Ұлыстың ұлы күнін қалай тойлаған дұрыс?

22222

2024 жылдан бастап Қазақстан Наурыз мейрамын жаңа форматта тойлауға кірісті. Елімізде Наурызнама декадасы қабылданып, Наурыздың жалпыға ортақ логотипі бекітілді

Фото: © Depositphotos/Alexey_Arz

Биылдан бастап елімізде он күнге созылатын Наурыз тойы 14–23 наурыз аралығын қамтиды. Әр күннің өзіне тән атауы бар. ҚР мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері айтып өткендей, Наурыз мейрамының жаңа форматы оның мән-мағынасы мен мазмұнын байытып көрсетуге негізделген.
Бұқаралық ақпарат құралдарында бұған дейін де мәлім етілгендей, Наурызнаманың алғашқы күні 14 наурыз – «Көрісу күні – Амал мерекесі» деп аталады. Бұл, негізі, еліміздің батыс өңірінде жақсы сақталған мейрамның бірі. Амал күні қыстан аман шыққан халық бір-біріне сәлем беріп, төс қағысып амандасып, ал бір-біріне өкпесі барлар, кешірім сұрасып, татуласып жатады. Бұл күн – Наурыздың алғашқы хабаршысы.

Әрі қарай: 15 наурыз – Қайырымдылық күні, 16 Наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні, 17 наурыз – Шаңырақ, 18 наурыз – Ұлттық киім, ал 19 наурыз – Жаңару күні деп белгіленді. Жаңару күні ел ішіндегі қалалар мен ауылдарда, елді мекендерде қоршаған ортаны қоқыстан тазартып, ағаш отырғызу шарасы жоспарланған.

20 наурыз –Ұлттық спорт күні. Бұл күні ұмыт боп бара жатқан ұлттық спорттан түрлі жарыстар ұйымдастыру ұсынылады. 21 наурыз  – Ынтымақ күні ел бойынша қолөнершілер жәрмеңкесі, мерекелік концерттер, ұлттық спорт түрлері бойынша бұқаралық жарыстар, шығармашылыққа арналған open space аймақтары, ұлттық тағамдардың гастрофестивалі, мерекелік сауда-саттық, жәрмеңкелер өткізіледі деп күтілуде.

22 наурыз – Жыл басы – Ұлыстың ұлы күні.

Ал 23 наурыз –  Тазару, яғни Наурызнаманың қорытынды күні – жаңа жылды тұтас ел болып жаңа мақсат, жаңа үмітпен қарсы алудың символы ретінде жалпыұлттық экологиялық акция өткізу жоспарланып отыр.

Наурыз – шығыс халықтарының ертеден келе жатқан мейрамы. Ертеде «наурызнама» деген әдеби жанр да болған көрінеді. Шығыстың шайырлары өзінің кемелі келіп, ілімі толысқанын білдіру үшін Наурыз күніне арнайы рубаяттар, ғазалдар жазатын болған. Жұрт бұл шайырдың наурызнамасы бар деп, оларды ерекше құрмет тұтқан. Бұл деректерді 1992 жылы Исрайыл Сапарбай аударған Омар Хаямның «Наурызнама» кітабынан оқи аламыз.

Өз кезегінде, Наурыз мейрамының тарихын зерттеп жүрген жазушы Айбек Нәби Ұлыстың ұлы күніне ерекше мән беріп, жаңғырту – отарсызданудың бір көрінісі деген пікірде.  

Айбек Нәби, жазушы, «Отбасы хрестоматиясы» баспасы авторларының бірі
Айбек Нәби, жазушы, «Отбасы хрестоматиясы» баспасы авторларының бірі
Фото: жеке архивтен

«Бізде нақты Наурыздың тарихы жайлы еңбектер жоқ. Фольклорлық аңыздар мен жекелеген шығармалардан Наурыз қалай тойланғаны жайлы суреттеулерді кездестіріп жатамыз. Наурыздың символы дегенде, көз алдыма Әзірет Сұлтан кесенесі елестейді. Ертедегі деректерді қарап отырсаң, бұрынғы түркі халықтары болсын, берідегі қазақ, өзбек, түркімен, қарақалпақ жұрттары болсын, Наурыз айында Яссауидің кесенесіне келіп, зиярат ететін дәстүр болған. Большевиктер өз билігін күшейткенше, 1934 жылға дейін Ұлыстың ұлы күнінде түркі халықтары Түркістанға жиналған. Сол кездегі орыс офицерлерінің деректеріне сүйенсек, наурызда Түркістанда «басына папах киген түркімендер қаптап кететін еді» деп жазады. Сондықтан мен үшін, наурыздың символы, басты құндылығы Кесене саналады. 

1923 жылы Тұрар Рысқұлов  республика деңгейінде Наурыз тойлау туралы қаулы енгізген. Бірақ 1926 жылы большевиктер діни мерекелерге тыйым салғанда, олардың арасында Наурыз мерекесін де кіргізіп жіберген. 1970 жылы – кеңес үкіметінің нағыз күшке енген кезеңі болғанына қарамастан, сол тұста Торғай өлкесін басқарған Өзбекәлі Жәнібек ағамыз ерлік жасап, «Проводы русской зимы» деген атаумен Наурыз тойлауға рұқсат алған. Ауылдардан 20 шақты киіз үй әкеліп тігіп, бие байлатып, қымыз ашытып, наурыз көже пісіртеді. Алдар көсе, Қожанасыр, Жиренше шешен, Қарашаш ана, Қыдыр ата сияқты қазақтың киелі образдарын алаңға алып шығады. Қыз Жібек пен Төлегеннің күймесін жасайды.

1988 жылы Өзбекәлі Жәнібек ағамыз Наурызды тойлаудың жаңа концепциясын жазып шықты. Оған «Абай жолындағы» Бөжейдің асын суреттейтін элементтерді қосқан. Киіз үй тігіп, наурыз көже және басқа да ұлттық тағамдарды әзірлеумен қатар, көкпар тарту, садақ ату, алтыбақан тебу сияқты ұлттық ойындарды да жаңғыртқан. Ауыл мен ауылды, көше мен көшені жарыстырып, тазалық акциясын ұйымдастырған. Көшесі мен ауласын тазартып, қалыпқа келтірген тұрғындарға сыйлық та ұсынған. Тіпті, үй ауласында көп тал егілген адамды да сияпаттан құр қалдырмаған», - деп әңгімелейді сол бір жылдар туралы Айбек Нәби.

Мадина Әлімхан, режиссер, продюсер
Мадина Әлімхан, режиссер, продюсер
Фото: жеке архивтен

Ал кинорежиссер, продюсер Мадина Әлімхан болса, бұл өзгерісті бала кезінен армандағанын айтады. Үнді киноларын көріп өскен ол, «ұлттық киімдерін күнделікті киіп жүретін халыққа қарап қызықтым» дейді.

«Бала кезімде үнді фильмдерін көріп отырып, біз неге осылай ұлттық киіммен жүрмейміз деп ойлайтынмын, енді, міне Наурызнаманы қабылдау сол күнге жақындап қалғанымыздың нышаны болса керек. Жалпы, Наурызнама декадасын қабылдау ұлттық киімдерімізді, ұлттық құндылықтарымыз бен салт-дәстүрімізді қайта жаңғыртып, трендке айналдырудағы орсан зор мүмкіндік, осыған барша ел болып үлес қосамыз деп сенгім келеді. Өз басым, кино саласында жүрген маман ретінде, болашақта ел тарихын жан-жақты насихаттап, сапалы кинотуынды, кинохикая жасауды жоспарыма қосып жатырмын. Әрине, барша жұрттың көкейіндегі бір үміт – бұл мәселелер енді, әншейін, сөз жүзінде ғана айтылып қалмай, іс жүзінде де дұрыс бастама, игі шара ретінде жүзеге асса екен деп тілейміз», - дейді кино саласының өкілі Мадина Әлімхан.

Ал театр және кино актері, драматург Нартай Сауданбекұлы, Наурыз мейрамын біз «әлі күнге дейін дұрыс тойлай алмай жүрміз» деген пікірде. Оның айтуынша, той тойлаған көпшілік «ысырапшылдыққа салынып, тамақ ішкеніне мәз болып жүр».

«Негізі  демалыстарды көп қаламайтын адаммын. Бізде мемлекеттік мерекелер көбейіп кеткен. Халқымыз да той-томалақты жақсы көреді. Бірақ дәл қазір той атаулыны сәл қысқартып, өркениетке ұмтылатын кез деп санаймын. Бірақ, әрине, Наурызды тойлауға еш қарсылығым жоқ.

Нартай Сауданбекұлы, театр және кино актері, драматург
Нартай Сауданбекұлы, театр және кино актері, драматург
Фото: жеке архивтен

Ертеден келе жатқан қасиетті мерекемізді сақтап қалу өте маңызды. Алайда, Наурыз тойының құндылығын жолғалтып алмай, дұрыс формада мәдениетті түрде атап өту керек. Көшеге қаптатып киіз үй тігіп, қытайдың ою жабыстырған шапанын киіп, наурыз көже ішіп, артымыздан қоқыс үйіндісін қалдырып, үйге тарау – дұрыс әрекет емес. Сондай-ақ, қысы алты айға созылатын Арқаның аязында балғын биші қыздарды бір қабат жалаң көйлекпен билетіп қойған да әбестік. Сондықтан да Наурызнама декадасын қабылдап отырған басшылық, бұл мейрамды тиімді етіп тойлау барысында ұлттық идеологияға жүгініп, халықтың тұтастануына керек дұрыс шешімдер ұсынса деген тілегім бар. Мысалы, Қазақстанның көп аймақтары шөлейтті. Егер әр отбасы Наурыз мейрамы аясында ел ішінде бір түп көшет отырғызар болса, қоршаған ортаның мейіріміне бөленер еді. Одан бөлек жерімізді қардың астында жатқан қоқыстан тазартып, қоғамға, табиғатқа пайдалы дүниелер жасауды да әдет еткен жөн деп ойлаймын», - дейді Нартай Сауданбекұлы.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить