде қоқысты сұрыптау, электрондық қалдықтарды жою деген ұғымдармен таныстым, өзім сынды экология мәселелеріне қызығатын орта таптым.  Әлі есімде, өзім оқитын ҚазҰПУ-ға 15 мың теңгеге макулатура жинайтын жәшік сатып алып, қойғызғанмын. Сонда өзімнің шәкіртақым 30 мың теңгені құрайды. Апайларым кейде маған кейіп: «Осы сенің таппайтының жоқ, бастама көтересің де жүресің, тыныш отырмайсың ба?!» деп жататын. Не керек, сол кезде көпшілік аса түсінбейтін тақырыпты көтеріп жүрген, «біртүрлі өзгеше адам» ретінде көрінгенімді жасырмаймын. Бірақ университетіме де, ұстаздарыма да алғысым шексіз. Мінезімді көтеріп, кішкене болса да, бастамаларымды жүзеге асыруға көмектесті. Белсенді ретінде қалыптасуыма атсалысты. Кезінде мені де, тақырыбымды да түсінбеген сол апайларым бүгінде докторантураға шақырып жатыр.

Әрине, 2018 жылмен салыстырғанда, қазір жағдай біршама өзгерді. Экология – әлем назарындағы өзекті, тренд тақырыптардың біріне айналды. Оның үстіне ауа, су тазалығына, балаларының болашағына алаңдайтын қазақстандықтардың қатары да артып келеді.

Қазір мамандығым бойынша жұмыс істеймін, қалың көпшілікке экоәдеттерді түсіндіру бойынша танымдық бағыттағы жұмыстардың басы-қасындамын. «Экология без паники» подкасы да сондай мақсатта туған медиаөнім. Одан бөлек шағын командамызбен бірге экосенбілік ұйымдастырып, жылына бірнеше бағыттан тұратын эконауқандар өткіземіз.

Пәкизат Сайлаубекова
Пәкизат Сайлаубекова
Фото: жеке архивтен

F: Мысалға, ол қандай эконауқандар?

- Эконауқандар – уақытымыз көп кететін жұмыстың бірі. Бұл науқандар аясында тұрмыстық қалдықтардан бастап, түрлі әлеуметтік жобаларға қажет заттарға дейін жинаймыз (киім-кешек, аяқ-киім, кітап, жануралар үйіне қажет заттар дегендей). Мысалы, тұрмыстық қалдықтардың 17 түрін қабылдаймыз. Оның ішіне пластиктің төрт түрі (жұмсағы бар, қаттысы бар), макулатура, шыны ыдысы, металдар, батареялар, алюминий банкалары, қолданылған өсімдік майы, мерзімі өткен дәрілер және тағы басқа қалдықтар бар. Қала бойынша экоорталық түріндегі нүктелер бар, бірақ олар қалдықтардың бәрін бірдей қабылдайды деп айта алмаймын. Мысалы, боялған шыны ыдысты тек Алматыда ғана, оның үстіне біз ғана қабылдаймыз. «Шыны ыдысы мың жыл шіриді» дегенде көп адам сенбей, «ол қалай, шыны ыдысы құмнан жасалмай ма?» деп таңданып жатады.  Иә, құмнан жасалады, бірақ мың жыл шіриді. Ал пластик мүлде шірімейді.

Сондай өзекті мәселенің бірі – мерзімі өткен дәрілерді қабылдайтын жерлердің жоқтығы. Оны да біз эконауқан аясында қабылдаймыз. Себебі адамдар ойланбай қоқысқа тастайтын дәрі-дәрмек, пайдаланылған шприцтер, суспензиялар қоршаған ортаға ғана емес, біздің денсаулығымызға да көп зиян келтіреді. Мұндай қалдықтар қатты қалдықтар полигонына түскенде, ыдырап, топыраққа, суға сіңіп, айналып, өз ағзамызға қайта түседі. Нәтижесінде адамда дәріге деген төзімділік пайда болып, болашақта бактерияға қарсы антибиотиктердің жұмысы әлсіреп кету қаупі бар. Бір ғана төрт сағаттық эконауқан аясында қала тұрғындарынан 70 килограммға дейін мерзімі өткен дәрі-дәрмек жинап жатамыз. Бұл өте ауқымды көрсеткіш! Утилизация жасайтын компанияны өзіміз тауып, олармен келісімшартқа отырып, әр жойылған килограмм үшін ақшаны да өзіміз төлейміз. Бұл еліміз бойынша үлкен мәселе, оны шешу жолдарын ҚР денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе қарастыруды жоспарлап отырмыз.

F: Қазір командаңызда қанша адам бар?

