Отандық еңбек нарығында маман тапшылығы көрініс беруде

Соңғы жылдары Қазақстанның еңбек нарығында өріс алған өзіндік «тренд» – елімізде кәсіби білікті мамандар жетіспейді деген пікір-көзқарастан бастау алған

Фото: © Depositphotos.com/AndreyPopov

Маман мәселесі ел ішін дүрбелеңге салып, дүрліктіріп, төтенше жағдай қалыптасқан салаларда туындап жатқандығы алаңдатады. Естеріңізде болса, былтыр электр энергетикасына маманданған сауатты кадрлар жетіспейді деп шуладық. Оның артынша орман алқаптарын өрт шалып, ел ішінде орманшылар тапшылығы көрініс берді. Ал таяудағы су тасқыны мен бөгеттердің бұзылуы аясында билік Қазақстанда гидротехник сарапшылар жетіспейтінін алға тартты. Байқасаңыздар, елімізде орын алған кез келген төтенше жағдайдың түпкілікті мәселесі – кадр тапшылығы дегенге келіп тіреледі. Бұл ненің нышаны?

Бастық болсам деп едім

FMI рекрутинг агенттігінің директоры Алма Жандаулетованың айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстанда төменгі звено қатарындағы кадрларға деген тапшылық басым – бүкіл ел бойынша. Ал шетелдік білімі бар кәсіби мамандар көбіне Алматы мен Астанада жүреді, басқа қалаларда олар аса көп кездеспейді. Сондай-ақ, қазір елімізге бірінші кезекте инженерлер мен әртүрлі салаларға тән техник мамандар, геологтар және ауылшаруашылық мамандары аса қажет. «Мәселе жұмыссыздықта емес, мәселе маман жетіспеушілігінде. Қазір нарық ішіне 2000-жылдары дүниеге келген жастар келе бастады, соған қарамастан, кадр тапшылығы бәрібір өзекті деңгейде қалып отыр. Миллениалдардың арасында білімі жоғары, ағылшын тілін жақсы меңгергендері жетіп асады, бірақ олар инженер не агроном болып жұмыс істеуге құлықты емес», – дейді сарапшы. Оның айтуынша, отандық еңбек нарығындағы тағы бір көзге ілінер өзіндік тренд – еліміздегі кадр тапшылығы біртіндеп релоканттар есебінен шешіле бастаса керек, әсіресе, отызға жетпеген ресейлік жас жігіттер үлесінен.

Сарапшы өз сөзінде, ресми статистика нақты жағдайды толыққанды көрсетіп отырған жоқ деп қосады. Еліміздегі жұмыссыздық көрсеткіші шамамен 5 % деңгейінде қалыптасқан, бірақ іс жүзінде олардың саны көп болуы да мүмкін, мысалға, статистикада «өзін өзі жұмыспен қамтығандар» деп көрсетілгендер есебінен. «Кадр тапшылығы әртүрлі салалар мен әртүрлі позициялардан көрініс беруде. Бұл арада бірқатар түйінді мәселе бар – Қазақстанда жұмысшы кәсібіне деген көзқарас дұрыс емес, жастар жағы бұл кәсіптің беделі төмен деп есептейді. Оның сыртында, жұмысқа араласқан жастар мансап жолы бірден емес, біртіндеп, кезең-кезеңімен құрылатынын есепке алмайды – олар бірден басшы, жетекші болғысы келеді. Бұған ептеп болса да, біздің өзімізге тән менталитет те септік етуде: әдетте біз қолмен жұмыс істеуге икемделе бермейміз (бірақ қазір бұл тенденция ақырындап өзгере бастады). Тағы бір мәселе – «зумерлер» ұрпағына тән ұстанымдар. Олардың балалық шағында және жасөспірім ретінде қалыптасуы барысында біздің қоғамда елеулі трансформация жүріп жатты. Яғни, қазір олардың ата-аналары ауқатты не жағдайы орташадан төмен болуы мүмкін. Сәйкесінше жастардың бір бөлігі қолмен жұмыс істегісі келмейді, ал екіншілері – дереу материалдық жетістікке қол жеткізуге талпынады, содан да кейде оқу оқып, білім алуды – уақытты зая кетіріп, босқа шығындалу деп түсінеді», – дейді Алма Жандаулетова.

Сарапшының айтуынша, отандық еңбек нарығындағы тағы бір алаңдатар тенденция – бүгінгі жастар шөптің басын сындырмай-ақ, жайлы өмір сүргісі келеді. «Мұндай адамдар капиталға салған пайданың немесе табыс әкелетін мүліктің есебінен күнелтеді, немесе оның табысты компаниясы болуы мүмкін. Уақыт өте олардың балалары осы компанияның топ-менеджері лауазымына еш кедергісіз орналаса алады. Әрине, біз жастардың бұл тобынан жалданып жұмыс істейтін қызметкер күтпейміз, қалай дегенмен, отбасындағы ұстаным өз дегеніне жетеді. Содан да болса керек, Қазақстандағы ең танымал қызмет лауазымы – бастық болу», – дейді ол.

Ауылға қажет мамандар

Әріптесінің пікірімен Kusto Agro Kazakhstan компаниясының HR-директоры Мадина Қарсақбаева да келіседі. Сарапшы маман, мұндай жағдай, әсіресе, ауыл шаруашылығында жиі кездеседі деп отыр. «Қазақстанның жалпы ішкі өніміндегі ауыл шаруашылығының үлесіне назар аударсақ, еліміз өзінің 1992 жылғы көрсеткішіне әлі де жақындай алған жоқ. Мұның себебі көп және әртүрлі: бұл салаға қаражат жетіспейді, сала ішінде жөні түзу құрал-жабдық та аз. Оның сыртында, қазір дүниежүзін түгел шарпыған жаһандық жылыну екпіні бізге де келіп жетті. Қазақстан аумағының басым бөлігі егін өсіру үшін қолайлы дей алмаймыз. Дегенмен, мысалға, Канаданың өзі де ауылшаруашылық тұрғысында тәуекелі мол аймаққа жатады, бірақ олар бұл саланы дұрыс қолға алып, көркейте алды. Яғни, бұл арада да басты мәселе кадр тапшылығы дегенге келіп тіреледі – бізде бұл саланы тиімді етіп дамытатын білікті маман жоқтың қасы», – дейді ол.

Мадина Қарсақбаеваның айтуынша, біздің елде сонау тоқсаныншы жылдардан бері агросекторға қажет мамандықтарды таңдайтындар қатары сиреп, бұл кәсіптің беделі төмендеп барады. «Бұл салада жұмыс істеу өте қиын: жұмыс негізінен далада, қолмен жасалады, малдың ортасында жүруге тура келеді, төленетін жалақы да көбіне мардымды емес. Жағдайы жасалмаған саладан күтілетін пайда да қомақты дей алмаймыз. Осының салдарынан бұл кәсіптер жастардың арасында танымал емес, олар бұл салаға ұмтыла қоймайды. Мектеп бітірген ауыл жастары әдетте қалаға кетіп, жеңіл ақша тапқанды жөн көреді, көбінесе «сату – сатып алу» дегендей. Ал агросекторда, айталық, егін өсіру үшін, кем дегенде 7–8 ай керек. Мал өсіруден пайда табу үшін, 2,5 жылдай уақыт кетеді. Мұндай ұзаққа созылатын табыс көзі жастар үшін қызық емес», – дейді сарапшы.

Қазір елімізде агросала мамандарын әзірлеуге негізделген екі ЖОО бар – Астанадағы С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехника университеті және Алматыдағы KazNARU. Негізі бұл университеттерге оқуға түсетін талапкерлер қатары аз емес, өйткені мемлекет грант бөліп отыр. Соған қарамастан еліміздің ауыл-аймақтарында бұрынғысынша мал шаруашылығы мамандарына деген сұраныс жоғары. Биылдан бастап ауыл мектебін бітірген талапкерлерге арнап грант үлесін ұлғайту туралы шешім бар: ауылдық түлектерге 70 %, қалалықтарға – 30 % деген есеппен. Алайда Мадина Қарсақбаева бұл шара жағдайды өзгертеді дегенге күмәнмен қарайды. «Агроуниверситет түлектері әрі кетсе қаладағы зооветеринарлық клиникаға жұмысқа орналасып, қалып қояды. Статистикалық кей мәліметтерде, ауылдан шыққан түлектердің тек 10 %-ы ғана әр жылдары өз ауылына қайта оралғаны туралы айтылады. Жастар Алматы мен Астанада тұрақтап қалғысы келеді, себеп – баршаға бірдей: өмір сапасының деңгейі, инфрақұрылым, әлеуметтік орта ерекшелігі, жалақы мөлшері. Қалада, мысалға, курьер болып та ауылдағыдан көп ақша табуға болады», – дейді ол.

Украинадан келген агроном

Қазақстандағы кадр жетіспеушілігі мәселесінің өзіндік себептері жетіп асады. Сарапшы мамандардың пікірінше, егер маман даярлау мәселесінде отандық бизнес пен білім саласы бір-бірімен қоян-қолтық араласып, әрекет етсе, бұл мәселенің шешімін алдағы бірнеше жылдың еншісіне қалдыруға болады. «Өкініштісі сол, бізде білім саласы бизнеске тек донор, демеуші, инвестор деп қарайды. Ал егер жоғары оқу орындары бизнеске тапсырыс беруші ретінде қараса, яғни ертеңгі күні нақты бір компанияны «мықты да білікті кәсіби маманмен қамтамасыз етеміз» деген ұстаныммен, онда жағдай біртіндеп өзгерер еді», – дейді Мадина Қарсақбаева. Ал кезінде совет мектебінің тәжірибесінен өткен, бүгінде зейнет жасындағы мамандар туралы ол: «Әрине, олардың тәжірибесі мол, бірақ көбісі ағылшын тілін білмейді, бүгінгі қолданыстағы жаңа технологиялардан хабарсыз, ал бизнес үшін бұл маңызды талап», –дейді.

Сарапшының айтуынша, Kusto Agro Kazakhstan компаниясында өзіміздің жергілікті қазақ агрономдары жоқ, олардың дені Украинадан келген. «Ауылшаруа­шылық мәселесінде Украина бізден әлдеқайда алда: экономикалық тұрғыда да, инфрақұрылым бойынша да. Әрине, бұл елдің климаты агросектор үшін қолайлы, бірақ ауылшаруашылық өнімін өндіру кез келген ел үшін оңай шаруа емес: наурыз шықпай басталатын ауқымды жұмыс қазанға дейін ұласады, бірақ күткен нәтиже көзге бірден көрінбейді. Бұл салаға қалалықтар мүлдем келмейді, бар үміт – ауылдан шыққан балаларда. Шынымды айтсам, HR маманы, жұмыс беруші ретінде бұл жағдайды өзгерту үшін не істеуге болады деп мен де күнделікті ойланып, толғанумен келемін», – дейді Мадина Қарсақбаева.

HR сала мамандарының пікірінше, бұл арада да мемлекеттік саясат, тұтас бағдарлама қажет. Қазір, мысалға, колледж директорларын оқыту бағдарламасы бар, ал бүгінгі колледж – ауыл шаруашылығы мамандарын даярлаудағы бірінші звено іспетті. Бұл тұрғыда сарапшылар, болашақ техник мамандарды, мал дәрігерлері мен агрономдарды, автослесарларды қалыптастыруда мектептің де рөлін ескеру керек деп отыр. «Бүгінгі 20 жастағы жеткіншектерге үміт арта алмаймыз, бірақ қазір 6–7 сыныпта оқып жүрген балаларға кәсіби бағыт-бағдар беруге ден қою керек. Мұндай тәжірибе біздің елде (совет заманында) бұрын болды да, меніңше, сол бағытты барынша жақсартып, жетілдіріп қолдануға болады. Мұндай бағдарлама Германияда да бар: ол мектептің бастауыш және орта деңгейінен бастап, оқушылар ертең немен айналысады, кімнің қандай мүмкіндігі, бейімі бар деп, олардың іріктеліп, айқындалуына, өмірдегі өз жолын табуға септік етеді, – дейді Мадина Қарсақбаева.

Өз кезегінде Алма Жандаулетова, қазір біздің жастардың арасында алдағы болашағын ойлап, болашағына қамдану дегендей ұстанымдар тартымды емес, көп жағдайда олар тіпті жұмыс істеуге де құлықты емес деп отыр. Оның айтуынша, «зумерлер» буыны өкілдеріне тән бір жосықсыз үрдіс – олар ондаған компанияға түйіндеме жіберіп, кездесу күнін белгілейді де, келіскен күні сұхбаттасуға келмей қояды. «Қазір жастармен сөйлесіп, олардың мақсат-мұраттары туралы сөз қозғай қалсаңыз, олар негізінен 30–40 жасқа дейін ғана жұмыс істеп, қырықтан асқанда рантье ретінде өмір сүргісі келеді. Анығын айтқанда, мен мұны еліміз үшін «жағымсыз тренд» деп есептеймін, өйткені өзінің ең бір кемелденіп, шыңдалған шағында адам ештеңеге ұмтылмай, қызықпай, шалқалап жатып, кешегі салым ақшадан пайда табам деу – дұрыс ұстаным емес. Ал ертең олардың бұл әрекетін, бұл бастамасын көріп өскен келер ұрпақ – олардың балалары қандай болмақ? Елдің болашағы не болмақ? Меніңше, бұл барша халықты ойлантуы тиіс түйінді мәселе», – дейді сарапшы.

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Популярное
Выбор редактора
Ошибка в тексте