Қазақстандық компаниялар ESG-стратегиясын енгізуге дайын ба?

Жаһандық деңгейдегі экологиялық және әлеуметтік күйзелістер әлемдік қауымдастықты саяси шешімдермен қатар бизнесті дамыту жолдарын қайта қарауға да мәжбүрлеуде

Қазақстандық компаниялар ESG-стратегиясын енгізуге дайын ба?
Қазақстандық компаниялар ESG-стратегиясын енгізуге дайын ба?
Фото: © Depositphotos.com/sirinapawannapat

Компаниялар мен корпорациялар пайда табумен ғана шектелмей, жер шары мен оны мекендейтін халық үшін де жауапкершілік алуы керек. Бұл жайында әлем елдерінің тұрақты дамуға негізделген мақсаттарында да айтылған. Бұл процеске Қазақстандағы бизнес орта қаншалықты дайын? Отандық бизнес тұрақты даму принциптерін енгізуге құлықты ма? Бүгінгі күн тәртібінде алға шығып, өзектілігі арта түскен ESG қағидаттарындағы корпоративтік этика ұстанымы жай ғана жаңа тренд емес, ол — заман талабына айналған ауқымды мәселе.

ESG, яғни Environmental — Экология, Social — Әлеуметтік мәселелер, Governance — Басқару. Көз алдыңызға елестетіп көріңізші: табысы мол ірі компаниялар әділеттілікті ұран етіп, планетамызды құтқаруға білек сыбана кіріскен, олар енді келер ұрпақтың мүддесін ойлап, қоршаған ортаны сақтап қалуға жан салуда. Бұл Қазақстан үшін шындыққа айналатын жағдай ма?

Дүниежүзілік экономикалық форумның бағалауынша, алдағы он жылда экологиялық тәуекелдер топ-10 дейтін түйінді түйткілдердің 50%-ын құрауы мүмкін. Адамзат баласы қазір ғаламшар аясындағы тоғыз шекараның төртеуін кесіп өтіп (климат, мұхиттар, биоалуандылық және биогеохимиялық өзгерістер), тағы үшеуіне қауіп төндіріп отыр (озон қабаты, тұщы су, жер). Яғни, Жер планетасында қазір зиянды салдарларды залалсыз ететін ресурстар азайып барады. Бүгінгі таңда әлем бойынша жүздеген адам кедейлік тауқыметін бастан кешуде, ал миллиардтаған адам қауіпсіз ауыз суға қол жеткізе алмай отыр. БҰҰ дерегінше, 2023 жылға қарай су тапшылығына тағы 700 млн адам тап болуы мүмкін. Осыдан келіп, әлем елдері үшін бірдей маңызды әрі өзекті Тұрақты даму концепциясында: бүгінгі ұрпақтың қажеттіліктерін қанағаттандыруды қамти отырып, келер ұрпақтың мүмкіндіктеріне нұқсан келтірмей даму жолдарын іздестіру жолдары ұсынылған. Онда негізгі үш мақсат: экономикалық және әлеуметтік прогресс пен қоршаған ортаны қорғау деп көрсетілген.

Әрине, осы арада бұл мәселеге бизнестің не қатысы бар деген сұрақ туындауы мүмкін. Қалай дегенмен, әр елдің әл-ауқат жағдайын жасап, ел халқы үшін жауап беретін мемлекет бар дегендей әрі ондағы қоғамдық ұйымдар да қарап қалмауы керек. Шындап келгенде, түйткілі мол, тұрақсыз ортада ұзаққа негізделген бизнес құру мүмкін емес. Әлеуметтік, экологиялық, геосаяси, технологиялық және экономикалық күйзелістерден туындаған турбуленттілік баршаға бірдей қауіп төндіреді. Негізі, Корпоративтік азаматтық концепциясының дәл 2000-жылдардың басында пайда болуы бекер емес, онда заманауи мәселелерді шешуге бизнес белсенді қатысуы керек деген ұстаным бар. Әдетте баяу қозғалатын мемлекеттік аппараттың ресурс мүмкіндігі шектеулі, жаңадан қалыптасып жатқан сын-қатерлерге ол бірден төтеп бере алмайды. Қоғамдық ұйымдарда ресурстармен қатар, құзырет те жеткіліксіз. Ал бизнестің бұл тұрғыдағы қауқары жеткілікті, ол Жер планетасының ресурстарын қолдана отырып, пайда табады, тауарлар мен қызметтер ұсынады, құзыретті де қабілетті жұмыс күшін жасақтайды. Яғни, бизнестің қатысуынсыз Жер бетінде тұрақты даму құндылықтарын іске асыру мүмкін емес.

Айтпақшы, компания мен корпорациялардың ESG өлшемдеріне қаншалықты сай екенін өзге емес, жергілікті қоғам өзі анықтап, бағалауы тиіс. Бұл өлшемдердің ішінде компанияның табиғатты қорғау көрсеткіштері, қызметкерлермен, клиенттермен, жергілікті қауымдастықпен өзара әрекеттесіп, ықпалдасуы, корпоративтік бақылау элементтері есепке алынуы мүмкін. Рас, кей компаниялар ESG өлшемдерін бизнеске қысым көрсетудегі жаңа тетік не қосымша шығын көзі деп қабылдайды. Бірақ ESG заңдық және қаржылық тәуекелдерді азайтуға және соңғы жылдары күшейіп жатқан нормативтік талаптарды қанағаттандыруға септік ете алады. ESG қағидаттарын орындай отырып, мысалы, клиенттер мен серіктестер алдындағы компания беделін арттыру, таза технологияларды пайдаланып, шығындарды азайту, қызметкерлердің адалдығы мен өнімділігін арттыратын әлеуметтік бағдарламаларды дамыту мүмкіндіктері мол. Оның сыртында, Тұрақты дамуға бет алған компаниялар әдетте бәсекеге қабілетті, өзгерістерге бейімді болып келеді.

Айта кетсек, 2024 жылдың жаз айларында AlmaU-дың жобалық зерттеу тобы ЕО және БҰҰ Даму бағдарламасының Тұрақты даму бойынша өңірлік цифрлық платформасын құру жөніндегі бірлескен жобасы аясында қазақстандық компаниялардың арасында сауалнама жүргізіп, Тұрақты даму тақырыбы отандық компаниялар үшін қаншалықты өзекті екендігін білмек болды. Онда сондай-ақ, ESG қағидаттарын компаниялардың стратегиясы мен операциялық қызметіне интеграциялаудың бүгінгі деңгейін және мұндай интеграцияның болашағын анықтау да көзделді. Сауалнамаға ел экономикасының 12-ден астам секторынан 109 компанияның өкілдері қатысты: тау-кен өнеркәсібі, құрылыс, телекоммуникация, энергетика, ауыл шаруашылығы және т. б. салалардан. Олардың ішінде ірі бизнес өкілдерінің үлесі 38,7%-ды, орта бизнес — 31,2%-ды, шағын бизнес — 20,4%-ды құрады. Компаниялардың басым көпшілігі (67,7%-ы) нарық ішінде 10 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Сауалнама сұрақтарына компания басшылары (респонденттердің 22,6%-ы), жоба жетекшілері, компания бөлімшелерінің басшылары (25%-дан астам) және HR қызмет басшылары мен өкілдері (10% шамасында) жауап берді.

Респонденттердің жауаптарын сарапқа салғанда, бірден көзге түскені — сауалнамаға қатысқан компаниялардың кем дегенде 6,5%-да қазір Тұрақты даму жөнінде арнайы маманданған қызмет бар екен, бұл қуантарлық жағдай. Десек те, ESG тақырыбын маңызды, байсалды деп тануға дайын емес немесе бұл жайында мүлдем хабарсыз компания басшылары да кездесті. Сарапшыларды таңқалдырған тағы бір жайт — энерготиімділік, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану, су тұтыну барысын оңтайландыру, қоқыс-қалдықтардың үлесін азайту сынды мәселелерді отандық кәсіпкерлердің бірсыпырасы қоршаған ортаға деген теріс әсерді азайту мүмкіндігімен байланыстырып отырған жоқ. Әрине, бұдан отандық бизнес өкілдері түгелдей дәл осы көзқарасты ұстанады деген ой туындамау керек. Сауалнамаға қатысқан кәсіпкерлердің 71%-ы Тұрақты даму қағидаттары мен ESG өлшемдері туралы әжептәуір хабардар, ал 60%-ы бұл мәселелерді өз компаниясын дамытып, жылжытуда тәуекел емес, мүмкіндік деп қарастырады. Компаниялардың 77%-ы ESG бағытында жасалып жатқан қадамдарды құптап, қолдап отыр, ал 81%-ы бұл бағытта өздері де белсенді әрекет етуге ниетті.

Осы арада отандық кәсіпкерлердің бірқатарының Тұрақты даму туралы пікір-ойын ортаға салғанды жөн көрдік. Олардың арасында, мысалы, бұл дегеніміз: «табыстылық, тұрақтылық, кадрлардың релевантты өсуі, ресурстар, экология», «үздіксіз жетілдірудің арнайы әзірленген стратегиясы», «бизнес пен тұтынушыларға қамқорлық жасау, жергілікті қауымдастықтарды дамытуға және аймақ экологиясын жақсартуға көмектесу», «бұрынғыдан да жақсы компания бола білу» деген жауаптар да кездесті. Біздіңше бұл, үміт отын оятатын жауаптар. Ал сіз қалай ойлайсыз?

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Выбор редактора
Ошибка в тексте