- Менімен қоса командамызда тағы алты адам бар. Түрлі эконауқандар аясында еріктілер көмектесіп жатады. Олардың ішінде студенттер де, үлкен кісілер де бар. Үлкен кісілер көбіне балаларынан естіп келеді. Біз оларға қалдықтарды жинап, сұрыптауды үйретеміз, мүмкіндігімізше, жол, тамақ шығындарын төлеуге тырысамыз. Еріктілер арасында шетелге оқуға түсуді жоспарлап жүрген жоғары сынып оқушылары да бар. Шетелдік оқу орындарында жастардың белсенділігіне көп көңіл бөлінеді, сондықтан болашақ оқу орнына көрсететін алғыс хат үшін еріктілер жұмысына араласып жататын жастар жағы аз емес. Оқушылар онысын жасырмайды, біз де бір-бірімізге пайдалы болғанды құп көреміз. Себебі экоәдеттің көп адамның бойында қалыптасқанын қалаймыз. Бір айта кететін нәрсе, командамыздағы екі маман да кезінде қатарымызға ерікті болып қосылып, қазір ұйымымыздың толыққанды мүшесі болып отыр.

Фото: жеке архивтен

F: Алматыдан өзге аймақтардағы жағдай бойынша не айтасыз? Экобелсенділіктің Қазақстан бойынша көрінісі қандай?

- Алматы – экостартаптар жасауға, қоқыстарды сұрыптауға, экобелсенділік шараларын өткізуге өте қолайлы қала. Осы ретте, Алматы, Астана, Шымкент сынды ірі қалаларда экосана жайлап болса да қалыптасып келеді. Менің жүрегім ауыл, аудан мен шағын қалаларға ауырады, себебі қалыпты инфрақұрылым жоқ жерде экосана туралы айту да кейде орынсыз. Көп жерде осы тақырыпты түсіне де бермеуінің себебі осында жатыр. Дегенмен. әр қалада кемінде бір-екі экобелсенді бар екендігін атап айту керек. WhatsApp-та «Казахстан экологичный» деген чатымыз бар, ол жерде әр қалада тұратын экобелсенділер отырады. Сол жерде хабарласып, сұрақтарды талқылап тұрамыз, бір-бірімізден көмек сұраймыз. Қазір чатта

293 адам отыр: арасында «органикалық қалдықтарды қалай утилизация жасаймыз» деп жеке қызығушылықпен келгендер де, осы тақырып аясындағы қоғамдық белсенділер де, эколог мамандар да бар.

F: Сіздіңше, экосананы қалай қалыптастыруға болады? Ол жақын болашақта мүмкін бе?

- Экошейминг деген термин бар: экологиялық салтты сақтамай өмір сүретін адамдарды ұялтуға талпынатын адамдар. Мен өзімді олардың қатарына қоспаймын. Ерте ме, кеш пе, адамдар қажеттіліктен экологиялық мәселелерге зер зала бастайды деп білемін. Бірақ өз басым адамдардың оған қажеттіліктен емес, саналы түрде келгенін тілеймін, түсіндіру жұмыстарын жүргіземін. Мысалы, Жапонияда қалдықтардың отыздан астам түрін сұрыптайды екен. Олар бұл жолға «ойбай, болашағымызды ойлайық» деп саналы түрде келді ме, жоқ па, айта алмаймын. Бірақ оларда заң, лайықты инфрақұрылым, талап пен айыппұл жүйесі болды. Бәрі кешенді негізде жасалғандықтан, күні бүгінге дейін дұрыс жұмыс істеп тұр. Бізде түрлі қоқыс түріне арналған жәшіктерді бөліп қойғанымен, нені қалай сұрыптаймыз, оның маңызы не, қоқыс полигонындағы жұмыстар қалай жүргізіледі деген тұрғыда түсіндіру жұмыстары жүргізілмейді. Айыппұл түрінде де қандай да бір жауапкершілік тағайындалмайды. Сондықтан, жағдай әзірге осындай.

...Менің әріптесімнің бірі – Әлия Сәлменова экологиялық белсенділікке үлкен қызы арқылы келді. «Ертең сіздер бақи болғанда, осы планетада өмір сүретін мен және менің балаларым» деп, қызы 7-сыныптан бастап экосенбіліктерге қатыса бастапты. Сол арқылы Әлиямен танысып, бүгінде тығыз жұмыс істеп жатырмыз. Әлия бізде директор, ал қызы қазір Грузияда экология саласы бойынша білім алуда. Бізде осындай мысалдар өте көп. Мұны айтып отырған себебім: біз қазірден бастап, елдің, халықтың, келешек ұрпағымыздың жағдайын жасауды ойлап, экология мәселесіне түпкілікті көңіл бөлуіміз керек. Біз мұны өзіміз қолға алмасақ, бөтен біреу келіп, бізге бәрін жасап, түгендеп бермейді. Ал егер экология мәселесі сол қалпы жабулы қазан күйінде қала берсе, келер ұрпақ таза ауа, таза су, таза, яғни қауіпсіз қала мен ауыл туралы кітаптан оқып, өсетін болады.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить
АЛЕКСАНДР ГЕРЧИК: $20 МЛН ЗА 25 ЛЕТ В ТРЕЙДИНГЕ Смотреть на Youtube