Шетелдік ірі брендтер Қазақстанға неге келмейді?

33153

1993 жылдың 15 қыркүйегінде спорт киімдерін шығатын Adidas компаниясы Алматыда әлемдік брендтер арасында ең алғаш болып өз дүкенін ашты. Содан бері отыз жылдың ішінде өзге де түрлі саладағы әлемдік брендтер елімізде өз өнімдерін ұсынып отыр

Фото: © Studio Good Time

Бұл тұрғыда Қазақстан аймақтағы көшбасшы елдердің бірі секілді. Алайда тәуелсіздік жылдарында шетелге дайын өнім емес, шикізат сатумен танылған Қазақстан әлемдік брендтердің сауда павильоны деңгейінен көтеріле қойған жоқ, ірі өндіріс орындарын да ашқан емес. Неге шетелдік брендтер елімізге келуге асық емес? Forbes Kazakhstan осы мәселе бойынша себебіне үңіліп көрді.

Өзбекстан алға озды

Шикізатты өндіріп, өңдеп, дайын өнімді экспорттау тұрғысынан Қазақстан Өзбекстанға ілесе алмай отырғанын ерекше атап өту керек. Бір ғана мысал — өзбек мақтасы. Bukhara Cotton Textile мақта-текстиль кластері өзі мақта өсіреді, одан джинса матасын өндіреді және дайын матадан Collin’s, LC Waikiki, Mark Formelle брендтер мен Kimex дүкендеріне арнап киім тігеді. Ақпарат құралдарында жарияланған жергілікті өндірушілердің пікірінше, пандемиядан кейін өзбектің мақта-мата өндірісіне шетелдік компаниялардың қызығушылығы күрт артқан. Оған Қытай нарығының жабылуы және Үндістан мен өзге де мақта өсіретін елдердегі өнім сапасының нашарлауы себеп.

Қазір бұл елде аутсорсинг негізінде Adidas пен Nike спорттық аяқ киімдер шығаруды бастады. Hugo Boss және Zara, Massimo Dutti, Bershka, Stradivarius және басқа да брендтерді ұсынатын Inditex тобы да өзбек киім фабрикаларына тапсырыс бере бастады. Экономист Расул Рысмамбетовтың айтуынша, Өзбекстан мен Қырғызстанның біздің елімізге қарағанда өзіндік артықшылығы бар. «Жеңіл өнеркәсіп үшін Өзбекстанда шикізат бар. Қырғызстанда жұмыс күші арзан» дейді Расул Рысмамбетов. Ал сарапшы Жасұлан Күшебаевтың пікірінше, Өзбекстан нарық ретінде үлкен ел, жалақы мөлшері болса аз. Сәйкесінше, Қазақстанмен салыстырғанда ірі брендтің сол елге барып, өндіріс ашып кәсіп жүргізуі әлдеқайда тиімдірек.

Санкциялар біз үшін мүмкіндік бола алды ма?

Қытайдағы карантин өзбек мақтасының бағасын арттырғаны сияқты Ресейдің Украинаға басқыншылығы, соның салдарынан Батыс елдері салған санкциялардың астында қалуы — Қазақстанға зор мүмкіндіктер ұсынғаны да жасырын емес. Өткен жылдың соңында еліміздің СІМ-і Ресей нарығынан кеткен 362 шетелдік компаниямен келіссөз жүргізіп жатқанын, 62 компания Қазақстанда кәсібін жүргізуге оң ниет танытқанын хабарлаған.

Экономист Бауыржан Шурмановтың айтуынша, Ресейден әлемдік брендтердің кете бастауы — оларды Қазақстанға әкелу үшін туған орайлы мүмкіндік еді. «Біз үшін бұл технологияны үйрену, халықты жұмыспен қамту және осы өндірістерге жанама шағын және орта бизнес нысандарын құруға мүмкіндік береді» дейді Шурманов. Дегенмен, пікір білдірген сарапшылардың барлығы да Ресейден кеткен брендтердің бәрі бірдей Қазақ-станға келіп, өндіріс, кеңсе ашып, жерсініп кетуге асықпайтынын, тіпті талпынбауы мүмкін екенін айтты. Өйткені елімізде шетелдік инвесторлар үшін мүмкіндіктен гөрі кедергілер көп.

Экономист Жасұлан Күшебаев инвесторларды үркітетін ең маңызды мәселе елдің саяси жүйесі дейді. Тіпті шетелдік компаниялар Ресей Украинаға басқыншылық жасағалы бері елдердің осы оқиғаға қатысты ұстанымына назар сала бастады. «Ресейдің Украинаға басқыншылығына қатысты Қазақстан нақты бір тарапты жақтайтынын ашық жария еткен жоқ. Алайда Ресеймен «дос» мемлекеттер қатарында. Жанама санкциялар бірқатар қазақстандық компанияларға салынып та жатыр. Тікелей санкция салыну қаупі де жоқ емес. Сондықтан ірі брендтер арасында Қазақстанға келіп, жұмыс жүргізуде Ресеймен қатар жанама санкцияға ілінуіміз мүмкін деген қорқыныш бар» деп санайды Күшебаев мырза. Оның сөзінше, Қаңтар оқиғасы да сыртқы имиджге ықпал етті. Қазақстанның инвестициялық тартымдылығына нұқсан келді.

QAMS басқарушы кеңесінің төрағасы, жеке инвестор Ерқанат Әбенидің пікірінше, елімізде бизнес жүргізу ережесі ашық емес. «Шетелдерде кәсіпкерлердің құқығы бұзылса, еліміздегі сияқты президентке ашық жазып, биліктен көмек сұрамайды. Тікелей сот арқылы мәселе шешіледі. Басқа сөзбен айтқанда, «ойын ережесі» анық та, айқын. Біздің елімізде мемлекеттік орган біржақты тәртіппен айыппұл салып, санкция салып тастайды. Тек содан кейін ғана барып компаниялар сотқа жүгініп, құқықтарын қорғап жатады» дейді ол.

Билік органдарындағы жемқорлық та инвесторларды шошытатын фактор екеніне назар аударады. «Елімізде болған оқиғалардың бірінен мысал айтайын. Швециялық IKEA компаниясы Қазақстан нарығына кірмек болған кезде, олардан пара сұраған, аса қомақты сома. Metro сияқты көптеген компаниялар елге келген кезде инвесторлардан пара түрінде ақша талап ететін жағдайлармен бетпе-бет келген» дейді Forbes Kazakhstan тілшісіне. Айтуынша, отыз жыл ішінде бізге келген инвестициялардың көпшілігі ең алдымен елден жылыстатылып, кейіннен инвестиция түрінде елге қайтқан қаражат. «Нидерланды еліміздегі ең ірі инвестор саналады. Бірақ, Қазақстанда жұмыс істеп жатқан бір де бір голландиялық компанияны кездестіре алмайсыз. Өйткені бұл елімізден бір кездері жылыстатылған оффшордағы қаржы» деді Ерқанат Әбени.

Шетелдерде кәсіпкерлердің құқығы бұзылса, еліміздегі сияқты президентке ашық жазып, биліктен көмек сұрамайды. Тікелей сот арқылы мәселе шешіледі

Оның айтуынша, шетелдік компаниялар үшін мемлекеттің экономикаға етене араласуы да — үркітетін маңызды фактор. «Еліміздегі ірі кәсіпорындардың барлығы да — мемлекеттік кәсіпорындар. Бұл ашық бәсекеге тосқауыл. Мысалы, қор нарығын алайық, онда ұсынылған компаниялардың 95%-ы мемлекеттік активтер. Ақша нарығын алсақ, онда да негізінен Ұлттық банктің ақшалары, қаржы министрлігінің облигациялары, еуробондтар — осының барлығы да мемлекеттік құралдар. Іс жүзінде бізде жеке нарық жоқ, ақша нарығы, акция нарығы барлығы мемлекетпен тығыз байланысты» дейді QAMS төрағасы.

Адами капитал дайын емес

Шетелдік ірі брендтердің Қазақстанда өндіріс ошақтарын ашпауының бір себебі ретінде елімізде жұмыс күшінің қымбат екені айтылады. Дегенмен мамандардың кәсіби біліктілігі тұрғысынан да Қазақстан артта қалып отыр.

Ерқанат Әбенидің айтуынша, елімізде жұмыс күші қымбат деген желеу сенімсіз. Өйткені Қазақстанда жалақы жоғары емес, керісінше ұлттық валюта — теңге бағамы тұрақсыз. «Сондықтан доллар қымбаттаса барлық зат қымбаттайды, инфляция жоғарылайды. Біздің экономика мұнайдың бағасына, Ресей экономикасына тәуелді. 2014 жылы Ресейде девальвация болды, оның артынан Қазақстанда да солай болды. Қырғызстан сомның курсын сақтай алды. Өзбекстанда да девальвация болғанымен біздегі секілді қарқынды сипат алған жоқ» деді ол.

Экономист Жасұлан Күшебаев орташа жалақы бойынша Қазақ-стан әлемдік рейтингте 60‑орынның айналасында екенін айтады. «Бұл дегеніміз — біздің елдегі жалақы көлемі бойынша әлемдегі мемлекеттердің арасында ортаңғы буынындамыз. Сәйкесінше, осы орташа жалақы көлеміне қарай Қазақстан «кірісі орташа елдердің қақпанында» дейді сарапшы. Оның сөзінше, «кірісі орташа елдердің қақпанында» отырған елдерде бизнес жүргізу сәл қиындау. «Шикізаттың да бағасы жоғары, жалақы төлеу шығыны көп және өнімділік төмен. Сәйкесінше, осы «қақпанда» қалған мемлекеттер нарығына келу — үлкен брендтер үшін мүлде қызық емес. Қасымыздағы Өзбек-стан және Қырғызстанмен салыстырғанда бізде осындай кедергі бар» дейді сарапшы.

Оның пікірінше, бұл қақпаннан шығу үшін елдің экономикалық және технологиялық сауаты өсуі керек. Шетелдік компанияға орташа жалақыға жалданып істейтін қазақстандық азаматтардың өнімділігі жоғары болуы тиіс. Өнімділік жоғары болуы үшін — ел азаматтарының технология тілін білуі, ағылшын тілін меңгеруі, жалпы өз саласын жақсы игеруі маңызды.

Инфрақұрылым нашар, оны салу құны қымбат

Экономист Расул Рысмамбетовтың пікірінше, елімізде инфрақұрылым нашар. Тіпті өндіріс ошағын салатын ыңғайлы жер де жоқ. «Нонсенс болса да айтайын, Қазақстанда өнеркәсіп салуға ыңғайлы жер жоқ. Қалай? Елді мекендердің айналасындағы жерлердің иесі бар. Мүмкін ол елді жемқорлық жайлағанының кесірінен шығар? Бұрынғы әкімдер, әкімдердің орынбасарлары ол учаскелерді иеленіп алған, жекешелендіріп, сатып алған дегендей. Бірақ олар оны мүлде қолданбайды, болмаса субарендаға береді. Егер билік өндірістік мақсаттағы жерлердің ірі аудитін жүргізсе, онда су, жарық, жол сияқты игіліктерді жүргізу арзанға түсетін жерлердің барлығының иесі бар екенін көретін едік. Бұл ретте жерді бұрынғы иесінен бас салып тартып алудың қажеті шамалы. Оның орнына жер иесі бұл учаскені қандай негізде меншігіне алғанын анықтау қажет» дейді экономист.

Қазақстан бизнес инфрақұрылым жағынан әлемдік рейтингтегі тұрақтаған орны көңіл көншітерлік емес. Еліміз инвесторлар баса көңіл аударатын «Easy of doing business» рейтингінде 67‑орында. Бұл көрсеткіш Қазақстанда өндіріс ошағына инфрақұрылым игіліктерін тарту ауыр және күрделі екенін көрсетеді.

Жасұлан Күшебаевтың пікірінше, бизнес жүргізу индексінде Қазақстанның тағы бір нашар көрсеткіші бар. «Ол – халықаралық сауда бойынша артта қалған мемлекеттердің біріміз, 105‑орында. Қазақстанда өндірілген өнімді сыртқа жеткізу мүмкіндігі аз. Халықаралық сауда палаталары нашар жұмыс істейді. Қазақстанда өндірілген өнімді шетелдерде ілгерілету, жеткізу, сату жұмыстары дұрыс жүргізілмейді» деді сарапшы.

Қазақстан салық салу жүйесі бойынша әлемдік рейтингте 64‑орында тұр. Бұл көрсеткіш те елімізді шетелдік ірі брендтер үшін тартымды ете алмайды. «Өйткені еліміздегі салықтардың көптігі, салық пайыздарының жоғары болуы шетелдік ірі брендтерге преференциялар бермеу, салықтық жеңілдіктер қарастырмау секілді факторлар оларды салықтық жеңілдігі бар, салық жүйесі қарапайым, тартымды мемлекеттерді іздеуіне итермелейді» дейді Расул Рысмамбетов.

Жасұлан Күшебаев осы шаралардың барлығы қолға алынса, түзетілсе, жетілдірілсе Қазақстан шетелдік брендтер үшін әлдеқайда тартымды болар еді деп санайды. Тіпті нарығы аз болса да, айналамыздағы ірі нарықтар: Қазақстан арқылы Қытайға, Үндістанға шығуға деген мүмкіндіктер үшін шетелдік брендтер елімізге келе алар еді деген ойды алға тартады.

«Егер мемлекет тарапынан инфрақұрылымды, технологияны дамытуға, жоғарыда айтқан кедергілерді жою бағытында кешенді шаралар іске асырылса, Қазақстан шикізат өндіруші елден жоғары технологиялық, мықты, сапалы өнімдер шығаратын елге айналуға, соған трансформация жасауына мүмкіндігі зор. Өйткені Ресейдің санкцияға түсуі Қазақстанға осындай жақсы мүмкіндік тудырып отыр» дейді ол.

Түйін

Бұл Forbes Kazakhstan сөзге тартқан сарапшылардың пайымы мен ұсынысы. Осы орайда шетелдік ірі кәсіпорындарды Қазақстанға шақыру және инвестор тарту бағытына жауапты орган сыртқы істер министрлігіне сауал жолдаған едік. Ведомствоның мәліметінше, қазір 79 компанияны Қазақ-станға көшіру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. 35 компания нақты көшірілген, әзірге 17 компанияның «тағдыры» пысықталу үстінде, ал тағы 27 компания «перспективалы» деп бағаланып отыр.

Министрлік позитивті есеп беріп жатқанда, немістің Henkel Central Asia & Caucasus компаниясы Қазақстаннан Өзбекстанға көшетінін хабарлады деген ақпарат таралды. Бұған дейін Еуропа санкциясына байланысты кәсіпорын Ресейден Қазақстанға көшіп келген еді. Енді компанияның қаржылай директоры Стефан Морланг Өзбекстанға көшетінін жариялады делінген таралған мәліметте. Бұл туралы Қазақстандағы Мұнай сервистік компаниялар одағының атқарушы директоры Нұрлан Жұмағұлов фейсбуктегі парақшасында жазды: «Морланг негізгі үш факторды атап өтті. Біріншісі — бұл салықтық заң жобасындағы өзгерістерге байланысты Қазақстандағы ұжымдық салықтың үш есе өсуі. Екіншісі — ел ішіндегі тұрақсыздық. Үшіншісі — Қазақстанда білікті кадрлардың жетіспеуі».

Компанияның Өзбекстанға қай уақытта көшетіні әзірге белгісіз. Атап өтейік, бұдан кейін Нұрлан Жұмағұлов парақшасында: «Кейбір БАҚ-тың немістің Henkel компаниясының Қазақстаннан Өзбекстанға көшуі туралы таратқан ақпараты шындыққа жанаспайды. Жақында Henkel компаниясының өзі мұны теріске шығарады» деп жазды. Бірақ журнал беттеліп басуға жіберіліп жатқан сәтке дейін қосымша мәлімет шықпады.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить