Almaty digital – 2024: Цифрлық ортаның болашағынан хабардар болған жөн

32776

Қазақстанда 2023 жылы онлайн режимде 50 млн қызмет көрсетілген және бұл қызметтердің 92%-ы қазақстандықтарға үйден шықпай-ақ қолжетімді болған

Фото: © Әмина Кемелбай

Бұл жайында «Digital Almaty – 2024» форумында ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтып өтті. Алдағы уақытта елімізде цифрлық қызмет түріндегі компоненттерді бірыңғай GovTech платформасынан – KazTech-ке біріктіріп, ашық регламенттер мен ережелер енгізу жоспары бар.

Айта кетейік, ақпанның басында Алматыда өткен «Digital Almaty – 2024»: «Х индустриясы – Болашақтың цифрлық эволюциясы» атты форумында 30-ға жуық меморандумға қол қойылды. Соның бірі Freedom Holding Corp. және Халықаралық Аралды құтқару қоры арасындағы «Арал теңізін қолдауға арналған экокарта» жобасы төңірегінде. Бұл жобаның негізгі идеясы – жойылуға шақ қалған Арал теңізін құтқару қорына 10 пайыздық кэшбек аудару дегенге саяды. Freedom Holding Corp. басшысы Тимур Турловтың айтуынша, бұл шешім Аралдағы экологиялық апаттың жағымсыз салдарын азайтып қана қоймай, жергілікті халықтың денсаулығына оң әсер етуге септік етуі тиіс.

Форум барысында талқыға салынған өзекті тақырыптың бірі отандық өнеркәсіп саласындағы әйелдердің рөліне қатысты өрбіді. «Агромашхолдинг» АҚ президенті және «Қостанай трактор зауыты» ЖШС директоры Динара Шөкижанованың пікірінше, бүгінде өнеркәсіп саласы қызметкерлерінің кәсібилігіне гендерлік бөлініс әсер етпейді. Мысалға, қазір Allur компаниялар тобында 3,5 мыңнан астам әйел өндірісте жұмыс істейді.

«Компанияда кәсіпқойлық жынысқа бөлінбейді деген қағиданы ұстанамыз. Неге десеңіз, бүгінде сіздің ер не әйел екеніңіз маңызды емес. Бастысы өз ісіңіздің нағыз қас маманы болыңыз, сізді ешкім әйел немесе ер деп бөліп қарамайды», – деді Динара Шөкижанова.

Айтпақшы, әдетте цифрландыру мен инновациялар саласындағы даму перспективалары сөз болатын форумның бағыты биыл ептеп өзгерген. Ұйымдастырушылардың айтуынша, биылғы форумда фокус жер қойнауын пайдаланушылар өнеркәсібіндегі цифраландыру мен инновацияларға қарай ығысқан. Форум барысында Minerals.gov.kz жер қойнауын пайдаланушылардың бірыңғай платформасы таныстырылды. Бұл пайдалы қазбаларды барлау және өндіру лицензияларын алу процесін жеңілдетуге әрі жеделдетуге мүмкіндік береді. Мұнда ЭЦҚ-кілт көмегімен тиісті өтініш беруге болады. Заманауи геоақпараттық технологиялардың арқасында болашақ инвесторлар инфрақұрылымнан бастап, аумақтың геологиялық есептеріне дейін сұралған учаске туралы толық мәлімет ала алады.

Өз кезегінде, Алматыда өткен форумға қатысқан шетелдіктердің пікірінше, қазақстандықтардың цифрлық индустрияға деген қызығушылығы айтарлықтай жоғары. Сингапурлық Йогейндран Тиаягаража ТМД бойынша «Enterprise Singapore» компаниясының аймақтық директоры.

Йогейндран Тиаягаража, Сингапур
Йогейндран Тиаягаража, Сингапур
Фото: © Әмина Кемелбай

«Форум барысында осыншама көп халықты кездестірем деп ойламадым. Олар әр түрлі жастағы адамдар, барлығының дамуға деген құштарлығы байқалады. Сингапурға қатысты панельдік сессияда аудитория лық толы болды, біз үшін қуанышты жаңалық. Қазақстанда Сингапурдың цифрлық кеңістігіне деген қызығушылық жоғары екен. Бұдан бөлек, өздері келіп, қалай бірлесіп жұмыс істеуге болады деп сұрағандар болды. Форум, тек IT және технологияларды дамытуға ғана емес, бір идея төңірегіндегі адамдардың басын қосып, олардың әрі қарай өсіп, даму мүмкіндіктеріне де мән берді», – дейді Йогейндран Тиаягаража.

Digital Almaty – 2024 форумына Қырғызстаннан келіп қатысқан WIOT командасы электр энергиясын үнемдеуде жасанды интеллектіні қолдана отырып, орталықтан басқару шешімін ұсынған. Айталық, жеке кәсіпкердің қаланың әр жерінде 20 кофемашинасы бар. Аяқ астынан біреуі істемей қалды дейік. Мұндай жағдайда стартапшылар ұсынған бағдарламадан кәсіпкердің жеке телефонына хабарлама келеді. Телефондағы бір түймені басу арқылы, проблеманы анықтап, кофемашинаны қайта іске қосуға болады.

Қырғызстандық WIOT командасы
Қырғызстандық WIOT командасы
Фото: © Әмина Кемелбай

«Бұл форумға қатысудағы басты мақсатымыз – осы саладағы соңғы жаңалықтармен танысып, индустрия ішінде не болып жатқанын білу. Одан бөлек клиент тауып, қандай бәсекелестеріміз бар, кіммен серіктестік орната аламыз деген ізденіспен келдік. Қазіргі заманда жан жақты болған дұрыс. Мұндай форумдар IT саласынан тыс адамдарға да қызық деп есептейміз. Себебі, олар дамушы қоғамның бір бөлшегі, цифрлық ортаның болашағынан олар да хабардар болғаны жөн», – дейді WIOT компандасының мүшелері.

Жалпылай алғанда Digital Almaty – 2024 форумына 120-ға жуық стартапшы қатысқан. Соның бірі 16 жасар қызылордалық Асылжан Абдуллаев. 11 сыныпта оқитын ол Open AI базасын қолдана отырып, қазақшаға интеграцияланған QazGPT жасанды интеллект бағдарламасын жасап шыққан. QazGPT 3.5 платформасында жұмыс істейді. Бірақ Асылжанның айтуынша, 4.0 платформасына тән мүмкіндіктерді де қолдана алады. Яғни, аудио және мәтін жазып, сурет сала алады.

QazGPT авторы Асылжан Абдуллаев
QazGPT авторы Асылжан Абдуллаев
Фото: © Әмина Кемелбай

«Былтыр бұл форумға «Тарихнама» атты медиа жобамен келген едім. Ондағы мақсатым тарихты адамдарға кеңінен тарату болған. Tik Tok-та 160 мыңға жуық қаралым жинады. Өткен жылы форумның 95%-ы орыс тілінде өтті. Соны ескеріп, биыл қазақ тілінде жоба ұсынғанды жөн көрдім», дейді Асылжан Абдуллаев.

Қазақстандық кәсіпкер Айдос Телжан құрылыс, мейрамхана саласында жеке кәсібін ашқан. Бірақ карантин кезінде тоқтаусыз жұмыс істейтін сала – ІТ бағыты екенін түсініп, үш жылдың ішінде екі бірдей ІТ жобасын жүзеге асырған. Қазірде Сингапурдан инвесторлар тартып, кәсібін дөңгелетіп келеді.

Кәсіпкер Айдос Телжан
Кәсіпкер Айдос Телжан
Фото: © Әмина Кемелбай

«Қазақстан жас мемлекет болғандықтан, басқа елдермен салыстырғанда экономикасы кішкентай. IT технология нарығы одан да шағын. Ал мұндай шаралар осы саланың дамуына елеулі үлес қоса алады. Әдетте қолымыз жете бермейтін ірі компаниялардың басшыларын да осындай шараларда кездестіруге болады. Кәсібін енді бастап келе жатқан азаматтар, әсіресе, жастар осы мүмкіндікті пайдаланып, өз идеясын сата алады», – дейді қазақстандық кәсіпкер Айдос Телжан.

Айта кетсек, Digital Almaty форумы елімізде 2018 жылдан бастап дәстүрлі түрде өтіп келеді. Биыл бұл форумды ұйымдастыруға ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, ҚР сыртқы істер министрлігі, Алматы қаласының әкімдігі мен «Инновациялық технологиялар паркі» Tech Garden кластерлік қоры үлес қосқан.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить