Балаларымызды адал адамдар оқытуы керек

32383
Автор: Дидар Смағұлов
«Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры

Соңғы жылдары қазақстандықтар акамдемиялық адалдық мәселесіне ерекше назар аударып келеді

Бұл тенденция қуантпай қоймайды, себебі мектеп тек білім беріп қана қоймай, белігілі бір тұлғаның қалыптасуына әсер етеді. Болашақта біздің еліміздің адамдары қандай болмақ: адал, адамгершілігі бар жандар ма немесе басқа азаматтарға зиян тигізе отырып, заңсыз жолмен пайдаға кенелетін қулар ма? Бұл сұрақтың жауабын білу үшін қазақстандық мектептерде қандай мамандар жұмыс істейтініне мән беріңіз.

Жыл сайын 150 000 түлек орта білім туралы аттестат алады, жыл сайын олардың саны 15–20% артып келеді. 19 млн халқы бар мемлекет үшін бұл көлемді цифра, ол жастар еліміздегі экономикалық белсенді азаматтардың қатарын толықтырады.

Әр жылдағы түлектерді сипаттайтын маңызды көрсеткіш – олардың емтихан, атап айтқанда, ҰБТ тапсыру кезіндегі мінез-құлқы.

2019 жылы тестілеуде 111 мың қатысушы 128 000-нан астам ты-йым салынған заттарды (шпаргалка, смартфон, анықтамалықтар, т.б.) пайдалануға немесе алып кіруге тырысқан. Яғни бітіруші түлектерге қарағанда алып кірген гаджеттер көп (115%), бірақ, қызығы, тек 24 адамның тест қорытындысы ғана жарамсыз деп танылған.

2020 жылы ҰБТ өткізу ережелері қатаңдатылды, бұл бірден академиялық адалдық деңгейіне әсер етті.

131 мыңнан астам түлекте бар болғаны 2500 (2%) тыйым салынған зат табылды, бірақ есесіне 2700-ден астам мектеп бітірушінің тест қорытындысы қабылданбады.

Осы жұмыстан кейін 2021 жылы 145 000 тест тапсырушыдан бар болғаны 756 (0,5%) тыйым салынған зат табылды.

Осы сандарға қарап отырып, еліміздегі академиялық адалдық деңгейі қалпында деген қорытынды шығаруға болатын еді. Дегенмен, жағдай әлде-қайда басқа.

Елдегі білім беру жүйесінде тек мектеп оқушылары мен студенттер ғана емес, ұстаздар да сынақтан өтеді.

Педагогтар бес жылда бір рет Ұлттық біліктілік тестін тапсырып, өзінің санатын қайта дәлелдейді немесе бір саты көтереді. Жалақы көлемі де осы тест қорытындысына байланысты.

Ақылға сыйымсыз нәрсе болғанымен, мұғалімдер де емтиханда көшіруге, тыйым салынған заттарды алып кіруге тырысады, тіпті кейде оқушылардан да асып түседі.

2020 жылы еліміз бойынша осындай 1200 педагогтың бар екені белгілі болды. Меніңше, олардың мемлекетке қандай зиян тигізгенін, шәкірттеріне қандай үлгі көрсеткенін айтудың өзі артық.

Ең сорақысы, кейбір мұғалімдер қылмыс жасауға дейін барады. Мысалы, Шымкентте 348 педагог комиссияға сатып алған жалған сертификаттарын көрсетіп, бірнеше жыл бойы заңсыз жалақы алып жүрген.

Мұндай қызметке сұраныс көбейген сайын, интернетте, әлеуметтік желілерде ол іспен айналысатын алаяқтар да көбейеді, көбінде мұғалімдер сондай адамдарға жем болып жатады.

Осы жылдың қыркүйегінде алаяқтық фактісі бойынша тағы бір қылмыстық іс тіркелді. 45 педагог белгісіз тұлғаларға Ұлттық біліктілік тестілеуден өтті деген сертификат алу үшін түрлі сомадағы (45 000 теңгеден 90 000 теңгеге дейін) ақша берген. Барлығы 3 400 000 теңге жиналған. Моральдық жағынан алып қарасаңыз, мұғалімдердің әрекетін мүлдем ақтап алуға болмайды. Бірақ тәжірибе көрсеткендей, мұндай істердің көпшілігі тоқтатылады, себебі мұғалімдер не бұл фактілер туралы хабарламайды, не арызын қайтарып алады.

Білім беру саласында құзырлы органдар педагог статусын нығайтып, мамандықтың мәртебесін көтеру үшін көп іс тындырып жатыр. Айлық көлемі өскеннен кейін бұл мамандық аймақтардағы ең көп жалақы алатындардың қатарына қосылды. Тіпті кей жерде пән мұғалімдері директордан көп айлық алады. Бұл өте тамаша өзгеріс, осы арқылы саладағы білікті кадрларды сақтап қалып, өзге де үздік мамандарды тартуға болады. Алайда жауап-кершіліктің арта түсетінін де ұмытпау керек, қазақстандық ата-аналар қауымы тарапынан мұндай ниеттің болуы да әділетті.

Бұл жағдайдан шығудың бір жолы – Ұлттық біліктілік тестін тапсыру кезінде ереже бұзған педагогтардың қайта тест тапсыру мерзімін бес жылға шектеу. Көптеген елде осындай санкциялар бар және олар тиімділігін де көрсетіп жатыр. Егер осындай ереже бізде де болса, білім беру жүйесі бірнеше жыл ішінде өзгеріп, педагогтар қатарында тек таңдаулылар ғана қалатын еді.

Жағдайды өзгерту үшін қоғам тарапынан айыптаудың болуы да әсер ете алады. Ата-аналар балаларын қандай мұғалімдер оқытатынын білуге құқылы. Егер тест кезінде ереже бұзғандарды арнайы реестрге жариялайтын болса, онда заңсыз жолға бармас бұрын әрбір мұғалім жақсылап ойланып алар еді.

Соңғы жылдары жауапты министрлік академиялық адалдықты нығайту үшін батыл қадамдарға барып жүр, жоғарыда айтылған ұсыныстардың да жақын арада жүзеге асырылатынына сенімдімін.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить