Әлеуметтік желідегі бейнелерімен танылған Қыран Талапбек әлемдік брендтерді қалай қызықтырды

Қазақстанық жас режиссер New York Film Academy академиясында білім алмақ

Қыран Талапбектің алғашқы табысы қандай болды? Бизнесті қай кезде және қалай бастады? Режиссер қызметін қай кезде қолға алды? Қазіргі табысы қандай? Туындылары неліктен жоғары бағаланады?  Бұл туралы жас режиссер Forbes.kz тілшісіне берген сұхбатында айтып береді.

F: Қыран, жуырда Америкаға аттанғаныңды білеміз. Негізгі мақсат қандай? Оқу ма,  әлде жұмыс істеу ме?

- Америкаға күні кеше ғана келдім.  Қазір Маями қаласындамыз. АҚШ-қа алғаш келіп отырғаным жоқ, жалпы бұған дейін 5 рет келгенмін, әр келген сайын әртүрлі әсерде болады екенсің. Бұл жолы мен алғаш Lexus шығарған яхталардың тұсаукесер рәсіміне келдім, бұл компания енді теңіз көліктерін жасауды қолға алуда. Ал жалпы бұл компаниямен біраздан бері жемісті жұмыс істеп келеміз, олар туралы роликтер түсіреміз.  Аталған шарада бірқатар кездесулер болды, олардың ішінде Акио Тойодомен өткен жүздесуді ерекше атап өткім келеді,  ол «Toyota Motor» корпорациясының қазіргі президенті, Жапонияда өндірістік револиция жасаған  және автокорпорацияның негізін қалаған Киитиро Тойоданың шөбересі болып табылады.  Яхталардың тұсауксерінде бірқатар танымал адамдармен жақын таныстым, олардың ішінде Дженнифер Лопестың жұбайы Алекс Родригес болды. Ал осыдан кейін Нью-Йорк қаласына аттанамын, онда  New York Film Academy білім алуды бастаймын.

F: Америкада тұру,  оқу көп шығынды талап ететіні белгілі. Қанша уақыт білім аласың, оқу ақысының көлемі қандай?

- Жалпы, Америкада тұру үшін, сонымен бірге оқу шығынын қоса алғанда кететін шығын шамамен $60 мың болады.  Әрине, аз ақша емес. Бірақ, бұл өз еңбегіммен, ізденісімнің арқасында тапқан табысым. Ең бастысы мен оны халықтың, қазақстандықтардың қолдауы арқасында таптым.

F: Бәрі қалай басталды? Мектеп  қабырғасында жүріп интернет-дүкен ашып, бизнес бастаған екенсің. Идея қалай келді, не саттың, табыс қалай болды?

- Рас, мен алғаш мектеп кезінде бизнеспен айналыса бастадым.   Сол үшін мені және ата-анамды талай  жиналысқа шақыратын, талай ескертулер жасайтын.  Жалпы,  интернет-магазин туралы айтатын болсақ, хабарландыру беретін, қазіргі OLX  сияқты сайттар 2012  жылы жаңадан пайда бола бастаған. Мен алғаш планшеттермен айналыстым, себебі бұл кезде 7  дюймдық планшеттер жаңадан шыға бастады,  iPad  нарықта үлкен сұраныс тудырды.  Менде осы кезде идея пайда болды және мен жинаған ақшама бір планшет сатып алдым. Ал араға уақыт салып оны сәл қымбат бағаға саттым және ең бірінші планшеттен тапқан алғашқы табысым 7000 теңге болған еді. Ал артынан екіншісін, үшіншісін сатып алып, олардың құнына үстеме  қосып сата бердім және осылай онға дейін жетті. Уақыт өте айналымдағы ақша арта бастады. Мен бұл кезде небары  9-шы сыныпта оқитынмын. Араға уақыт салып  айына $1000 дейін табыс таптым.  Ал маған идея қалай келді? Мен үнемі ізденісте болдым. Алғашында AliExpress арқылы тапсырыс беру деген  қатты дамыды. Сол арқылы Қазақстанға қалай алып келу керектігін зерттедім. Мысалы, адамдарда алданып қалу, алдап кету деген сияқтылар көп болды ғой. Сондықтан, мен ондайларға ұрынып қалмас интернетті көп ақтардым. Қандай жолдары бар екенін, қалай жасау керектігіне үңілдім.  Алғашында тек планшет, iPad алғым келген. Ақшам жетпегендіктен арзандауын іздедім. Ал бұл бизнес бастауға түрткі болды.

F: Бұл кезде мектепті тастап кетпек болған екенсің? Оқуға ынтаң  болмады ма, бұған мектеп, ата-анаң қалай қарады? Оқуды қайта жалғастырдың ба?

- Шынында мектепті тастап кету  туралы ой болды. Енді өзіңіз ойлап қараңызшы,  мен мектеп  оқушысы болып жүріп, Қазақстандағы ең жоғарғы жалақыдан көп табыс тауып жүрдім. Қарапайым отбасыдан шықтым, күн сайын табыс түсіп жатады, планшет, айфон, телефон, тағы не керек, мен үшін бәрі қолжетімді болды. Қалағаныңды алуға мүмкіндік бар. Ал ондай бақыт барша балаға бұйырмайтын, ондай гаджеттерді сатып атып алу әрбір  баланың арманы болатын.  Осылай жүрген кезде мектепті тастап кету туралы ойдың болғаны рас, себебі, менде мектепте енді оқудың қажеті жоқ, осымен айналыса беремін деген түсінік болды. Ондай ой кез келген адамда болады деп ойлаймын. Бірақ, маған сол кезде ата-анам ерекше қолдау білдірді, олардың айтқан сөздер ерекше ұнады. Ата-анам саудамен айналысқан жандар,  менің бойымдағы саудаға деген қасиет солардан берілген шығар, сонда маған анам айтты:  сен саудамен,  бизнеспен болашақта айнылыса бер, мен қарсы емеспін,  бірақ  бизнес  бірде көл, бірде шөл,  бірде бар, бірде жоқ нәрсе, ал білім кез келген уақытта қажет деген болатын. Сондықтан, ата-анам әзірге өзіңе  ұнайтын бір саланы оқып, одан кейін бизнеспен қанша айналысқың келсе  айналыса бер деген кеңес берді.  Бастысы ол кісілер маған сенді ғой, табысты жұмыс істей алатыныма көздері жетті.

F: Бизнестен неге кеттің? Режиссер болу туралы шешім қалай қабылданды?  Қайда  білім алдың?

- Негізі мен бизнестен кеткен жоқпын, бизнес менен кеткен шығар деп ойлаймын.  Себебі, сол бір 11 сыныптың аяғына қарай менде бір қызық кезең болды. Мектептен кейін міндетті түрде жоғары білім алуым керек, болашақта бизнеспен айналысамын деген мақсат қойдым,  осылайша жұмысты  уақытша қойып, оқуға түсу үшін дайындалып жүрген болатынмын.  Бір сөзбен айтқанда бизнесті емес, білімді бірінші орынға қойдым. Бірақ, көп ұзамай менің жоспарым өзгере бастады.  Он бірінші сыныпта жүріп, яғни 2014-2015 жылдары аралығында маған фото мен бейне түсіру қызық бола бастады.  Бірақ, менде басында  камера болған жоқ, телефонға түсіретін болдым,  камера алу керек болды. Ал бұл кезде ақшаны орнымен жұмсайтынмын,  жәйдан жай құрта бермейсін ғой. Ақшаның қадірін біле бастайсың, бірақ қызығушылығым қатты болды. Ақыры тапқан ақшамның бір бөлігіне камера сатып алдым. Содан, суретке түсіріп жүрдім, бірақ мен үшін бастысы табыс табу болған жоқ, себебі, мен кезінде интернет-дүкеннен одан жоғары таптым. Бұл маған бір хобби сияқты болды, сол процестен рахат алатынмын. Мен негізі кез келген істі ақша, атақ үшін емес, өзіме ұнайтын болғандықтан қолға аламын. Алғашында әкем режиссер боламын дегенде аздап қарсылық білдірді, бірақ кейін әке-шешем мені қолдады, себебі сенім артты. Сөйтіп жүріп Туркияға оқуға түсіп, бір жыл білім алдым, онда қарап жүрмедім, түрлі ресторандарға барып, олар туралы блогтар түсіріп, табыс таптым.

F: Қазірге дейін қанша және қандай қандай туындылар түсірдің? Олар қалай бағалануда?

- Қазірге дейін түсірген қысқаметражды жарнамалар өте көп. Көп жарнама,  клип түсірдік. Бірақ, оларды санамаппын. Біраз белгілі компанияларға жарнама жасадық, олардың ішінде әйгілі автобрендтер бар. Toyota, Iexus,  Yokohama туралы  роликтер түсірдік, одан кейін БҰҰ тапсырысы бойынша деректі фильмдерін жасадық және олар Нью- Йорктағы кеңесіне жіберіледі. Қазақстанда да үлкен кокмпаниялармен жұмыс істегенбіз, олардың ішінде BI Group, Esentay city  және т.б жарнамалар бар.

F: Қазір өз командаң жасақталып үлгерді. Олар кімдерден тұрады, кімдерден құралған?

- Бәрі де жоқтан басталды. Кездейсоқтықтар кездейсоқ болмайды деген қағидамен құрылды. Себебі, олардың бәрі маған өмірде кездескен адамдар. Жақсы болсын, жаман болсын менің бағыма қарай берілген жандар,   Алла оларды жасаған еңбегіме қарай кездестіріп отырған шығар. Осылайша  бірте-бірте команда құрылып,  мен олардың  қолдарынан іс келетініне, олардың бәріне  шыдамды, бәріне төзімді екеніне көзім жеттті. Біз  бәріміз бірігіп, биік белестерге бағыттайтын бірегей дүниелерді жасайық деген оймен қалыптастық. Менде вакансия жариялау, жұмысшы іздеу деген болған жоқ.

F: Сенің өнімдеріңе деген сұраныс қай кезде және қалай артты?

- Мен өз ісіме берілген сайын, менің өнімдеріме деген сұраныс арта берді. Мен неғұрлым өнімді арттырған сайын, соғұрлым өсе бастады. Бір орында тұру деген болған жоқ. Шығармашылық жолында әрбір күн  сайын, әрбір ай, жыл сайын үлкен қадамдар жасалды және қазірге дейін осылай жалғасып келеді. Мен жұмыс істейтін компанияларда бірінен кейін бірі пайда болды.   Сондықтан, кейде тағы бір үлкен компания шыққан кезде шынында да менің өніміме сұраныс бар екен ғой деген ойға келетін кездерім болады.

F: Саған идея қалай келеді? Қандай форматты, мазмұнды ұстанасың?

- Маған идея қайдан келеді?  Идея негізінен өз ойыммен оңаша қалғанда, өзімнің жан дүниеммен сырласқанда, табиғатқа аясында, саяхаттаған кезде  келеді. Әсіресе, сапарға шыққанда көп ақпарат жинайсын, бірақ олардың бәрі бір сәтте жинақтала бермейді. Иә, көп ақпарат алған жақсы, себебі олардың бәрі санаңда сақталып қала береді, біздің миымыз компьютер сияқты ғой, ақпарат сақтайтын өз папкасы бар. Ал ол папка сен жалғыз  қалған кезде ашылады және нәтижесінде жаңа шығармалар, идеялар пайда болады. Егер біз саяхаттамай, жаңа адамдармен таныспай, сөйлеспей, өзімізбен өзіміз жүретін болсақ, онда бұның бәрі депрессияға айналады.

F: Жалпы туындыларыңның мазмұны қандай? Қандай форматты ұстанасың?

- Мақсат, ұстаным біреу ғана: қысқа ғана уақыттың ішінде адамға бір үлкен ой салу. Менің бейнеролигімді,  жарнамамды көрген адам 60 секунд ішінде ерекше әсер алуы тиіс. Бір сөзбен айтқанда адамдар өз  өмірін, уақытын босқа кетірмей, сол туындылардан өзіне қажетті бір идея алып шықса екен деген оймен түсіреміз.

F: Қазіргі табысың қандай? Айлық, жылдық көлемін айтуға бола ма? Немесе бір ролик қаншаға бағаланады?

- Қазіргі табысым туралы айтатын болсам, бір жарнамаға  5-6 млн теңгеге дейін аламыз,  бұл жалпы продакшн қызметінің кірісі. Бірақ, мен үшін қазір табыс маңызды нәрсе емес, өйткені мен бастапқыдан тек оңай табыс үшін жұмыс істеген  болсам, онда қазірге дейін той түсіріп жүретін едім деп ойлаймын. Себебі, бұл кезде табыстың оңай жолы той түсіруде болды. Қазірде мен үшін табыс бірінші орында емес. Сапалы дүние жасалса, табыс өздігінен келеді, сондықтан, ең алдымен идея үшін жұмыс істеу маңызды.

F: New York Film Academy туралы айтсақ. Онда оқуға түсудегі мақсат қандай?

Комфорт аймағы деген бар, мен үшін New York Film Academy-бұл жайлы кеңістіктен  шығуға бағытталған қадам.  Мысалы, Қазақстанда бұрын түсіру жұмыстарының қиындығы көп болатын, рұқсат алу, актерлармен келісу қиындығы, күзетшілер бар, түсіру үшін ақы беру сынды проблемалар өте көп болатын. Кейін таныстар тауып, инстаграммның арқасында жазылушылар көптеп келе бастады. Астана,  Шымкент, Алматы туризм өкілдері қызығушылық білдіріп, түсіруге көмек берді, қолдау жасағандар пайда болды, үлкен тапсырыстар көбейді. Осылай үнемі комфорт аймағында  жұмыс істейсің және ыңғайлы кеңістіктен шығудың өзі оңай емес. Сондықтан, Америкаға аттану туралы шешім қабылдап,  бұдан да күшті нәрселерді түсіруді ойлап отырмын.

F: Алдағы жоспарың қандай? Жарнама, роликтерден бөлек үлкен дүние жасау ойда бар ма?

- Бұдан бір үлкен дүние жасау дегенде, менің ойымша  жарнама, ролик дегеннің өзі бір үлкен дүние. Бұның бәрі мен үшін бір бөлек әлем. Әрине, жасайтын шығармыз, бірақ киноға деген талпыныс жоқ. Бірақ қазір бір үлкен жоба дайындаудамыз, мүмкіндігі шектеулі жандардың қатысуымен адамдарға мотивация беретін жаңа ролик жасап жатырмыз.

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
13181 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Об авторе:
Загрузка...
6 апреля родились
Именинников сегодня нет
Самые Интересные

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить