Табысына қарай Астана мен Алматының топ-20 жекеменшік мектептері

Он жыл қатарынан Forbes Kazakhstan табысына қарай Астана мен Алматыдағы жекеменшік мектептердің ренкингін ұсынады. Бұл көрсеткіш олардың білім беру сапасын анықтайды дей алмаймыз, десе де
ФОТО: © Диас Ноянов

Осы жылдар ішінде елімізде және әлемде көптеген нәрсе өзгерді, ол біздің ренкингімізде де көрініс тапты. 2010‑жылдардың басында ескі жекеменшік мектептер орнында нық тұрған еді. Алматылық «Достар», «Лидер», «Престиж» Топ‑20‑ның алғашқы ондығынан түскен емес. Бүгінде негізі 1990‑жылдары қаланған білім ошақтары ренкингтің аз бөлігін ғана құрайды. Тек алматылық «Мирас» пен TAMOS-тың позициялары мықты. Бұрынғысынша «Престиж», Жания Әубәкірованың авторлық мектебі және Galaxy (2014 жылы күрделі ребрендингтен өткен) де тізімде бар. Бірақ биылғы ренкинг қатысушыларының көпшілігіне әлі он жыл да толмаған.

Бірінші орынды әдеттегідей нарықтың ірі ойыншылары ұстап тұр: астаналық және алматылық Haileybury, халықаралық QSI және Kazakhstan International Schools, кеңеюін жалғастырып жатқан TAMOS. Алайда жаңадан келгендер де есе берер емес: екінші жыл қатарынан ондыққа Айдын Рақымбаев (Forbes Kazakhstan ең дәулетті бизнесмендерінің тізімінде №12) пен Берік Қаниевтің жобасы — Quantum STEM School енді. Былтырғы 19‑орыннан 16‑орынға шыққан Astana Garden School де күшейіп келеді. Бірінші рет тізімге Дәурен Қаупынбаев негізін қалаған Prometheus School және астаналық Alpamys School енді.

Ренкинг әдеттегідей қарастырып отырған білім беру ошақтары 2022/23 оқу жылы табатын ықтимал табысына сүйене отырып жасалды. Forbes Kazakhstan сауалына ҚР Оқу-ағарту министрлігі екі мегаполисте жалпы білім беретін 151 жекеменшік мектеп бар екенін хабарлады (100 — Алматыда және 51 — елордада), біздің лоң-лиске енген де солар. Өткен жылмен салыстырғанда олардың саны 22‑ге өсті. Топ‑20‑ға енген мекемелерде білім алудың орташа бағасы бір оқушыға айына 180 мыңнан («Престиж») 1,25 млн теңгеге (Астанадағы QSI Халықаралық мектебі) дейін барады.

Мекеменің болжалды табысы сол білім алудың орташа бағасы (әдетте, бастауыш, орта және жоғары сынып оқушылары үшін төленетін сома әртүрлі) және оқушылар санына қарай есептелді.

Мектептердегі оқушылар саны туралы ақпарат Оқу-ағарту министрлігінің ресми мәліметінен алынды. Ол тек 1–11 сынып оқушыларын ғана ескереді, мектепке дейінгі дайындық пен 11‑сыныптан кейін халықаралық бағдарламалар бойынша оқитын оқушыларды есепке алмадық. Профайлдарда көрсетілген ақпарат әр мектеп өзі ұсынатын ақпаратпен бірдей болмауы мүмкін.

Оқыту құны туралы мәліметтер мектептердің өзінен алынды (Forbes Kazakhstan сауалдарына берген жауабы, ресми сайттарынан және телефонмен хабарласу арқылы алынған ақпарат). Білім беру мекемелерінің табысын есептегенде бір реттік түсу жарнасы, мектепке тасу, мектеп формасы мен үйірмелерге қатысу бағасы және т. б. айнымалылар есепке алынған жоқ.

   1. (2) «TAMOS Education физика-математикалық мектебі» білім беру мекемесі (Алматы)

Болжалды табысы – 8,38 млрд теңге
Айына орташа оқу ақысы – 310 мың теңге
Оқушы саны – 3004
Құрылтайшысы/Негізін қалаушы – Дәурен Қаупынбаев, Марғұлан Сейсембай, Мұрат Омаров

TAMOS Education мектептер желісі 1998 жылы құрылған. Мекеменің Кембридж халықаралық мектебі деген статусы бар және оқушыларға IGCSE және A-Level халықаралық сертификаттарын алуға мүмкіндік береді. Ол жеке оқу жоспары бойынша жұмыс істейді: бұл жерде математиканы, физиканы, химияны, биология мен ағылшын тілін тереңдеп оқытады. Лингвистикалық бөлімінде бесінші сыныптан бастап француз, испан және қытай тілдерін оқытады.

Осы оқу жылында TAMOS мектебінің 203 оқушысы халықаралық және республикалық олимпиадалардың жүлдегері атанды. Мектептің 2022 жылғы 18 түлегі QS, THE және ARWU нұсқасы бойынша әлемдегі топ-100 университеттерге түсті. TAMOS негізін теннисші Рафаэль Надаль қалаған I-ConSports мектептер желісімен ынтымақтас, бұл түлектерге америкалық ЖОО-ларда спорттық гранттарды иеленуге мүмкіндік береді. De Montfort University және Swiss Education Group-пен әріптестік те мектеп түлектеріне қосымша мүмкіндік сыйлайды.

Осы жылдың тамызында TAMOS Алматыдағы тағы бір ғимараттың құрылысын аяқтауды жоспарлап отыр, ол жерде балаларды Кембридж бағдарламасы және Advanced Placement бағдарламасы бойынша оқытады.

   2. (1) «Haileybury Almaty» коммерциялық емес акционерлік қоғам

Болжалды табысы – 7,41 млрд теңге
Айына орташа оқу ақысы – 1,04 млн теңге
Оқушы саны – 710
Құрылтайшысы/Негізін қалаушы – Болат Өтемұратовтың «Асыл Мирас» қайырымдылық қоры, Сержан Жұмашов, Нұржан Сұбханбердин, Айдан Кәрібжанов, Марғұлан Сейсембай, Альфия Қуанышева

Мектеп Ұлыбританиядағы Haileybury and Imperial College-бен серіктестікте жұмыс істейді, оқушыларға IGCSE және A-Level халықаралық сертификаттарын алуға мүмкіндік береді. Мектепте 65 шетелдік педагог жұмыс істейді. Haileybury Almaty дарынды балаларға IGCSE және A-Level бағдарламасы бойынша оқу гранттарын бөледі.

2022 жылы мектепті 38 түлек бітірді, олардың кейбірі Йель, Колумбия, Бостон, Кембридж университетіне, Лондон университеттік колледжіне және басқа да топ ЖОО-ларға түсті. Соңғы екі жылда Haileybury Almaty оқушылары алдыңғы қатарлы университеттерден жалпы құны $3,5 млн асатын шәкіртақы иеленді.

2023 жылы Haileybury Almaty оқушылары математикадан Жәутіков атындағы халықаралық олимпиадада үш қола медаль иеленіп, пәндер бойынша Республикалық олимпиаданың алматылық турында сегіз жүлделі орынды алды. Құрамында Haileybury Almaty оқушылары бар роботтехникадан Қазақстан құрамасы британдық FIRST Tech Challenge West Midlands роботтехникадан жарыста жеңіске жетті.

   3. (3) «Haileybury Astana» коммерциялық емес акционерлік қоғам

Болжалды табысы – 5,32 млрд теңге
Айына орташа оқу ақысы – 1,04 млн теңге
Оқушы саны – 510
Құрылтайшысы/Негізін қалаушы – Болат Өтемұратовтың «Асыл Мирас» қайырымдылық қоры, Сержан Жұмашов, Нұржан Сұбханбердин, Айдан Кәрібжанов, Марғұлан Сейсембай, Альфия Қуанышева 

Халықаралық мектеп есігін 2011 жылы ашты. Өздері жариялаған мақсат – заманауи өмірге бейімделген, жан-жақты дамыған оқушыларды тәрбиелеу.

2022 жылы мектепті 24 түлек бітірді, олардың көпшілігі Оксфорд, Эдинбург, Амстердам университеттеріне, Торонто университетіне, Канададағы Британдық Колумбия университетіне және т.б. әлемге әйгілі оқу орындарына түсті. Haileybury Astana оқушысы Британ халықаралық мектептер кеңесінің (COBIS) поэзия байқауында екінші орын алды. Екі оқушы Америкалық математикалық сайыста алтын және қол медаль иеленді. Тағы бір оқушы қыздарға арналған Еуропа математикалық олимпиададан, математикадан Азия-Тынық мұхиты олимпиадасынан және Халықаралық Жәутіков олимпиадасынан жүлделі орындарға ие болды.

2022 жылы қарашада Haileybury Astana-ның STEAM+ атты жаңа зертханасының ресми ашылуы болды.

   4. (6) Kazakhstan International School халықаралық мектебі (Алматы)

Болжалды табысы – 3,83 млрд теңге
Айына орташа оқу ақысы – 900 мың теңге
Оқушы саны – 426
Құрылтайшысы/Негізін қалаушы – Дэниэл Гунасилан, Gateway Ventures LTD компаниясы, Сингапур

Kazakhstan International School-дың негізін 1999 жылы Gateway Ventures компаниясының бас директоры және кәсіпкер Дэниэл Гунасилан қалады. Ол мектеп халықаралық бакалавриат бағдарламасы (IB) бойынша ағылшын тілінде оқытуды ұсынады.

2022 жылы 10 түлек мектеп бітірді. Олар Манчестер, Эдинбург, Гронинген, Амстердам, Гонконг, Саутгемптон, Уорик университеттерінің, Лондонның университеттік колледжінен шақырту алды. Түлектерге берілген шәкіртақылардың жалпы сомасы $2,3 млн құрады. Осы оқу жылында 15 оқушы республикалық «Ұлы дала баласы» олимпиадасында түрлі пәндер бойынша бірінші орындарды иеленді. 2022 жылы қарашада мектеп оқушылары Йель университетінде өткен World’s Scholar Cup бүкіләлемдік турнирінің финалдық кезеңінде жүлделі орындар алды.

Осы жылдың сәуірінде мектеп Америкалық Орта штаттар колледждері және мектептері қауымдастығынан (MSA) аккредитация алуды күтіп отырған-тын. Сондай-ақ SAT тестін тапсыру бойынша авторландырылған емтихан орталығының статусын алды.

   5. (14) «Мирас» халықаралық мектебі (Алматы)

Болжалды табысы – 3,76 млрд теңге
Айына орташа оқу ақысы – 664 мың теңге
Оқушы саны – 567
Құрылтайшысы/Негізін қалаушы – Нұрсұлтан Назарбаевтың білім беру қоры

Мектеп 1999 жылы ашылды. «Мираста» Халықар-алық бакалавриаттың (IB) авторизациясы, Халықаралық мектептер кеңесінен (CIS) аккредитациясы бар, ол ECIS Халықаралық мектептер ассоциациясының, UNESCO Халықаралық мектептер мен клубтар кеңесінің, IBSA қауымдастығының мүшесі. 2022 жылы шілдеде SAT тестін тапсыру бойынша емтихан орталығының статусын иеленді.

2022 жылы 24 оқушы мектеп бітірді, олардың оны QS, THE және ARWU нұсқасы бойынша топ-100 университетке оқуға түсті. Осы жылы және былтырғы оқу жылында 160 оқушы халықаралық және республикалық олимпиадалардың жүлдегері болды.

Осы жылы ақпанда «Мирас» халықаралық мектебінде «БҰҰ моделі» жыл сайынғы конференциясы өтті, оған Қазақстаннан және шетелдерден 200-ден аса оқушы қатысты. Жыл сайын осында білім беру және қайырымдылыққа арналған бірқатар дәстүрлі шаралар өтеді. Солардың бірі Miras AlmaFest 2022 қайырымдылық шарасы, ол Алматы күні мен Халық-аралық бейбітшілік күніне арналған.

   6. (4) QSI халықаралық Алматы мектебі

Болжалды табысы – 3,4 млрд теңге
Айына орташа оқу ақысы – 1,1 млн теңге
Оқушы саны – 343
Құрылтайшысы/Негізін қалаушы – «Quality Schools International» коммерциялық емес жекеменшік білім беру мекемесі (Словения)

Мектеп Алматыда 1999 жылдан бері жұмыс істейді. Негізгі оқыту тілі – ағылшын. Алматылық QSI – халықаралық мектептер желісінің бір бөлігі, ол жерде негізінен шетелдік компаниялардың қызметкерлері мен дипломаттардың балалары оқиды. QSI желісінің әлем бойынша 35 мекемесі бар.

28 елдің өкілдері оқитын мектептің оқу бағдарламасы америкалық AP Capstone Diploma Program жүйесіне негізделген. Ол оқушыларға АҚШ пен Канаданың алдыңғы қатарлы университеттеріне түсуге мүмкіндік береді. Мекемеде оқушылардың қауіпсіздігіне ерекше мән беріледі.

Мектепті коммерциялық емес «Quality Schools International» жекеменшік білім беру мекемесі басқарады, бас кеңсесі Люблянада (Словения) орналасқан.

   7. (11) New Generation School жекеменшік мектебі (NGS) (Алматы) 

Болжалды табысы – 3,03 млрд теңге
Айына орташа оқу ақысы – 411 мың теңге
Оқушы саны – 820
Құрылтайшысы/Негізін қалаушы – Марина Огай

NGS жаңа буын мектебі 2018 жылы ашылды. 2021 жылы ол Қазақстандық Ұлттық ЮНЕСКО Клубтарының Федерациясының бір бөлігі болды. Бұл жерде оқыту жеке оқу бағдарламасы бойынша жүреді.

Кіші сыныптарда стандартты пәндерден бөлек балаларға роботтехника, шахмат, ритмпластика, суда жүзу мен олимпиадалық тапсырмаларды шешу оқытылады. Орта және жоғары сыныптарда оқушыларға жаратылыстану-математика және гуманитарлық бағыт бойынша оқу қолжетімді. Мектепте түрлі үйірмелер мен спорт секциялары бар. NGS заманауи ғимаратта орналасқан, соңғы үлгідегі техникамен жабдықталған. Мектеп аумағында бассейн, теннис корты, футбол алаңы бар. Мектепке апарып-әкеледі және төрт мезгіл тамақтандырады.

   8. (8) Quantum STEM School (Астана)

Болжалды табысы – 3,01 млрд теңге
Айына орташа оқу ақысы – 356 мың теңге
Оқушы саны – 941
Құрылтайшысы/Негізін қалаушы – Берік Қаниев, Айдын Рақымбаев

Quantum STEM School 2021 жылдың қыркүйегінде ашылды. Өз жұмысында АҚШ пен Сингапурдағы білім ошақтарының озық тәжірибесі пайдаланады. Оқу негізінен математика, басқа да нақты ғылымдар және инженерия саласының өзара пәнаралық өзара әрекеттусуіне негізделген.

Бастауыш сыныптарда Quantum-дағы оқу сингапурлық әдіс бойынша өтеді. Орта буын оқушылары ғылым, бағдарламалау және инженерияны тереңірек оқиды. Жоғары мектеп оқушылары халықаралық Advanced Placement бағдарламасы бойынша дайындалады.

2022 жылы мектептің алғашқы түлектері бітірді. Quantum STEM School-дың 35 түлегі әлемнің ең үздік ЖОО-ларынан 57 шақырту алды. Төрт оқушы QS, THE және ARWU нұсқасы бойынша топ-100 университеттерінен толық грантқа, ал 34 түлек жартылай грантқа ие болды. Мектеп оқушылары Teeneagle және STEMco сияқты беделді халықаралық жарыстардан жүлделі орындарды иеленді. Сондай-ақ, Назарбаев Университеті мен Қазақстандағы Тель-Авив университетінің Достар қауымдастығымен серіктес болып, бірнеше шара өткізген.

   9. (10) «Нұр-Орда» мектеп-лицейі (Астана)

Болжалды табысы – 2,72 млрд теңге
Айына орташа оқу ақысы – 334 мың теңге
Оқушы саны – 904
Құрылтайшысы/Негізін қалаушы – «Білім Орда» халықаралық қоғамдық қоры

Ашылған 2007 жылдан бері «Нұр Орда» мектебі өзімен аттас халықаралық қоғамдық қордың аясында жұмыс істейді. Бастауыш мектептегі оқу жобалық әдіс бойынша өтеді. Ал жоғары сыныптада жаратылыстану-математика пәндері ағылшын тілінде оқытылады.

Білім ошғаы Халықаралық мектептер кеңесі (CIS) мен ЮНЕСКО клубының мүшесі. Жыл сайын оның түлектері QS, THE және ARWU нұсқасы бойынша әлемнің топ-100 университеттеріне түседі. Оқушылары үнемі халықаралық жарыстарға қатысады. 2022 жылы «Нұр-Орданың» бір оқушысы IFLC халықаралық тіл және мәдениет фестивалінің аясында өткен вокал байқауында жеңіске жетті. Ал өткен жылдың шілдесінде мектеп оқушылары немістің Майндағы Франкфурт қаласында өткен халықаралық STEM-олимпиадасында 15 алтын, 11 күміс және 15 қола медаль иеленді.

   10. (7) Spectrum халықаралық мектебі (Астана)

Болжалды табысы – 2,71 млрд теңге
Айына орташа оқу ақысы – 770 мың теңге
Оқушы саны – 391
Құрылтайшысы/Негізін қалаушы – «Білім Орда» халықаралық қоғамдық қоры

Spectrum мектебі 2008 жылы есігін ашты. Ол «Білім Орда» қорының аясында жұмыс істейді, жоғары халықаралық стандарттарға сай білім береді.

Spectrum Халықаралық мектептер кеңесін (CIS) қоса алғанда бірнеше халықаралық ұйымдардан аккредиттелген. Білім ошағында Кембридж халықаралық мектебінің статусы бар, сол арқылы Spectrum оқушылары Cambridge IGCSE және A/AS бағдарламаларына сай білім ала алады. Мектеп түлектері алдыңғы қатарлы қазақстандық және шетелдік (Бостон университеті мен Лондон университеттік колледжін қосқанда) жоғары оқу орындарында оқиды.

   11. (5) QSI Халықаралық мектебі (Астана)

Болжалды табысы – 2,54 млрд теңге
Айына орташа оқу ақысы – 1,25 млн теңге
Оқушы саны – 226
Құрылтайшысы/Негізін қалаушы – «Quality Schools International» коммерциялық емес жекеменшік білім беру мекемесі (Словения)

QSI Халықаралық мектебі Астанада 2005 жылы ашылды. Негізгі оқыту тілі – ағылшын. Астаналық QSI – халықаралық мектептер желісінің бір бөлігі, ол жерде негізінен шетелдік компаниялардың қызметкерлері мен дипломаттардың балалары оқиды.

QSI желісінің әлем бойынша 35 мекемесі бар.

Астаналық QSI Америкалық Орта штаттар колледждері және мектептері қауымдастығынан (Middle States Association of Colleges and Schools) аккредиттелген. Мекеменің мұғалімдер штаты өте үлкен. 29 педагог – шетелдік мамандар, 20 – жергілікті. Мұғалімдердің 62%-ында магистр не PhD докторы квалификациясы бар. Мектепте қазақ, орыс және ағылшын тілдеінен бөлек тағы жеті тілде сөйлейді. QSI түлектері негізінен батыстың жетекші ЖОО-ларына түседі.

   12. (9) High Tech Academy (Алматы)

Болжалды табысы – 2,49 млрд теңге
Айына орташа оқу ақысы – 625 мың теңге
Оқушы саны – 443
Құрылтайшысы/Негізін қалаушы – Еркін Тәтішев

High Tech Academy-ді (HTA) Еркін Тәтішев (Forbes Kazakhstan ең дәулетті бизнесмендер тізімінде №25) 2017 жылы ашты. Мектептегі оқу шынайы әлемнің мәселелері мен қажеттілікте-
ріне байланысты жобалық әдіске негізделген.

High Tech Academy SISU Schools қоғамдастығының бір бөлігі. Өткен жылы шілдеде оқытудың жоғары стандаттарын растайтын Халықаралық мектептер кеңесінің (CIS) аккредиттеуін алды. 2022 жылы НТА-дің бірінші түлектері шықты. 32 тү-легі Қазақстан және Канада, АҚШ, Еуропа және Оңтүстік Кореяны қоса алғанда шетелдегі жетек-ші оқу орындарына түсті.

   13. (12) «Престиж» мемлекеттік емес білім беру мекемесі (Алматы)

Болжалды табысы – 2,1 млрд теңге
Айына орташа оқу ақысы – 180 мың теңге
Оқушы саны – 1164
Құрылтайшысы/Негізін қалаушы – Григорий Уманов

Алматыдағы ең алғашқы жекеменшік мектептің бірі, 1995 жылы ашылған. Ол жерде тәжірибелі педагогтар сабақ береді, басым бөлігі – жоғары санаттағы мұғалімдер.

«Престиж» түлектері жыл сайын жетекші қазақ-стандық, ресейлік және батыс ЖОО-ларына түседі. Оқушылары жыл сайын қалалық және республикалық конкурстар мен олимпиадаларда жүлделі орындарды иеленеді. Мысалы, өткен жылы «Престиж» шәкірттері «Дарын» республикалық ғылыми жобалардың республикалық байқауының қалалық кезеңінің финалына шығып, «Танцы.KZ» би сайысының Гран-приін жеңді.

   14. (16) Жания Әубәкірованың авторлық мектебі (Алматы)

Болжалды табысы – 1,97 млрд теңге
Айына орташа оқу ақысы – 293 мың теңге
Оқушы саны – 747
Учредитель / Основатель – Ғалым Сапарғалиев, Жания Әубәкірова

Жания Әубәкірованың авторлық мектебі 1994 жылы ашылған. Мекеменің миссиясы – оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытып, оларға қазіргі әлемде өмір сүруіне көмектесетін дағдыларды меңгерту.

Жалпы білім беру бағдарламасынан бөлек мектеп оқушыларға дамытушы бірнеше үйірме (шахмат, роботтехника, шет тілі, тау туризмі) мен музыкалық білімді ұсынады, соңғысы музыкалық мектепті бітіргені туралы куәлік алуға мүмкіндік береді.

Білім ошағының түлектері алдыңғы қатарлы қазақстандық және шетелдік оқу орындарына түседі. Олардың арасында Пенсильвания университеті, Карнеги-Меллон университеті және Вена консерваториясы бар. Өткен жылғы мектеп түлегінің бірі Бельгиядағы Ховест қолданбалы ғылымдар университетінің грантын жеңіп алды.

   15. (13) «Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп» жекеменшік мектебі (Алматы)

Болжалды табысы – 1,965 млрд теңге
Айына орташа оқу ақысы – 300 мың теңге
Оқушы саны – 728
Құрылтайшысы/Негізін қалаушы – Кеңес Рақышев, Әсел Тасмағамбетова

Мектептің негізін 2018 жылы Кеңес Рақышев (Forbes Kazakhstan ең дәулетті бизнесмендер тізімінде №15) жұбайы Әсел Тасмағамбетовамен бірге қалады. Білім ошағы 2020 жылдың шілдесінен бастап оқушыларды қабылдай бастады. Мектепте мемлекеттік стандарт бойынша оқытылады. Математика, қазақ және ағылшын тілдерін тереңдетіп оқытады. Оның ғимараты халықаралық экологиялық стандарттарға сай екенін растайтын LEED халықаралық сертификатын алды.

Өткен оқу жылында мектеп шәкірттері 5–6 сынып оқушыларына арналған жалпы білім беру пәндері бойынша республикалық олимпиаданы жеңді, түрлі халықаралық байқаулар мен олимпиадалардан жүлделі орындармен оралды. Роботтехника бойынша халықаралық SAF (STEAM Azerbaijan Festival) фестивалінен екінші орын иеленді. Өткен жылдың түлектері әлемнің алдыңғы қатарлы оқу орындарына түсті, арасында Британ Колумбия университеті, Калифорния өнер колледжі, Амстердам университеті бар.

Жақында құрылтайшылар 7–11 сынып оқушылары үшін жаңа корпустың құрылысын бастады, ол 2023 жылдың қыркүйегінде есігін ашады.

   16. (19) Astana Garden School жалпы білім беру мектебі (Астана)

Болжалды табысы – 1,69 млрд теңге
Айына орташа оқу ақысы – 502 мың теңге
Оқушы саны – 373
Құрылтайшысы/Негізін қалаушы – Нұрмұхаммед Досыбаев

Қазақ-түрік лицейі мен Кембридж университетінің түлегі Нұрмұхаммед Досыбаев негізін қалаған мектеп 2018 жылы есігін ашты. Оқу екі сатыдан тұрады: бастауыш және жоғары. Мектеп сингапурлық әдіс сияқты ең үздік білім беру әдістерімен жұмыс істейді.

Бастауыш мектепте тілдер, математика, өнер, жаратылыстану, әлеуметтік ғылымдар, физикалық және тұлғалық даму негіздері оқытылады. Негізгі оқу әдісі – мәселелік-зерттеушілік. Мұғалімдер пәнаралық жобаларға аса ден қояды. Жоғары сыныптарда оқушыларды қазақстандық және шетелдік ЖОО-ларға түсуге дайындайды. Нақты және гуманитарлық ғылымдардан бөлек бағдарламада негізгі халықаралық тестілерге тәжірибелік дайындау да қарастырылған.

Мектеп түлектері Лос-Анджелестегі Калифорния университетінде, Берклидегі Калифорния университетінде, Лондон Корольдік колледжі сияқты ЖОО-ларда оқиды.

   17. (-) Prometheus School (Алматы)

Болжалды табысы – 1,61 млрд теңге
Айына орташа оқу ақысы – 227 мың теңге
Оқушы саны – 789
Құрылтайшысы/Негізін қалаушы – Дәурен Қаупынбаев, EPG Education адами капиталды дамыту қоры

Prometheus School –1998 жылы Дәурен Қаупынбаев негізін қалаған Tamos Education отбасының бір мүшесі. Мектеп 2021 жылы есігін ашты. Құрылыстың алғашқы кезеңінде салынған инвестицияның жалпы сомасы 4 млрд теңгеден асады. Мектептегі оқыту жобалық әдіспен де, STEAM бағыты арқылы да жүреді.

Бастауыш сыныптарда балаларды ойын форматында оқытады, ал жоғары сынып оқушыларын отандық және шетелдік оқу орындарына түсуге дайындайды. Оқушылар үшін кәсіпкерлік және инновация бағдарламасы қолжетімді, ол бойынша инвесторлар алдында жоба қорғай алады. Мектепте саналы кітап оқу дағдысын қалыптастыруға бағытталған Дәурен Қаупынбаевтың авторлық әдістемесі де қолданылады.

   18. (15) Galaxy халықаралық мектебі (Алматы)

Болжалды табысы – 1,57 млрд теңге
Айына орташа оқу ақысы – 444 мың теңге
Оқушы саны – 392
Құрылтайшысы/Негізін қалаушы – – «Бiлiм Орда» халықаралық қоғамдық қоры

Мектеп 1997 жылы ашылды. Бастапқыда бұл жерде негізінен түрік экспаттарының балалары оқыған. 2014 жылы толығымен ребрендинг жүргізіп, мектеп Galaxy International School деп өзгертілді. 2017 жылы ол Қазақстан үкіметінен балаларды халықаралық мектептерге арналған Кембридж оқу бағдарламасының стандарттарымен оқытуға рұқсат алды. Galaxy мақсаты – балаларда дербес ойлау мен эмоциялық тұрақтылықты дамыту. Мектеп бітірген соң түлектер мемлекеттік үлгідегі аттестат та, халық-аралық сертификаттар да алады.

Galaxy-де оқушылардың өзін-өзі басқару кеңесі бар. Жоғары сынып оқушыларына кәсіптік бағдарлану қолжетімді. Көпшілік түлектер АҚШ пен Батыс Еуропаның алдыңғы қатарлы ЖОО-ларына оқуға түседі.

   19. (17) «Сүлейман Демирел атындағы мектеп-интернат-колледжі» (Алматы)

Болжалды табысы – 1,54 млрд теңге
Айына орташа оқу ақысы – 267 мың теңге
Оқушы саны – 640
Құрылтайшысы/Негізін қалаушы – «Білім Орда» халықаралық қоғамдық қоры

Сүлейман Демирел атындағы мектеп-интернат-колледжі 2011 жылы есігін ашты. Мекеме «Білім Орда» халықаралық қоғамдық қорының аясында жұмыс істейді. Ағылшын (жаратылыстану-математика пәндері), қазақ және орыс тілдерінде (гуманитарлық пәндер) сабақ береді. Сондай-ақ оқушылар түрік тілін оқиды.

   20. (-) Alpamys School негізгі орта мектебі (Астана)

Болжалды табысы – 1,52 млрд теңге
Айына орташа оқу ақысы – 204 мың теңге
Оқушы саны – 826
Құрылтайшысы/Негізін қалаушы – Андрей Чукреев

Аlpamys School 2018 жылы күзде ашылды. Мектеп ағылшын оқыту әдісіне сүйенеді. Бастауыш сынып оқушыларын өз бетінше зерттеулер жасауға үйретеді. Орта буын оқушыларын оқыту коммуникациялық дағдылар мен жаһандық өзара әрекеттесуді дамытуға бағытталған. Аlpamys School мектебінде STEAM әдісі де, қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қолжетімді Alpamys Free Minds бағдарламасы да пайдаланылады.

Оқушылар карате және дзюдо, гимна-стика және балет, хореография, шахмат клубы үйірмелеріне еркін қатыса алады. Мектепте ағылшын және франуз тілін тереңдетіп оқытады.

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Популярное
Выбор редактора
Ошибка в тексте