Қызылжарлық кәсіпкер: Қазақ әйелдері үйде отырып-ақ бір-бір бизнестдөңгелете алады

42793

Батыс Қазақстаннан Солтүстікке білім алуға келген Ақмарал Мақтұмқұлованы бүгінде Қызылжар халқы «petro kelin» атап кеткен

Ақмарал Мақтұмқұлова, кәсіпкер
Ақмарал Мақтұмқұлова, кәсіпкер
Фото: жеке архивтен

«Серпін» бағдарламасы жаңадан іске қосылған 2014–2015 жылдары Маңғыстаудан Петропавлға келген Ақмаралдың өмірі күрт өзгеретінін кім білген? Солтүстік өңірге білім алуға келген «серпіндік» қыз бұл күнде мұнда бірнеше бизнесті қолға алған.  

F: Ақмарал, небары 27 жаста алты түрлі бизнесті дөңгелетіп отырсыз. Кәсіпкерлікті қалай бастадыңыз? Жалпы, Солтүстік Қазақстан облысына келмес бұрын болашақта осылай кәсіп ашып, іскер әйел болам деген белгілі бір мақсатыңыз болды ма?

- Маңғыстаудан Қызылжарға «Серпін» бағдарламасы бойынша оқуға келген алғашқы студенттердің бірімін. Бұл аймаққа білім қуып келдім. Ал бос уақытымда әлеуметтік желілерде өзімді, келген жерім Қызылжарды таныстырып отырғанды ермек еттім, сөйтіп жүріп көптеген жазылушы жинадым. Қызылжар қаласының ғажайып табиғатын, бұл жақтағы елең еткізерлік ерекше жағдайларды айтып, көрсеткен сайын, оқырман саны арта түсті. Әншейін қызықтап бастаған бұл ермек, келе-келе кәдімгідей блогерлік жобаға айналды. Әрбір бөліскен фото-видеомды қалт жібермей, күтіп отыратын аудиториям қалыптасып, кеңейе берді. Желіде «петро-келін» атымен танылдым. Бұл атау да Батыстан келіп, Петропавлда келін атануыммен байланысты болды. Оқуымды бітіріп, осында тұрмыс құрдым. Магистратураны да осында оқып бітірдім. Ал бизнес әлеміне еңсемді езген қайғымды жеңемін деп жүріп, қалай кіріп кеткенімді байқамай қалдым.

F: Сонда, қалай?

- Оқуымды аяқтаған жылы тұрмыс құрдым. Күйеуім кішігірім кафені жалға алып, ақырындап жұмысын бастаған еді. Жалдамалы пәтерден өз үйімізге көштік. Ипотекаға алсақ та, әйтеуір ақшаны өз үйімізге төлейміз ғой деп қуандық. Ұлды болдық. Қуанышымыз еселеніп, алаңсыз күн кешіп жаттық. Алайда… өкінішке қарай, қуаныш пен алаңсыз күндерім бір сәтте түнекке айналып, қара жамылдым. Кафеде өрт шығып, соның салдарынан үш адам ажал құшты. Үшеудің бірі менің өмірлік серігім болатын. Осылайша бақытты күндерімді қырау шалып, қайғы құшағына ендім. «Бұл қалай? Енді не болады? Не істеймін?» деп күйзелдім. Күйеуім қайтыс болғанда, ұлым небары екі жаста-тын әрі бүгін-ертең қызды боламыз деп отырған едік... Көп ұзамай екі баламмен туған-туыс, ата-анадан өте алыс Қызылжарда сүреңсіз суық күндерім басталды. Ұлымды жетектеп, қызымды құшақтап қайда барам, не істеймін? Үйім ипотекада. Қырсық шалғанда, сол жылы COVID басталып, жұмысы бар адамның өзі абдырап қалды. Ата-анама мың алғыс, басыма ауыр қайғы түскенде жалғыз қалдырмады. Қолдарынан келген көмегін аямай, ұл-қызымды бағып, жан-жақты көмектесті. Бірақ екі баламмен өмір бойы ата-анамның қамқорлығында қала алмаймын ғой?! Осылайша сарсаңға түсіп жүрген күндерімнің бірінде достарым: «Сен әлеуметтік парақшаңды қолға ал. Оқырманың іздеп жатыр» деп ақыл берді. Сонда өзім де ауыр ойдан бір сәтке болсын арылайын деп, әлеуметтік парақшамды реттей бастадым. Оқырманым мыңдап көбейіпті. Мыңдаған кісімен пікір алмасып, сырласып қана қоймай, олармен бірге білгенімді бөлісейін деп шештім. Қытай тауарын арзанға сатып алу жолдарын кезінде марқұм жолдасым үйреткен еді. Сөйтіп, Қытайдан арзан тауар әкелуді үйрететін онлайн курс ұйымдастырдым.

Фото: Ақмарал Мақтұмқұлованың жеке архивінен
Фото: Ақмарал Мақтұмқұлованың жеке архивінен

F: Яғни, сол тұста мұндай курсқа сұраныс болды дейсіз ғой?

- Әлбетте, пандемия тұсында халық арасында білім алуға деген зор ұмтылыс болды. Мен де күндіз-түні жұмыс істеп, өзім білетін әдісті мыңдаған кісіге үйретіп, оқыттым. Жұмыссыз отырған адамның қайғысына қайғы жамала беретінін де сол кезде түсіндім. Осы курс оқытуды қалай бастадым, солайша зіл-батпан қасіретім азайып, бойымда бір сілкініс пайда болды. Қара жамылып жылап жата берсем, ұл-қызымның жағдайы не болмақ? Басқа-басқа, ұл-қызым үшін еңсемді көтеріп, күш жинауға тиіспін ғой деп, өзімді қайрап, аяққа тік тұрдым. Сонда көзім жеткені: кез келген ауырлықты көтеруге адамның бойында қажыр-қайрат жеткілікті екен, егер қаласаң, тау қопарып, тас қашауға да болады... Көп ұзамай, өз кәсібімді ашуға бел будым. Өзімнің сүйікті ісіммен айналысқым келді. Мемлекет тарапынан арнайы берілетін грант алуды көздеп, курстан өтіп, сертификат алдым. Артынша грант алып, тігін шеберханасын аштым.

F: Грант алу үшін бизнес жоспар керек, бұған дейін кәсіпкерлік тәжірибеңіз болмаса, бизнес жоспар әзірлеу қиындық тудырмады ма?

- Аса қиын болған жоқ. Грант ұтып алсам, нақты қандай кәсіппен қалай айналысамын, гранттың әрбір теңгесі қандай мақсатта жұмсалады деген сұрақтарға өз жауаптарымды ашық жаздым. Бар болғаны – осы ғана. Ал грант ақшасын алған соң өз жоспарым бойынша жұмыс істедім. Тігін машиналары мен қажетті құрал-жабдықтарды сатып алдым. Шағын ғимаратты жалға алып, шеберханамды ашып, перде тігу кәсібін бастадым. Алғашқы бизнес жоспарым дәл осылай жүзеге асты.

F: Қазір бірнеше бизнесті қатар алып жүрсіз...

- Дәл солай. Тігін шеберханамнан басқа, той, туған күн кештерін безендірумен айналысамын. Бірнеше онлайн курстарым бар. Екі шағын кафем бар. Тауар сақтау қоймаларым жұмыс істейді. Таяуда Петропавл қаласында тағы бірнеше тамақтану орындарын ашуды жоспарлап отырмын.

Фото: Ақмарал Мақтұмқұлованың жеке архивінен
Фото: Ақмарал Мақтұмқұлованың жеке архивінен

F: Петропавл шағын қала. Тамақтану орындары үшін клиент саны жеткілікті ме?

- Клиент тартуда әлеуметтік желідегі тетіктерді қолданамын. Таяуда жылдам тамақтану кафесін аштым, қызылжарлық тұрғындар бұл жайында әлеуметтік желідегі парақшамнан көріп, өздері келіп жатыр. Келіп қана қоймай, жанына танысын ертіп келеді. Міне осылайша клиентпен жұмыс істеу жүйесін реттеп алғанмын.

F: Ақмарал, екі бүлдіршіннің анасы ретінде осыншама шаруаны жалғыз атқару қиын емес пе?

- Әрине, оңай емес. Бірақ қазір жанымда сенімді көмекшілерім бар. Шынын айтсам, кейде екі жыл бұрын осы жұмыстарды бастағанымды ой елегінен өткізіп, «қалайша осынша шаруаны жалғыз атқардым?» деп әрі таңғалам, әрі қорқып кетемін. Десек те, өзімді қамшылаудың арқасында осы күнге жеттім. Және түсінгенім, аталарымыздан қалған «екі қолға бір күрек» деген сөздің жаны бар, атқарам десе, мұндай шаруа әрбір адамның қолынан келеді. Тек жігерімізді қамшылап, өзімізді алға сүйреуге ерінеміз. Ашық айтқанда, кез келген адамның басты дұшпаны – қорқыныш пен жалқаулық.

Фото: Ақмарал Мақтұмқұлованың жеке архивінен
Фото: Ақмарал Мақтұмқұлованың жеке архивінен

F: Кәсіпкер Ақмаралдың бір күндік жұмыс режимі қандай? Белгілі бір тәртіпке бағынасыз ба әлде кәсіби сырыңыз бар ма?

- Аса бір құпия жоқ. Бар болғаны – мақсаттарым анық. Сол мақсаттарға қол жеткізу үшін ұмтыламын. Жұмысымды белгілі бір тәртіппен реттеп қойғанмын. Таңертеңнен түске дейін университеттемін. Сабақтарымды өткізген соң екі кафем мен жүк қоймаларын аралап шығамын. Соңында шеберханама бірнеше сағатымды арнаймын. Ал кешкісін және аптаның белгілі бір күндерінде онлайн курстарымды өткіземін.

F: Алдағы уақытта осы бизнесіңізді кеңейтіп, туған жеріңіз Маңғыстауға кету жоспарыңызда бар ма?

- Жоқ. Мен Қызылжар қаласынан басқа жерде өмір сүруді тіпті де елестете алмаймын. Осы жерге бауыр басқаным соншалық, кейде басқа қалаға немесе туған жеріме бара қалсам, әрі кетсе екі-үш күннен соң, Қызылжарыма қайтуға асығамын. Меніңше, еліміздің өзге облыстарында Солтүстік жұртына қатысты жаңсақ пікір қалыптасқан: Ресеймен шекаралас болғаны үшін орысшасы басым, бұл жақта жұмыс істеп, кәсібіңді ашу қиын деп есептейді. Ал шындығында олай емес. Суы мен нуы астасқан бұл аймақта өмір сүруге де, кәсіп ашып қаржылық жағдайыңды жасауға да мүмкіндік мол.

Фото: Ақмарал Мақтұмқұлованың жеке архивінен
Фото: Ақмарал Мақтұмқұлованың жеке архивінен

F: Университетте мұғалімсіз әрі онлайн курста сабақ бересіз. Өмірлік тәжірибеңізбен бөліскенде, адамдарға айтатын, жол көрсететін басты қағидаларыңыз қандай?

- Менің өмірлік ұстанымым да, әрбір тілдескен адамға айтарым да – мақсатқа жетуге ешқашан кеш емес. Өзіңіз қалаған нәтижеге жас ерекшелігіңіз, тұрмысыңыз, ортаңыз деген басқа да шектеулерге қарамай, қалаған уақытыңызда жете аласыз. Ол үшін ең маңыздысы – өзгеруге деген ниет пен жауапкершілік және сіздің қалауыңыз. Қалғандарына көңіл аудармаңыз. Бір кездері шексіз бақытты едім. Себебі, бүтін едім. Жарым да, жақындарым да жанымда болатын. Өмір мені сынаққа алды. Құладым, сындым. Жанымда тірегім, қорғанышым болған адамның өмірде жоқтығына көндіге алмай ұзақ жүрдім. Бірақ мен қайта тұрдым, еңсемді көтердім. Балаларым үшін, өзім үшін барымды саламын деп шештім. Жаңа өмірімді жаңа армандармен, жаңа жоспармен, жаңа қарқынмен бастадым. Күн сайын аянбай еңбек еттім. Бір түсінгенім, әйел мықты болса, әлемді де тербей алатыны рас екен. Сондықтын мен әр әйелдің тек отбасы, ошақ қасына байланып қалмай, жеке өзінің де сүйікті ісімен айналысып, табыс тауып дамығанын қалаймын. Соған өзім де себепші болғым келеді. Бұл менің қолымнан келді, ендеше сіздің де қолыңыздан келеді. Қазақ әйелдерінің әрбіреуі үйде отырып-ақ бір бизнесті дөңгелете алады. Бұл үшін біздің елде мүмкіндіктер толып жатыр. Тек соны падалана білу керек...

Меруерт Хусаинова

 

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить