Әйгілі Apple-де өз арманын мақсатқа айналдырған Ерсұлтан

29529

Республикалық физика-математика мектебінің түлегі Ерсұлтан Сапар АҚШ-тың University of California Berkeley сынды білім ордасын ойдағыдай аяқтап, бүгінде әйгілі Apple компаниясында жұмыс істеп жүр

Ерсұлтан Сапар, әйгілі Apple компаниясында бағдарламаушы болып жұмыс істеп жүр
Ерсұлтан Сапар, әйгілі Apple компаниясында бағдарламаушы болып жұмыс істеп жүр

Соңғы кездері отандастарымыздың шетел асып, биік белестерді бағындырып жатқанына жиі куә болып жүрміз. ІТ саласының шеберіне айналып, әйгілі Apple компаниясында өз арманын мақсатқа айналдырған жас бағдарламаушы Ерсұлтан Сапар – сол дарынды жастардың бірі.

Forbes.kz сұрақтарына жауап берген жас маман: «технологиямен басқа салалардың байланысы адам сенгісіз нәтижелер береді» дейді.

F: Ерсұлтан мырза, бағдарламалау саласына деген ықылас неден басталды? 10 жасыңызда алғаш «басылмайтын батырма» жасапсыз. Оны жасауға не түрткі болды? Шабытты қайдан алдыңыз?

- Он жасымда программалауға деген ықылас пен шабыттың пайда болуына ішкі дүниеден бастау алатын сыртқы әлемге деген қызығушылық, білімге деген құмарлық әсер етті деп ойлаймын. Есейген сайын осынау балалық қасиетті жоғалтпай, әрі қарай нығайту бәрімізге ортақ сынақ. Бала кезімде – әпкелерім қолданып жүрген «компьютер» қалай жұмыс істейтіні, оның ішіндегі бағдарламаларды кім және қалай жасағаны мені таң қалдыратын. Сол кездері көріп, тамашалаған кино және мультфильмдерде, оқып, танысқан кітаптарымда электроника, роботтар, кибернетика тақырыптары тартымды көрінетін. Технологияның әсерлі қасиеттері, адам өміріндегі пайдалы тұстары және заманауи дизайны қызықтыратын. «Кішкентай сиқыршының жинағы» атты ойыншықтармен кішігірім шоу жасап, жақындарыма өнер, қойылым немесе құрылғы арқылы өзіндік бақыт, ғажап әсер сыйлау мен үшін мәртебе-тін. Содан бері технологияны өзімнің ерекше «сиқырым» деп тағайындадым.

Осының бәрін байқап жүрген әке-шешем де менің бастамаларымды қолдап, қызығушылығымды әрі қарай дамытуға еркіндік берді, алға жетелейтін мүмкіндіктерді іздеді.

F: Бұл тұрғыда сізге мектеп қабырғасындағы «Информатика» пәні көмектесті ме?

- Әлбетте, мектептегі «Информатика» пәні мен үшін ерекше өтетін – 10-шы сыныптан бастап Республикалық физика-математика мектебінің «Информатика» бойынша олимпиадалық тобына қосылғым келді. Сол кездегі ұстазым Ескендір Маратұлы Сұлтанов менің программалау туралы пікір-ойымды мүлдем өзгертіп жіберді: оған дейін бағдарлама жасау, мен үшін тек интерфейс құрастыру және қарапайым логиканы енгізу деген тұрғыда өрбіді, ал Ескендір ағайдың есептері – алгоритмдер, шешім жылдамдығы және тиімділігі жөнінде еді. Физика-математика мектебіне дейін математикаға аса ынталы болмаған мен үшін бұл информатика мен математиканың алғашқы кездесуі болатын. Осыдан бастып, біртіндеп, нағыз информатиканың толыққанды бейнесін түсіне бастадым. «Физика», «Математика» пәндерінен ұстаздарым менің әлемге деген ғылыми көзқарысымды қалыптастыруға баға жетпес үлес қосты. Мектепте алған бастапқы білімімді әрі қарай жоғары оқу орнында, жұмыстағы дамуыма таптырмас іргетас деп танимын.

2022 жыл, Беркли қаласындағы Калифорния университетінің Компьютер ғылымдары факультетін аяқтау кеші
2022 жыл, Беркли қаласындағы Калифорния университетінің Компьютер ғылымдары факультетін аяқтау кеші

F: Алғаш мақтан тұтқан жетістігіңіз?

- 2017 жылы Арман Сүлейменовтың nFactorial Incubator жобасына қатысуға мүмкіндік туды. Оған қатысуға еліміздің түкпір-түкпірінен 700-ден астам бағдарламаушы өтініш беріп, соның ішінен жүз шақтысы іріктеуден өтті. Әрқайсымыздың мақсатымыз –12 апта ішінде өз мобильдік қосымшамызды ойлап тауып, құрастыру болатын.

Менің жобам – Platonic AR қосымшасы – мектеп қабырғасында жүргенде қиындық көрсем де өзім шын қызыққан стереометрия пәнін үйренуге арналды. Бұл бағдарлама толықтырылған шынайылық (augmented reality, AR) технологиясын қолданып, есеп шығаруға арналған кеңістіктегі фигураларды өз төңірегіміздегі әлемнің бір бөлігі ретінде көрсетеді. Сөйтіп, Incubator аясында өткен Demo Day байқауында Platonic AR бас жүлдеге ие болды. Сол кезде Apple өзінің ARKit деген AR технологиясын енді ғана шығарып жатты, ал қазір ол өзгеше кеңістік компьютер, Vision Pro атты платформа ретінде қалыптасып жатыр.

Platonic AR-мен жұмыс барысында мен – бағдарлама жазуды, дизайнды ойластыруды, көпшілік алдында сөйлей білуді және т.б. үйрендім. Өзім үшін маңызды түйін – оның жаңа технология негізіндегі қызық шешімі маған шабыт сыйлап, тынымсыз еңбек етуге көмектесті. Жалпы, nFactorial Incubator кезінде талай дос-жолдас тауып, солармен бірге үйреніп, өстім дей аламын.

F: Сіздіңше, бағдарламалау тілін қайдан үйренген дұрыс?

- Бір нәрсемен шынайы әуестеніп, үйренем деген адам – қашанда жол табады. Мейлі ол өз бетімен үйренсін, не арнайы курстарға жазылсын, ең бастысы – оның бойында берік бастама болуы тиіс. Компьютерлік ғылым мен математиканың басты қағидалары жылдан-жылға өзгере бермейді, соларды нық үйреніп алған адам кез келген программалау тілін меңгере береді. Негізі, программалау тілі әр адам оқи алатын арнайы сөздерден тұрады, бұл бізге ыңғайланып жасалған арнайы абстракция. Адамзат мұны өзі үшін құрастырған. Кез келген тіл, біріншіден, бағдарламаушының ынтасын компьютерге жеткізетін құрал.

Кез келген кәсіпте бізге ұстаз қажет, ол біз аттанған жол бойына шаммен жарық салып, көмектесетін адам. Беркли Университетінде мен екі жыл бойы ең ауқымды Computer Science атты курсы бойынша Teaching Assistant ретінде жұмыс атқардым. Біз онда профессорымызға көмектесіп – сабақ беруді, үй жұмысын тексеруді, емтихан өткізуді үйрендік. Курста әр семестр сайын шамамен 1200-ден астам студент оқитын – олардың бәріне материалды жеткізу үшін арнайы семинарлар өткізіп, апта сайын әрбір Teaching Assistant отыз шақты студентті бөлек оқытатын. Сондай-ақ, Блумның Two Sigma эффектін үйреніп студенттерді шағын топтарда оқытып, оларға жекелей де көмектесетінбіз. Өзінен бір-екі жас қана үлкен, сол университетте оқитын, сол сабақтардың қиыншылығын жеңе білген менторға студенттер де сенім артып, ден қоятын.

Сондықтан, меніңше, барынша жеке көңіл бөліп, қамқорлықпен оқыта алатын адамдардан үйренгеннің еш артығы жоқ. Ескеретін жайт: программалауды меңгеру және сол қабілетті басқаға үйретіп, жеткізе білу – бұл екеуі мүлдем екі түрлі шеберлік.

F: Демек, бағдарламалауды үйренуде ұстаздың (жетекшінің) рөлі ерекше ғой?

- Әрине. Мен өзім алғаш тәрбие, білімімді ата-анамнан алдым. Менің оқуыма және кәсіптік тұрғыда дамуыма көп еңбек сіңірген адам, ең алдымен, анам. Бақытыма орай, менің жолымда маған көмектесіп, көп нәрсені үйреткен, әлі күнге дейін қолдап келе жатқан адамдар аз емес. Біреулері программалауды үйретсе, екіншілері жоғары білім алуда жол сілтеді. Солардың арқасында біраз арманыма қол жеткізіп, сіздермен де сұхбаттасып отырмын (күледі)...

Программалауға келер болсақ, мен 5-ші сыныптан бастап Василий Валерьевич Сербин деген кісінің қол астында білім алдым. Біз бірнеше ғылыми жоба жасап, облыс және республика деңгейіндегі бірқатар байқауларда жүлделі орындарға ие болдық. Сол жобаларды әзірлеу барысында мен бағдарламалық өнімнің сыртқы интерфейсін ойластыру, жүйенің архитектурасын құрастыру, жобаны көпшілік алдында қорғай білу сынды қабілеттерді бойыма сіңірдім.

Жалпы, программалауды үйретуде, оқытушы үшін – ең бастысы, оқушыға есептегіш (computational) ойлау қабілетін жеткізе білу, ал оқушы үшін – соны дұрыс үйрене білу маңызды. Технологиялар, программалау тілдері, парадигмалар жыл сайын ауысады. Осы арада жасөспірімдерге айта кетсем, бұл тұрғыда: «Жалпы мәселені программалау арқылы қалай шешуге болады?», «Ол шешімнің бағасы және өнімділігі (cost&performance) қандай?», «Бұл мәселені қалай есеп ретінде қарастыруға болады?», «Алғашқы прототипті қалай құрастырсам болады?» деген сұрақтарға сапалы жауап табуды меңгерген жөн.

F: Бағдарламалау саласына қадам басқан жеткіншек буынға басқа да қандай кеңес бересіз? Олар өз жолын неден және қалай бастағаны дұрыс?

- Көп үйренудің ең қызық жолы ол өзіңізге қызық және керек бағдарламаларды жасау. Бұл процесс әртүрлі салалар мен сынақтардан өткізіп, сізді көп нәрсеге жеделдеп үйретеді. Міндетті түрде жалпы компьютерлік ғылым туралы негізгі білім және соған іргелес ғылымдардан хабардар болу керек.

Өзіңізге не қызық екенін білу үшін, алдымен, бірнеше салаға назар салып, өз бойыңыздағы ынта-ықыласты бағамдап, анықтап алған жөн: жасанды интеллект, компьютерлік қауіпсіздік, желілер, компиляторлар, алгоритмдер, т.т. – айта берсең көп. Сонымен қатар, технологияға басқа салаларды байланыстырғанда, адам сенгісіз нәтижелер шығады. Жоғарыда айтқанымдай, компьютерлік ғылымға ең жақын пәндер деп математика, геометрия, физика, информатика саналады. Әлбетте, гуманитарлық ғылымдарды түсіну арқылы да біз жақсы бағдарламаушы бола аламыз, себебі қандай технология құрастырсақ та, ол, біріншіден, адамның табиғатын ескеруі қажет және ол адамзатқа қызмет етуі керек.

F: Әдетте бағдарламалау қанша уақыт алады? Тығырыққа тірелген сәттеріңіз болды ма?

- Өз басым, программалауды өнер деп танимын. Кез келген жоба болсын, мәселе болсын, ол өзімен бірге ерекше қиыншылықтар алып келеді, бөлек уақыт талап етеді. Мысалға, ғылыми зерттеу кезінде немесе идеяны дәлелдеу сәтінде бағдарламаны жылдам құрастырған жөн, себебі сіздің басты өніміңіз – түпкілікті бағдарлама емес, соны жасау барысында үйренген біліміңіз. Ал идеяның бейнесі анық, тек қалған жұмысты ойдағыдай орындау керек болса – ақырын жүріп, анық басқан жөн. Бұл кезде кодтың сапасы мен архитектурасына көбірек назар аудару қажет.

Әрине, мәселенің шешімін бірден таппай, біраз ойланатын кездер де болады. Мұндайда сыртқа шығып, бой сергітіп, біраз уақыт далада жүріп келгенді ұнатамын...

F: Бір сұхбатта: «Менің кумирім Илон Маск, маған оның жұмысқа деген ынтасы ұнайды» дегеніңіз бар...

- Илон Маск ағамыздан үйренеріміз көп. Оның айтуынша, адамзаттың алдағы болашағы туралы уайым оның басты ынтасы. Күрделі де ауыр мәселелер мен есептерді шығару үшін, ішімізде өшпес жалын, қажымас қайрат болуы тиіс. Мұндай концентрациясыз жетістікке жетудің ықтималдығы аса төмен.

Программалауды өнер ретінде танимын, деп айттым жоғарыда. Осы  тұрғыда, біз бағдарламаудың тек техникалық жағымен ғана шектелмей, шығармашылықпен де жұмыс істесек болады. Еліміздің тілі, даламыздың тарихы, жұртымыздың мәдениеті, салт-дәстүрі – мұның бәрі тек бізге ғана тән, бірегей дүние. Әлемнің мықтыларынан үйреніп қана қоймай, өзіміздің бірегей тәжірибелеріміз бен ұстанымдарымызға да назар аударған жөн деп есептеймін.

F: Қазіргі таңда қайда, қандай қызмет атқарасыз?

- Бүгінде Apple компаниясында Software Engineer (бағдарламаушы) болып жұмыс істеймін, біз адамдарға арналған құрылғылар (iPhone, Macbook, Watch, жаңадан шыққан Vision Pro және т.б.), сервистер (Apple Music, Fitness) және соларға қажет арнайы бағдарламалар жасаймыз.

Мұнда жұмыс істеп жүргеніме бір жылдан сәл асты. Бұған дейін Apple компаниясында екі рет тәлімдемеден (стажировка) өттім. Алдымен – Core Data деген топта, олар бүкіл девайстардағы ақпаратты сақтау қабілетіне жауап береді (мысалға, iPhone-дағы суреттер, контактілердің бәрі Core Data арқылы сақталады). Екінші тәлімдемем – Apple-дың сағатын дамытумен өтті – Watch Telephony атты топта жұмыс істедім. Олар Apple Watch смарт-сағатындағы қоңырау шалу, оны қабылдау, пошта, SOS және т.б. негізгі қабілеттерге жауапты. Оған дейін HBOMax деген стриминг-сервисінде, Ipsy атты кішігірім компанияда тәлім алдым. Оларда ішкі инфрақұрылымды, қолданушылардың профильдерін және жүйелердің қауіпсіздігін дамытатын жобалар жасадым.

Қазір менің бастапқы міндетім – бағдарламаларды құрастыру, олардың архитектурасын ойластырып, алдын-ала жоспарлау. Біз басқа топтармен (бағдарламаушылар, дизайнерлер, маркетинг, электрикалық инженерлер және т.б.) бірге жұмыс істеп, жылдан-жылға жобаларды дамытып, релиздерге дайындаламыз.

Мен Special Projects Group деген ұйымда жұмыс істеймін. Ол Apple-дың ғылыми зерттеулерімен және қазіргі уақытта мүмкін емес, болашақта жүзеге аса алатын жобаларымен (moonshot projects) айналысады. Өкінішке орай, бұл туралы кеңінен айта алмаймын. Apple өзінің жобаларын құпияда сақтап, әлемді таң қалдыруға өте мұқият.

F: Осы уақытқа дейін PlayMarket/AppStore қосымшаларында қанша бағдарлама орналастырдыңыз? Өз жұмысыңызға көңіліңіз тола ма?

- 2017 жылы nFactorial Incubator-дағы Platonic AR бағдарламам ғана AppStore-ға орналастырылған, жалпы, Инкубатордан кейін оқу, сабақ беру, ғылыми жұмыстар және тәлімдемелер бағытына ден қойдым. Қазір Apple қызметкері ретінде бізге AppStore-ға қосымшалар орналастыруға тыйым салынған, өйткені бізде Apple-дың ішкі жүйелеріне рұқсатымыз бар, яғни тәуелсіз бағдарламаушы ретінде жұмыс атқара алмаймыз.

Ал Apple-дағы жұмысым өзіме өте ұнайды, өйткені біз әлемде әлі де шешімін таппаған мәселелер бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз.

F: Өзіңізді болашақта қайдан көресіз? «Өмірді жақсартатын өнім» жасауды мақсат етіпсіз, жоспарыңыз жүзеге қалай асып жатыр?

- Apple Watch тобында жұмыс істеген кезімдегі жобам – CallKit атты қосымша арқылы сағатта voice-over-ip (VoIP) қоңырау шалу қабілетін құрастыру болды. Яғни, қазір кез келген заманауи смартфон интернет арқылы қонырау шалып, қоңырау қабылдай алады. Дәл осындай мүмкіншілік Apple Watch сағатында жоқ еді. 2021 жылғы тәлімдемем кезінде CallKit-пен бірге жұмыс істей алатын сағаттағы бірінші прототипті әзірлеп, ұйым басшыларына презентация жасадық. Сонда бір сағаттан екіншісіне қоңырау шалып, бұл технология өз әлеуеті мен мүмкіншілігін анық көрсетті. Менің тәлімдемем аяқталған соң да, жұмыс тобы бұл жобаны әрі қарай жалғастырып, Apple-дың 2022 жылғы WWDC конференциясында Apple Watch сағаттарының жаңа мүмкіндіктерін көпшілік қауымға паш етті.

Бағдарламаудан тыс, шетелде жүрген қазақстандықтар (достарым, әріптестерім десем де болады) негізін қалаған Digital Nomads Kazakhstan (DNK) атты қауымдастықпен аралас-құраласпыз. Бұл топтың басты мақсаты – шетелдегі танымал компанияларда жұмыс істеп жүрген отандастар жиналып, үйренгенімізді ортаға салып, еліміздегі IT-cаласының дамуына бірлесе үлес қосу. Сәті түскенде BINOM мектептерінің оқушыларына арнап DNK мүшелерімен кездесулер өткізіп, оларға шетелдік университеттердегі оқу жайлы, ғылыми зерттеулер, болашақ мамандық таңдау туралы әңгімелеп береміз.

Жалпы, Platonic AR, Apple Watch-тағы CallKit, оған дейінгі тәлімдемелер аясында жасаған жобаларым (HBOMax, Ipsy компанияларында), оқушыларға арналған кездесулер, Беркли университетінде сабақ беру – осылардың кез келгенін «Өмірді жақсартатын өнім» ретінде қарастыруға болады деп ойлаймын. Ал болашақта адамдарға қуаныш, береке, білім сыйлайтын жобаларға ат салыса беремін деген үміттенемін.

Фотосуреттер Ерсұлтан Сапардың жеке архивінен алынды

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить