Білікті кадрлардың шетел асуына не себеп?

100127

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2011 жылдан бастап 2022 жылдың қазан айына дейінгі кезеңде елден 367 мыңнан аса адам кеткен. Еңбекке қабілетті эмигранттардың 38%-ының жоғары, 34%-ының орта кәсіптік білімі бар. Ал біздің елге келген жоғары білімді шетелдіктердің саны да соңғы он жылда екі еседен артық қысқарған. Осыдан «ақыл көші» немесе «капиталдың сыртқа кетуі» деген ұғымдар бізде де пайда болды

ФОТО: © studio good time

Бүгін әлемде ақыл үшін жаһандық бәсекелестік үрдісі жүріп жатыр. Адами капитал кез-келген заманауи өндірістің негізгі ресурсына әрі экономиканың инновациялық даму факторына айналып отыр.

Дүниежүзілік банктің есебінше, дамыған елдерде адами капитал ұлттық байлықтың шамамен 70 пайызына тең келеді, қалған 30 пайызы табиғи және өндірілген ресурстар есебінен толады. Қазақстанда бұл көрсеткіш 40 пайыздан сәл ғана асады. Тәуелсіздік жылдарында еліміз экономикалық табыстарға негізінен мұнай мен газ экспортын ұлғайту және еңбек өнімділігін арттыру есебінен қол жеткізсе, 2009 жылдан кейін экономикалық өсу баяулаған. Адами капиталдың экономикаға қосқан үлесі (кен өндіру салаларынан өзге) төмендей берген. Сондықтан Орталық Азиядағы Дүниежүзілік банктің білім беру мәселесі жөніндегі жетекші маман Айеша Вауда: «Қазақстанға жағдайы төмен өңірлер мен халықтың осал топтарының қажеттілігін қанағаттандыру үшін инвестиция мен мемлекеттік саясатты қайта қарау қажет. Білім беру сапасын, ересек тұрғындардың өмір сүру ұзақтығы мен қажетті дағдыларды дамытуға көңіл бөлу керек» деген.

Жалпы, «ақыл көші» мәселесі бізбен көршілес жатқан мемлекеттерде де бар, әсіресе Ресей Федерациясын қатты алаңдатып отыр. Украинада соғыс басталғаннан бері Ресейден ондаған мың әртүрлі саланың мамандары кеткен.

2019 жылы президент Қасым-­Жомарт Тоқаев шетелге білім алуға немесе жұмыс істеуге кетіп жатқан жастар санының күннен-­күнге арта түсуі алаңдататынын және мемлекет адам капиталын дамыту саясатын жалғастыра беретінін айтқан. 2021 жылы «Талапты ұл-қыздарымыздың жер жүзіндегі кез-келген елге барып, білім алуы қалыпты үрдіске айналды. Сонда қалып, қызмет істеп жүргендер де аз емес. Осы орайда, ел ішінде жастар шетелге кетіп жатыр деген алаңдаушылық бар. Мен жастарымыз білімін жетілдіріп, бәрібір елге оралады немесе шетелде жүріп-ақ Қазақстанның мүддесін қорғайды деп сенемін» деген болатын.

Ал былтыр білікті кадрларды ұлғайту әрі сыртқы көші-қон саясатын тиімді жаңғыртуға бағытталған Қазақстан Республикасы көші-қон саясатының 2023–2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді.

Қазақстан «жұмақ мекен» болмай тұр ма?

Мәселен, 2020 жылы Канада үкіметінің білікті мамандарды иммиграциялау бағдарламасы бойынша сонда көшіп барған, оған дейін еңбекке қабілеттілігімен көзге түскен отандастарымыздың бірі Марат Райымханды біздің елде адам құқығы сақтала бермейтіні алаңдатпай қоймапты.

Менің көшуімнің басты себебі көптеген адамдарға әсер ететін экономикалық мәселе емес. Қазақ-станда менің мансабым қарқынды өсті. Он бес жыл бойы қазақстандық түрлі ұйымдарда БАҚ және қоғаммен байланыс саласында жұмыс істегенмін. Кетер алдында Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму агенттігінде еңбек етіп, университетте сабақ бердім. Ал қазір Канададағы ең ірі университеттерінің бірінде қаржы бөлімінен жұмыс тауып алдым. Отбасыммен Канадаға көшуімнің басты себебі — еркіндік пен адам құқықтары сақталатын, әділдік орнаған және заңдар сақталған, физикалық және әлеуметтік қауіпсіздік жоғары деңгейде қамтамасыз етілген елде өмір сүруге ұмтылу. Бұл менің екі қыздың әкесі ретіндегі парызым деп ойлаймын. Бірде өзіме менің қыздарым мақсатына ұмтылған, тәуелсіз, ерік-жігері мықты, өмірлік таңдау еркіндігі бар және осы еркіндігін қорғауға қабілетті тұлға болады деп нық уәде бергенмін. Сондықтан балаларыма өзін, дарынын, қабілетін толық аша алатын жерде өмір сүре алатындай жағдай жасауды жөн көрдім, — дейді Марат Райымхан.

Дегенмен, келешекте Қазақстанға оралу мүмкіндігінен бас тартпайтынын айтты.

Жеті жыл Вьетнам елінде тұрып, Отанға қайтып келген 48 жастағы Данияр Қуантқанов еліміздегі біраз кемшіліктің басын ашып айтты. Экономика білімін меңгерген ол 2014 пен 2021 жылдар аралығында Вьетнам астанасы Ханой қаласында коммерциялық банкте жұмыс істеген маман.

Ол жақта мен несие модулін баптау және маркетплейс әзірлеумен айналыстым. 2014 жылға таман достарымның көбі әр тарапқа: Ресейге, Германияға, Канадаға, тіпті Перуге кетіп жатты. Ал елімізде тамыр жайған непотизм мен «телефон құқығы», қарапайым тілмен айтқанда, жұмысқа орналасу үшін адамның қабілеті емес, туыстық байланыстың алға шығуы, мәселелерді ықпалды адамдарға қоңырау шалу арқылы шешу белең алып келе жатқанының салдары Қазақстанның дамуын тығырыққа тіреп отырғанын түсіндім. Танысымның ұсынысына келісіп, Вьетнамда еңбек етуге кетіп отырғаным да сондықтан, — дейді Данияр Қуантқанов.

Оның айтуынша, Вьетнамда қазақстандықтар аз емес. Жастарымыз жергілікті мектептерде балаларға ағылшын тілін үйретеді. Қазақстандық ұшқыштар тобы вьетнамдық ұлттық авиатасымалдаушыда да жұмыс істейді, дарынды бағдарламашы жерлестеріміз ірі жапон компаниясында еңбектенеді, студенттер қатары да көбейіп келеді.

Өйткені Вьетнам экономикасы тез дамып, жақсы мамандарға мұқтаж болды. Тәжірибеңді бөлісе отырып, сен де өзге адамдардан пайдалы дағдыларды меңгересің. Егер COVID‑19 індеті тарамағанда және барлық шектеу болмағанда, отбасыммен Қазақстанға оралуым екіталай еді. Шағын және орта бизнес және ірі бизнес бүкіл әлем бойынша шығынға ұшырай бастады. Ең жаманы, мемлекеттер арасындағы қозғалыс шектелді, сондықтан қазақстандықтардың көпшілігі (әр түрлі елдерден) Отанға оралуға асықты. Себебі көбінің ата-анасы осында қалды және пандемия кезінде оларға қолдау қажет еді, — дейді ол.

Оның ойынша, қазір де мүмкіндік туса, көп қазақстандық елден кетуге ұмтылады. Өйткені КСРО ыдырағаннан кейін біздің психикалық тұрғыдан өзгергеніміз шамалы, жүйелі түрде бірдеңе тындырғанымыз аз, ал «отбасының» айналасындағы соңғы жанжалдар мемлекетіміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі отыз жылында айналысқан тірлігіне ұят келтірді деп санайды.

Жеті жыл Қазақстанда болмаған соң, сырт көзге көп нәрсе байқалады. Жұмыссыздар көп, батыл идея аз, бәрі бәрінен қорқады. Өйткені идеяны жүзеге асыру үшін әртүрлі органдар мен ведомстволар бірден аяқтан шалады. Бізде біреулердің тоқалдары мен іні-қарындастары, жиендері ешқандай білім байлығысыз бірден жоғары лауазымдарға ие болды және қуана-­қуана өзі қалағандай өзгеріс жасай бастайды. Сол үшін ойын ережелері «ақша=шенеунік және оны билікке көбейтеміз, минус абырой» формуласына дейін жеңілдетіліп кетті. Сәйкесінше, бұл ойлануға мұрша бермейді, — дейді Данияр Қуантқанов.

Билік тізгінін ұстағандар не өздері мемлекетке пайдалы нәрсе істемейді, не басқасына мүмкіндік туғызбайды деп қапалы. «Мен білетін шетелге кеткен адамдардың көбі — білікті, қабілетті, демек, басқа елдерде сұраныстағы жас кадрлар. Адами капиталдың сыртқа кетуі біздің ел үшін үлкен минус және оны плюске қалай айналдыру керегін ойлау керек. Қазірден бас қатырған жөн. Бес-он жылдан кейін олар есейеді, тәжірибесі молаяды» деп ағынан жарылды.

Ал 2012 жылы АҚШ-қа көшіп барған Талғат Әбдрахмановтың Қазақстанға оралуға ниеті жоқ екен. Оған, бір жағынан, ата-анасының өмірден озып кеткені де себеп. Елімізде жүрген кезінде ағылшын және неміс тілдерін ауызша аудармашы, Пәкістан банкінде қаржыгер болған ол қазір америкалық IT компанияда маркетинг-­менеджер. «Бұл жақта қазақстандықтар көп. Менің ойымша, көпшілігі жаңа мүмкіндіктер іздейді және АҚШ-та еңбегің үшін төленетін ақыдан бастап, қалаған жұмысыңа орналасуға дейін мүмкіндік мол екенін түсінеді. Мысалы, мен қашықтан жұмыс істеймін. Бар керегі ғаламтор мен компьютер. Кеңсеге аптасына бір-екі рет қана барамын, конференциялар Zoom арқылы онлайн өтеді. Бос уақытымда Қазақстаннан осында келетін жұлдыздардың концерттерін ұйымдастырумен айналысамын. Маған осы еркін жұмыс кестесі ұнайды. Болашағымды Америкамен байланыстырамын. Мен сияқты осы елде қалғысы келетін қазақстандықтар көп. Болашақта Отанға қайтқысы келетіндер де бар, бірақ аз. Әдетте қайтуына ата-анасы немесе отбасының Отанда қалғаны себеп болып жатады» дейді Талғат Әбдрахманов.

Бұл қалыпты құбылыс па?

КАЗГЮУ университетінің Басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев «ақыл көшіне» ықпал етіп отырған негізгі себептердің бірі — ұлттық экономиканың жолға қойылмағандығы деген ойда. Өйткені қазіргі және бұған дейінгі девальвация мен инфляция халықты титықтатып жіберді. Ал шетелге кетіп жатқандар көп табыс тауып, жарқын болашақ құрғысы келетінін алға тартты.

Мысалы, біз университетіміздегі кадрлардың еңбекақысын үнемі арттырып отырамыз, ал ол ұлттық экономиканың салдарынан құнсыздана береді. Ұлттық валюта жыл сайын көп сомаға құнсызданып жатқандықтан, еңбекақы доллар эквивалентінде шетелдегі еңбек-ақымен тең келмей қалады. Соны көріп отырған жастар еңбегі бағаланатын жақсы болашаққа талпынады. Сондықтан ұлттық валютамыз теңге тұрақты әрі күшті болуы үшін біздің елдің экономикасына бірінші кезекте несиелік саясатты реттеу керек деп санаймын. Әйтпесе біз не еңбекақыны көбейтуге, не басқасын жасауға үлгермей жатамыз. Бұл, әлбетте, инфляцияға алып келеді. Қазір азық-түлік те, тұрмыстық тауарлар да, қызмет түрлері де қымбаттап жатыр. Жастар тұрақтылықты сезінбегендіктен, шетелге кетуді таңдайды, — дейді Талғат Нәрікбаев. Ол шетелге кеткендерден елімізге қандай зиян келетінін айтып, бұл мәселеге мемлекеттік деңгейде қарау керек дейді.

Адамдар шетелге барып еңбек етіп, елімізге оралып жатса, қалыпты жағдай ретінде қарауға болады. Егер де қайтып келмесе, бұл процесті жақсы деп бағалай алмаймыз. Себебі ойы озық адамдардың елден кетуі, орысша айтқанда, «утечка мозгов» мемлекетке оң әсер етпейді. Сондықтан ойы озық, білікті, қабілетті жастар жайлы мекенді шетелден іздеп кетпеуі үшін Президент әкімшілігі мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігі бірлесіп, оларға жағдай жасауы керек. Бұл жерде туыстық, достық қарым-­қатынас емес, мамандардың біліктілігі алға қойылуы қажет. Яғни, жүйелі тәртіп: қомақты жалақы, оған қоса әлеуметтік пакет қарастырылып, мансаптық өсуге жол ашылуы тиіс. Сондай-ақ, мемлекеттік мекемелер Сингапурдегі секілді корпоративті секторлармен бәсекеге түсе алуы керек. Солай болған кезде ғана білікті кадрлар елімізде қалып, мемлекеттің дамуына үлес қосады, — дейді КАЗГЮУ университетінің Басқарма төрағасы.

Отаннан жырақтап жатқандардың қатары сиреді

Эмиграция бойынша өзге елде тұрақты тұру үшін кеткен қазақ-стандықтардың 62%-дан астамы Ресей Федерациясын таңдапты. Содан кейін Германия 21%, одан әрі Польша, АҚШ, Өзбекстан және Беларусь. Тұрақты тұру үшін кеткен эмигранттардың 1,5%-ы жұмысқа орналасу мақсатын көздесе, 0,3%-ы оқуға байланысты және 98%-ы басқа себептерді көрсеткен. Жұмысқа орналасу үшін кететін негізгі елдер Ресей Федерациясы, Германия және Польша.

Былтыр эмигранттар саны 8 мың адамға қысқарған. 32 мыңнан 24 мың азаматқа дейін. Дәл 2022 жылы эмигранттардың саны азаюының себебін әскери қақтығыстар мен санкциялар кезінде адамдардың Ресейге көшуге құлықсыздығымен байланыстырады. Қайта, Қазақстанды тұрақты тұруға болатын ел ретінде қарастыратын келушілердің саны көбейді. Егер 2021 жылы 11 мың шетелдік елімізге қоныс тепкен болса, 2022 жылы олардың қатары 56,7%-ға артқан, яғни 17 293 адам көшіп келген. Еліміздің экономикасына мониторинг жасайтын Ranking.kz сайты осындай статистикалық мәлімет жариялады.

Біз сөйлескен спикерлердің қай-қайсыда адамдардың шетелге көшуін қалыпты жағдай ретінде қарастырады. Бірақ адамдардың көпшілігі саяси және әлеуметтік себептермен кетсе, жақсы өмірді өзге елден іздесе, бұл қауіпті үрдіс деп пайымдады.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить