Қазақстан Орталық Азия бойынша инвестиция тарту жағынан қалай көшбасшы атанды

2018 жылы тікелей капиталға салынған инвестиция көлемі 21,6% артқан. Forbes.kz Қазақстандағы инвестициялық климат жайында және кейінгі жылдардағы көрсеткіштерге қатысты шолу әзірледі

Фото: primeminister.kz

ҚР инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің мәлімдеуінше 2018 жылдың 9 айында тартылған инвестиция көлемі 7,5 трлн теңгені құраған, ал 2017 жылы бұл көрсеткіш 5,7 трлн теңге көлемінде болды. Оның айтуынша негізгі өсім тау- кен өнеркәсібінде (41,4%-ға), құрылыста(37,1%-ға) және өңдеу өнеркәсібінде (26,4%) байқалып отыр.

- Республикалық деңгейде инвестициялардың басым бөлігі Атырау (35,8%), Астана (9,2%), Алматы (6,5%) сияқты өңірлерге тиесілі. Инвестициялардың өсімі көптеген өңірлерде байқалады. Солардың ішіндегі үш көшбасшы өңірге Шымкент қаласы– 2,8 есе, Атырау - 35,6% және Қарағанды облысы - 28,5% жатады. Алматы мен Жамбыл облыстарында инвестиция өсімі азайған, ал, Түркістан облысында төмендеу байқалды. Алайда, бүгінгі күні Түркістан аймағына объективті баға беру қиын. Өйткені, өткен жылы базада Шымкент қаласы қамтылған болатын. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлеміндегі жеке қорлардың үлесі 2018 жылдың 9 айында 73,1%-ды (5,5 трлн. теңге) құрады. Биылғы жеке меншік қаражатты 2017 жылдың 9 айымен салыстырғанда аймақтарда айтарлықтай өсім байқалды. Олардың басында Жамбыл, Маңғыстау, Ақмола облыстары тұрса, кейінгі тізімді Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Түркістан, Павлодар, Батыс Қазақстан, Қостанай облыстары жалғастырады-дейді министр.

Министрдің мәліметінше кейінгі жылдары Қазақстан Орталық Азияда ең көп инвестиция тартқан мемлекетке айналды. Қазірде оның көлемі 70% құрайды екен. Бұған мына мәліметтер дәлел бола алады. Мәселен, келтірілген деректер бойынша, жалпы 2005-2017 жылдар аралығында Қазақстанға тартылған жалпы инвестиция көлемі $264,4 млрдқа жеткен. Оның ішінде 2017 жылы $20,8 млрд тікелей инвестициялар салынған. Бұл негізінен тау-кен өнеркәсібі, көлік, сауда, қаржылық және сақтандыру қызметі және ақпарат және байланысқа бағыт алған. Ал 2018 жылдың бірінші жартыжылдығындағы қорытынды бойынша тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі 15,4%-ға ұлғайып, 12,3 млрдты құрады. Жеңіс Қасымбектің айтуынша кейінгі кездері бірқатар трансұлттық компаниялармен жұмыс жолға қойылды.

- Трансұлттық компанияларды (бұдан әрі – ТҰҚ) тарту бойынша жұмыс жалғасуда. Шамамен $10,6 млрд. доллар болатын 34 жобадан ТҰҚ жобаларының тізімі жасалды (12 жоба жүзеге асырылуда, 22 жоба пысықтауда). Олардың ішінде $1,4 млрд. жалпы сомасында 12 жоба жүзеге асырылу сатысында. Ең маңызды жобалардың арасында $83 млн. инвестиция көлемімен техникалық газ өндіретін немістің Linde Group, $165 млн. инвестиция көлемімен картоп өңдеу бойынша голландық Farm Frites, $70 млн. инвестиция көлімімен жоғары сапалы әк өндірісі бойынша бельгиялық Carmeuse Group, $220 млн. инвестиция көлемімен кальцилендірілген сода өндірісі бойынша түріктің Yildirim Holding, $194 млн. инвестиция көлемімен болат құбырларын шығаратын қытайдың Central Asia Ruisi Steel Pipes және тампонажды цементті өндіретін қытайдың China Gezhouba атап өтуге болады-деп атап өтті Қасымбек.

Инвестиция және даму министрлігінің мәліметі бойынша қазіргі уақытта жалпы сомасы $9,2 млрд. 22 жоба пысықталуда. Олардың ішінде маңызды жобалардың қатарында $1,2 млрд. инвестиция көлемімен жоғары сапалы май өндірісі бойынша қытайлық Citic Group, $50 млн. инвестиция көлімімен алюминий банкаларын өндіру бойынша жапондық Hanacans және өсімдік майын өндіру бойынша Marubeni, дәрілік препараттар өндірісі бойынша француздық Servier атап өтуге болады.

Инвестицияларды тарту жөніндегі жұмысты үйлестіруді күшейту мақсатында 3-деңгейлі инвестицияларды тарту жүйесі қалыптастырылды:

сыртқы деңгейде – Қазақстанның шетелдегі мекемелерінің инвестициялық кеңесшілері және «Kazakh Invest» ҰҚ» АҚ-ның өкілдері және елшіліктер.

орталық деңгейде – ҚР Инвестициялар және даму министрлігі және «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы.

өңірлік деңгейде – инвестициялар жөніндегі әкімнің арнайы орынбасарлары және әкімдердің штаттан тыс кеңесшілері («Kazakh Invest» өңірлік өкілдіктері).

- Бұдан бөлек, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) стандарттарына сәйкес инвестициялық климатты жақсарту жұмыстары жүргізілді. Министрлік Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Комитеттерімен өзара іс-қимыл жасау аясында Инвестиция комитетінің отырыстарына «қауымдастырылған мүшесі» ретінде белсенді қатысуда. Біз заңнамаға өзгерістер енгізіп, рұқсат беру, салық салу, кедендік бақылау жүйелерін, көші-қон визалық режимін жеңілдеттік. Қазақстанда азаматтары визасыз режиммен келіп кететін елдердің тізімі кеңейтілді. Олардың саны қазір 62 болды. Бұл тізімге Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының барлық елдері кіреді-деп түйіндеді министр.

Әрине, қаржы,инвестиция,тараптар арасындағы келісімдерді іске асыру барысында дау болмай тұрмайды. Бұл сан түрлі жобалардың уақытылы жүзеге асуына кері әсерін тигізетіні белгілі. Сондықтан, Экономикалық ынтымақтастық ұйымының ұсынымдары бойынша сот жүйесін жетілдіруге ерекше көңіл бөлінуде. Кез келген проблеманы жедел шешуге, инвесторлардың мүдделерін қорғау үшін инвестициялық омбудсмен жұмыс істейді. Салық саласында құқық бұзушылықтар мен қиындықтар кездесіп тұрады. Сонымен қатар, қазір Парламентте негізгі міндеттерді шешуге бағытталған заң жобасы қаралуда. Олар салық жеңілдіктері механизмін жетілдіру, Арнайы экономикалық аймақ пен Индустриалды аймақты басқарушы компаниялардың мәртебесін нығайтуға және жер мәселесіне қатысты бірқатар түйткілдерді реттеуге бағытталған. Айта кету керек, қазір Қазақстанда 11 арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді, онда 800 млрд теңге көлемінде инвестицияларды тартуға мүмкіндік берген 165 жоба бар, оның 26% шетелдік инвестиция есебінен, жалпы 13,5 мыңға жуық тұрақты жұмыс орындары ашылды.

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
1564 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Об авторе:
16 ноября родились
Гульнара Алимгазиева
управляющий директор НАО «Фонд социального медицинского страхования»
Игорь Мельцер
медиаменеджер, основатель газеты "Время"
Самые интересные материалы сайта у тебя на почте!
Подпишись на рассылку
Самые Интересные

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить