Ермұрат Бапи: Бұл миллиардтар байлықтың көзі ғана емес, бұл билікке қайтадан араласудың мәселесі

16776

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи бас прокурорға жолдаған депутаттық сауалында: «Елдегі жемқорлық және ұрлық қылмыстары жайлы деректерді қоғамға ашық жариялауға Сізге не кедергі келтіруде?» - деп, сұрақты төтесінен қойды

Депутат Ермурат Бапи (по центру)
Депутат Ермурат Бапи (в центре)
ФОТО: parlam.kz

Депутаттың айтуынша, егер елдегі жемқорлық фактілері «Бас прокурордың аузынан ашық айтылғанда, президент Тоқаевтың активтерді елге қайтару саясатына халықтың сенімі арта түсер еді».

31 мамырда өткен парламент отырысында ҚР бас прокуроры Берік Асыловқа депутаттық сауал жолдаған мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи: «Біз клептократтар отыз жыл бойы талан-таражға салған халық байлығын елге қайтаруымыз керек. Бұл кемінде 150 млрд доллармен өлшенетін қазына. Ал осы қаржыны қайтаруға бірінші кезекте міндетті органдар «заң қабылдаған соң іске кірісеміз» деп, арқаны кеңге салуға болмайды. Елден жылыстаған активтерге тықыр таянған сайын, клептократтар оны түрлі схемалармен әлемнің түкпір-түкпіріне тығу әрекеттерін жанталаса жасап жатыр», - деп мәлімдеді.

Естеріңізге сала кетсек, мамырдың 23-де ҚР парламенті мәжілісінің қарауына «Заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтаруға қатысты» бес заң жобасы келіп түсті. Бұл мәселеге қатысты ел ішінде тиісті заңдар әзірлеп, қабылдау жөнінде мемлекет басшысы былтыр, яғни 2022 жылы тапсырма берген болатын.

«Халық қазынасынан ұрланған, жырланған активтерді елге қайтаруға қатысты зарықтырған заң жобасы ақыр соңы мәжіліске келіп түсті. Әзірге көз жүгіртіп шыққанда, әрине, оның шикі тұстары аз емес. Бірақ, біз, депутаттар бұл заңды елде әділет орнатудың бір инструментарийі деңгейіне жеткізіп қабылдауымыз керек деп ойлаймын. Бұл күн тәртібінде тұрған өте маңызды мәселе», - деді депутат Ермұрат Бапи аталған заң жобалары тұрғысында.

Бас прокурорды «тиісті заңның қабылдауын күтпей, іске шұғыл кірісуге» шақырған мәжіліс депутаты, алдағы бес жылда клептократия тақырыбын «парламент партасынан» қайталай беретінін де жасырған жоқ.

Елден заңсыз шығарылған активтерге қатысты Ермұрат Бапидің бұл жолғы негізгі үш сауалы «Қазақстанның газын сыртқа сататын Tethys компаниясына» және Нұрали Әлиев пен Ғалымжан Есеновке қатысты өрбіді.

«Бас прокурор мырза, Сіз Қазақстанның газын сыртқа сататын Tethys компаниясын білесіз бе? Білмесеңіз әлемдік газтрейд компанияларының реестріне көз жүгіртіңіз. Tethys иелерінің бірі Қайрат Шәріпбаевтың қызы. Ал ашық ақпараттың айтуы бойынша, Шәріпбаев – Дариға Назарбаеваға телініп жүрген күйеу екенін білесіз. Міне осы Tethys фирмасы Қайрат Шәріпбаев басқарған мемлекеттік монополист «ҚазТрансГаз» ұлттық компаниясының газын сыртқа сатып келген. Қазір журналист зерттеушілер соңғы 8 жылда бұл фирма Қайрат Шәріпбаевтың бақылауындағы APL компаниясы арқылы батыс банкілеріне бірнеше миллиард доллар шығарғанын анықтады. Кейбір ашық ақпараттарда оның мөлшері 20 млрд доллар деп жүр. Егер бұл қоғамдық тергеу ісіне елдің бас прокуратурасы мен тиісті антикоррупциялық агенттер араластын болса, бұл миллиардтардың көлемі мен шыққан төркінін тезірек анықтауға болар еді. Бұл миллиардтар байлықтың көзі ғана емес, бұл билікке қайтадан араласудың мәселесі. Бұл қыруар қаржыға шынында да 20 мың терроршы жалдауға болады. Бұл миллиардтар реваншистердің резерві екенін Сіз жақсы білуіңіз керек, прокурор мырза», - деді депутат Бапи.

Бас прокурорға «бағышталған» екінші сауалында мәжіліс депутаты Швейцария үкіметі «Ғалымжан Есеновтың есепшотында орасан зор ақша жатқанын анықтады. Есенов – Есімовтың күйеу баласы» деп көрсетті.

«Есепшот иесі бұл ақшаның өзіне тиесілі екенін дәлелдей алмаған соң, швейцариялық тергеушілер Ғалымжан Есеновтың қаржылық қызметі туралы не білесіздер деп, Қазақстанның бас прокуратурасынан көмек сұрамай ма. Мына қызықты қараңыз, бас прокуратура швейцариялықтарға не жауап берген дейсіздер ғой?! Ғалымжан Есенов «сүттен ақ, судан таза, оған қатысты қозғалған іс жоқ» депті, Сізге дейінгі бас прокурор. Анығында сол кездегі елбасының бұйрығымен, бас прокурордың орындауымен Есеновке қатысты іс күні бұрын тоқтатылған екен. Сізге сауал – ұрланған активтерді елге қайтару науқанына жектекшілк жасауды ел президенті Тоқаев мырза Сізге тапсырған екен. Осы нақақ жабылған істі қайтадан қозғауға құлқыңыз бар ма?», - деп сұрады Ермұрат Бапи ҚР бас прокурорынан.

Ол, сондай-ақ: «Осы Есенов мырза Jusan Bank-тің бір иегері ретінде тұтастай бір банкті тегі бангладеш, азаматтығы америкалық Рон Вахид деген күдікті операциялардың шеберіне басыбүтін беру әрекетін жасауда. Сіз құзырлы лауазым иесі ретінде осы афераға қарсы қандай қимыл жасамақ ойдасыз?» - деп сауалдады.

Ал өзінің үшінші сауалын мәжіліс депутаты «ҚТЖ» ҰК құрамынан шығарылған «Транстелеком» компаниясының сатылуы төңірегінде өрбітті.

«Үшінші сауал – «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы құрамынан стратегиялық маңызы бар «Транстелеком» компаниясы экс-президент Назарбаевтың немересі Нұрали Әлиевке сутегін берілгенін, Сіз қалай бағалайсыз? Баланстық құны 250 млрд теңге тұратын, жылдық түсімі 80–90 млрд теңгені құрайтын ұлттық меншік небәрі 18 млрд теңгеге сатылды. Әзірге менің Сізге жолдайтын сауалым осы «Транстелеком» Нұрали Әлиевке әр жылдары жалпы көлемі 8 миллиардқа жуық дивиденд төлеген. Енді осыншама зор көлемдегі заңсыз төленген ақшаны тезірек арада қайтару керек», - деп мәлімдеді Ермұрат Бапи бас прокурор Берік Асыловқа жолдаған депутаттық сауалында.

Айта кетейік, бұған дейін хабарланғандай, активтерді қайтару бойынша жұмыс экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссия шеңберінде жүзеге асырылмақ.

Аталған заң жобасы аясында бас прокуратура құрылымында заңсыз алынған активтерді қайтару жөніндегі жеке департамент, сондай-ақ мемлекетке қайтарылған активтерді жинақтау және басқару жөніндегі арнайы мемлекеттік қор мен басқарушы компания құрылады деп пайымдалуда.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить