Кең далаға барып, нағыз бөріге айналуымыз керек

Қазақстан экономикасын көтеру үшін неге агробизнесті таңдау керек?

Еркін Тәтішев
ФОТО: © Данияр Асылбек
Еркін Тәтішев

Еркін Тәтішев – Қазақстандағы ең дәулетті және ең беделді бизнесмендер рейтингілерінің қатысушысы, Kusto Group холдингінің негізін қалаушылардың бірі әрі директорлар кеңесінің төрағасы. Қазақстаннан бөлек Канада, Қытай, Украина, Израиль, Вьетнам, Грузия, Сингапур және Түркияда бірнеше бағытта бизнес жүргізеді. Forbes Kazakhstan кәсіпкермен бизнес геосаяси жағдай оңай болмай тұрған кезеңде қалай жұмыс істеу керек деген тақырыпта сұхбаттасты.

Ресей мен Украина арасындағы соғыстың қазақстандық компанияларға, оның ішінде Кusto Group бизнесіне де кесірі тиіп жатыр. Бұл туралы серіктесіңіз Қанат Көпбаев наурызда жариялаған ашық хатында жазған еді. Көршімізге салынған көптеген санкциялардан қай бағыттағы бизнесіңіз көбірек зардап шекті?

– Әрдайым бірінші логистикаға байланысты тұсы, шетелге тасымал жасау жағы зардап шегеді. Алғаш бизнесті бастаған орын – «Қостанай минералдары» кәсіпорнының акционерімін. Оның Kusto Group-қа байланысы жоқ, бөлек кәсіп. Ол өндіретін өнімнің 95%-ы шетелге кетеді. Қытай, Грузия, Оңтүстік-Шығыс Азия, Шри-Ланка, Үндістанға барады. Қазір осы бағыттарға қатысты кейбір мәселелер туындады, сол бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Алдағы екі-үш айда реттеуге болады деп ойлаймын, бірақ соның өзінде осы жылдағы өндіріс көлеміне айтарлықтай әсерін тигізеді.

Kusto Group туралы айтатын болсақ, ол жерде девелоперлік жобалардың мәселесі туындап жатыр. Келесі жылға жоспарлаған жобаларымызды тоқтата тұрамыз. Сұраныстың азаятыны байқалады, қазірдің өзінде азайып жатыр. Себебі соғыстан кейін елде экономикалық дағдарыс болатыны түсінікті. Ресейдің ЖІӨ-і –15%, ал Украина көрсеткіші –40%-ға дейін құлдырайды деген болжам бар. Ондай жағдайда бізге әсер етпейді деу жалған болар еді. Әрине, әсерін тигізеді, экономикалық өсім болмайды, көлем азаяды, статистика өзгереді. Әрі моральдық әсері де бар. Күнде соғыс, түрлі жағымсыз, сұмдық жағдайлар болып жатыр. Оны естіген сайын адамдардың оптимизіміне, үмітіне кері әсер етеді. Ал экономиканың дамуы қоғамдағы оптимизмге байланысты. Егер халықтың ертеңге деген үміті мен сенімі болса, азаматтар кәсіппен айналысады, экономиканы дамытады.

Сіз оптимизмді сақтай алдыңыз ба?

– Біз кәсіпкерміз ғой, оптимизм біздің табиғатымызда бар. Сол үшін де бизнеске бардық. Тіпті қалаған нәрсеге оңай қол жеткізе қоймайтын, жүйесі ашық емес, құпиялылық бар біздің елімізде де оптимизмді сақтауға болады. Бірақ кәсіпкерлердің үмітіне қоғамдағы жағдай да әсер етеді. Егер елдің өсуге, дамуға деген құлшынысы болса, ол ел қандай қиындық болмасын, тек алға жылжиды. Ал қоғамда ондай сенім болмаса, тіпті аспаннан ақша жаудырсаң да, адамдар өзін бақытты сезіне алмайды.

Ал дағдарыстан кейін жаңару болады дей аламыз ба?

– Егер жаңармасақ, онда төменге қарай құлдилаймыз. Дағдарыс – тұлғалық, қоғамдық, саяси, экономикалық реформа жүргізетін маңызды уақыт, соны пайдалану керек.

Ауыл шаруашылығы – ұлттық экономиканың негізгі іргетасының бірі. Солай болғанына қарамастан, «егер сен ақшаңды жоғалтқың келсе, ауыл шаруашылығымен айналыс» деген сөз де бар. Бұл бизнеспен айналысу тиімді ме?

– Мен «ауыл шаруашылығы» деп атағанды ұнатпаймын, бұл – кеңестік кезден келе жатқан нашар сөз. Сол үшін де ол уақытта да жұмыс істемеді, қазір де істемейді. Барлық әлемде бұл сала agriculture, яғни агромәдениет деп аталады. Ол – мәдениет. Агромәдениет, агробизнес деп атасақ, бизнес, жер туралы басқаша түсінік пайда болады.

Қазір кәсібімізде агробизнестің үлесі көп емес. Kusto Group компаниясында оның үлесінің артқанын қалаймын, қазір бұл бағытта алғашқы қадам жасап жатырмыз. Украинадағы масштабымыз үлкен, Қазақстанда әлі де шағын. Елімізде агробизнесті кеңейтуге болады. Қазақстан – әлемдегі агроөнеркәсіптің көшбасшысы бола алатындай табиғи ресурсқа бай ел. Қазақ халқы үшін де жерді табыс көзіне айналдыру жағы өте маңызды.

Бірақ адамдардың сіз келтіргендей сөзді айтатыны өкінішті-ақ, мұның бәрі кеңестік кезден келе жатыр деп есептеймін. Кеңес Одағында ауыл шаруашылық министрінің лауазымы ең қиын, соңы министр үшін жақсылықпен аяқталмайтын қызмет деп есептелетін. 250 млн адамы бар аумағы жөнінен әлемдегі бірінші мемлекет болса да, өзін азық-түлікпен қамтамасыз ете алмайтын. Етті, бидайды Канада, АҚШ-тан сатып алатын едік. Масқара ғой. Бұл Кеңес Одағының экономикасы қаншалықты дұрыс жүйеленбегенін көрсетеді.

ФОТО: © Данияр Асылбек

Қазақстан – бұрынғы Кеңес Одағындағы агроөндірісін реттей алмаған мемлекеттің бірі. Бұл экономика жағынан өте үлкен қателік деймін, тіпті ұлттық масқара деуге болады. Агроөндіріс әлі де артта қалып жатыр, адамдар агроферма салып, мал шаруашылығымен айналысудың орнына сауда орталықтарын, тойхана салып жүр. Сол тойхана, сауда орталығы қанша уақытқа жетеді? Ал қазақ жері мыңдаған жыл бізді асырап келеді, берері көп, қайырымы мол. Адамдар нағыз байлықтың қайда жатқанын білмейді. Бізге керек дамудың бәрі жердің асты мен үстінен табылады. Тек өз жеріңді шынайы сүйе білу керек, сонда ол саған қарымын қайтарады.

Сонда қазір өз жерімізді жақсы көре алмай жатырмыз деуге бола ма?

– Біздің оған деген қарым-қатынасымызға қарасақ, солай деуге болады. Жақсы көрген нәрсеге қамқорлықпен қарайсың, сақтайсың, ол саған қайырымын береді. Ал қазір солай болып жатыр деп айта алмас едім. Менің ойымша, Қазақстанның әрбір азаматы фермер болуы керек. Әрбір қазақ отбасы қалай болмасын жермен байланысты болуы керек. Егер осы байланысты бала кезінен бастап қалыптастыра алсақ, онда мәдениет те, экономика да жақсы күйге келер еді. Қазір бәріміз қаланың адамы болып кеттік. Бірақ Қазақстанның болашағын мегаполиспен байланыстыра алмас едім. Бәріміз қалаға барып, кішкентай пәтерлерге кіріп алдық, ал сол қаланың сыртында кең байтақ дала жатыр. Адамның рухы кішкентай тар бөлменің ішінде емес, кең далада, табиғатта қалыптасады. Әрдайым солай болған. Қалада ит пен тышқаннан басқа ешнәрсе көрмейсің. Сосын өзіміз де итше ырылдасып, тышқанша іннен шықпаймыз. Кең далаға барып, нағыз көкбөріге айналуымыз керек. Бірақ, әрине, әркімнің таңдауы өзінде.

2011 жылы елдегі ет экспортының потенциалын дамыту туралы ауқымды бағдарлама басталып, миллиардтаған қаржы бөлінді. Бірақ жоба сәтсіз аяқталды. Қазіргі ет өндірісіндегі дағдарысқа не себеп болды?

– Шын мәнінде сол бағдарламаның бір плюсі бар: сиыр етінен ішкі нарықты қамтамасыз ете алатын жағдайға келдік. Өзіміз қанша тұтынамыз, соны өзімізден шығарамыз. Ол, әрине, жақсы, бірақ экспорттың үлесі әлі де нашар. Бағдарламада айтылған экспорт көрсеткішіне қол жеткізе алмаймыз дер едім. Ол үшін саланы реформалау керек. Бізде шағын фермерлерден бастап ірі компанияларға дейін бір тізбекпен жалғастырып, бір өндіріс, бағдарлама маңайына топтастырып қойғысы келеді. Бірақ бәрін өзгертетін – жеке бизнес. Жеке бизнеске сенім артып, жұмыс істейтіндей жағдай жасау керек.

Бизнестің қалауын ескерместен, ірі және шағын инвестиция тартпастан, бірдеңе жасауға тырысудың қажеті жоқ. Қазір жасалып жатқандар – өте әлсіз дүниелер. Үкімет салаға миллиондаған субсидия бөлініп жатыр деп жар салады. Бірақ біз ол математиканың бұрыс екенін дәледей аламыз. Бұл – өте терең, салмақты реформаны қажет ететін сала. Логистикаға, ішкі нарыққа, тіпті агробизнестегі философияға басқаша қарау керек.

Ал агромәдениет проблемаларын шешу үшін неден бастау керек? Біз Жаңа Қазақстан құрамыз дегенде осы саланы да айналып өте алмаймыз ғой?

– Бұл саламен айналысуға міндеттіміз. Ауылда, елді мекенде халқымыздың жартысына жуығы өмір сүреді. Шынын айту керек, жағдай нашар, айлық аз, технология тозған, мамандардың біліктілігі де төмен. Әлемдік деңгеймен салыстыратын болсақ, біз өте қарабайыр деңгейдеміз, ол өте өкінішті. Алдымен өзімізден бастау керек қой. Болашаққа бағыт-бағдар жасап, 10–20 жылға бағдарлама құрылуы керек.

Өкінішке қарай, биліктегілер ары кетсе бір жылға дейін ойлайды. Осы жылдары министрліктің атауын қайта-қайта өзгертеміз дегенше, одан кейін 20 жылға алға қарайтын адамдар келемін дегенше жиырма ауыл шаруашылық министрі ауысты. Бір жағынан, біз де бизнес ретінде араласуымыз керек. Көпшілік қазақстандық бизнесмендер бұл саламен айналысқысы келмейді. Иә, ұзақ, иә, қиын. Бірақ бұған сену керек, айналысу керек. Америкадағы бір кәсіпкер танысымның: «Еркін, сендер немерелеріңді ойлап тұратындай бизнеспен айналысуларың керек», – деп айтқаны есімде. Егер біз шын мәнінде балаларымыз бен немерелеріміздің болашағын ойласақ, қазіргі көп мәселе өздігінен шешілер еді.

Егер елдің өсуге, дамуға деген құлшынысы болса, ол ел қандай қиындық болмасын, тек алға жылжиды. Ал қоғамда ондай сенім болмаса, тіпті аспаннан ақша жаудырсаң да, адамдар өзін бақытты сезіне алмайды

Біздегі мәселенің бірі, өзіңіз айтқандай, «временщиктерде» болып отырған сияқты ғой?

– Біздің жүйенің фокусы басқаша. Ескі Қазақстанда «әкім мақтаса болды» деген принциппен жұмыс істеді. Бірақ саған ең бірінші халық рахмет айту керек. Шындығына келсек, бізде жүйе де болған жоқ. Мұны, керісінше, жүйесіздік десек, шындыққа жақындаймыз. Біреу келеді, кетеді, ауысты, өзгерді. Бәлкім, мақтангершілік жағынан, көз бояу үшін жүйе құрды дейтін шығар. Сол үшін бір ЭКСПО өткізіп, жеті млрд доллар жаратты. Сол ақшаны мемлекет агробизнеске құйса, қазір шартты түрде жылына 20 млрд доллардың өнімін беретін деңгейге жетер едік. ЭКСПО, Универсиада сияқты отыз жылда қаншама мағынасыз дүние өткізді. Не үшін? Бетон мен шыныға қанша ақша салды. Қай уақыттан бері бізді бетон мен шыны асырап еді? Ақшаны жұмыс істейтін нақты экономикаға жұмсау керек.

Қазір Украинадағы бизнесіңіздің жағдайы қандай?

– Украинада егін егуді бастап жатырмыз. Жақында ғана сол елге барып келдім. Ол жақта жақсы, табысты, жоғары технологиялы агробизнесіміз бар. Соғысқа қарамастан егін егіп жатырмыз. Көрдіңіз бе, осы жерде тағы бір таңғаларлық тұсы бар. Агробизнес – тұрақты, соғыс жағдайына қарамастан жұмыс істей береді. Адамдарға үнемі тамақ керек. Жер сол қажеттілікті өтейді. Украинада соғыс басталғалы бері еш қысқарту болған жоқ, керісінше өсіп, дамып жатырмыз.

Карантин кезінде мемлекет шағын және орта бизнеске қолдау білдірді, бірақ ірі компаниялар көмексіз қалды деген едіңіз. Сіздің ойыңызша, мемлекет қай кезде және қаншалықты жеке бизнеске жақындай алады және қай уақытта алшақ болғаны дұрыс?

– Мемлекет әрдайым алшақ болғаны дұрыс. Ең бірінші ереже – кедергі келтірмеу. Өкініштісі, шектеуі мен бюрократиясы көп елміз. Экономикамыз қаншалықты кішкентай болғанымен, бюрократия сондай үлкен. Тіпті күлкің келеді. Бюрократия әдетте экономикасының масштабы үлкен мемлекеттерде болады. Ал кішкентай ел үшін тиімсіз.

Бірақ мемлекет қалай көмектесе алады десе, жағдай жасау керек дер едім. Шағын бизнеске де, ірі бизнеске де тікелей көмек керек емес. Оның орнына дұрыс ойын ережесін қалыптастырсын, ашық экономика құру керек. Бизнес бәрін өзі жасайды, біз «2050 стратегиясын» күтіп отырмаймыз, өзімізге қажет бағдарды жазып аламыз. Ең алдымен үкімет бизнеске кедергі жасамауды үйренуі керек, содан кейін ғана стратегиялық бағдарламалар құрып, көмектессе болады. Егер бізді тыңдаса, оны өзіміз де жазып береміз.

Қазақстанға «қара бегемоттар тобыры» келді

 

ФОТО: © Данияр Асылбек

Биылғы жыл саяси ғана емес, экономикаға да ауыр жыл болғалы тұр. Сіздердің форс-мажорлық жағдайларға қатысты қосымша жоспарларыңыз бар ма?

– Иә, Қазақстанға қара аққулар келді. Біз «Қазақстанда қара бегемоттар тобыры жүгіріп жүр» дейміз. Бизнесте «егер жағдай қиындаса, былай жасаймыз» деген жоспар үнемі болады. Ол жағынан бизнес тез бейімделе алады. Жалпы кәсіпкерлер тәжірибелі, осы уақытқа дейін қаншама дағдарысты көрді. Жылдам үйренеді, қателігін тез жөндейді. Біздің тірі қалу деген геніміз жақсы дамыған. Бірақ қаңтар қырғыны, соғыс, әлемдік жағдайдың тұрақсыздығы ауыр соғып жатыр, бұларды жаңа тәуекел деуге болады.

Экономистер Қазақстан Ресей үшін өзіне салынған санкцияларды айналып өту жолы болуы мүмкін дегенді жиі айтады. Шын мәнінде солай ма?

– Әрине, айналып өтуге тырысады. Оларға бәрібір емес пе, тауар Қытай арқылы немесе Қазақстан арқылы келе ме? Бірақ одан кейін Қазақстанға қайталама санкциялар салынуы мүмкін. Бізді бақылап отыр, ескертіп те үлгерді, БАҚ-та ресми түрде айтылды. Барлығы мемлекет пен бизнестің әрекетіне байланысты. Меніңше, ол жағынан барынша сақ, абай болу керек. Бірінші орында ұлттық мүддеміздің болғаны дұрыс. Басқа елдерде не болып жатыр, қалай болып жатыр – өздерінің мәселесі. Ал біз өз мүддемізбен өмір сүруіміз керек.

Қазір Қазақстан үшін ЕАЭО-дан шығуға ең ыңғайлы уақыт дегенді де айтады. Сіздің ойыңыз қандай?

– Қайта бір ел соғыс жүргізіп жатқанда одақтан шығу тіпті оңай емес шығар. Бірақ одақтың экономикалық жағынан еш мағынасы жоқ. Одақтағы елдің біріне санкциялар салынып жатыр, одан бізге пайда жоқ. Бұл қарапайым, тұрмыстық логика. Ол қауымдастықты бейбіт кезде экономиканы дамыту үшін құрып едік қой. Қазақстан – аумағы жағынан үлкен мемлекет. Басқалармен дос болып, сауда қарым-қатынасын орнатуға болады, бірақ одан артығы керек емес. Өзіміз Кеңес Одағынан шықтық қой, ол Қазақстанға соншалықты жақсы не берді? Сондықтан бұл одақтан да пайда болатынына күмәнім бар.

Қаңтарда президент Қасым-Жомарт Тоқаев бизнесмендерді жинап алды, олардың қатарында сіз де болдыңыз. Президент бизнес-қауымдастықты жаңа экономикалық саясат қалыптастыру үшін бірге жұмыс істеуге шақырды. Сол уақыттан бері төрт ай өтті. Сіз «Жаңа Қазақстанның» құрылуына қаншалықты атсалысып жүрсіз?

– Біз толығымен ол принциптерді қолдаймыз және солай жұмыс істеп келеміз. Әрдайым бәсекеде шынайы болуға, ашық болуға тырыстық. Осыдан 20 жыл бұрын Қазақстаннан шетелге кетіп кәсіп бастаған едік. Себебі елде шынайылыққа орын болмады, барлығын «ағалар» арқылы шешетін еді, жасырын монополия болды. Ол бизнесмен ретінде бізді қуантпады. Әлемдегі дамыған және дамушы елдерден таза бәсекелестікті қолдайтын, бизнестің ойын ережесіне жағдай жасалған орын тауып, сол жерде істедік. Ал қазір бізге жағдай жасаса, шынайылық принциптері орындалса, қуана-қуана жұмыс істеп, дамимыз. Үлкен жобалар бастап, инвестиция тартып, өзіміз де инвестиция құямыз. Қолдаймыз, бізден сұраса, көп нәрсе жасауға дайынбыз, кеңес береміз. Негізі бизнесмендерді елдің бағаланбаған активі деуге болады. Қазақстанда жеке бизнес өз дәрежесінде бағаланбаған.

Президент елдегі активтің басым көпшілігі 160 адамның қолында шоғырланғанын айтып, олар елбасының арқасында байыды деді, бірақ фамилияларын атаған жоқ. Сіз бұл сұрақты өзіңізге қатысты қабылдадыңыз ба, сол тізімнің арасында бармын деп айта аласыз ба?

– Мен елбасының арқасында емес, керісінше оған қарамастан байыдым. Елбасымен туыстық, жақындық ешқандай қарым-қатынасымыз жоқ. Тіпті бизнестің сексен пайызы Қазақстанның сыртында жүреді. Таныс-тамырсыз, шетелде тәуелсіз, табысты бизнес құрушы команда ретінде үлгіміз. Жұмыс істедік, ешкім артық сұрақ қоймады. Ондай шағым басқа адамдарға қатысты деп ойлаймын. Бұл сұрақ туыс, таныстарын немесе билікпен байланысын пайдаланып бизнес жасағандарға, солай тендер алғандарға қойылуы керек.

ФОТО: © Данияр Асылбек

Сіздің ұсынысыңызбен ұлттық антидағдарыстық штаб құрылды. Қазіргі жұмысы қалай, қандай шаруа атқарып үлгердіңіздер?

– Қазір ол оперативті штаб деп аталады. Негізі одан да көп нәрсе жасай алатын едік, бірақ мемлекеттің инерциясы күшті. Әзірге бүгінгі күннің ғана өзекті деген сұрақтарын талқылап жатырмыз. Мәселені көтереміз, түсіндіреміз, шешу жолдарын ұсынамыз. Бірақ шынын айтқанда біз болашаққа көбірек қарағымыз келеді. Кем дегенде 3–6 ай бұрын бағдарлап, сол бойынша жұмыс істеуге болады. Уақыт тез өтіп кетеді, қазір міне, 2022 жылдың бірінші тоқсаны аяқталып қойды. Сондықтан кем дегенде жарты жыл алда жүру қажет. Не істеу керек, қай жерін жамау керек, санкциялардан қалай құтылу керек? Жаңа экономикалық саясат, «Жаңа Қазақстанды» қалай құруамыз? Осы бағытта жұмыс істеуіміз тиіс.

Нақты ұсыныс айттыңыздар ма?

– Жыламаған балаға емшек жоқ дейді ғой. Алдымен өздері сұрақ қойып, шешілуі керек мәселені көрсету керек. Бірақ көп мәселе жағынан сұрақ қойылмайды. Өздері ойланып, өздерінің бағдарламаларын жасап жатыр. Жарайды, сұрамаған соң, біз де жауап бермейміз. Біз де қағаз алып, ұсыныс мынадай деп жүгіріп жүрмейміз. Егер сұраса, ертең болса да, бесжылдық жоспар дайындап бере алатын едік, мәселе оны қалай жүзеге асыратындығында. Экономиялық реформа қалай жүргізеді, философиясы қандай? Мәселе осында. Ол жағынан бизнестің идеясы көп, кез келген бағдарлама, стратегияны ұсына аламыз.

Қоғамда «бизнесмендер саяси процеске араласпаса, қоғамда өзгеріс күтудің қажеті жоқ» деген пікір айтылады. Мәселен, олардан партия құрып, саяси бәсекеге қатысуын күтеді. Сіз бұл пікірмен келісесіз бе?

– Мен жалпы белсенді азаматтық қоғам болуы керек деп есептеймін. Ірі, шағын бизнес өкілдері, шығармашылық адамдар деп бөлудің қажеті жоқ. Егер біз саяси өмірге араласпасақ, саясатты бізсіз құрады. Дауыс беру, сайлауға қатысу, заң жобасын талқылау, бір топқа мүше болу, қауымдастық құру болсын – саяси өмірге араласуымыз керек. Ең бастысы – үйде отырып, күнделікті тұрмысты бірінші орынға қоюдың қажеті жоқ. Егер бәріміз саяси сауатты, саяси белсенді болмасақ, сол күнделікті тұрмыс та, күйбең тіршілік те болмайды. Сосын менің құқығым бұзылды деп шағымданып келеді. Ал сен сол құқық үшін күрестің бе, белсенділік таныттың ба? Мен Қазақстандағы белсенді қоғамға сенемін. Еліміздің жер аумағы үлкен, белсенді болмасақ, жерімізді кім қорғайды? Егер бәріміз белсенді болсақ, елімізде дайын 19 млн жауынгер бар деген сөз. Онда бізді ешкім ешқашан жеңе алмайды.

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
29097 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Об авторе:

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить
Лилия Рах: Из деревни - к звёздам мировой индустрии моды Смотреть на Youtube