Қазақстандық ғалым британдық истеблишментке қазақтың сән әлемін қалай танытты

54055

Алматылық Алма Фармердің «Silk Road Fashion, London» жобасы Лондон сән апталығының құрамдас бір бөлігіне айналған

Алма Фармер командасымен бірге, Лондон сән апталығы 2023
Алма Фармер командасымен бірге, Лондон сән апталығы 2023
Фото: жеке мұрағаттан

Шығыстың сән өнері сонау Ұлы Жібек жолы дәуірінен бүкіл әлемді таң қалдыруда. Киіз, әшекей бұйымдар, әдемі оюлар мен таза жібектен жасалған өнімдер әлі күнге дейін батыстың сән әлемінде молшылықтың белгісіндей көрінеді. «Silk Road Fashion, London» жобасының батыс елдеріндегі сәтті қадамының бір сыры да осында болса керек. Бір қызығы, бұл жобаның негізін қалаушы Алма Фармер сән әлеміне бірден келе қойған жоқ. Экология саласында кандидаттық диссертациясын қорғаған ол, уақыт өте, ғылым жолына қарағанда өзіне өнер әлдеқайда жақын екенін түсінеді.

Алматыда дүниеге келген Алма өзінің балалық шағын жылы сезіммен, тебіреніп еске алады: ағылшын тілі, мұзда мәнерлеп сырғанау, музыка, кейінірек жүзу және одан қалды әдебиетпен де шұғылданған ол, осының бәрі өзінің дүниетанымын кеңейтуге үлес қосқанын айтады. Алманың ата-анасы ғылыми саланың өкілдері: әкесі геология профессоры, ал анасы Қазақ Ұлттық университетінде Химия факультетінің доценті.

Алманың атасы да ерекше тұлға. Ол Мағжан Жұмабаевтай ақиық ақын өз өлеңдерін арнаған Жәмила есімді сұлумен отау құрған. Сондай-ақ, Сәкен Сейфуллинмен дос болып, Ақмоланың атауы Целиноград болып ауысатын кезде Қазақстанның болашақ астанасын Сейфуллинск деп өзгертуге ат салысқан, бірақ ол жүзеге аспады. Алманың атасы ұзақ жылдар бойы металлургия саласындағы партиялық қызметтерде жұмыс істеген. Кейін ол, қай кеніштің голландиялықтарға, қайсысы ағылшындарға тиесілі болғаны туралы тарихи деректерге толы «Революцияға дейінгі Қазақстанның түсті металлургиясы» атты кітап жазып шығарды. 1991 жылы Алма осы кітаппен алғаш рет Лондонға келгенде, осы еңбекке деген қызығушылық өте зор болған. Бұл кітап қазір де Лондондағы Шығыс және Африкатану университетінің (School of Oriental and African Studies) кітапханасында сақтаулы.

Алма Фармер
Алма Фармер
Фото: жеке мұрағаттан

Металлургиядан бөлек, Алманың атасы шығыс тілдерін де жақсы білген, ол арабша-парсыша-орысша-қазақша сөздік, парсыша-арабша-орысша политехникалық сөздік және т.б. оқулықтардың құрастырушысы авторы. Сол кездегі кеңестік стандарттар бойынша, оның кітапханасы үлкен болып есептелген, онда, тіпті, көне болғаны соншалықты, парақтары тозуға айналған ежелгі араб кітаптары да аз емес еді. Алма сол жауһар-кітаптарды көріп, тамсанып өседі. Балалық шағында ол атасының араб тіліндегі каллиграфиялық қолжазбасын көріп, сол кездегі Ленинград немесе Ташкенттегі шығыс тілдері институттарының біріне оқуға түспек болады. Бірақ анасы «қызым Ленинградтың суығынан ауырып қалса» деп алаңдаған соң және сол кездері Ташкентте жер сілкіністері байқалғандықтан, Алмаға басқа қаладағы білім ошағын таңдауға тура келеді.

Әу баста биологияға аса қызықпаса да, ғылымның осы саласы Алмаға ең тартымды болып көрінеді. Кейін ол экология саласына қызығушылық танытып, Еңбек гигиенасы және кәсіптік аурулар институтына оқуға түседі. Онда ол Өскеменнің ауыр металдармен ластануы және Шығыс Қазақстанда қайтыс болған тұрғындардың ағзаларында осындай металдардың жиналуы мәселесін зерттейді. Ол кезде өнеркәсіп пен экономиканың дамуының негізгі бағыты – бесжылдық жоспарларды қалай да орындау дегенге сайды (халықтың денсаулығына зиян келуіне қарамастан). Содан да барлық зерттеулер тек «қызметтік пайдалан үшін» мөрі басылған жинақтарда немесе қала атауы көрсетілмейтін арнайы мамандандырылған ғылыми журналдарда ғана жарияланды.

Алма Арал аймағы мәселесімен де айналысты, атап айтқанда, балалардың физикалық дамуын әлеуметтік және экономикалық факторлар аясында зерттеуге ден қойды. Оның бұл жұмысы 1991 жылы Лондон университеттерінің бірінің назарына ілікті. Алма сол кездері Анна ханшайым (қазіргі Ұлыбритания Королі Чарльз III-нің қарындасы) балалардың денсаулығымен айналысып, Қазақстанға сапармен келгенін де еске алады. Ағылшындар Алмаға ноутбук сыйлап, зерттеулерін жалғастыру үшін қаражат бөледі. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бұл сәтін салған елеулі мүмкіндік еді.

Жас маман үшін Англия – темір перде құлағалы алғаш сапар шеккен ел-тін, әрине, Алма бұл елге бір келгеннен ынтық болды. Оны Лондонға тән космополиттік ұстаным, ондағы идеялардың алуандығы, сондай-ақ ой және сөз бостандығы сүйсіндірді. Осылайша ол бес жыл бойы Алматы мен Лондон арасында тұрып жатты. Ал 1996 жылы Түркияда өткен конференцияда болашақ жұбайы – ағылшын экологы Эндрю Фармермен кездесіп, тұрмыс құрғаннан кейін Ұлыбританияға біржолата көшеді.

«26 жыл бойы біз бір рет те ұрысқан емеспіз. Отбасы, жұмыс, қоршаған орта – бәрі өздігімен қалыптасты. Сондықтан да бұл ел мені өзі таңдады деп айта аламын», – дейді Алма күліп.

Эколог бола тұра, сән индустриясына қалай келдіңіз деген сұраққа, Алма, «ол заңдылық» деп жауап қайтарды. Әдетте, сән әлемінің мамандары өз жұмыстарының қоршаған ортаға келтіретін зардабын азайту мақсатында мата мен бояу өндірісін зерттеп жүріп, экология саласына келіп жатады. Жалпы, екі сала бір-бірімен тығыз байланысты, өйткені киім өндірісі қоршаған ортаны ластаушы ірі индустрияның бірі. Дегенмен, қазіргі кезде әлем жұрты баяу болса да эко-сәнге қарай бет бұруда.

Алма жұбайы доктор Эндрю Фармермен, The Army&Navy Club
Алма жұбайы доктор Эндрю Фармермен, The Army&Navy Club
Фото: жеке мұрағаттан

Англияға келгеннен кейін Алма бірте-бірте ғылымнан алшақтай бастайды. Дүниежүзілік банктің Орталық Азия жөніндегі кеңесшісі болып жұмыс істейді. Сол тұста жиі орын алған іссапарларындағы бос уақытын Алма өнерге қарай бұрып, артынша, британдықтарды Орталық Азия халқына тән дәстүрлі қолөнермен неге таныстырмасқа деп ойланады.

Қысқы іссапарларының бірінде Алма Қырғызстанда болып, таудағы от жағылмаған тұрғынжайда әйелдердің киіз басып жатқанын өз көзімен көреді. Киіз басуда ыстық су пайдаланылады, ал суық бөлмеде одан бу бұрқырап шыққанда жұмыс жүргізу қиынға соғады. Қолөнершілердің қызарған қолдарына қарап, Алма олардың бұл еңбегін ел ішінде ғана емес, шетелде де бағалау керек деп түйеді. Сол кездері Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшілігі басқа елдердің елшіліктерімен бірге Александра ханшайымның (Ұлыбритания Патшайымы Елизавета II-нің немере сіңлісі) қамқорлығымен ұйымдастырылған Африкадағы балаларға арналған қайырымдылық жәрмеңкесіне қатысады. Алма осы секілді көрмелерге қазақ шеберлерінің киізі мен жібек бұйымдарын әкеле бастайды.

1990 жылдары Орталық Азия мәдениетінің Лондонда енді-енді танылып келе жатқан кезі болатын. Әрине, Ұлыбританияда сол тұста апалы-сіңлі Бековалар (Нақыпбековалар) тұрып жатты, Болат Аюханов театры гастрольдік сапармен барып, қазақ фильмдері мен картиналарының көрсетілімдері де өтіп жатты. Дегенмен, жергілікті халық Қазақстанды тек Кеңес Одағының бір бөлігі, табиғи ресурстарға бай ел және онда Байқоңыр орналасқан деп қана таныды. Негізі, Ұлыбритания үшін жалпы Азия өнері біршама танымал әрі біртабан жақын деуге де болады. Британдықтар үшін, мысалы, үндістер Шығыс Еуропа славяндарына қарағанда тарихи жағынан жақындау. Лондонда шығыстың тағамдары ұсынылған мейрамханалар мен кәдесый дүкендеріне толы China Town бар, онда қытай күнтізбесі бойынша Жаңа жыл қарсаңында өте әсерлі шерулер өтеді. Жапон өнер орталықтары, сондай-ақ Шығыс елдерінің көрмелері мен іс-шаралары тұрақты өткізілетін Asia House бар. Ал Алма болса Ұлыбритания астанасына  Орталық Азияға тән қолөнер бұйымдарын бірінші болып әкеліп, бұл ісін сәтті ұйымдастыра алды. Британдықтар киізден жасалған жібек орамалдарға ғашық болды. Мысалы, әлемнің түкпір-түкпірінде неше түрлі ғажайып бұйымдарды көріп жүрген шетелдік әскери атташелердің әйелдері қазақ қолөнершілері жасаған ерекше өнімдерге қуана тапсырыс береді.

Ferrari клубы мүшелерімен бірге
Ferrari клубы мүшелерімен бірге
Фото: жеке мұрағаттан

Осылайша, Алма үшін қазақстандық қолөнершілерді ілгерілету бірте-бірте бөлек кәсіпке айналып, оның бойындағы нәтижеге бағытталған ойлау дағдысы оны шығармашылық продюсер етеді. Алма енді бұл жобаны басқарып, өз жұмысына адам тарта бастайды. Осы арада оған өзі бұрыннан танитын дизайнерлер көмектеседі. Солардың бірі – Алманың сербиялық досы – әртүрлі шараларды қамтитын «Жібек жолы жылын» ұйымдастырып, Алмаға сән көрсетілімін өткізуді ұсынады. Яғни, екі мың жыл бұрын Азиядан Еуропаға бағыт алған Ұлы Жібек жолы елдерінің сән көрсетіліміне және Орталық Азияның сән әлемінің келбетіне айналған «Silk Road Fashion, London» халықаралық көрмесінің іргетасы дәл осылай қаланған болатын.

«Көптеген адамдар сәнді өнер деп санамайды. Бірақ жаңадан толыққанды киім үлгісін жасау – дизайнердің өнері», - дейді Алма.

Бүгінде «Silk Road Fashion, London» жобасы Лондон сән апталығының басты ұйымдастырушысы болып табылатын Британдық сән кеңесінде ресми тіркеуден өткен. Париж, Нью-Йорк және Миланмен бірге Лондон қаласы – әлемнің төрт түрлі сән астанасының қатарында. Кез келген дизайнердің мансап жолындағы асқақ шыңның бірі – Лондон сән апталығы десек, жекелеген дизайнер үшін бұл белесті еңсеру оңай шаруа емес. Біріншіден, бұл шараға қатысудың құны айтарлықтай қымбат, екіншіден, дизайнердің өнімдері өзіне тиесілі емес, кем дегенде бес түрлі дүкенде сатылуы тиіс. Апталыққа әлемнің түкпір-түкпірінен баспасөз өкілдері және байерлер (сатып алушылар) ағылып келетіндіктен, Британдық сән кеңесі алдымен өз дизайнерлерін жарнамалауды маңызды санайды. Сән апталығы кез келген дизайнерге өзін көрсетуге тамаша мүмкіндік беретін алаң. «Silk Road Fashion, London» көрсетіліміне қатысуға британдық дизайнерлер де өтініш беретіндіктен, брендтің қазіргі ұрандарының бірі «Ұлы Жібек жолынан табалдырығыңызға дейін» деп аталады.

Лондон сән апталығы – 2020, серіктес Сибу және американдық дизайнермен
Лондон сән апталығы – 2020, серіктес Сибу және американдық дизайнермен
Фото: жеке мұрағаттан

БҰҰ мәліметінше, Жібек жолы елдерінің тізімінде Қытайдан Италияға дейін 40 мемлекет бар. Бүгінгі күні «Silk Road Fashion, London» шарасының басты міндеті мен стратегиясында осы жолдағы сән әлемінің келбетін таныстырып, көрсету де ескерілген, яғни ол дәстүрлі ме, әлде авангардтық па, жоқ әлде аралас па? Өйткені, сән әлемі дегеніміз, ежелгі дәстүр мен жаңа тенденциялардың өзара сабақтасып, шоғырланған ерекше көркем мәдени бейнесі.

«Silk Road Fashion, Лондон» Британдық сән кеңесінің мүшесі болғандықтан, бұл шоу әдеттегі көрсетілімдерден ерекше. Өйткені оларға әлемдік деңгейдегі аффилирленген баспасөз өкілдерінің (оның ішінде Forbes та бар) және байерлердің тізімдері беріледі (арасында ірі сауда орталықтары да, шағын бутиктер де бар, өйткені олардың көпшілігі саны шектеулі жоғары сән топтамаларын жасап шығарады).

Әдетте қонақтар Лондондағы сән апталығының ресми көрсетіліміне тек шақыру арқылы қатысады. Олардың арасында сән әлемінің кәсіпқойлары, атақты тұлғалар мен баспасөз және әлеуетті сатып алушылар болады. Егер бренд қойылымы кең залда өтетін болса, онда олар жаңа трендтерді сән әуесқойларына да көрсету үшін қосымша билет сатады. Жеке дизайнер үшін мұндай қойылымдарды жалғыз өзі өткізгеннен гөрі, «Silk Road Fashion, London» секілді платформа негізінде ұйымдастырған әлдеқайда оңай әрі тиімді. Әдетте, сән кешінде алдын ала таңдалған бес-сегіз дизайнердің жұмысы көрсетіледі. Алманың айтуынша, бұл платформа Лондондағы халықаралық қауымдастыққа өзін танытқысы келетін демеуші компаниялар үшін де қызықты болмақ: біз олармен ынтымақтастыққа дайынбыз, дейді ол.

Алматыда отбасымен – анасы, ұлы, немересі, келіні және әпкесі (оңнан солға қарай)
Алматыда отбасымен – анасы, ұлы, немересі, келіні және әпкесі (оңнан солға қарай)
Фото: жеке мұрағаттан

Жалпы, аталған брендке сұраныс аз емес. Алдыңғы жылы «Silk Road Fashion, London» Madeira Fashion Weekend-пен бірлесіп шоу өткізген, оларды, сондай-ақ Ыстамбұл, Париж және басқа да қалаларда сән көрсетілімдерін өткізуге шақыруда. Бірақ шет елдерде модель табу қиындау, ал оларды өзімен бірге апару өте қымбат. Осы себептен де Алма әзірге мұндай ұсыныстардан бас тартып отыр. Бірақ былтыр оны British Film Festival Awards Show 2023 шоуына қатысуға шақырды, ал бұл шарада режиссерлер өз фильмдеріне костюм дизайнерлерін іздейді. Алма шақыруды қабыл алып, оған кинематографияда тәжірибесі бар қазақстандық дизайнер Назым Карпикованы тартты. Биыл да дәл осындай мақсатпен Канн кинофестиваліне қатысуға үміттенеді.

Сән көрсетілімі тек киімнен тұратындай көрінгенімен, шоу үшін көп нәрсе ойластырып, алдын-ала дайындалуы керек: шараның өтетін орны, модельдер, визажистер, стилистер, фотографтар мен бейнеоператорларды таңдап, шақырылған қонақтардың тізімін әзірлеу және т.б. Соңғы сәтте ескерусіз қалатын мәселелер де туындап жатады, дегенмен, сән әлемі қиындықтардан қорықпайды. Мысалы, ковид пандемиясы кезінде сән көрсетілімдері онлайн форматқа көшті. Сол кездері онлайн өткізілген қойылымдардың бірі үшін «Оскар» киносыйлығының медиа серіктесі болып табылатын чикаголық «Who’s Who on the Red Silk Carpet» журналы Алмаға 2021 жылдың «Халықаралық сән көрсетілімінің үздік продюсері» атағын берді.

Айтпақшы, 2022 жылы Патшайым Елизавета II билігінің платиналық мерейтойын тойлау барысында Ұлыбритания парламенті Лордтар палатасының мүшесі этникалық азшылықтар мәдениетін ілгерілетудің маңыздылығын атап өтіп, Лондондағы Шыңғыс Айтматов академиясы мен оның директоры Рахима Әбдувалиева арқылы бес адамды корольдік мерейтойлық медальмен марапаттады, олардың қатарында біздің кейіпкеріміз Алма да бар.

Соңғы жылдары Лондон сән апталығының аясы үлкейіп, кеңейе түскен. Алма оның негізін қалаушылардың бірі, Британдық сән кеңесінің құрылуына ат салысқанЛин Фрэнксті жақсы таниды. Линнің айтуынша, Лондондағы сән апталығының алғашқы көрсетіліміне Диана ханшайым, Элтон Джон және басқа да жұлдыздар қатысқан болса, қазіргі кезде ресми көрсетілімдермен қатар, Лондонда бейресми сән көрсетілімдері де өтеді. Әрине, «Silk Road Fashion, London» шарасының өсу қарқынымен бірге бұл нарықта бәсекелестік те артуда: соңғы уақытта өткізілетінін сән көрсетілімдерінің саны көбірек, дейді Алма. Оның айтуынша, ең дұрысы бәсекелестермен ынтымақтаса білу, оның үстіне әр дизайнердің өз тауашасы бар және түптеп келгенде әрбір бренд өз тұтынушысына бәрібір жол табады.

Алма, өзін қайратты адамдар мен артына мол мұра қалдырған тарихи тұлғалар шабыттандыратынын айтады. Ол Тулуз-Лотректі, Кандинскийді, қайта өрлеу дәуірінің шеберлерін өзінің сүйікті суретшілері деп таныса, сән дизайнерлері арасынан Йоджи Ямамото мен Вивьен Вествудты оларға тән өзіндік ерекшеліктері үшін бағалайды. Ол галереялар мен театрларға барып та шабыттанады: онда әрқашан жаңа идеялар туындайды, ал West End мюзиклдары сән көрсетілімдеріндегі жаңа шешімдерге түрткі бола алады.

Қазақстандық дизайнерлердің сән көрсетілімінен. The Army &Navy Club
Қазақстандық дизайнерлердің сән көрсетілімінен. The Army &Navy Club
Фото: жеке мұрағаттан

Алма өзінің 1991 жылы қорғаған кандидаттық диссертациясын кезінде бар зейін-ынтасымен жазғанымен, ғылым жолына қайта оралуды дәл қазір ойлап отырған жоқ. Ол қазір өзі қолға алған ісіне шын ғашық – креативті адамдармен араласу оған ерекше шабыт береді. Қазір өзі тұрып жатқан елі бірдей әлемнің түкпір-түкпірінен достарының пайда болуына ықпалдасады. «Англияда құлшыныспен жұмыс істеп, өз ісіңізге бар жаныңызды салар болсаңыз, қай жерден келгеніңізге қарамастан, табысқа жете аласыз», - дейді ол.

Әрине, ол өз отанын, туған жерін сағынышпен еске алып, ата-анасына, бала кездегі достарына келіп тұрады. Алманың ұлы Қазақстанда бірнеше жыл жұмыс істегеннен кейін, отбасымен бірге Лондонға оралып, оған туған елінің бір бөлшегін алып келгендей болды. Қазақстандық дизайнерлер де «Silk Road Fashion, London» брендімен ынтымақтасуға қызығушылық танытуда. 2022 жылы Қазақстанның тәуелсіздік күніне және Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнатылуына 30 жыл толуына орай марқұм Филипп ханзада мүшесі болған беделді «The RAG – Army & Navy Club» жабық клубында сән көрсетілімі өткізілді. Онда қазақстандық жеті бірдей дарынды дизайнердің киімдері көрсетілді. Шоу Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшілігінің қолдауымен және Ұлыбританияның Қазақстанмен ынтымақтастық жөніндегі жалпыпартиялық парламенттік тобы хатшылығының мүшесі әрі сол клубтың мүшесі доктор Реза Табризидің демеушілігімен ұйымдастырылды.

Шетелдегі табысты да бақытты өміріне қарамастан Алма өзінің қазақстандық төлқұжатын сақтап қалған, тіпті, британдық азаматтыққа рұқсатты 20 жыл бұрын алғанына қарамастан бұл тұрғыда өтініш те жасамаған. Ол өз елінің азаматтығынан бас тарту қиын екенін, көкшіл түсті төл паспорты жанына жылу сыйлайтынын шын көңілмен мойындап отыр.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить