Сақтандыру нарығы әлеуметтік маңызы бар өнімдерге бет бұруда

Отандық сақтандыру нарығы елеулі өзгерістер қарсаңында

ФОТО: unsplash.com/krakenimages

Айта кетейік, биыл шілдеде Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту, банк қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына қол қойған болатын.

Бұл Заңдағы ұсыныстардың елеулі бөлігі еліміздің сақтандыру секторын дамытуға негізделген. Оның ішінде сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру жүйесін жетілдіру, Сақтандыру жөніндегі бірыңғай дерекқорды дамыту, сақтандыру омбудсманының рөлін күшейту, актуарийлер тәуелсіздігін қамтамасыз ету, делдалдық қызметтердің сапасын арттыру сынды мәселелер қамтылған.

ҚР қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (Агенттік) деректерінше, Заңда ескерілген жаңа ұсыныстардың арасында әлеуметтік тұрғыда маңызды деп танылған өнімдер де бар. Соның бірі – Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі аясындағы өмірді сақтандыру туралы ұсыныс. Мамандардың айтуынша, бұл өнім, әсіресе, баласының жоғары білім алуына қаражат жинақтауды мақсат еткен ата-аналар үшін тиімді болмақ. «Өмірді сақтандырудың жинақтаушы түрі бойынша сақтандыру компаниясымен келісімге отырған азаматтар өз өмірін сақтандырумен қатар, белгілі бір қаражат ауқымын да жинақтай алады. Бұл жинаққа мемлекет тарапынан пайыздық үстеме де қосылады», - деп түсіндіреді сала мамандары.

Олег Ханин
Олег Ханин

 

«Коммеск-Өмір» СК» АҚ басқармасының төрағасы Олег Ханин, бұл ұсыныс туралы пікірін былайша түйіндейді: «Сақтандыру нарығындағы бұл өнімді адам өмірінің белгілі бір кезеңіне орайлап рәсімдеуге болады, мысалға, университетте білім алуға негіздеп. Бұл тұрғыда сақтандыру төлемдері жеткіншек жастың жоғары оқу орнына түсу қарсаңында жүзеге асырылады. Былайша айтқанда, ата-ана баласының жоғары білімінің шығынын алдын ала жинақтап, уақыт келгенде тиімді қолдана алады деген сөз».

Сарапшының айтуынша, сақтандыру нарығындағы бұл өнімнің банк депозитінен айырмашылығы – сақтандыру тетігі арқылы ол сақтанушы тұлғаны қосымша қорғай алады. Егер баланың ата-анасы қайтыс болса, не олардың еңбек ету қабілетіне зиян келсе, онда сақтандыру компаниясы, жинақталған сомаға қарамастан, баланың оқу ақысын толық төлеуге кепілдік береді.

 

Ал «Халық-Life» АҚ басқармасының төрайымы Жанар Жұбаниязованың пікірінше, алдағы уақытта бұл өнімге деген сұраныс өсіп, клиенттердің ықыласы артуы тиіс. Оған сыйақыларды (премияларды) мемлекеттік субсидиялау шарты септік етпек. Сарапшы, нарық бойынша бұл тұрғыдағы келісімдер саны ұлғая түседі деген сенімде.

Жанар Жұбаниязова
Жанар Жұбаниязова

Сақтандыру нарығындағы кәсіби ойыншылар тартымды деп таныған кезекті өнімді – бірлескен зейнетақы аннуитеті деп сипаттауға болады. Бірлескен аннуитет сатып алу үшін, айталық, ерлі-зайыптылар не жақын туыстар өздерінің зейнетақы жинағын екі жақтан біріктіре алады. «Егер ерлі-зайыптылардың бірінің зейнетақы жинағы зейнетақы аннуитетін сатып алуға жетпей жатса, ал екіншісінің, керісінше, артық жинағы болса, онда бірлескен зейнетақы аннуитеті ол екеуіне де өмір бойы төлемақы алуға мүмкіндік береді», - деп түсіндіреді бұл тұрғыда Агенттік мамандары.

Жанар Жұбаниязованың айтуынша, бірлескен зейнетақы аннуитеті бойынша келісімге отыру үшін ерлі-зайыптылардың біріктірілген жиынтық сомасы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-нан кем емес мөлшердегі ай сайынғы төлемді жүзеге асыруға жетуі тиіс және екеуінің әрқайсысына. Сол сияқты, ол: «Егер келісімге отырған тұлға өзге елге қоныс аударып жатса, онда зейнетақы аннуитеті келісіміндегі сатып алу сомасын өзімен бірге алып кету мүмкіндігі де қарастырылатын болады», - дейді. (Айта кетейік, сатып алу сомасы дегеніміз – жинақтаушы сақтандыру келісімі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда, сақтанушы алуға құқылы ақша сомасы – F.).

Ал Олег Ханиннің пікірінше, бірлескен зейнетақы аннуитеті өнімі, ең алдымен, әйелдерді қолдауға бағытталған. «Әдетте, ерлермен салыстырғанда әйелдердің зейнетақы жарналары төмен, ал өмір сүру ұзақтығы оларда жоғары. Бұдан зейнетақы аннуитетінің жоспарлау құралы ретіндегі тиімділігі арта түседі», - дейді ол.

Сақтандыру нарығында биыл жыл соңына дейін жүзеге асады делінген маңызды өзгерістердің ішінде Жанар Жұбаниязова, сақтанушы азаматтың зейнетақы аннуитеті келісімі бойынша сақтандыру премиясының бір бөлігін БЖЗҚ-ға кері қайтару мүмкіндігін мысал етеді. Бірақ бұл үшін өзіндік тиісті талаптар да бар. Біріншіден, зейнетақы аннуитетін сақтандыру келісімі екі жыл бұрын жасалған болуы керек. Екіншіден, сақтандыру компаниясында ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-нан кем емес мөлшерде ай сайынғы зейнетақы төлемін жүзеге асыруды жалғастыруға мүмкіндік беретін қалдық қаражат қалуы тиіс.

«Бұл ұсыныс зейнетақы қаражатын жылжымайтын мүлік сатып алуға пайдаланғысы келетін азаматтарға арналған деуге болады, - дейді Жанар Жұбаниязова. – Көріп отырмыз, тұтынушылар тарапынан бұл өнімге деген қызығушылық баршылық. Бұл, сірә, азаматтардың ел экономикасындағы ішкі және сыртқы сілкіністер мен дағдарыстарға деген алаңдауынан туындаса керек. Ал зейнетақы аннуитеттерін сақтандыру – өмір бойы алатын төлемге кепілдік береді».

«Халық-Life» басшысы, сондай-ақ «Қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру» деп аталатын өнімге де назар аударғанды жөн санайды. Өйткені, бұл тұрғыда қазір бірқатар маңызды жаңартулар бар. Айталық, егер сақтандыру жөніндегі бірыңғай дерекқорда тиісті мәлімет тіркеліп, расталған болса, онда мүгедектік не басқа да сақтандыру төлемдері бойынша құжат жинаудың жеңілдетілген тәртібі қарастырылған. Сол сияқты, жұмыс беруші зардап шеккен қызметкерге аннуитет жөніндегі келісімнің көшірмесін беруге міндетті.

Айта кету керек, елімізде сақтандыру саласына деген сенімді арттыру мақсатында бүгінде сақтандырудың кепілдік берілген түрлерін кеңейту мәселесі де қарауға алынуда. «Алдағы уақытта Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының кепілдігі сақтандырудың барлық міндетті және әлеуметтік маңызды түрлеріне қатысты қолданылатын болады» деп түсіндіреді бұл тұрғыда ҚР қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мамандары. Оның ішінде жоғарыда айтылған бірлескен зейнетақы аннуитеті мен Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі аясындағы өмірді сақтандыру өнімі де бар. Әзірше кепілдік қоры сақтандырудың тек бес түрін ғана қамтыған.

Нарық бойынша ескеруді қажет ететін жаңалықтың бірі: егер сақтанушы тұлға мен сақтандыру компаниясы арасында түйінді мәселе, келіспеушілік туындап жатса, бұл жағдайды сақтандыру омбудсманы тарапынан сотқа дейінгі міндетті реттеу талабы енгізілуде. Яғни, клиент сотқа арызданбас бұрын, бұл дауды сақтандыру омбудсманы қарауға алады деген сөз. Сақтандыру компанияларының клиенттері үшін омбудсманның қызметі тегін, ал ол шығарған шешімді сақтандыру ұйымдары міндетті түрде орындауы тиіс.

«Сақтандыру ұйымдарымен арадағы дау-дамайды шешу үшін жеке тұлғалар мен шағын кәсіпкерлік субъектілері сақтандырудың барлық түрлері бойынша сақтандыру омбудсманына жүгіне алады, ал өзге де заңды тұлғалар – тек міндетті автосақтандыру түрі бойынша ғана», - деп түсіндіреді Агенттік мамандары. Бірақ бұл тұрғыдағы дау-дамай сомасы 10 000 АЕК-тен аспауы тиіс (2022 жылы – 30,63 млн теңге).

Айтпақшы, кішігірім жол-көлік оқиғалары салдарында автокөлік иелеріне төленетін сақтандыру төлемдерін алуды жеңілдету мақсатында елімізде Еурохаттама тәртібін енгізу жоспарланған. Бұл тұрғыда сақтандыру төлемін алуға қажет құжаттарды мобильді қосымшаның көмегімен рәсімдеу мүмкіндігі көзделген: жол полициясына не сотқа жүгінбей-ақ. Ескеретін жайт – жол-көлік оқиғасы барысында адам өмірі мен денсаулығына зиян келмеген болса және залал шығыны 100 АЕК-тен аспайтын болса осы форматты қолдану мүмкіндігі бар.

Агенттік мамандарының айтуынша, Еурохаттама тәртібі 2024 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі, өйткені клиент пен сақтандыру ұйымдары арасындағы қатынас барысын толығымен цифрландыру үшін біраз уақыт керек. «Сақтандыру ұйымдары мен мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері шоғырландырылады. Сақтандыру жөніндегі бірыңғай дерекқордың функционалдылығы жетілдіріліп, мобильді қосымша әзірленеді», - деп түсіндіреді Агенттік мамандары.

Өз кезегінде, нарық ішіндегі ойыншылардың пікірінше, заңдық тұрғыдағы өзгерістер аясында сақтандырудың ең танымал түрі болып табылатын автокөлік иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыруға қатысты икемді де қолайлы тарифтер орнатылуы қажет. Олардың пайымынша, сақтандыру тарифтерінің өзектілігін арттырып, жаңартуда ел ішіндегі өңірлер мен ауыл-аймақтағы жазатайым оқиғалардың нақты көрсеткіші есепке алынуы керек.

«Қолданыстағы тарифтер әлеуметтік бағыт қағидаларына сай емес, әсіресе, сақтандыру тәуекелдерін есептеу тұрғысынан қарағанда. Соңғы рет бұл тарифтер осыдан 15 жыл бұрын өзгертілді. Заңға енгізілген түзетулер бұл олқылықты жояды деген үміттеміз, сөйтіп, баға қалыптастыру жүйесі ретке келуі тиіс. Қазір шығын статистикасын ескере отырып, сақтандыру тарифін есептеуді автоматтандыру көзделуде: таргеттелетін шығын және түзету коэффиценті сынды параметрлерді қолдану ұсынылуда. Нәтижесінде – шығыны ауқымды өңірлерде тарифтер де жоғары болады, ал шығын көрсеткіші төмен аймақтарда тарифтер төмендей түседі. Сол сияқты, көлік жүргізушінің көлік айдау тарихына орай Bonus-Malus жүйесіне (жеңілдік/қосымша төлем) қатысты ұстаным да қайта қаралатын болады», - дейді «Коммеск-Өмір» СК» АҚ басқармасының төрағасы Олег Ханин.

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
31475 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Об авторе:

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить