Forbes Kazakhstan қазақша журналының кезекті саны жарыққа шықты
Басылымның жаңа санын журналдың бас редакторы Асия Акишева ұсынады
Алдағы үш жылда жер-жаһан қалай өзгеруі мүмкін? Әлем ше? Әлем халқын алдағы үш жылда қандай өзгерістер күтіп тұр?
Технологиялар саласында өзіндік төңкеріс жасап жүрген мамандардың айтуынша, таяу жылдары біздің күнделікті қарапайым тірлігіміз түбегейлі өзгереді, егер, әрине, адамзат баласы жасанды интеллект технологияларын өз өмірінің маңызды бір бөлігі етіп қабылдай алса. Мысалға, олар ЖИ негізіндегі «хатшыға» сенім артып, күйбең тіршіліктің бір бөлігін соның «құзырына» беріп қоюға болады деп отыр.
«ЖИ өзің ұмытып кеткен атаулы даталарды алдын ала ескертіп, кімнің тойына қандай сыйлық алу керектігін түгендеп береді, сол сыйлықтың бағасын тексеріп, жақын жердегі тиімді бағаларды да анықтайды, тіпті сол дүкенге тапсырыс та беріп қояды», — дейді ЖИ технологиялары саласында жұмыс істеп жүрген шетелдік бір танысым. Ол өзі бұрын-соңды Қазақстанда болып көрген жоқ, бірақ оның ЖИ хатшысы оған біздің елдегі той индустриясы туралы елеулі мәлімет жинап берсе керек…
2026 жыл ел тарихында Цифрландыру және ЖИ жылы деген атаумен есте қалмақ. 28-сәуірде үкімет Digital Qazaqstan жалпыұлттық стратегиясын қолға алғанын мәлім етті, оған сәйкес ЖИ ел экономикасындағы базалық құралдардың біріне айналмақ. Алдағы үш жылда Қазақстан толыққанды цифрлық мемлекет болуға ұмтылады дейді ел билігі.
«ЖИ қазір бізге тән әдет-дағдыларды елеп-ескеріп, өз «бойына» сіңіруде. Онымен арадағы қарым-қатынас өзің құрған байланысқа сай туындап, қалыптасады. Иә, ол біздің қаржы-қаражатымыздан бастап, тағам, киім-кешек, дүние-мүлік таңдаудағы сұранысымыз, қалауымыз, денсаулығымыз, өзгелермен қарым-қатынасымыз туралы «деректерді» өз жадына қосып, тіркеп жүр. Ал оның ертеңгі қадамын бақылап, икемдеу — өзімізге жүктелетін жауапкершілік», — дейді ЖИ саласында «төңкеріс» жасап жүрген менің әлгі танысым.
Демек ЖИ қалыптастыра алатын ізгіліктер мен тәуекелдердің ара-жігін ажыратып, тану үшін адам баласына білім мен сауат керек деген сөз. Бұл пікірді, бұл ұстанымды біздің бүгінгі номерімізде әртүрлі тақырыптар аясында өз ойын ортаға салған сарапшы мамандар, кейіпкерлер де бірауыздан қолдап отыр.
«Білімнің сапасына бағытталған кез келген салым, ел болашағына жасалған елеулі инвестиция», — дейді BI Group бас атқарушы директоры Айдын Рақымбаев (Қазақстандағы ең дәулетті бизнесмендер рейтингінде № 9). Ал Bilim Group компаниясының бас директоры Александр Савченко: «Білім — елдің болашағын айқындайтын ең басты капитал» деп қосады.
«Өнер арқылы біз өткен мен келешекті, Батыс пен Шығысты, дәстүр мен технологияларды тоғыстырамыз. Қазақстан әлемдік мәдени диалогтың бір бөлшегі екенін адамдар сезінсе деймін», — дейді Astana Group президенті, белгілі меценат Нұрлан Смағұлов (Қазақстандағы ең дәулетті бизнесмендер рейтингінде № 9).
Өздеріңіз де байқап отырғандай, Forbes Kazakhstan қазақша журналының мамырдағы саны әдеттегідей Қазақстандағы ең дәулетті 75 бизнесмен рейтингіне негізделеді. Биыл бұл рейтингте бірқатар жаңалық бар, онымен номерімізді әрі қарай парақтай отырып, таныса аласыздар.
Журналымыздың бұл санында сөз басында айтылған ЖИ технологияларына қатысты мақалалар топтамасы берілген. Оның ішінде ЖИ құралдарының мемлекеттік тілмен арадағы қарым-қатынасы қалай қалыптасып жатқаны да сөз болады. Біз сондай-ақ ұлтымыздың бірегей құндылықтарын табиғи қалпында сақтай отырып, заманауи трендтермен шебер ұштастырып жүрген әр түрлі саладағы мамандармен, кәсіпкерлермен, ынтагер замандастармен әңгіме құруды да ұмытқан жоқпыз. Алдағы үш жылда қазақ оқырманы қаншалықты өзгерсе де олардың біз әзірлеген контентке деген ықыласы өзгермейді деген үміттеміз.
Forbes Kazakhstan оқырманы қатарына қош келдіңіз!