Қоры нарығы: түсімдер ұлғайып, дивидендтер артып келеді

26138

Жергілікті индекстердің қалпына келген өсім көрсеткіштері биыл шетелдік нарықтардан анағұрлым көш алда, деп мәлімдейді ҚҚҚ сарапшылары

Фото: © pixabay

Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының (ҚҚҚ) талдау орталығы еліміздің бағалы қағаздар нарығында 2023 жылдың 9 айында қалыптасқан жағдайға қатысты кезекті шолуын жария етті.

Кезең бойынша негізгі тенденциялар

ҚҚҚ сарапшыларының айтуынша, ағымдағы жылы жергілікті индекстердің қалпына келген өсім көрсеткіштері шетелдік алаңдарды айтарлықтай деңгейде басып озған.

2023 жылдың қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысы бойынша KASE индексі 26,2%-ға, AIXQI – 27,6%-ға өскен. Салыстыру үшін айта кетсек: аталған кезең аралығында Shanghai Composite көрсеткіші 0,6%, STOXX Europe 600 – 5,2%, S&P 500 – 11,7%, Nikkei – 22,1% деңгейінде өскен.

Есепті кезеңде жергілікті инвесторлар тарапынан Қазатомөнеркәсіп (+51,5%), Kaspi (+39,5%) және ҚМГ (+25,8%) акцияларына деген сұраныс мейлінше жоғары болған. Мұндай сұранысқа түсімдердің ұлғаюы және ірі көлемдегі дивидендтер мен мұнай, уран нарықтарындағы шикізат тапшылығы қолдау болса керек.

Сатылған акиялардың жиынтық ауқымы (KASE+AIX алаңдарын қоса алағанда) 223 млрд теңгені құраған: оның ішінде ҚМГ акцияларының үлесі 73% (162 млрд теңге). Одан кейінгі орындарға Халық Банкінің (7% немесе 16 млрд теңге) және Қазатомөнеркәсіптің (6% немесе 14 млрд теңге) үлестік құралдары жайғасқан.

ҚҚҚ мәліметінше, аталған кезеңде бөлшек инвесторлар базасы AIX алаңында жеделдеп өскен: +593 мың. Бұл тұрғыдағы KASE көрсеткіші +132 мың. Сарапшы қауым өз шолуында – геосаяси тұрғыда бүгінгідей қиын кезеңде бірқатар компаниялар АХҚО-да редомициляция (яғни, активтерін Қазақстанға көшіріп, тіркеген) және листинг жүргізгенін еске салады (мысалға, Ozon, Polymetal, Fix Price).

Қор нарығы қалыпқа келіп, оған деген бөлшек инвесторлардың қызығушылығы артқан сайын инвестициялық компаниялардың басқаруындағы жиынтық активтердің көрсеткіші жыл басынан бері 272 млрд теңгеге (не 31,6%-ға) өсіп, 1,1 трлн теңгені құраған.

ҚҚҚ сарапшыларының айтуынша, ақша-кредит шарттарын қалыпқа келтіру бағыты жария етілгелі (биыл тамызда), мемлекеттік бағалы қағаздардың кірістілігі қысқа мерзім соңында 10–30 тармаққа, ал ұзақ мерзім аясында 30–40 тармаққа төмендеп кеткен. Әйтсе де тәуекелсіз ауытқыма қисығы кері пішінін сақтап отыр, дейді сарапшы қауым: яғни, қысқа мерзім соңындағы кіріс көрсеткіші мейлінше жоғары, ал бағалы қағаздарды өтеу мерзімі ұлғайған сайын біртіндеп төмендей береді, деп түсіндіреді олар.

Сол сияқты, қаржылық жағдай барынша қатая түскеніне қарамастан, бюджет тапшылығын қаржыландыру үшін (1) және квазимемлекеттік сектор мен микроқаржы ұйымдарының, екінші деңгейдегі банктердің жекелеген өкілдерінің жоғары белсенділігі аясында (2) мемлекеттік бағалы қағаздар (+66%) мен корпоративтік облигацияларды (+196%) бастапқы нарықта орналастыру ауқымы айтарлықтай өскен.

ҚҚҚ сарапшылары, сондай-ақ, мемлекеттік бағалы қағаздарға инвестицияланған табысқа қатысты салық салуды өзгерту жоспары тиісті деңгейде олардың тартымдылығына да әсер етуі мүмкін деп отыр: оның ішінде жергілікті институционалдық инвесторлар үшін ғана емес, қаржы министрлігінің ішкі борышты орналастыру мүмкіндігіне де.

Түйін

Жергілікті инвесторлардың тәуекелдерге деген ынтасы өсіп келе жатқанын ескерсек, еліміздің қор нарығы да жедел қарқынмен қалыпқа келуде. Бұған, әрине, компаниялардың елеулі қаржылық нәтижелері мен дивидендтік төлемдердің ұлғаюы, бөлшек инвесторлар базасының едәуір өсуі, сондай-ақ пайыздық мөлшерлемелерді төмендету кезеңінің басталуы септік етуде, дейді ҚҚҚ сарапшылары.

Бұл тұрғыда инвестициялық компаниялардың басқаруындағы жиынтық активтер көрсеткіші жыл басынан бері 272 млрд теңгеге өсіп, 1,1 трлн теңгені құраған. ЖІӨ үлесінде бұл сома 1,1%-ды құрайды – жыл басындағы көрсеткіш 0,8% болатын. Сарапшы қауымның пікірінше, бұл көрсеткіштің әрі қарай өсу әлеуеті айтарлықтай зор.

ҚҚҚ сарапшыларының айтуынша, қолданыстағы заңнамадағы соңғы өзгерістер қор нарығындағы қосымша ликвидтілік ағынына жол ашуы әбден мүмкін (нвестициялық портфельді басқаруға алған компаниялардың қарауындағы активтер биыл шілдеден бері 46%-ға өскен: 8,7 млрд теңгеден 12,7 млрд теңгеге дейін). Айта кетейік, 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап қазақстандықтар өздерінің зейнетақы жинағындағы қаражаттың 50%-на дейінгі соманы инвестицияларды басқарумен айналысатын жекеменшік компаниялардың қарауына бере алады.

Айтқандай, сарапшы қауымның пайымынша, мемлекеттік бағалық қағаздарға салынған инвестициядан түсетін табысқа қатысты салық салуды өзгерту жоспары жергілікті институционалдық инвесторлар үшін және де қаржы министрлігінің ішкі борышты орналастыру мүмкіндігіне тартымдылық тұрғысында кері әсер етуі ықтимал.

«Өз кезегінде, бұл қаржы министрлігін ішкі қарызды алмастыру үшін сырттан қарыз тартуға және Ұлттық қордан түсетін трансферттерді ұлғайтуға мәжбүр етуі мүмкін», - деп көрсетеді ҚҚҚ сарапшылары. Естеріңізге сала кетсек, 2024–2025 жылдары еліміздің қаржы министрлігі еурооблигациялардың елеулі ауқымын өтеуі тиіс.

Сонымен қатар, ҚҚҚ сарапшылары, мемлекет басшысының «Самұрық–Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры компаниялары бойынша (мысалы, Air Astana, Qazaq Gaz сынды) халықтық ІРО өткізу және екі биржаның әлеуетін біріктіріп, бірыңғай негізде басқару мүмкіндігін есепке алу туралы өзекті тапсырмасы нарық ішіндегі салалық құрылым алуандығына жаңаша леп беріп, оның шоғырлану деңгейін төмендетуге және оның ликвидтілігі мен тартымдылығын арттыруға, cондай-ақ отандық екі биржаның бірігуі нәтижесіндегі тиімділік әлеуетін толыққанды жүзеге асыруға септік етуі тиіс, деп есептейді.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить
АЛЕКСАНДР ГЕРЧИК: $20 МЛН ЗА 25 ЛЕТ В ТРЕЙДИНГЕ Смотреть на Youtube