Қазақстанда ұлттық спорт түрлері қалай дамуда және қалай қаржыландырылады

36109

Қай өңірлер көш бастап тұр, жеңімпаздарға тағайындалатын жүлде қоры қандай, алдағы Дүниежүзілік көшпенділер ойынына деген дайындық қалай жүріп жатыр?

Құсбегілік
Құсбегілік
Фото: жеке архивтен

Бұл туралы Forbes.kz тілшісіне сұхбат берген «Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының» директоры Бақдәулет Сәбитов айтып берді.

F: Бақдәулет мырза, қазіргі күні Қазақстанда ат спортының қандай түрлері бар? Олардың даму барысы қандай?

- Қазір еліміздегі ат спортының жағдайы өте жақсы дей аламыз. Ұлттық спорттың бұл түрінің қарқынды дамуы, халық арасында кең танымал болуымен тікелей байланысты. Жалпы, «Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының» құрамында тек ат спорты ғана емес, асық ату, дәстүрлі садақ ату, жекпе-жек, құсбегілік, тоғызқұмалақ, қазақ күресі сынды ұлттық ойындар да бар. Ал ат спортына келер болсақ, оның бес түрі бар. Олар: бәйге, көкпар, теңге ілу, аударыспақ, жамбы ату.

Көкпар
Көкпар
Фото: жеке архивтен

F: Қандай клуб, федерациялар жұмыс істеп жатыр?

- Елімізде жамбы ату, бәйге, теңге ілу, аударыспақ, көкпар, тоғызқұмалақ, асық ату, арқан тартыс федерациялары жұмыс істейді. Астана, Шымкент қалаларында, Атырау, Жамбыл, Жетісу, СҚО, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Абай, Түркістан облыстарында көкпар, теңге ілу, жамбы атудан жергілікті клубтарымыз бар. Арқан тартыс федерациясы биыл қаңтар айында құрылса да, небары үш айдың ішінде жүйелі жұмысқа кіріскен. Осы аралықта еліміздің бес аймағында іріктеу өткізіп, финалдық кезеңін елордада 7 наурыз күні өткізді. Нәтижесінде 5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойындарында арқан тартыстан ел намысын қорғайтын ұлттық құрама жасақталып жатыр.

F: Қазір елімізде ұлттық спорттың қай түрлері көш басында? Қай өңірлер алда тұр?

- Еліміздегі ең танымал ұлттық спорт түрлерінен бәйге, көкпар, жамбы ату алғашқы үштікте. Өңірлерге келетін болсақ, аймақ өкілдері ұлттық спорттың дамуын жүйелі жолға қойған. 2023 жылдың қорытындысы бойынша, 17 облыс пен 3 қаланың арасынан Түркістан облысы үздік атанды. Оңтүстік спортшылары 2023 жылды жалпы саны 58 алтын, 52 күміс, 65 қола жүлдемен аяқтады.

Бақдәулет Сәбитов, «Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының» директоры
Бақдәулет Сәбитов, «Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының» директоры
Фото: жеке архивтен

F: Мемлекет тарапынан қандай қолдау көрсетілуде? Қанша қаржы бөлінеді? Қайдан бөлінеді? Бұл неге байланысты?

- Ұлттық спорт дегенде ұлттық рух, мәдениетіміз бен дәстүріміз еске түседі. Жалпы, соңғы жылдары елімізде ұлттық спорт түрлері қарқынды дамып келеді, бұған мемлекет басшылығы да қолдау көрсетуде. Ұлттық және ат спорты түрлері орталығына биыл мемлекеттік бюджеттен 1 635 228 мың теңге бөлінді. Бұл орталықта 82,5 штаттық орын бар. Бөлінген бюджеттен қызметкерлердің жалақысына 442 млн 343 мың теңге, ал спортшылар мен жаттықтырушылардың ішкі және сыртқы жарыстарға баруына 111 млн 045 мың теңге қарастырылған. Бұдан басқа бөлінген қаржыны Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының ресми сайтына жариялап отырамыз. Барлығы ашық көрсетілген. Оның үстіне биыл 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары ел астанасында өтетіндіктен, қолдау да ерекше.

F: Қазақстан бойынша ұйымдастырылатын бәсекелердің жиілігі қандай? Ел чемпионаттары қай кезеңдерде, қандай аралықта ұйымдастырылады?

- 2023 жылы әр айда ұлттық спорт түрінен жекелеген ішкі чемпионаттар, кубок бәсекелері, ұлттық спорт фестивалі, халықаралық жарыстар мен әлемдік додалар өтті. Бұл дәстүр 2024 жылы да бұзылмайды. Және биыл жасөспірім, жастар және ересектер арасында үш бірдей кешенді жарыс ұйымдастырамыз. Қазір ережесі мен регламенті бекітілді. Кешенді ойындардың нәтижесінде облыстар ұпай санын жинайды. Рейтингте алға шығуға, сондай-ақ спортшылар мен бапкерлер үстеме алуға мүмкіндігі болады. Демек, аймақтардағы жағдай жақсарады деген сөз.

Аударыспақ
Аударыспақ
Фото: жеке архивтен

F: Жанкүйерлер қатары қандай? Бұл спортқа қызығушылар көп пе?

- Ұлттық спортты насихаттау, дамыту бағытындағы жұмыстар үзілген жоқ. Әлеуметтік желі арқылы да біраз жұмыс жүргізілуде. Ұлттық спорттың жанкүйерлері аз демеймін. Байқағанымыздай, әлеуметтік желілердегі оқырмандар өте белсенді. Әр жазба орташа есеппен 25 мың қаралым жинайды. Бұны төмен көрсеткіш дей алмаймыз. Оның үстіне қазір федерациялардың PR бөлімдерімен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Ақпараттандыру барысы алға басып келеді.

F: Енді шабандоздарға келсек. Әлем елдерінде атпен бірге жокейдің атағы қатар шығады. Қазір Қазақстанда танымал дейтін қандай шабандоздар, спортшылар бар? Оларды неліктен көпшілік біле бермейді?

- Шабандоз деп тек бәйгеге қатысатын адамды емес, атқа қатысы бар барлық спортшыны айтуға болады. Үздіктерге келсек, ХХІ ғасырдың «ғасыр ойыншысы» атанған Құрманбек Тұрғанбек, Абылайхан Нышанбек, Чехияның үш дүркін, Германияның төрт дүркін чемпионы атанған Бауыржан Мырзабаевтарды халық арасында танымал дей аламыз. Ал жастардан – Хамза Амангелді мен Абзал Тұрмыс қатысқан жарыстарынан жүлдесіз қайтпайтын спортшыларымыз.

Теңге ілу
Теңге ілу
Фото: жеке архивтен

F: Қазіргі күні ұлттық спорттағы жүлде қоры қалай белгілінеді? Оның көлемі неге байланысты, ат спортының дамуына, жастардың қызығушылығын оятуға ықпал ете ала ма? Сыйақы кімнің тарапынан тағайындалады, кімннің есебінен беріледі ?

- Жүлде қорын айтатын болсақ, әр федерация сыйақыны өздері тағайындайды. Ұлттық және ат спорты түрлері орталығында жүлде қоры мүлдем қарастырылмаған. Мысалы, жамбы ату федерациясында «тайтұяқ» жүлдесі бар. Оның бір ерекшелігі жыл сайын 100 мың теңгеге өсіп отырады. Биылғы жылы жүлде 700 мың теңгені құрады. Жамбы ату федерациясы алдымыздағы 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қомақты сыйақы қарастырып отыр. Егер жамбы ату спорты бойынша өз қазағымыз бас жүлдені иеленсе, Астана қаласынан пәтер, ал екінші орын алса – көлік, үшінші орынға – ақшалай жүлде қарастырылған.

F: Қазақстанда 2023 жылы ат спортының жаңа түрі пайда болып, марафон «Жорық» деп аталыпты. Оның ерекшелігі мен ережесі қандай? Жеңімпазға қандай жүлде тағайындалады?

- Бұл жорық жалпы қашықтығы 1200 шақырымнан асатын әлемдегі тұңғыш ат марафоны болды. Оның ерекшелігі Қазақстанның бос жатқан ен даласында, шөлейт жерлерінде, яғни ауа-райының күрт құбылуы жиі орын алатын аймақтарда, температура айырмашылығының табиғи жағдайында өткізілді. Жорықтың жеңімпазы – ең қысқа уақыт ішінде мәреге жеткен Жетісу облысының командасы бас жүлдеге 18 000 000 теңге алды. Ал 2-ші орынға шыққан Ақтөбе облысының командасы 16 000 000 теңгені, 3-ші орын алған Алматы қаласының командасы 9 000 000 теңгені қанжығасына байлады. Төрешілер шешімімен, мәреге 4-ші болып келген Абай облысының командасына 5 000 000 теңге берілді.

Садақ ату
Садақ ату
Фото: жеке архивтен

F: Алдағы күзде Астанада өтетін халықаралық көшпенділер ойынына деген дайындық қандай? Оған қандай елдердің спортшылары қатысады? Біз кімдерге, спорттың қай түрлеріне үміт арта аламыз?

- 2024 жылдың 8–14 қыркүйегі аралығында Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 100-ден астам мемлекеттен 4000-ға жуық спортшы қатысады деп жоспарланған. Бұл нағыз этноспорттың олимпиадасы болмақ. Тағы бір ерекше айта кететін жайт – көшпенділер ойындары кезінде Астанаға 100 мыңнан астам турист келеді деп болжануда. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ат спорты түрлері, ұлттық күрес түрлері, садақ ату, дәстүрлі интеллектуалды ойындар, саятшылық өнер, садақ ату, жамбы ату, арқан тарту сынды ұлттық және халықтық ойындардың 20 шақты түрінен жарыс өтеді. Біздің барлық спортшыларымыз бұл додаға бар күшін салып, қызу әзірленіп жатыр. Бұйырса, намысты қолдан бермей, жеңіс шыңынан көрінеміз деген сенімдеміз.

Фотосуреттер кейіпкердің жеке архивінен өз рұқсатымен алынған.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить