Қор нарығы: отандық бөлшек инвесторлар ұлттық компаниялардан жаңа ұсыныс күтуде

18395

Соңғы жылдары қазақстандықтардың инвестициялау құралдарына деген қызығушылығы еселеп артуда

Жарас Мусабеков
Жарас Мусабеков
ФОТО: жеке мұрағат

2022 жылы Astana International Exchange (AIX) қор биржасында бөлшек инвесторлардың саны үш еседен астам өскен. Бұл жайында Forbes.kz сайтына берген сұхбатында АІХ қор биржасының қаржы директоры Жарас Мусабеков айтып өтті.

Жарас мырза, былтыр жүзеге асқан ІРО аясында «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының акциялары АІХ алаңдарының бірінде орналастырылды. ІРО қорытындысына қандай баға бересіз?

– Анығын айтқанда, былтырғы ІРО Қазақстанның қор нарығы мен, жалпы, ел экономикасы үшін көптен күткен маңызды оқиға болды.

Көптеген параметрлер бойынша «ҚазМұнайГаздың» ІРО-сын бірегей тәжірибе деп бағалауға болады: айтарықтай қысқа мерзімде ауқымды жұмыс жүргізіліп, бұл тұрғыдағы барлық қажетті іс-шаралар әлемдік тәжірибедегі қатаң талаптарға сай үздік орындалды.

Инвесторларды тартуда да, акцияларды сатып алуға өтінім беруде де инновациялық шешімдер қолданылып, өз кезегінде, бұл бөлшек инвесторлардың санын арттыруға септік етті. Меніңше, бұл – осы ІРО аясындағы маңызды көрсеткіш.

Өз тарапымыздан, біз «ҚазМұнайГаз» ІРО-сын үлгі боларлық оң үрдіс деп есептейміз. Өздеріңіз көз жеткізгендей, бұл ІРО аясында Қазақстан Республикасының кез келген азаматы еліміздің мұнай және газ секторындағы бас оператордың акционері болу мүмкіндігіне ие болды. Қазақстандықтар тарапынан 130 мыңдай өтінім берілді, нәтижесінде бөлшек инвесторлардан келіп түскен жалпы сома, шамамен, 75 млрд теңгені құрады.

Біздің ойымызша, отандық қор нарығы жаңа да сапалы өзгерістер қарсаңында тұр.

«ҚазМұнайГаз» акцияларын сатып алуда өтінімдердің 99%-ы онлайн берілгені мәлім болды. Мұндай серпіліске қандай жағдай дем берді деп ойлайсыз? Жалпы, біздің елімізде мұндай ауқымды жобаларды жүзеге асыру үшін цифрлық сауаттылық деңгейі тиісті межеге жетті деп айта аламыз ба?

– Бұл арада көптеген жағдайлардың өзіндік үйлесімі бар екенін атап өткен жөн. Оның ішінде – қазақстандықтардың күнделікті өміріне мобильді қаражаттың дендеп енуі, жалпы, осы құралға деген сұраныстың артуы, біртіндеп болса да қаржылық сауаттылық деңгейінің өсуі және қарапайым да ыңғайлы инвестициялық қосымшаларды іске қосуға мүмкіндік берген реттегіш ұйымның салмақты ұстанымы.

Бүгінде мобильді қосымшалар біздің өміріміздегі ажырамас қажетті құралдың бірі және де ол енді инвестициялау мәселесіне де тікелей қатысты. Отандастарымыздың қаржылық сауатын арттырып, мобильді қосымшалар арқылы инвестициялау тетіктерін ілгері жылжытуды біз «ҚазМұнайГаз» ІРО-сы жоспарланбай тұрып та бастағанбыз.

Ізашар ретінде бізге – Қазақстанда да өзге елдердегідей смартфон арқылы инвестициялау мүмкіндігі іске қосылғанын отандастарымызға түсіндіріп беру оңай соққан жоқ. Әйтсе де біз оларға бұл құралдың қарапайым да ыңғайлы, ең бастысы, қауіпсіз екендігін жеткізе алдық.

Былтырғы ІРО-ға белсенді қатысқан бөлшек инвесторлар еліміздің қай өңірлерінде тұрып жатыр?

– География аясынан алып қарағанда, негізінен, еліміздің ірі қалаларында деуге болады, мысалға, Алматыда, Астанада, Қарағандыда. Әрине, бұл – акциялар саудасына өзге өңірлер мен шағын қала тұрғындары қатысқан жоқ деген сөз емес.

Осы арада бірқатар қызықты деректерге тоқтала кетсем. «ҚазМұнайГаз» IPO-сында бізде, әсіресе, әйелдер жағы белсенділік танытты: мысалға, біздің мобильді қосымшаға тікелей жазылу нәтижелері бойынша, олардың саны жалпы инвесторлардың 50%-ын құрады. Ал осыдан бірер жыл бұрын, яғни, біз қосымша қолданушылары арасында зерттеу жүргізгенде, ерлердің саны әйелдерден 20%-дай көп болатын.

ІРО-ға смартфон арқылы қатысқан бөлшек инвесторлардың ішінде жас шамасы бойынша ең егде инвесторлар деп қызылордалық 91 жастағы ақсақал мен атыраулық 81 жастағы әжейді айтуға болады. Олар «ҚазМұнайГаздың» акцияларын кейін немерелеріне сыйға тарту үшін сатып алғанын айтты. Жалпы, біздің мобильді қосымша арқылы 16 жастан бастап инвестицялау мүмкіндігі бар, содан да біз бұл жолғы ІРО-ға жастар жағы өте көп қатысқанын байқай алдық. Олардың басым бөлігі үшін бұл инвестициялау саласындағы алғашқы қадам.

IPO әсерін есепке алмасақ, жалпы, қазақстандық бөлшек инвесторлар былтыр АІХ биржасында белсенділік танытты деуге негіз бар ма?

– 2022 жылы біз АІХ орталық депозитарийлерінде шот ашқан бөлшек инвесторлар қатары көбейе түскенін байқай алдық. Бір жылда олардың саны үш еседей өсіп, 500 мыңнан асты. Олардың 50 мыңнан астамы өз шоттарын «ҚазМұнайГаз» ІРО-сы қарсаңында ашқан.

Мобильді қосымшадағы көрсеткіштер де осы шамалас: сауданың басталуымен ауқымдар өсіп, бүгінде сауда нәтижесі 8,6 млн АҚШ долларын құрайды. Жалпы, қосымшаны қолданушы белсенді инвесторлар саны 11 мыңнан асқан, бұған – қосымшада ұсынылған инвестициялардың ең төменгі шегі 1 доллардан басталатыны ықпал етсе керек.

Әрине, бұл нәтижелер бізді қуантып отыр, бірақ бөлшек сауда мәмілерінің саны көп болғанымен, жалпы сауда ауқымындағы бөлшек инвесторлардың саны әлі де болса аздау. Мұның өз себебі бар: биржа арқылы инвестициялауға біздегі жұмыс істейтін халықтың әрі кетсе 4–5%-ы ғана қатысады, ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш 50%-дан асады. Дегенмен, бес жыл бұрын бұл көрсеткіш бір пайызға әрең жететін.

AIX жүйесіндегі бөлшек инвесторлар үшін комиссиялардың төмендеуі қандай да бір нәтиже берді ме?

– Біз қазір инвесторлар тарапынан белсенділік арта түскенін байқап отырмыз, бірақ бұл тек тарифтерді төмендету нәтижесі деген дұрыс емес. АІХ комиссиялары бұған дейін де аса жоғары болған жоқ. Мұндай шешіммен біз брокерлік компанияларға бөлшек инвесторлардың қажеттіліктерін қанағаттандыруға көмектесуді мақсат еттік.

Сонымен қатар, биылғы қаңтарда біз биржадағы белсенділік арта түскенін байқай алдық, негізі, мұндай көрсеткіш қаңтар айына тән емес, әдетте, жыл басында және жаз айларында биржадағы сауда-саттық баяулай түседі. Біздің ойымызша, мұндай белсенділік қазір инвесторлық базаның өсуі мен «ҚазМұнайГаз» акцияларының саудаға түсуінен туындап отыр.

2022 жылдың қорытындысына тоқтала кетсек, АІХ алаңдарындағы сауда көрсеткіштері қандай?

– 2022 жылдың қорытындысы бойынша, сауда ауқымы 173 млн АҚШ долларын құрады. «ҚазМұнайГаз» ІРО-сы аясында былтырғы жылдың желтоқсаны рекордтық көрсеткіштер берді: бір айдағы сауда ауқымының нәтижесі 35,4 млн АҚШ долларын құрады, бұл 2021 жылдың желтоқсанындағы жағдайдан екі жарым есе жоғары көрсеткіш.

Қалай ойлайсыз, Қазақстанның қор нарығының дамуына ықпал етіп отырған қаржы нарығына тән қандай да бір түйінді мәселе бар ма?

– Қазақстан әлемдік нарықтың ажырамас бір бөлігі, сәйкесінше, әлемдік нарықтардағы қандай да бір өзгеріс, сілкініс салдары біздің нарықты да айналып өтпейді. Макроэкономикалық үрдістерден бастап, бағаның өсуі де, геосаяси жағдайдағы шиеленіс те инвесторлардың мазасын алатын түйінді мәселе.

Былтырғы қаңтар оқиғасы да әлеуетті инвесторлардың (оның ішінде шетелдік те, жергілікті де инвесторлар бар) көңіл-күйіне, ұстанымдарына қылау түсірді.

Әлбетте, мұның бәрі біздің клиенттеріміздің кәсіптеріне және, жалпы, АІХ қызметіне әсер етпей қоймайды.

Отандық қор нарығының дамуына 2023 жылы ықпал етуі мүмкін факторлар қайсысы?

Ұлттық компаниялардың биылғы жылға белгіленген ІРО-лары еліміз үшін өте маңызды шара – бұл нарық ішінде инвесторлар санының өсуіне, инвесторларды қызықтыратын құнды қағаздар үлесінің артуына серпін беруі тиіс. Айта кететін жайт, жергілікті нарықты одан әрі дамыту аясында ІРО-ларды ішкі нарықта өткізу өте маңызды. Бұл шетелдік инвесторлардың Қазақстан нарығына деген қызығушылығын арттырып, оларды бізге қарай ынталандыра түседі.

Айтқандай, «ҚазМұнайГаз» ІРО-сынан кейін нарық іші өзге де ұлттық компаниялардан тартымды ұсыныс болады деп күтуде. Ел азаматтары үшін бұл – қосымша қаражат көзі ғана емес, алдағы күндердің еншісіне қалдырар қаржылық және инвестициялық қауіпсіздік мүмкіндігі дегенді де баса айтқым келеді.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить