БҰҰ: Жер бетіндегі әр азамат таза ауамен тыныстауға құқылы

45636

2022 жылы қазақстандық компаниялар тарапынан қоршаған ортаны қорғауға жұмсалған шығын сомасы 444 млрд теңгені құраған

Фото: © Pexels.com/Rani Sahu

Аталған соманың 43,1%-ы  немесе 191,8 млрд теңге – Атырау (22,7%), Қарағанды (10,3%), Ақтөбе (10,1%) облыстарына тиесілі болған. ҚР СЖРА Ұлттық статистикалық бюросы сайтында жария етілген ақпарат мазмұны осыған саяды.

Статистик мамандардың түсіндіруінше, былтыр елімізде қоршаған ортаны қорғауға жұмсалған шығындардың 28,8%-ы атмосфералық ауаны қорғауға, 25,4%-ы ақаба суларды тазартуға, 24,1%-ы қалдықтармен жұмыс жүргізуге бағытталған. Сол сияқты, бұл тұрғыдағы шығындардың құрылымында: топырақты, жерасты және жерүсті суларын қорғап, оңалту; шу және вибрациялық әсерлерді зерттеу; биоалуандылық және ландшафтыны сақтау;  радиациялық қауіпсіздік сынды шаралар және қоршаған ортаны қорғау саласындағы ғылыми зерттеулер мен әдістемелер, табиғатты қорғаудың өзге де бағыттары дегендей баптар бар.

ҰСБ мәліметінше, 2021 жылы еліміздегі шаруашылық жүргізуші субъектілер қоршаған ортаны қорғау мақсатында 417 млрд теңге жұмсаған.

Қазақстандағы қоршаған ортаны қорғау шығындарының динамикасы,

2015–2022 жылдар аралығы, млн теңге

Дерек көзі: ҚР СЖРА ҰСБ

Айта кетейік, БҰҰ Бас Ассамблеясы 2019 жылдан бері 7 қыркүйекті әлем бойынша Халықаралық таза ауа күні деп белгілеген. Халықаралық ұйымдардың мәліметінше, бүгінгі таңда Жер бетіндегі он адамның тоғызы лас ауамен тыныстауға мәжбүр. Осының нәтижесінде әлем бойынша 7 миллиондай адам мезгілсіз дүние салса, ауаның ластануы салдарында әлем елдері 110 миллион тоннадай астық ауқымынан қағылуда.

Биыл БҰҰ аясындағы эколог мамандар ауаның ластануы әлем халқы үшін ортақ мәселе дегенді баса айтып, Жер халқына «таза ауа үшін бірлесіп, жұмылайық» деген ұсыныс жасады және де бұл тұрғыда әлем елдерін серіктестік қатынастарды нығайтып, инвестицияларды ұлғайтуға шақырды.

«Атмосфераның ластануының трансшекаралық сипатын ескере отырып, барлық мүдделі тараптар Жер бетіндегі атмосфераны қорғауға және барлық халықты таза ауамен қамтамасыз етуге міндетті... Мөлдір аспанды қамтамасыз етуге арналған Халықаралық таза ауа күнінде, біз, ел үкіметтері мен корпорациялардан бастап, азаматтық қоғам мен жеке тұлғаларға дейін, яғни Жер бетіндегі бүкіл халықты ауаның ластануымен күресу үшін бірігіп, жұмылуға шақырамыз», - делінген БҰҰ-ның биылғы ұсынысында.

Халықаралық деңгейдегі сарапшы қауымының айтуынша, әлем елдерінде қалыптасқан экожүйелер мен халық денсаулығын сақтап, нығайту жолында барлық елдер, салалар өзара шоғырланып, қоршаған ортаны қорғау мақсатындағы әрекет-қимылдарды бірлесіп, үйлестіруге ден қоюы керек. Өз кезегінде, бұл шаралар ел үкіметтері мен субұлттық органдар тарапынан қадағалануы қажет. Әлбетте, ел үкіметтері бұл тұрғыда атқарылған іс-шара мен жұмсалған қаржы сомасы туралы қоғам алдында жауап беруді де ұмытпауы тиіс.

Жалпылай алғанда, Халықаралық таза ауа күні аясында әлем бойынша ауаның сапасын бақылап, қадағалауға Жер халқының назарын аударумен қатар, ауаның ластануымен күрес жүргізу мақсатындағы саяси шараларды ынталандыру мәселелері де көзделген. Жер бетіндегі әр азаматтың таза ауамен тыныстау құқы бар, Халықаралық таза ауа күні әлем халқын осы идея төңірегінде ынтымақтасып, қоршаған ортаны бірлесе қорғауға шақырады, деп түсіндіреді халықаралық сарапшылар.

Халықаралық таза ауа күні, сондай-ақ ауаның сапасы туралы мәліметтерді жинақтаудың халықаралық стандарттарын нығайтып, әлем елдерінің бұл тұрғыдағы ғылыми-зертеу бастамаларын біріктіруді және қоршаған ортаны қорғауға негізделген озық тәжірибелер мен технологиялық мүмкіндіктерді анықтап, таратуды да мақсат етеді.

Сарапшы қауымның айтуынша, ауаның сапасы және қоршаған ортаның ластануы – жергілікті салдарлары зор жаһандық мәселе болып табылады. Сол үшін де ауаның ластануы сынды түйінді мәселемен ел үкіметтері мен шаруашылық субъектілерінен бастап, қатардағы қарапайым азаматтар да өздерінің күнделікті тұрмысында күрес жүргізе алады.

ФОТО: © Pexels.com/Vlad Vasnetsov

Мысалға, көлігі бар әр адам айына бір-екі рет не аптасына бір рет жеке көлігін үйде қалдырып, қоғамдық көлікке мінсе болады, немесе велосипедпен жүруді, жаяу жүруді әдет ете алады. Бір рет қана қолдануға негізделген пластик бұйымдарын пайдалануды шектеп, не олардан мүлдем бас тартуға да болады. Сол сияқты, суды және электр энергиясын үнемдеуді, тұрмыс қалдықтарын саралап, бөлуді, әсіресе, қайта өңдеуге болатын заттарды бөліп, шығаруды әдетке айналдырып, реті келгенде Халықаралық таза ауа күні өз елінде, өз қаласы мен ауылында, өз көшесі аумағында ағаш отырғызу дәстүрін ескеру де елеулі шара болып табылады.

БҰҰ сарапшылары, сондай-ақ, қоршаған ортаны қорғау, ауаның тазалығын сақтау мәселелеріне отбасылық деңгейде, мектеп қабырғасында, қоғамдық орындарда тәрбие беру мүмкіндігі зор екенін алға тартады. Мысалға, мектепте ұстаздар оқушыларға қазба отынмен жүретін қоғамдық көлік пен электрлі автобустардың айырмашылығын түсіндіріп, оқушыларды велосипедпен жүруге насихаттай алады, жаңартылатын энергия көздерінің мүмкіндіктерін оқып, зерттеуге ынталандыра алады. Сол сияқты, мектептер мен ЖОО кампустары маңына автотұрақтар мен аялдамалардың шоғырлануына тыйым салуға болады: бұл балалар мен жасөспірімдердің таза ауамен тыныстануына жол ашатын тиімді ұсыныстың бірі.

Айта кетейік, Қазақстанда атмосфералық ауаның сапасы мен қоршаған ортаның жай-күйіне мемлекет тарапынан мониторинг жасаушы ұлттық оператор «Қазгидромет» республикалық-мемлекеттік кәсіпорны. Аталған мекеменің ресми сайтындағы мәліметке сай, бүгінгі таңда Қазақстанның атмосфералық ауа сапасының мониторингі 45 елді мекендегі 140 бақылау бекетінде және 15 жылжымалы зертхананың көмегімен жүргізіледі. Мамандардың айтуынша, бұл тұрғыда ауаның сапасын анықтаушы 36 көрсеткіш есепке алынады.

ҚР Экология және табиғи ресурстары министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің дерегінше, 2022 жылы Қазақстанда қоршаған ортаға «тасталған» шығарылым ауқымы 4,2 млн тоннаны құраған. Өз кезегінде, Energyprom.kz биыл сәуір айында жария еткен шолуында «Қазгидромет» РМК мәліметіне сілтеме жасап, былтыр ел бойынша зерттеуге алынған 69 елді мекеннің (оның ішінде мегаполистер, ірі және орташа қалалар мен ірі кеңшарлар да болған) отызында ауаның ластануы айтарлықтай жоғары болғанын алға тартады. Оның ішінде, мысалға, Қарағанды, Өскемен, Жезқазған, Теміртау, Алматы, Астана, Атырау, Ақтау қалалары бар.

Айтпақшы, әлем елдеріндегі елді мекендердегі ауа сапасының индексін (AQI) нақты режимде көрсетіп отыратын швейцариялық IQAir технологиялық компаниясы 7 қыркүйек, сағат 14:30 шамасында Қазақстандағы ауа сапасы бойынша ең таза өңірлердің бестігін былайша көрсетті: Ақсу қ. (Ақмола обл.), Талдықорған қ. (Алматы обл.), Түркістан қ. (Түркістан обл.), Көкшетау қ. (Ақмола обл.), Шу қ. (Жамбыл обл.). Бұл қалаларда ауа сапасының индексі 0-ден 6-ға дейінгі деңгейді құрады.

Ал осы тұста AQI көрсеткіші бойынша ең лас өңірлер бестігі былайша құрылды: Қарағанды қ. (Қарағанды обл.), Абай (Қарағанды обл.), Шымкент қ. (Түркістан обл.), Атырау (Атырау обл.), Шетпе (Маңғыстау обл.). Бұларда AQI көрсеткіші 156-дан 58-ге дейінгі деңгей аясында түзелді.

Әлбетте, таза ауа күні бір күндік шаралармен шектелмеуі керек. Халықаралық ұйымдар мен сарапшылар ұсынып отырғандай, қоршаған ортаны қорғау барысы Жер бетіндегі әр адамның күнделікті тіршілігі аясында көрініс табуы тиіс. Бұл тұрғыда ел ішіндегі көзі ашық, көкірегі ояу дейтін жұрт та өз үлесін қосуға әзір деген үміттеміз.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить