Пандемиядан кейінгі білім саласы: Қазақстанның мектептері жаңа сынаққа дайын ба?

36752

Осыдан тура үш жыл бұрын Қазақстанның білім беру жүйесі коронавирус пандемиясы салдарынан қашықтан оқу форматына көшіріліп, білім саласы қиын күндерді бастан өткізді. Дәл сол кезде білім беру саласын цифрландыру бойынша жүргізілген ұзақ жылдық реформаның сапасы сынақтан өтті

ФОТО: © Studio Good Time

Қазақстандағы цифрландыру

Елдің цифрлық трансформациясы он жыл бұрын «Ақпараттық Қазақстан‑2020» мемлекеттік бағдарламасының қабылдануынан басталды. Бүгінде білім саласында көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің барлығы дерлік осы платформада жүзеге асырылады: балабақша кезегіне қою, мектеп пен ЖОО-ға қабылдау, диплом беру және т. б. қызметтер. Соңғы он жылда Қазақстан электрондық үкіметтің даму деңгейі бойынша әлем елдерінің рейтингісіне үздік 30 мемлекеттің қатарынан түскен емес.

Бірақ халықтың компьютерлік техникамен жеткіліксіз жарақтандырылуы, кең жолақты интернетпен, сондай-ақ телефон байланысы қызметтерімен төмен қамтамасыз етілуі, электрондық форматта мемлекеттік қызметтер көрсетудің төмен деңгейі деген проблемалар бүгінге дейін шешілмей келді. Оны шешу үшін «Ақпараттық Қазақ-стан» бағдарламасының орнына 2018–2022 жылдарға жоспарланған «Цифрлық Қазақстан» атты жаңа бағдарлама келді. Білім беру саласындағы цифрландыру қарқыны осы бағдарлама қабылданғаннан кейін күшейе түсті: мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына, мектепке қабылдау электронды форматқа көшірілді, роботтехника, электронды күнделік, оқушыларды бағалаудың жаңа жүйесі енгізілді. Бірақ істелген жұмыстардың тиімділігі, оның ішінде мемлекеттік органдардың есебіндегі көрсеткіштердің нақтылығын тексерген ешкім жоқ. Тек коронавирус пандемиясы бұл салаға бір резивизия жасап берді.

Қашықтан оқу неге қиын болды?

Жалпы дүние жүзінде пандемиядан 1,6 млрд. оқушы зардап шекті. Оның 3,5 миллионы қазақстандық оқушылар. Шектеу шаралары енгізілгеннен кейін, билік білім беруді цифрландыруды жеделдетуге мәжбүр болды. Жалпы, еліміздің жоғары білімі үшін қашықтан оқу форматы таңсық емес еді. Алайда мектеп бағдарламасы бұған техникалық және ресурстық жағынан дайын болмады. Бұл форматтағы жұмысты реттейтін заңнамалық база жоқ еді. Қашықтан оқыту режиміне көшу кезінде барлық қажетті жағдайлар мен іс-қимылдардың дәйекті тәртібін көздейтін осы саладағы нормативтік реттеу болмады. Қолданыстағы заңнамада «қашықтан оқыту» сияқты дефиниция көзделмегендіктен, мұндай білім беру форматын жүргізудің тиісті тәжірибесі де болмағаны айтпаса да түсінікті. Сол себепті оқытушылар мен оқушылар үшін тиісті әдістемелік құралдарды, нұсқаулықтар мен ережелерді әзірлеу қажеттілігі туындады. Ұлттық ІТ-платформалардың болмауы жағдайды қиындатты. Оның үстіне педагогтер мен оқушылардың ақпараттық технологияларды меңгеру сауаттылығы да өзекті мәселеге айналды.

Дүниежүзілік банктің мәліметінше, пандемияға дейін Қазақстан оқушыларының 82%-ы цифрлық сауаттылық бойынша базалық заттарды да көрсете алмаған. Ұйым мұндай ұйғарымға 2018 жылы 8‑сынып оқушыларының әлемдік сауаттылығын бағалау нәтижесінде келген. Әрі қарай жабдықтың жетіспеушілігі мәселесі де өзекті болды. Әсіресе шалғайдағы ауыл аймақтардың, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балаларын компьютерлік техникамен қамтамасыз ету қажеттілігі туындады. Интернетке шектеулі қолжетімділік немесе кең жолақты интернет байланысының болмауы деген мәселенің бар екені онсыз да түсінікті.

Онлайн оқу мектеп тапшылығын шеше ала ма?

Карантиннен кейін білім саласын цифрландыру толығымен реттелуі керек екені айқын болды. Қазақстандағы EdТech индустриясының негізін қалаушылардың бірі Рауан Кенжеханұлының пікірінше, білім беруді терең және ауқымды цифрландыру Қазақстан үшін ең маңызды мәселенің бірі. Ол жетекшілік ететін Bilim Media Group холдингі он жылдан бері елдің білім саласын цифрландыруға қатысып келеді. Оның Bilimland жүйесі мен OnlineMektep платформасы 1‑сыныптан 11‑сыныпқа дейін оқушылар игеруге тиіс 39 пән бойынша 12 300 тақырыпты толық цифрлық сабақ форматына көшірді.

«Салыстырмалы көп мемлекеттерде болмаған нәрселерді Қазақстанда біз жасай алдық. Оған сол кездегі Білім және ғылым министрлігі, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен осы салада жұмыс істейтін командалар мен компаниялар өте көп күш жұмсады. Сонымен бірге екі жылға жалғасқан пандемия кезінде қолданушылар тарапынан белгілі бір шаршау байқалды. Бұл түсінікті де, өйткені ұстаздар да, ата аналар мен балалар да мұндай оқу форматына үйренбеген. Сондықтан пандемия біткеннен кейін осындай оқу форматына қайтадан сол күйде кең көлемде қолдануға қарсылық пайда болғаны рас. Қазір сол шаршауды еңсеру кезеңі» деді Рауан Кенжеханұлы.

Оның пікірінше, үш жылда салада өзгерген нәрсе көп. Мәселен, елде цифрлық шешімдердің кең таралуы қолданушылар — мұғалімдер, оқушылар мен ата-аналардың білім беру саласындағы цифрлы шешімдерге деген қызығушылығын арттырды. Сондай-ақ салада жұмыс істейтін командалар мен компаниялардың салған инвестициясы, құрған жоспарлары едәуір артты деп есептейді.

«Бұған қоса, елдегі интернеттің таралуы күшейді. «250+ деген бағдарлама» іске асты. Халық саны 250‑ден жоғары елді мекеннің барлығына ұялы байланыс немесе басқа жолдар арқылы интернет жеткізіліп жатыр. Қазір мектептердегі интернетке қойылатын талаптар өсті. Бұған дейін кемінде жылдамдық 8–10 Мбит/с деп жүрдік, қазір халықаралық талапқа сәйкес, 20 Мбит/с дейін өсіп отыр. Қазақ-станда қолжетімді интернет деген бағдарлама қолға алынып жатыр. Мектептердегі құрал-­жабдықтар: компьютерлер мен интерактивті тақталар, ноутбук, планшеттердің саны едіуір асты. Пандемияға дейін мектептердегі құралдардың бір балаға шаққандағы саны 1/11, 1/12 болатын. Қазіргі кезде бір компьютерге 5 баладан келеді, сондықтан едіуір әлгерілеу бар» деп толықтырды сөзін.

Сонымен қатар ол білім беру жүйесіндегі инфрақұрылым мәселелеріне тоқталды. Бүгінде Қазақ-стандағы оқушылардың 80 пайызы екі ауысымдық мектепте оқиды. Олардың бір ауысымда оқыту үшін 3 мыңға жуық мектеп қажет. Сондай-ақ 200 мыңның үстіндегі бала үш ауысымды мектепте білім алып жатыр. Спикер бұл тапшылықты онлайн оқудың көмегімен шешуге болады деген пікірде.

«Бала саны жоспардан әлдеқайда көп мектептер аз емес. Сондықтан осындай жағдайда білім салапасын қамтамасыз ету үшін бізге қалай да, цифрлық шешімдерді кеңінен енгізу керек. Бүгінде алыс, шалғай орналасқан мектептерді, соның ішінде шағын жинақталған мектептер, яғни толық мұғалімдермен жабдықталмаған және бір сыныпта түрлі сыныптың (жастары әртүрлі) балалары оқитын мектептер өте көп. Қазіргі күні олардың саны 2 700‑ден асады. Соларды оқытудың мүлде басқа әдіс-тәсілдері керек. Сол әдіс-тәсілдердің қазіргі жағдайда ең тиімдісі цифрлық шешім екені мойындалды. Енді соның министрлік деңгейінде әдістемесі дайындалып жатыр» деді Рауан Кенжеханұлы.

«Жеке секторға ойын ережесін белгілеу керек»

Айта кетейік, 2020 жылдан бері елімізде 1 млн астам сәби дүниеге келді. Бүгінгі инфрақұрылымдардың мүмкіндігі шектеулі екенін ескерсек, алдағы жылдары бірінші сыныпқа келетін оқушылар көбейеді.

«Қазақстанда жыл сайын жарты млн бала өмірге келіп жатыр. Алдағы 5–6 жылдан кейін 1‑сыныпқа жарты млн оқушы келеді деген сөз. Білім беру жүйесіне түсетін салмақ қазіргіден де арта түседі. Осы жағдайда жаңа жағдайға бейімделудің ең дұрыс әрі тиімді жолы цифрлы шешімдер екенін мемлекет те, индустрия да жақсы түсінеді» деп ойын толықтырды ол.

Жалпы, спикер білім беру саласын цифрландырумен жеке сектор айналысуы керек деп есептейді. Себебі мемлекеттік органдардың басшыларының жиі ауысуы жағдайында тұрақты сабақтастықтың дамуы күрделі болады.

«Сол себепті әлем бойынша халық кеңінен қолданатын осындай жүйелерді негізінен жеке сектор бәсекелестікте дамытады. Индустрияға мемлекеттен не керек де-генде, ең алдымен бізге (индустрияға) қойылатын талапты нақтыласа дейміз. Яғни, ойын ережелері, мақсаттары мен талаптары нақтылануы керек. Қауіпсіздік бойынша, мазмұнға жасалатын тексеру немесе сараптама тұрғысынан, функционалдың қандай көлемде және қалай қолданылу керек екенін анықтау қажет. Нақты талаптары белгіленсе, жеке сектор — қазір үлкен индустрияға айналып келе жатқан EdТech индустриясындағы командалар күшейіп, олардың саны артып, бір-бірімен бәсекелесе отырып түрлі өнімдерді ұсына алатын еді» деп қорытындылады Рауан Кенжеханұлы.

Сынақтан алған сабақ

Қазақстанда 2020 жылдан бастап білім беру ұйымын электрондық жүйеге қосу кезінде құжаттама тек электрондық форматта толтырылады, оны қағаз нұсқада толтыруға жол берілмейді.

Министрліктің мәліметінше, қазір Қазақстан бойынша 5 LMS жүйе енгізілді, Қарағанды және Ұлытау облыстарында «Bilimal» жүйесі мектепте өзінің электрондық білім беру жүйесін енгізді, Маңғыстау облысында «mek-tep.edu» Түркістан облысында «Bilimland» жүйесі және еліміздің басқа өңірлерінде «Күнделік» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі жұмыс істейді. «Қашықтан оқыту» ұғымы еліміздің заңнамаларына енгізілмесе де, министрлік деңгейінде онлайн мұндай оқыту бойынша оқу процесін ұйымдастыру қағидалары бекітілді.

Бүгінде кең жолақты интернеттің болмауына байланысты ауыл мектептерінің білім алушыларының цифрлық білім беру ресурстарына қолжетімділігі шектелген. Бүгінде 39% мектепте ғана жоғары жылдамдықтағы интернет бар (20 мбит/с және одан жоғары). Алдағы алты жылда жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз етілген мектептердің үлесі бір мектепке кемінде 20 мбит/с, егер мектепте 400‑ден астам оқушы болса — 20 оқушыға 1 мбит/с болады деп жоспарланды. Жалпы ауыл мектептерінің интернетпен қамтылуын 2023 жылы — 55%, 2024 жылы — 70%, 2025 жылы — 85%, 2026 жыл — 100%, 2027 жылы — 100%, 2028 жылы — 100%, 2029 жыл — 100% жеткізілу жоспары бар.

Қорытынды

Әлі де қашықтан оқу салдарынан келген қаржылай шығынды білмейміз. Белгілісі, онлайн оқыту салдарынан оқушылардың білім деңгейі төмендеп кетті. Тіпті, қашықтан оқу кезінде жіберілген олқылықтардың орнын толтыру үшін жазғы мектептер ұйымдастырылды. Ал онда сабақ берген мұғалімдерге қосымша жұмысы үшін еңбекақы төленген жоқ.

Дегенмен, билік бұл сынақтан сабақ алып, білім беру саласында ақпараттық-­коммуникациялық технологияларды одан әрі дамыту үшін триггер ретінде қарастырды деп айтуға болады. Бұрынғы жылдармен салыстырғанда білім саласын цифрландыруға назар аудара бастағаны байқалады. Осы күнге дейін мемлекеттік білім беру қызметтерін автоматтандырумен айналысып келген мемлекет, пандемиядан кейін білім беру мазмұнын цифрландыруға кірісе бастады. Дегенмен, алда туындауы ықтимал сын-қатерлерге дайын болуы үшін бұл бағытта әлі де көп жұмыс істелуі қажет.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить