Сарапшылар: базалық мөлшерлеме өзгермейді

Инфляцияның баяулауына қарамастан, мамыр айында Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені ағымдағы деңгейде сақтайды, деп есептейді отандық сарапшылар

2023 жылдың мамыр айындағы жағдайға сай қаржы нарығындағы бірқатар индикаторлар бойынша кезекті шолуын жария еткен Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының (ҚҚҚ) сарапшылары осылай деп топшылайды.

ҚҚҚ талдау орталығының аталған шолуы отандық қаржы нарығындағы кәсіби ойыншылардың арасында жүргізілген сауалнама қорытындысына негізделген. Онда Brent маркасындағы мұнайдың бағасы, АҚШ долларының қазақ теңгесіне және ресейлік рубльге шаққандағы бағамдары, инфляция көрсеткіштері, ЖІӨ және базалық мөлшерлеме бойынша болжамдар есепке алынған.

ҚҚҚ сарапшыларының айтуынша, мамыр айында ұлттық валюта бағамына ықпал етуші сыртқы факторлардың жағымсыз әсерін ішінара тегістеп, бейтараптандыруға квазимемлекеттік сектор субъектілері міндетті түрде саудаға шығаруы тиіс валюта түріндегі түсімдер мен Ұлттық қордан шетел валютасын сату (мамырдағы жиынтық көрсеткіш 1 млрд АҚШ доллары шамасында) және мамыр айындағы салық кезеңі септік етуі мүмкін.

Өз болжамында отандық қаржыгерлер, 2023 жылдың маусым айының басында USD/KZT бағамы 1 АҚШ долларына 452,0 теңге деңгейінде қалыптасады деп топшылайды (ағымдағы бағам 448,8 теңге).

Ал келесі жылға қатысты, олар, АҚШ долларының бағамы 476,4 теңгеге дейін өседі деп болжайды (бүгінгі бағамға шаққанда +6,1%).

Соңғы бір жылда қаржы нарығының сарапшылары мұнайдың бағасы қымбаттайды деген болжамнан бас тартқан жоқ (ағымдағы мәнге шаққанда +13% деңгейінде). Дегенмен, олардың шикізат нарығындағы бағаларға қатысты пікірі төмендеу бағытында ептеп өзгерген: өткен айдағы 86,1 доллардан 84,1 долларға дейін).

Айта кету керек, мамыр айының басынан бері мұнай бағасында арзандау көрініс беруде (-7%), бұған АҚШ пен Қытай тарапынан мұнайға деген сұраныс төмендей түседі деген болжамдар әсер етуде, оның сыртында, әлемдік нарықта мұнайға қатысты ұсыныстар тұрақты деңгейде қалады деп күтілуде.

ҚҚҚ сауалнамасына қатысқан сарапшы қауым өкілдері, алдағы он екі айда АҚШ долларына шаққанда РФ валютасы 12%-ға әлсірейді деп есептейді, яғни 1 долларға 87,1 рубль деңгейіне дейін. Олардың пайымынша, бұған геосаяси тәуекелдердің сақталуы (Еуроодақ санкцияларының 11-ші пакеті), РФ-тің сауда профицитінің едәуір төмендеуі және Ресей бизнесінен шетелдік компаниялардың шығып кетуі септік етуі ықтимал.

«Былтырғы жоғары база мен бір айдағы тұтынушылық баға индексінің бірқалыпты өсуі (екінші ай қатарынан +0,9%) есебінен елімізде инфляцияның күрт төмендеуі, жоғары пайыздық мөлшерлемелер саясаты мен дезинфляциялық сыртқы фон – инфляциялық күтулердің төмендеуіне ықпал етуде», - деп көрсетеді өз шолуында ҚҚҚ талдау орталығының сарапшылары.

Қаржы нарығындағы ойыншылардың мамыр айындағы болжамына сәйкес, бір жылда елімізде бағалардың өсуі 12,6%-ды құрамақ (өткен айдағы болжам 14,4% болатын).

Әйтсе де олардың басым бөлігі – бұл 26 мамырға белгіленген отырыста Ұлттық Банк тарапынан базалық мөлшерлемені төмендетуге септік ететін жағдай емес деп есептейді.

ҚҚҚ сауалнамасына қатысқан респондеттердің 79%-ы «базалық мөлшерлеме ағымдағы деңгейде қалады» деген пікірде, ал 21%-ы базалық мөлшерлеменің 25 б.п. деңгейінде төмендеуін күтуде.

Сарапшы қауым, сондай-ақ алдағы он екі айда жалпы ішкі өнім 3,8%-ға өседі деп болжайды (өткен айдағы болжам – 3,6% болатын ), бұған – «ағымдағы мәнге шаққанда мұнайдың бағасы қымбаттайды» деген пайымдар ықпал етсе керек.

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Ошибка в тексте