Алматы апаты

11578

Ауа сапасын бақылайтын әлемдік IQAir рейтингі бойынша Алматы – Қазақстандағы ең лас бесінші өңір. IQAir есебінше, былтыр мегаполисте ешбір айда тап-таза ауа болмаған

ФОТО: © Андрей Лунин

Алматының ауа сапасы нашар екенін Экология министрлігі де растайды. Министрлік елдегі ең лас қалалар тізімінің көш басында Астана, Алматы, Қарағанды, Теміртау, Атырау, Ақтөбе, Балқаш және Өскемен қалалары тұрғанын хабарлады. Оларды үш санатқа бөлген. Қарағанды, Өскемен, Балқаш сияқты қалалар өнеркәсіптің кесірінен ластанса, Ақтөбе, Атырау кәріз жүйесінің ескіруінен, ал Алматы мен Астана ауасы көбіне жылу электр орталығының кесірінен ластанады.

Алматы әкімдігі дайындаған 2025 жылға дейінгі даму бағдарламасында ауаның ластануына негізгі себептер деп ескі автомобильдер үлесінің көптігі, жылу электр станциялары (ЖЭО‑2,3), көмір жағатын үйлер мен саяжайлар, ірі өндірістік кәсіпорындар және ауаның қозғалысына кедергі келтіретін құрылыстар көрсетілген.

Әкімдік мойындағысы келмейді

Эколог-­ғалым Насиба Байматованың айтуынша, Алматы ауасын ең қатты ластайтын — көмір жағатын жылу электр станциялары. Қаладағы ЖЭС‑2 мен ЖЭС‑3 жыл сайын 3,5 млн тонна Екібастұздың сапасыз көмірін жағады. Сапасыз деуімізге себеп — бұл көмірдің 42 пайызы күлге айналады. Экологтың сөзінше, Қазақстандағы көмір электр станцияның көбі PM2.5 ұсақ бөлшектерін тазартуға күші жетпейтін құрал қолданады. Ал азот оксидінен (NOx) және күкірт диоксидінен (SO2) тазарту технологиялары әлі қолданылмайды.

Жеке тұрғын үйлерде 1 млн тоннаға жуық Шұбаркөл көмірі жағылады. Оның 12 пайызы күлге айналады. Қазақстандағы ең көп автокөлік тіркелген өңір — Алматы. Әр жүз адамға 25 көліктен келеді. Қалада еуро стандартқа сәйкес емес жанармаймен жүретін 500 мың автокөлік бар. Мегаполиспен шектесетін Алматы облысының да 534,7 мың көлігін есепке алмаса болмайды. Ескі әрі сапасыз жанармай жағатын көліктер ауаны көміртегі тотығымен (СО) және азот диоксидімен (NO2) ластайды.

Forbes Kazakhstan сөйлескен эколог-­ғалымның бәрі Алматы экологиялық апатқа ұшырады деп есептейді. Бірақ қала әкімдігі мұнымен келіспейді. «Қалада ауаның ластану деңгейі жоғары екені рас. Бірақ кейінгі жылдары тұрақталып келеді» делінген қаланың даму бағдарламасында. Сонымен бірге Алматы ауасының ластану индексі басқа қалалармен салыстырғанда біршама төмен екенін көрсеткен. Мысалы, Қарағандыдағы ауаның ластану индексі 20,5 болса, Алматыда — 7 екен. Бірақ әкімдік индекстің дереккөзін көрсетпеген.

Экобелсенді Равкат Мұхтаровтың сөзінше, Алматыда ғана емес, жалпы Қазақстанда ауаның ластанғаны, оның адам денсаулығына кесірі туралы толық дерек, ауқымды зерттеулер мен тиімді шешім аз. Екіншіден, белсенді Алматының жағдайында жергілікті билік мәселенің шын келбетін жария етуге мүдделі емес деп есептейді.

«Биыл 18 қаңтарда Алматы ауасы қатты бұзылды. Улы газдың иісі сезіліп, қалың түтін көзге көрініп тұрғанда белсенділер дабыл қақты. Алайда қалалық экология департаменті «біз тексердік, адам денсаулығына аса қауіп төніп тұрған жоқ» деген хабар таратты. Қазақстанның барлық қаласында экологиялық дағдарыс болып жатыр. Бәрінде де экологияға жауап беретін билік органы бұл дағдарысты мойындағысы келмейді. Меніңше, мұны шешуге саяси себеп кедергі сиқты. Сол үшін ЖЭС-ті газға ауыстыру созылып кетті және мұнай өндіруші компанияларға, бетон зауыттарына ауқымды айыппұл салуға дәті бармай келеді» деді белсенді.

Ауа сапасын бақылайтын Air-kaz.org жобасының дерегінше, қыста Алматының төменгі бөлігіндегі аудандарда ауаның тәуліктегі ластану деңгейі текше метріне 400 микрограмнан асты. Бұл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бекіткен қалыпты деңгейден 15 есе көп.

Сол кезде қалалық экология департаменті брифинг өткізіп, Алматы ауасының күрт ластануына жеке тұрғын үйлердің көмір, отын жағуы себеп деген. «Кеше ғана 18 қаңтарда өткізген мониторинг-те көрдік атмосфералық ауаның ластануы нормадан асқан жоқ болатын» деп мәлімдеді департамент өкілі.

Airkaz.org жобасының негізін қалаушы, экобелсенді Павел Александров та департаменттің «Қазгидромет» РМҚ ұсынған деректі бұрмалайтынын байқаған. «Алматының ауа сапасын әлемдегі экологиялық стандарттармен салыстырсақ, жағдай апатты. Кейде ауадағы шекті рұқсат етілген концентрация 20 еседен асады. Бұл қауіпті деңгей ғана емес, төтенше жағдай жариялайтын, мемлекеттік органдар нақты қадам жасайтын кез. Алайда оның орнына жергілікті билік қауіпті көрсеткішті жоққа шығарады, бірде үнсіз қалады, ал кейде бірдеңе тындырып жатқан сияқты кейіп танытады» дейді экобелсенді.

Неге төтенше жағдай жарияланбайды?

Эколог-­ғалым Насиба Байматова экология департаментінің «ауа сапасы қалыпты жағдайда» деп жиі шешім шығаруына ескірген нормативтік құжаттармен жұмыс істеуі себеп деп санайды. Оның айтуынша, Қазақстанда ауаны ластаушы негізгі заттардың шекті рұқсат етілген концентрациясы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған мөлшерден бірнеше есе артық. «Сондықтан ауа қаншалықты ластанса да, уәкілетті орган «көрсеткіштер норма шегінде» деп мәлімдейді. Қазақстанда лас ауа бойынша төтенше жағдай жариялау «Төтенше жағдайлар туралы» заңға сәйкес жүргізіледі. Сол аймақта төтенше жағдай ластаушы заттардың шекті мөлшері 10 есе асып кетсе, техногендік немесе табиғи себептерден туындаған экологиялық апаттар болған кезде ғана жариялануы мүмкін» дейді ол.

Өңірдегі ауа сапасына қатысты төтенше жағдайды жергілікті билік органдары мен экология және денсаулық сақтау саласындағы мамандардың ұсынысы негізінде үкімет қабылдайды.

Алайда Алматы әкімдігі қалада төтенше жағдай жариялауға асығу қажеттілігі жоқ деп санайды. «Жасыл Алматы» бағдарламасына сәйкес алдағы онжылдықта жылу энергетикасы кәсіпорындарынан және басқа да өнеркәсіп объектілерінен шығарылатын ластаушы заттарды азайтуға басымдық бермекші. Ол үшін 2025 жылға дейін автомобильдерге экологиялық таңба енгізбекші, газдандырылған аудандарда, оның ішінде өнеркәсіп кәсіпорындары мен қоғамдық тамақтандыру кәсіпорындарында қатты отын жағуға кезең-­кезеңімен тыйым салынбақшы. 2030 жылға қарай жылу электр орталығы‑2 шығарындыларын жылына 2,5 мың тонна деңгейіне түсіріп, газға ауыстыру үшін 324,1 миллиард теңге бөлінген. ЖЭО‑3‑ті газға ауыстыруға 270 миллиардтан астам теңге жұмсалады. Сонымен бірге қалада 2030 жылға дейін шамамен 1,3 миллион түп ағаш отырғызылып, Алматыны жасыл қалаға айналдыру жоспарланған.

Газ тапшылығы бола ма?

2 миллионнан астам адам тұратын Алматыдағы жағдайды реттеу үшін газға көшу мәселесі басталған. Бірақ қала түгел газға көшсе, елде газ тапшылығы болатыны кейінгі кезде жиі айтылып жүр. Былтыр бұрынғы энергетика министрі Болат Ақшолақов тапшылық 2025 жылға қарай біліне бастайтынын айтқан.

«Газға сұраныс әлемде ғана емес, отандық экономикада да артып жатыр. Ел ішінде газ тұтыну 2017 жылдан 2021 жылға дейін текше метріне 4,8 миллиардтан 18 миллиардқа дейін өсті. Тұтынудың орташа жылдық өсімі шамамен 7 пайыздан асты. Соған байланысты 2025 жылға қарай газ тапшылығы болуы мүмкін» деген еді экс-министр.

QazaqGaz ұлттық газ компаниясының басқарма төрағасы Санжар Жаркешов Алматы электр станциясы көмірден табиғи газға ауысса, жағдай едәуір өзгеретінін мәлімдеген. Ол елдегі газ тапшылығына арзан тарифтерді кінәлаған. Энергетик, сарапшы Жақып Хайрушев Алматыны газға ауыстыру жобасын QazaqGaz ұлттық компаниясы мақұлдағанын айтады. Оның сөзінше, егер осы үшін елде газ тапшылығы болса, оған бір себеп — QazaqGaz-дың қате есебі.

«Жобаның сметалық құжаттамасы 2021 жылы QazaqGaz-дың инвестициялық комитетінің шешімімен мақұлданды. Олар 2023–2052 жылдары жыл сайын 1,6 миллиард текше метр газ жағылады деп есептеген (ЖЭС‑2–600 МВт, ЖЭС‑3–450 МВт). Сол үшін компания бұл мәселені егжей-­тегжейлі қарады деп сенеміз» деді энергетик.

Көмірден газға ауысу жиі айтылып, Қазақстан климат жөніндегі Париж келісіміне қол қоятын кезде елде көмір лоббиі күшейген. Париж келісіміне қарсы шыққандардың бірі — «Қаражыра» АҚ акционері Ерлан Нығматулиннің бауыры, бұрынғы мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин. Париж келісімін ратификациялау туралы заң жобасын қабылдайтын кезде «Көмір өндіретін аймақ тұрғындары жұмыссыз қалмай ма?» деп қарсы аргумент айтқан. Сол кездегі энергетика министрі Қанат Бозымбаев кеншілердің өмірінде өзгерістер болатынын, бірақ бұл өзгерістерге алдын ала дайындалу керек екенін айтқан. «Бұл — тұтас мәселелер кешені. Яғни технологиялық мәселелерді, кадрларды даярлауды, көмір жағу технологиясын өзгерту мәселелерін қарауымыз керек» деп жауап қайырған.

Сарапшы Жақып Хайрушев те көмірден газға көшіру жобасы кесірінен шахтерлер жұмыссыз қалады дегенмен келіспейді. Оның ойынша, бұдан елдің көмір өнеркәсібіне де қауіп көрмейді. Өйткені Париж келісімі көмірден түбегейлі бас тартуға емес, лас шығарындылардан тазартатын озық технологияға көшуге итермелейді.

Алматы әкімдігінің кейінгі мәліметі бойынша, жылу электр орталықтарын газға көшіру 2026 жылға дейін аяқталады. Алайда экологтар әкімдіктің жоспары мінсіз болғанымен, оның орындалу процесіне күмәнмен қарайды. Эколог Айымгүл Керімрай газға көшіру процесін жеделдету керек деп санайды. «Әлемдік тәжірибе бойынша мұндай жобаны екі жылда тындыруға болады. Бірақ бізде бұл жоба жыл сайын қағазбастылыққа байланысты кейінгі шегеріліп келді» дейді ол. Сол үшін газға көшіру процесін қоғам болып қадағалау қажет деп есептейді.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить