Нұр-Сұлтан қаласының бас жоспары мен аудандары қалай өзгереді?

Жуырда қандай жаңа нысандар мен қоғамдық кеңістіктер пайдалануға беріледі?

Көше
 
Көше

Бұл туралы Forbes.kz тілшісіне Нұр-Сұлтан қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрлан Ұранхаев айтып берді.

Алдағы жылы жаңа бас жоспар әзірлеу жоспарлануда екен. Бұл неге байланысты, қала келешекте қалай дамиды?

-Бас жоспарға сәйкес, 2030 жылға қарай халық саны – 1 млн 200 мыңнан асады деп болжанған. Алайда, қазірдің өзінде біз бұл көрсеткішке жетіп қалдық. Сондықтан да, инженерлік инфрақұрылым көздері мен желілерін дамытудың жоспары халық санына қатысты көрсеткіштерге сай есептелген. Халық санының артуын ескере отырып, келесі жылы жаңа Бас жоспар әзірлеу көзделген. Өйткені қажетті желілер болмайынша, қаламыз әрі қарай өсе алмайды. Сол себептен, қаланың өсуін бақылау саясаты құрылыс салу тығыздығын сақтау арқылы жүзеге асады және қаланың ретсіз өсуіне жол берілмейді. Яғни, әзірге қала өз шекарасының шеңберінде дамитын болады.

Талдыкөл
 
Талдыкөл

Қаланың 3D картасын жасау қолға алынғанын білеміз. Цифрлы форматқа көшу сіздер үшін, қала үшін, тұрғындар үшін не береді?

-Казіргі кезде Нұр-Сұлтан қаласының 3D картасы жасалып, ғимараттар мен инженерлік желілер цифрландырылуда. 3D карта- жаңа цифрлық құрал, ол тірі организм сияқты толығып, жаңарып отырады. Мысалы, қызыл сызық қай жерлерге белгіленген, қай жерден инженерлік желілер өтеді, қай жерде бос жер учаскелері бар, осының бәрін көруге болады. Бүгінде инженерлік желілер, ғимараттар, жер учаскелерінің жартысынан астамы цифрландырылды. Қаланың 3D моделін құру жұмыстары жүргізілуде. 3Д карта - бұл геоақпараттық орталықтың бір ғана бөлігі. Геоақпарат орталығын құру инженерлік желілердегі жүктемені көруге, қала құрылысы процестерін болжауға және модельдеуге, бос жер учаскелерінде заманауи база құруға, оларды ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл өте маңызды жұмыс. Өйткені, комьютерді ашып, saulet.astana.kz сайтымыздан нақты режимде қаланы барлық инженерлік желілерімен қоса жоғарыдан да, төменнен де көруге мүмкіндік береді. Бұл өте қолайлы деп санаймын. Мысалы, қуаттылықты уақытында арттырып, жөндеу жұмыстарын жоспарлау және жаңа нысандарды инженерлік желілерге қосу процесін жеңілдетеді. Сонымен қатар, қала құрылысы процестерін модельдеуге және мектептер, бала-бақша және ауруханамен қамтамасыз ету қажеттіліктері туралы мәліметтерді болжауға мүмкіндік береді. Тағы бір айта кететін жаңалық, келесі жылы басқармамыздағы барлық 18 мемлекеттік қызмет онлайн түрде атқарылатын болады. Яғни, жер учаскесін сатып алу немесе құрылысқа рұқсат алу сынды мемлекеттік қызметті сайтымыз арқылы онлайн жүйе бойынша алуға мүмкіндік туады.

Қазір нақты қандай аудандарда жұмыс жүргізілуде, олар қалай өзгереді?

-Қазіргі уақытта жаңа құрылыс аумақтарында қарқынды әрі кешенді құрылыс жүргізілуде. Сонымен қатар, бірқатар игерілген аумақтар белгіленді. Олардың ішінде Мыңжылдық аллеясы және Қарағанды тас жолының оңтүстік бөлігіндегі «Метро» сауда орталығының аумақтары, Мәңгілік Ел даңғылы, Тұран даңғылының батысындағы және «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығының артындағы, Тельман тұрғын үй алабының оңтүстігіндегі аумақтар бар. Сонымен қатар, Асан Қайғы көшесінің бойындағы аумақты қайта жаңарту жоспарланған. Болашақта онда жаңа үйлер, әлеуметтік нысандар, қоғамдық кеңістіктер салу жоспарлануда. Яғни, алдағы уақытта аталған аудандарды дамытуға басымдық беріледі.

Аурухана
 
Аурухана

«Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-жоспарын қабылдау мәселесі не болды ? Бұл бағытта қандай нәтиже бар?

-Иә, бұған дейін әзірленген «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-жоспары жүзеге асырылуда. Алдымен мастер-жоспар деген не екенін атап өткім келіп отыр. Бұл қала құрылысы тұжырымдамасынан тұратын кеңістіктік даму стратегиясы. Ол қалада жайлы ортаны құруға баса назар аудара отырып, қалалық жоспарлаудың әмбебап құралына айналады. Мастер-жоспар Нью-Йорк, Лондон, Стокгольм, Хельсинки, Шанхай, Токио, Сидней сияқты көптеген қалаларда бұрыннан қолданылады. Бұл құжат қаланың даму кезеңдерін болжауға және ресурстарды неғұрлым тиімді жоспарлауға мүмкіндік береді. Мысалы, жолдардың трафигі қандай, электр энергиясына қажеттілік қандай деңгейде, құрылыс тығыздығы қалай болуы тиіс деген мәселелер қамтылады. Мастер-жоспардың пилоттық жобасы 2020-2025 жылдарға арналған абаттандыру бағдарламасына енген. Оның бірінші кезеңі 5 – мультиорталықты дамытуды көздейді. Оның ішінде ескі алаң, Бейбiтшiлiк көшесі, Бөгенбай Батыр даңғылы, «Евразия» ауданы көшелерінің алаңы, Қосшығұлұлы көшесі, Әзірбаев, Қошқарбаев және Жүргенов көшелерінің аудандары абаттандырылатын болады.

Жаңа мешіт
 
Жаңа мешіт

Аталған аймақтарда нақты не өзгереді, жаңа нысандар пайда бола ма, әлде тек жөндеу жүргізіле ме?

-Мысалы, қалалық әкімдіктің алдындағы Ескі алаңды жаңарту, амфитеатр, субұрқақ, демалыс орындарын салу жоспарланған. Бетон блоктарының орнына келесі жылы аязға төзімді ағаштар, шағын сәулет нысандары пайда болады. Бейбітшілік, Бөгенбай Батыр даңғылы, «Евразия» ауданы көшелерінің алаңдарында, Қосшығұлұлы көшесінің бойында жаяу жүргіншілер мен велосипедшілер үшін ыңғайлы жолақтар салу жоспарлануда. Кедергісіз серуендеу аймақтары, ойын алаңдары, көлеңкелі шатырлары бар демалыс аймақтары жасалады. Art-нысандарды орнату және көгалдандыру көзделген. Сонымен қатар, жаяу жүргіншілерге арналған бөліктердің биіктігі бір деңгейде болатынын айта кеткен жөн. Мастер-жоспар бойынша қоғамдық кеңістіктер салу жалғастырылатын болады. Биыл, яғни 2020 жылы қаламыздағы көпірлердің астында жаңа 2 қоғамдық кеңістік пайда болды. Олар Сарайшық даңғылы және Гумилев атындағы Евразия ұлттық университетінің жанында орналасқан. Онда стритбол және воркаут алаңдары, скейт-алаңы ашылып, теннис үстелі орнатылып, аталған алаңдар халықтың сүйікті орнына айналып үлгерді. Алдағы жылы «Жастар» сарайына қарсы бетте, Омаров көшесінде жаңа променад аймағы пайда болады. Жаяу жүргіншілерге арналған көшеде 2 субұрқақ салу жоспарланған. Бірінші кезең, яғни Әуезов көшесіне дейінгі аймақ биыл аяқталады. Бейбітшілік көшесіне дейінгі бөлікті келесі жылы аяқтау жоспарлануда. Бұл аумақта шағын сәулет нысандары, инсталляциялар, веложол, көлеңкелі шатырлар қойлады. Сауда павильондарын, ойын аймақтары мен балалар алаңдарын салу қарастырылған. Сол сияқты келесі жылы Республика даңғылындағы 10 үйдің жанында жаңа әрі жылы қоғамдық кеңістіктер пайда болады. Осының бәрі, яғни тұрғындар үшін барынша қолайлы жағдай жасау, жаңа тартылыс нүктелерін құру жұмыстары «Нұр-Сұлтан-жайлы қала» мастер – жоспары тұжырымдамасы аясында жүргізілуде. Жалпы биыл елордада 50 қоғамдық орын, саябақтар, скверлер және 150 аула абаттандырылады. Сонымен қатар, тұрғын үйлердің аудандарында үш ірі дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды. Келесі жылы тағы бір спорт кешенінің құрылысы басталады.

Жоба
 
Жоба

Қоғамдық кеңістіктер қала тұрғындары үшін, әсіресе жастарға керемет тарту болды? Жоғарыда осындай орындардың саны артатынын айттыңыз, олар қай кезге жоспарланған және қай жерден құрылады?

-Келесі жылы «Жерұйық» саябағының бос аумақтары абаттандырылады. Сіз айтқан қоғамдық кеңістіктердің бірі М.Төлебаев көшесі жағынан құрылатын болады. Бұқаралық спортты дамыту мақсатында теннис корттарын, баскетбол алаңдарын, скейтпарк, пикникке арналған аймақтарды орналастыру жоспарлануда. Сауда павильондары мен гамактары бар ойын алаңы пайда болады. Жүгіру жолақтары және веложолдар салу қарастырылған. Жалпы, ондағы көгалдандыру алаңының көлемі 13939,8 м2, аллея 12053, 1 м2, жүгіру жолының ұзындығы 1 951 м болады.

Коғамдық кеңістік
 
Коғамдық кеңістік

Жуырда Талдыкөлге қатысты жаңа эскиздерді көрдік. Онда экологиялық саябақ құру жоспарлануда екен. Көл жағасы қалай өзгереді?

-Елордамызда 2 экологиялық саябақ салынады. Бірі Талдыкөл көлінің жанында болады. Бұл жоспар қаланың оңтүстік-батыс бөлігін қамтиды. Оның аумағы 5700 гектарды құрайды. Сол жерде болашақ биологтар мен орнитологтар үшін эксклюзивті білім беру орталықтары мен аймақтың кереметін тамашалауға арналған арнайы алаңдар салу жоспарлануда. Осылайша Талдыкөл саябағы ерекше инфрақұрылымы арқылы экологиялық туризмді дамытуға бағытталған бірігей орталыққа айналатын болады. Табиғи саябақтың құрылуы Қызыл кітапқа енген жануарлар мен сирек кездесетін құстардың табиғи ортасын сақтауға мүмкіндік береді. Онда құстардың 200-ге жуық түрін, өсімдіктің 98 түрін көруге болады. Сол сияқты Майбалық көлі де керемет экобаққа айналады, ол да Талдыкөл сияқты тартымды орындардың бірі болуы тиіс. Ол әуежай бағытының оңтүстік-шығыс жағында орналасады. Оның жалпы ауданы 400 гектар, суқойма көлемі 120 гектар болады. Саябақ кешенінде балық аулауға арналған жасанды суқоймалар, ерекше қорғалатын жағалаулар, серуендеуге арналған және велосипед жолдары, спорттың белсенді түрлеріне арналған аймақтар және аумақтың бірегей экожүйесін сақтауға арналған алаңдар құру қарастырылған.

Ойын алаңы
 
Ойын алаңы

Ал жуырда қала бойынша қандай жаңа нысандар пайдалануға беріледі? Олар қандай аудандарда орналасқан?

-Биыл Тұран даңғылындағы жеңіл атлетикалық спорт кешені пайдалануға беріледі. Ол 7 мың көрерменге арналған. Онда жеңіл атлетикадан әлемдік деңгейдегі жарыстар өткізуге болады. Сонымен қатар, Байтұрсынов көшесінде қазақ драма театры салынып бітеді. Ол біздің мәдени астанамыздың Мыңжылдық аллеясының орталығы болып танылды. Ғимараттың жалпы ауданы 22 853 шаршы метр. Оның ішінде үлкен зал 640 орынға, кіші зал 202 орынға есептелген. Ал толығымен 2020 жылдың аяғына қарай бітеді деп жоспарлануда. Мәңгілік Ел және Қабанбай батыр даңғылдарының қиылысында жаңа мешіт салынып жатыр. Ол 30 мың адамды қабылдай алады және Орталық Азиядағы ең үлкен мешіт болады. Жобада дәстүрлі ою-өрнектер мен сәндік элементтер қолданылуда. Бұйырса, келесі жылы пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, елордада иппотерапия әдісімен мүгедек балаларды оңалтуға арналған ат спорт кешені салынуда. Оның құрылысын жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Мектептер мен емаханалар да салынады.

Спорт кешені
 
Спорт кешені

Пандемия қала құрылысына, жұмыс жоспарына кері әсерін тигізген жоқ па?

-Коронавирус індетіне қарамастан, биыл елордада 3 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмек. Бұл рекордттық көрсеткіш. Яғни, осындай қиын кезеңге қарамастан, құрылыс тоқтаған жоқ. Айта кететіні, үлескерлердің ұзақ уақыт бойы салынбай қалған, олар көп күткен үйлердің басым көпшілігі биыл пайдалануға беріледі.

Талдыкөл
 
Талдыкөл
: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
2966 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Загрузка...
24 ноября родились
Куанткан Алимов
экс-заместитель акима города Актобе
Ирина Любарская
заместитель акима города Караганды
Самые Интересные

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить