Жаһандық пандемиядан кейінгі еңбек нарығы

77303

Алдағы жылдары еңбек нарығында икемділік және жаңа кезеңге бейімделе білу сынды талаптар алға шығады

Фото: © unsplash.com/Arron Choi

Қашықтан жұмыс істеу саясаты және технологиялық жетістіктерден қалыс қалмау сынды көрсеткіштер жұмыс іздеген адам үшін маңызды талаптардың бірі болмақ. Жаһандық пандемиядан кейінгі кезеңде әлем елдерінің еңбек нарығына ықпал етіп отырған негізгі тенденцияларды сарапқа салған сарапшы қауым осындай пікір айтуда.

Әлем бойынша алып қарағанда, алдағы уақытта еңбек нарығындағы елеулі өзгерістер, ең алдымен, икемді әрі бейімделу қабілеті мол жұмыс ортасын талап ететін болады, дейді сарапшылар. Мысалға, соңғы үш жылда кең тараған қашықтан жұмыс істеу қабілеті әрі қарай тартымды тренд ретінде қала бермек: еркін табыс экономикасы қазірдің өзінде-ақ жұмыскер үшін де, жұмыс беруші үшін де ыңғайлы жолмен ымыраға келудің бір көрінісі деп танылған.

Сол сияқты, сарапшы қауымның пікірінше, еңбек нарығына ықпал етіп отырған бүгінгі таңдағы тағы бір танымал тенденция – жұмыс барысын цифрландырып, автоматтандыру және жасанды интеллект секілді технологиялық жетістіктер болса керек. Бұл үрдістер дәстүрлі жұмыс орындарының біртіндеп жойылуына не түрленіп, өзгеруіне ықпал етуде, бірақ, сонымен қатар, өндіріс, технология, «жасыл» экономика сынды салаларда жаңа мүмкіндіктерге жол ашуда.

Мамандардың айтуынша, алдағы уақытта кез келген саладағы кәсіби маман өз бойындағы машық-дағдыларды әрі қарай шыңдап, үздіксіз оқып-үйренуге, жаңа кезеңге сай жаңа талаптарды игеріп, икемделуге бейім болуы тиіс. Сонда ғана жұмыс іздеп, талаптанған әр адам еңбек нарығында бәсекеге қабілетті маман ретінде танылып, жаһандық үрдістер аясында жергілікті нарыққа ғана емес, әлемдік нарыққа да үміт ете алады.

Сарапшы қауым алға тартқан мәліметтерге сүйенсек, әлем бойынша алғанда 2023 жылы еңбек нарығында бәсекелестік талап көрсеткіштері одан әрі күшейе түскен. Мұның бір себебін олар, жаһандық пандемия кезінде жұмыс орнын тастап кетуге мәжбүр болған білікті мамандардың еңбек нарығына қайта оралуымен түсіндіреді. Айталық, пандемия аясында кей салалар жабылуға шақ қалды, кей салаға деген сұраныс төмендеп кетті, мысалға, клининг саласы не қонақ үй қызметі, туристік сала, т.т. дегендей. Алайда, пандемиядан кейінгі кезеңде бұл салаларға деген сұраныс тұтынушы тарапынан шарықтап өсіп, сала ішіндегі кәсіпорындар, компаниялар білікті мамандарға іздеу сала бастады.

Айта кетейік, ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің (ҚР СЖРА) Ұлттық статистика бюросы (ҰСБ) деректеріне сай, 2023 жылдың II тоқсанында Қазақстанда 452,6 мың адам ресми түрде жұмыссыз деп тіркелген (Халықаралық еңбек ұйымының әдістемесі бойынша есептегенде).

ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректері бойынша, 2023 жылдың маусым айының соңында халықты жұмыспен қамту органдарына жұмыс іздеп 41,8 мың адам жүгінген. «Жұмыспен қамту бойынша барлығы 31 мың іс-шара жүзеге асып, 8,2 мың адам кәсіптік оқуға немесе қайта даярлауға, кәсіби біліктілігін арттыруға жіберілді, 4,4 мың адам қоғамдық жұмыстарға қатысты», - деп көрсетілген ҰСБ ресми сайтында.

Өз кезегінде, әлем бойынша еңбек нарығында қалыптасып жатқан соңғы тенденцияларды алға тартқан сарапшы қауым, бұл нарыққа қай кезеңде болмасын экономикалық, әлеуметтік және саяси факторлар әсер ететінін еске салады. Сондай-ақ, олар, қандай да бір түбегейлі өзгеріс не күйзеліс аясында әлеуетті мүмкіндіктер де байқаусыз қалмайды дегенді ескертеді.

Сонымен, жоғарыда айтып өткеніміздей, соңғы жылдары әлем бойынша еңбек нарықтарында кеңінен көрініс берген жаңа бағыттар деп қашықтан жұмыс істеу үрдісі мен еркін табыс экономикасын және технологиялық ілгері жылжуды айтуға болады.

Технологиялардың жеделдеп дамуы кез келген адамға кеңседен тыс, қашықта отырып жұмыс істеуге жол ашты, бұл, әсіресе, жаңадан қалыптасып жатқан компаниялар, стартап-жобалар үшін таптырмас мүмкіндік болды. Айталық, жұмыс беруші өз шығындарын оңтайландырып, елеулі қаражат үнемдей алды, мысалға, кеңсе жалдау қажеттілігі болмағасын. Алайда, еңбек нарығындағы заңгер мамандардың айтуынша, бұл арада жұмыс беруші мен жұмыскердің арасында нақты белгіленіп, бекітілген келісім болуы керек: онда жұмыскердің тарапынан атқарылатын жұмыс ауқымы қалай бағаланып, қалай есептелетіні толық көрсетілгені дұрыс.

Айтпақшы, бүгінде еркін табыс экономикасы аясында жұмыс уақытын өзі белгілеп, фрилансер ретінде жұмыс істеуді қалайтындар қатары ұлғая түссе керек. Олар, әдетте, таңертеңгі тоғыздан кешкі алтыға дейін бір орында отырып жұмыс істеуге құлықты емес. Сарапшы қауымның айтуынша, мұндай жұмыс, әсіресе, шығармашылық санаттағы кәсіптер үшін ыңғайлы, бірақ бұл арада «тәуелсіз жұмыскер» ел ішіндегі заңнамаға сай салық төлеу сынды талаптарды өз мойнына алып, жауапкершілік жүктеуге дайын болуы керек.

ҚР СЖРА ҰСБ деректеріне сай, 2023 жылдың ІІ тоқсанында ел экономикасының әртүрлі салаларында 9,6 млн адам еңбек етсе, оның ішінде 6,9 млн адам – жалдамалы негізде (ел экономикасында жұмыспен қамтылғандардың 76,2%-ы), ал 2,2 млн адам өзін-өзі қамту негізінде (23,8%) жұмыс істеген. Әйтсе де сарапшы қауымның пікірінше, Қазақстанда фрилансер ретінде жұмыс істеп жүрген адамдар өзін-өзі жұмыспен қамтығандар тізіміне толыққанды іліге қоймаса керек.

Сол сияқты, сарапшы қауым, заман талабына сай, нарық ішіндегі жұмыс барысы да күрделене түседі, деп ескертеді. Яғни, сала ішінде тиімді нәтижеге қол жеткізуді мақсат еткен кәсіби маман тек өз күшімен ғана шектелмей, әріптестік, серіктестік ынтымақтастық құруға дайын болғаны дұрыс, дейді мамандар.

Әлбетте, еңбек нарығында үміт пен күдікке толы жаңа бағыт – жасанды интеллект дегенге келіп тіреледі.

Goldman Sachs инвестициялық банкінің биыл жария етілген есебінде, алдағы 10 жылда жасанды интеллект бүкіл әлем бойынша 300 миллиондай жұмыс орнын автоматтандыруға септік етеді делінген. Экономистердің болжамынша, жасанды интеллектінің дамуы еңбек нарығында, ең алдымен, қызметкер санатындағы мамандардың санын қысқартуға әсер етуі мүмкін. Бірақ қол жұмысын талап ететін не ашық ауада жұмыс істейтін мамандықтарға жасанды интеллектінің шамасы жете қоймаса керек. Сарапшы мамандардың айтуынша, бұл тұрғыдағы еңбек үрдістері тікелей адам күшінің қатысуын талап етеді.

Goldman Sachs есебінше, жасанды интеллектінің жылдық құны 3,5 млн АҚШ долларынан 5,8 млн долларға дейін жетуі мүмкін. Олардың болжамынша, алдағы 10 жылда жасанды интеллектінің көмегімен әлемдік жалпы ішкі өнімді 7%-ға ұлғайту мүмкіндігі бар.

Экономист мамандар жасанды интеллектінің еңбек нарығына деген ықпалы елеулі болатынын жоққа шығармайды, дегенмен, нарық ішіндегі салалар мен жұмыс орындарының біразы тек ішінара автоматтандырылады, яғни жасанды интеллект бүгінгі жұмыс орындарын ауыстырады дегеннен гөрі, толықтырады деген дұрыстау болады, деп отыр.

Десек те бүгінде әлем бойынша жұмыс күшінің төрттен біріндей көрсеткішті құрайтын мамандық иелері жасанды интеллектіден қаймығып, жасқанатындарын жасырмайды. Қазір, тіпті, «роботтар менің жұмысымды тартып алуы мүмкін бе?» деген мазмұнда арнайы ашылған сайт та іске қосылған (ағылшын тілінде), оған тіркелген әр адам жасанды интеллектінің өз мамандығына әсерін бағалап, бағамдай алады.

Байқауымызша жасанды интеллект қазірден-ақ жарнама нарығы, ойын-сауық, кино индустрияларындағы бірқатар мамандардың жүйкесін тоздырып үлгерсе керек. Жасанды интеллект негізінде кескінді синтездеу техникасы барынша қымбат әрі күрделі үрдіс болғанымен, бүгінде ол әлем бойынша кино индустриясында біртіндеп қолданысқа түсуде, оның ішінде көрші Ресейде де. Бұқаралық ақпарат құралдары мен ғаламтор қолданушыларының айтуынша, ресейлік «Контакт» сериалының екінші маусымында бұған дейін актер Маским Виторган сомдаған рөлді жасанды интеллектімен ауыстырып, кейіпкерді синтездеу әдісі (дипфейк) қолданылған көрінеді. Бірақ бұл арада еңбек нарығындағы қажеттіліктен гөрі саяси астар жатуы да әбден ықтимал.

Стоп-кадр

Айтпақшы, McKinsey Global Institute ұсынған есепте, 2019–2022 жылдар аралығында еңбек нарығында орын алған өзгерістер аясында қоғамдық тамақтану, бөлшек сауда, клиенттерге қызмет көрсету, кеңселерді қолдау сынды салалардың мамандары өз кәсібінен біржолата бас тартқаны туралы айтылады. Есесіне денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, бизнес, құқық, STEM (Science, Technology, Engineering, Mathematics), көлік және логистика сынды салалардың мамандары жасанды интеллектінің ықпалымен көптеген жетістіктерге қол жеткізе алады деген сенім мол.

Жалпы, сарапшылардың айтуынша, автоматтандыру, цифрландыру сынды технологиялық үрдістер дәстүрлі жұмыс орындарын қысқартуға пандемия тұсында-ақ септік етіп бастады. Бұл тенденция әрі қарай жалғаса бермек, дегенмен, технологиялық өрлеу екпіні өндіріс, технологиялар сынды салаларда жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беруі тиіс. Мысалға, пандемия тұсында онлайн қызметтің дамуы курьерлер жұмысын жандандырғаны іспетті...

Алдағы уақытта еңбек нарықтарында жаңа жұмыс орындарын ашуға септік етуі тиіс ерекше саланың бірі «жасыл» экономика болмақ. Сарапшы қауымның айтуынша, «жасыл» экономиканы дамыту аясында қоршаған ортаны қорғауға негізделген жаңа мамандықтарға деген cұраныс арта түседі, әсіресе, технологиялық машық-дағдыларға ие және ESG қағидаттары мен тұрақты даму мақсаттарын есепке алған кәсіп түрлеріне.

Сәйкесінше, болашақтың еңбек нарығына икемделіп, бейімделу үшін бұл саладағы бүгінгі мамандар, ертеңгі мектеп түлектері, ЖОО студенттері «жасыл» экономикаға тән жаңа үрдістерге көңіл бөліп, сала ішіндегі жаңа мүмкіндіктерді сарапқа салып, зерделей бастағаны дұрыс. Әрине, «жасыл» экономика талаптарына негізделген мамандарды отандық жоғары оқу орындарында оқыту мәселесі де күн тәртібінен қалыс қалмауы тиіс.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить