Медианың басты принципі

8589

Өз мамандығын бизнеске айналдырып, Forbes-ты Қазақстанға әкелген тележурналист қалай влогерге айналды?

Арманжан Байтасов
ФОТО: © Андрей Лунин
Арманжан Байтасов

Осы жылы Forbes Kazakhstan онжылдық мерейтойын атап өтеді. Бірақ жағдай басқаша болғанда әлемдік франшиза Қазақстанға бес-алты жыл бұрын ерте келер еді. 2004 жылы АҚШ-тан келген журналист Пол Хлебников Forbes-ты Ресейге әкелді, басылым бірінші нөмірінен бастап өте танымал болды (бірнеше айдан кейін Полды редакцияға кіріп бара жатқан жерінен атып кетті, бірақ тергеу мәліметі бойынша, қылмыс журнал жұмысына емес, оның бұрынғы зерттеу жұмысына қатысты болған).

«Мен Ресейдің медиакеңістігін мұқият бақылап отырамын. Меніңше, менталдық жағынан екі елдің аудиториясы жақын, былайша айтқанда сол кездері жақын болды деуге болады. Бірден Мәскеуге ұшып бардым. Біз Регина фон Флеммингпен (сол кезде Forbes Russia журналының шығарушысы болған Axel Springer Russia баспа үйінің бас директоры – ред.) бірнеше рет кездестік. Ол бізде ресейлік журналдың филиалын ашуды, солардың материалдарын басып шығаруды ұсынды, ал маған көбірек журналистік еркіндік керек еді. Сол күйі Регина екеуміз келісе алмадық. Оның орнына бірден Нью-Йоркқа ұшып барып, келісім жасауға, шынын айтқанда, сол уақытта менің батылым жетпеді», – деп еске алады қазақстандық және грузиялық Forbes шығарушысы, Tan Media Group иегесі Арманжан Байтасов (рейтингте №23).

Жастық командасы

Мәселе, тек батылдықта ғана емес сияқты. Байтасов сол кезде өзінің сүйікті өнімі, «31 арна» медиахолдингінің иесі және президенті еді, оған бар уақыты мен назарын арнады. Сол уақыттағы мерзімінен тыс өткен президент сайлауы, Заманбек Нұрқаділовтың құпияға толы өзін үш рет атып өлтіруі, Алтынбек Сәрсенбаевты өлтіру сияқты ішкі саяси оқиғаларды еске түсірсек, Қазақстанда жекеменшік жаңалықтар арнасының болуының өзі ерекше жағдай еді. «Достарым сағат тоғыз болып, кешкі жаңалықтар басталмайынша, кешкі асқа келмейтінімді білетін, бәрін бақылауда ұстадым. Егер жаңалықтардан қателік кетсе, бәрібір сен кінәлі боласың. Кімнің продюсер немесе шығарушы редактор болғаны ешкімді қызықтырмайды. Мұны бірнеше рет бастан өткізгенмен», – деп еске алады әңгімелесушіміз.

ҚазҰУ-да журналистика факультетінде оқып жүріп ол достарымен бірге 80–90 жылдар аралығында енді басталған жарнама бизнесімен айналысқан. Шын мәнінде бұл журфак студенттердің таныстары бар әртүрлі редакциялар мен кәсіпкерлер арасындағы қарапайым делдалдық еді. Сауда жасаудың еш қиындығы жоқ екенін түсінген олар Мәскеуге барып, сататын тауар әкеле бастайды, оның үстіне ұшып барып-келуге бір күн жеткілікті болды.

Сол арада журфакқа саланың майталмандары Александр Пономарев пен Мұрат Ерғалиев келді. Арманжан олардың ұйымдастыруындағы «Медеу» мұз айдынында жыл сайын өтетін «Азия Дауысы» танымал әндердің халықаралық байқауын өткізетін командаға тап болды. «Мені кіші редактор етіп алды, алғашқы байқаудан бастап жүргізушілерге арнап мәтін жаздым. Чехиялық кішкентай баспа машинам бар еді, бірден сабаққа әкелетінмін. Курстасым және досым Федя Курепинмен (кейін танымал тележурналист және жүргізуші – ред.) бірге үнемі бірдеңені басып жататынбыз. Ал ертеңіне сол жазғанымыз конкурс өтетін «Медеу» мұз айдынынан оқылды. Тағы менде бір рация болатын, Ерғалиев мәтіндегі өзгерістерді айтып отырады, мен болсам оларды қолмен түртіп, бірден қайта басып шығарамын. Бірде жұмысқа кірісіп кеткенім соншалық, жел тұрғанын байқамай, декорация басып қалған. Бірақ мен үшін үлкен тәжірибе болды, қызыққа толы уақыт еді. Сабақты үздік оқығандықтан университетке де еркін графикпен баратын болдым. Сөйтіп жүріп бизнеспен де айналыстым. Қазір соның бәріне қалай үлгергеніме таңғаламын», – деп күледі Байтасов.

ФОТО: © Андрей Лунин

1992 жылы Арманжан диплом алды, бірақ одан жарты жыл бұрын «Азия Дауысындағы» жұмысынан айырылып қалды. Олар Олег Волкошпен (ҚазҰУ-дың журфагын бітірген, қазір Mediaplus Group Russia президенті – ред.) бірге эфирге арналған бағдарламаны монтаждауы керек еді, бірақ жұмыс сапасыз болғандықтан, әділетті түрде жазаланған. «Өз жарнама бизнесіміз бар, неге телекомпания ашпасқа деп ойладық. Сол кезде елде екі жекеменшік арна жұмыс істеп тұрды. Бірі – Қазақ телевизиясының бұрынғы директоры Изи Фиделдің КТК-сы, екіншісі – Ләйлә Бекетованың (қазір Храпунова, Алматы экс-әкімінің жұбайы) «ТАҢ» арнасы». Көп ойланбастан кешегі екі студент «31 арнаны» тіркеп, Мемлекеттік электробайланыс инспекциясына жиілік алу үшін өтініш береді. Қазір «қайта құру» кезеңінен кейінгі мұндай еркіндікті елестету мүмкін емес, бірақ ол уақытта телерадиожиілік бойынша ешқандай байқау өткізілмейтін. «Ол кезде мемлекет мұның қандай ресурс екенін түсінбеді. Мемлекеттік инспекция бізге белгілі бір диапазонды алу үшін лицензия берді. Сол кезде біздің де өз таныстарымыз, байланысымыз пайда болғаны түсінікті шығар, ақымақ жастар сияқты көрінгеніміз жоқ. Соның өзінде бірінші кездескеннің бәріне жиілік бере бермейтін, десе де сондай таңғаларлық уақыт еді», – деп жымияды Байтасов.

31-арна 1993 жылдың 12-сәуірінде лицензия алған достар эфирге шығуға дайын болды. «Мен бірден Көктөбедегі телемұнараға барып, монтаждалған бірінші бағдарламаның кассетасын өз қолыммен эфирге қостым. Ол кездегі кассеталардың барлығы VHS еді, тіптен супер-VHS та емес еді», – деп еске түсіреді әңгімелесуші.

Студия үшін Төле би (сол кездегі Комсомольская – ред.) мен Мұқанов көшелерінің қиылысындағы екі қабатты «Алма» биржасы ғимаратынан үш кабинет жалға алынды. Штат құрылтайшыларды қосқанда бес адамнан тұрды. Жеке техникадан – Арманжанның ата-анасы БАӘ-ден әкелген видеокамера ғана бар еді. «Телеарна ашу газет ашқанға қарағанда қымбатырақ. Бір таратқыштың өзі 20 мың доллар тұрады, ол кезде өте үлкен ақша. Монтаж үшін де техника қажет еді. Бірақ мен адамдармен тез байланыс орнататын жігітпін ғой, құрал-жабдықтары бар жігіттермен достасып алдым. Олардың компаниясы «Мақсат Телесистем» деп аталатын. Ол техниканы не үшін сатып алғанын білмеймін, тіпті ары қарай қалай пайдалануды да білмеген. Компанияның иесі Жанды техниканы менің басқаруыма беруге көндірдім, ал оған жарнама мен ілгерілету жағынан көмек беретін болдым. Осылайша, бізге эфирге шығуға мүмкіндік туғанда, бізюе бағдарламаның белгілі бір қоры да жиналған еді», – деп түсіндірді Байтасов.

Арна тез танымал болды, медиа мен бизнес-қауымдастық арасындағы көпірге айналды. «Біз енді ғана қалыптасып келе жатқан қазақстандық бизнеске жаңа алаң ұсындық, барынша ашық болдық. Бөтелкедегі Coca-Cola атауын жауып тастау дегендей үнем айыруға тырыспадық, керісінше кәсіпкерлерге ақпараттық қолдау білдірдік. Одан бөлек музыкалық бағдарламалардың тұтас блогы бар еді, ол жерде музыканттарға да көмектесіп, эфирге шығардық. Шындығын айту керек, бағдарламалар кестесі кәсіби тұрғыда дұрыс құрастырылмады, оны өзім жасайтын едім. Алдымен «Қайырлы таң», кейін музыка, одан соң кино, ары қарай жаңалықтар, артынан сериал, сосын тағы музыка. Бәрі араласып кеткен. Меніңше, тек 1994 жылға қарай ғана кәсіби түрде бағдарлама кестесін құрастыруды үйрендік», – деп еске алады ол. Сол кезде нағыз кәсіби құрал-жабдықтар сатып алып, толыққанды медиахолдинг құру мүмкіндігі туды.

2005 жылы танымал украиндық және ресейлік продюсер Александр Роднянский «31 арнаны» ресейлік СТС-ке сатуға ұсынды. Онымен Арманжан Мәскеуге барған сапардың бірінде танысқан. «Оның ОРТ-мен (қазіргі ресейлік Бірінші канал – ред.) бәсекеге түсетін қуатты телеарна құру туралы идеясы бар еді. Ол өте мықты продюсер және мықты менеджер. Контент жасауды, оны телевизия арқылы қалай монетизациялауды біледі. Петр Авен және Михаил Фридманның (ресейлік кәсіпкерлер, Forbes миллиардерлер тізімінің қатысушылары – ред.) «Альфа-групп» компаниясымен бірге СТС телеарнасының базасында империя құрғысы келді. Ресейде олардың бренді аздап болса да танылған еді, ал ОРТ-мен бәсекеге түсу үшін посткеңестік елдерге де шығу керек», – деп түсіндіреді Байтасов. Алғашында Арманжан толығымен бас тартты, тек ретрансляцияға ғана келісім берді. Роднянский болса Алматыға ұшып келіп, жүзбе-жүз сөйлесуді ұсынды. Кейін Байтасов Мәскеуге ұшып барды... Қысқасы, екі жылға созылған ұзақ процестен кейін «31 арна» СТС-ке 150 млн долларға сатылды.

Forbes Қазақстанда

«31 арнаны» сатқаннан кейін Арманжан жұбайы Дилярамен (ол ҚазҰУ журфагында курстасы еді – ред.) және балаларымен бірге Еуропаға кетті. «Мен жаңадан тыныс алғандай болдым, жай ғана тыныш өмір сүргім келді. Англия, Франция, Италия... Өте қызық сапар болды, бізге ұнады. Бірақ жарты жылдан кейін Қазақстаннан тыс жерде өмір сүре алмайтынымды түсіндім. Оның үстіне туризмді эмиграциямен шатастырмау керек екен», – деп еске түсіреді әңгімелесуші. Сондықтан оған сол кезде жаңадан құрылып жатқан «Нұр-Медиа» мемлекеттік холдингін (қазір оның құрамында «Астана» арнасы, «Литер», Aiqyn басылымдары, NS радиостанциясы, Orda FM және басқа да медиалар бар) басқаруды ұсынғанда ол бірден келісім беріп, астанаға келді. Осылайша биографиясында мемлекеттік қызмет туралы да жазу пайда болды. Бірақ ғұмыры ұзаққа созылмады, бар болғаны бір жылға жетті. Оны шақырған Дархан Қалетаев «Нұр-Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары қызметінен кетті. Ал қазақ номенклатурасының жазылмаған заңына сай, оның орнына келген жаңа басшы өз командасын ерте келеді.

ФОТО: © Андрей Лунин

Бірер айдан соң Арманжанға оның бұрынғы танысы, кәсіпкер, баспа бизнесінің иесі (атап айтқанда, Қазақстанда Cosmopolitan шығарған) Арутюн Погосян келіп, тікелей америкалықтардан Forbes-тың франшизасын алудың мүмкіндігі бар екенін айтады. Байтасовтың өз айтуы бойынша, брендтің атын естігеннен-ақ егжей-тегжейін сұрастырмастан бірден келісімін берген. «Әрине, тәуекелдер зор болды. 2010 жыл, дағдарыс әлі біткен жоқ еді, оның қашан аяқталатынын да ешкім білмеді. Бірақ іскерлік журналистика – менің өмірімнің, медиа саласындағы мансабымның ең маңызды бөлімі. «31 арнадағы» ең бірінші ақпараттық бағдарламалардың бірі «Бизнес-блокнот» деп аталған. Біз басынан-ақ жаңа элита, яғни кәсіпкерлерге бағытталған едік», – деп еске алады ол. Серіктестер Нью-Йорқа келіссөздерге ұшып барды, барлығы табысты аяқталды. Байтасов коммерциялық құпияға сілтеп, франшизаның құнын айтпайды, бірақ жылына жүз мыңдаған долларға жететінін айтады.

«Мен қаржыдан бұрын контент мәселесіне қатты уайымдадым. Америкалық Forbes-ты айтпағанда Forbes Russia тәрізді сапалы дүние дайындай аламыз ба? Алғашында журналдың басым бөлігі аударма болады деп ойладық. Бірақ соңында пайыздық үлесі жағынан керісінше болды, біз оқырмандарымызға нағыз, сапалы іскерлік журналистика өнімін ұсына алдық», – дейді бизнесмен.

Журналдың бас редакторы ретінде тап болған тағы бір мәселе – отандық кәсіпкерлердің «жарыққа шығудан» қашуы. «Он жыл бұрын қазақстандық кәсіпкерлер жабық еді, мұқабаға шығуға ешкім келіспеді. Қазір еркін айта берсе болатын шығар. Forbes Kazakhstan-ның бірінші нөмірінің мұқабасына Нұрлан Смағұлов («Астана Групп» негізін қалаушы, рейтингте №6 – ред.) шығады деп жоспарланған еді. Мен онымен мамырда келісіп қойғанмын (журналдың бірінші нөмірі 2011 жылдың қыркүйегінде шықты – ред.). Бірақ кенеттен тамызда, тура журнал шығардың алдында: «Арманжан, шыға алмаймын», – дейді. Біз одан сұхбат алып, суреттер де дайын тұрған. Себебін де айтты. Соңында қазақстандық Forbes-тың бірінші нөміріндегі мұқабада ресейлік бизнесмен Вагит Алекперов тұрды. Ал журнал сыртына шыққан бірінші қазақ Ермек Тұрсынов болды, оның өзінде ол бизнестен алыс адам еді. Біз арнайы кино туралы материал дайындап, оны өнер немесе көңіл көтеру жолы жағынан емес, өндіріс түрі ретінде жасап шығардық», – деп еске алады Байтасов.

Оның айтуынша, қазақстандық ең дәулетті 50 бизнесменнен құралған Forbes-тың тұңғыш қазақстандық тізімі жарияланғаннан соң ғана жағдай өзгерген. «Бұл осы бағыттағы елімізде жасалған алғашқы зерттеу еді. Әлі күнге дейін есімде, әр бизнесменнің профайлымен өте ұзақ жұмыс істедік. Бірақ жарияланған соң бизнесмендер Forbes-ты қалыпты жағдай ретінде қабылдай бастады. Барлығы біздің алған беттен қайтпай, жұмысымызды жалғастыра беретінімізді түсінді. Әрине, реніш те, «менің байлығымды неге санадыңдар, мен келісім берген жоқпын» деп шағым айтқандар да болды. Бірақ біз сыпайы әрі нықтап тұрып БАҚ ретінде зерттеу жасау үшін келісім алуымыздың керегі жоқ екенін, зерттеуді ашық мәліметке сүйене отырып жасағанымызды түсіндірдік», – дейді медиамагнат.

2012 жылы журнал барлық шығынды жауып, табыс әкеле бастады. Қазір Байтасов Арутюн Погосяннан сатып алған Forbes Georgia-ның бақылаушы пакетіне де иелік етеді. Кәсіпкердің айтуынша, бизнес тұрғысынан алғанда бұл супер табысты жоба емес. «Грузия – тамаша ел, дұрыс ұйымдасқан, барлық институттар жұмыс істейді. Бірақ Гуриев айтқандай, «көлемнің маңызы бар». Экономика көлемі де өте маңызды. Ал ол жердегі халық 4 миллионнан аз. Грузияның барша экономикалық көлемі бір Алматыдан артық емес».

Байтасовтың сөзінше, өзінің ресейлік Forbes-та болғаны «өте қысқа, бірақ пайдалы тәжірибе» болды. Ресейден Axel Springer кеткеннен кейін басылымның иелері ауысып отырды. 2018 жылы франшизаны бизнесмен Магомед Мұсаев сатып алды. Ол Байтасовқа жобаға 20% үлеспен кіруді ұсынды. РФ заңнамасы бойынша, шетелдіктер БАҚ-қа осындай көлемде ғана араласа алады. «Мен ресейлік Forbes-ты ішкі жағынан көріп, танысудан үлкен ләззат алдым. Бірақ бизнес-модельге қатысты Мұсаев екеуміздің ойымыз келіспеді. 2019 жылы құрылтайшылар құрамынан кейін директорлар кеңесінің құрамынан да шықтым», – деп түсіндіреді ол.

ФОТО: © Андрей Лунин

Сол жылы Forbes-ты Өзбекстанда шығаруға рұқсат алады. Жоба 2020 жылы басталды, бірақ COVID-19 пандемиясына байланысты толығымен дамытудың сәті түспеді, қазір жұмыс тоқтап тұр. «Мен 2011 жылдың өзінде баспа медиа моделіне ғана сүйену өте әлсіз екенін түсінгенмін. Бір уақытта журналмен бірге сайтты дамытып, Forbes Club жүргізіп, белсенді түрде шаралар ұйымдастырып отыру керек. Тек сонда ғана, кешенді жұмыс істегенде ол тұрақты бизнес-модельге айналады. Қазақстанда Forbes Club-ты 2011 жылдың қазанында аштық. Алғашында бизнес қауымдастық өкілдері мен басылымда жұмыс істейтін журналистер арасында байланыс орнатып, ақпарат алмасатын алаң құру туралы идея болған. Бірақ кейін Forbes Club қызықты спикерлер сөз сөйлеп, кездесу ұйымдастыруға болатын сенімді платформаға айналды. Осыдан кейін дәстүрлі түрде өтетін Forbes Cup Open теннис турнирі пайда болды, енді Forbes Golf Cup өткізе бастадық. Өзбекстанда осы аталған шараларсыз журнал ашу керек пе деген сұрақ туғанда, біз жауабын анық білдік», – дейді Байтасов.

Байтасов LIVE

Бірақ кәсіпкер бизнеспен ғана өмір сүрмейді, кейде жаныңның рахаты мен өз қызығушылығың үшін бір нәрсемен айналысқың келеді. Осылайша «Байтасов LIVE» YouTube арнасы пайда болды, Арманжанның өзі болса... влогерге айналды. «Ең алдымен мен журналиспін, кәсіби қабілетімді жоғалтқым келмейді. Сондықтан YouTube-те жоба бастағым келді. Бұл тек just for fun үшін емес, әрдайым формада болып, дамып отыру үшін. Маған адамдармен араласқан, сұхбат алып, өзім үшін жаңа нәрсені ашқан ұнайды. Бұл жобаға менің достарым ғана қатысатын тәрізді көрінуі мүмкін, бірақ қатысушылар мен тақырыптар тізімін барынша кеңейтуге тырысамын. Кейде жазылушылар шығарылымдар тұрақты емес деп сынап жатады, бірақ бұл коммерциялық емес жоба ғой», – деп түсіндіреді Байтасов.

Дегенмен арнадағы сұхбаттарға сілтеме жасаушылар, жазылмандар қатары көбейе түсті (осы мақала жазылғанда олардың 33 мыңға жуық еді – ред.). Тіпті бизнесменнің өзі влогына алғашында жоспарлағаннан да көбірек зер сала бастады. «Біз қазір жарнамадан табыс тауып жатырмыз десек те болады. YouTube тірі алаң болғанымен ұнайды. Реакция білдіруге, пікір жазып, бірден кері байланыс алуға болады. Бірақ, расын айтсам, ескі мектеп өкілі ретінде сұрамаған адамға кеңес беру, қайта-қайта түртпектей беру сияқты әдеттер аздап ұнамайды», – деп ағынан жарылады ол. Жалпы алғанда, жаңа медианы мұқият бақылап отырады. «Жаңа медианың өкілдері саналатын блогерлердің көпшілігі қызық тұлғалар, олардың үлкен аудиториялары бар, бірақ меніңше танымалдылық артқан сайын, контентке үлкен жауапкершілікпен қарау керек. Адамдарды адастыруға болмайды. Медианың басты принципі – зиян келтірме».

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить