Қазақстандық кәсіпкерлер Amazon мен Alibaba алаңдарында қаншалықты белсенді

Жаһандық онлайн сауда отандық бизнеске, экспортқа қалай ықпал етеді?

Ламбриан Топузидис
ФОТО: из личного архива
Ламбриан Топузидис

Бұл туралы Forbes.kz тілшісіне PR және корпоративтік коммуникациялар жөніндегі магистр, Нью-Йорк университетінің түлегі, журналист Ламбриан Топузидис айтып береді.

F: Ламбриан, алдымен журналистика саласында қай кезде келгеніңіз жайлы және АҚШ-тағы оқу орнына қай кезде аттанғаныңыз туралы білгіміз келеді? Бұл қандай бағдарлама болды? Онда қанша уақыт оқыдыңыз?

- Журналистикадағы тәжірибем алғаш 2002 жылы Павлодардағы жергілікті телеарнадан басталды. Мен ол кезде үшінші курс студенті едім. Алдымен жаңалықтар дикторы, көп ұзамай тілші бодым. Содан кейін 2011 жылы республикалық арнаға ауысып, жаңалықтар жүргізушісі болу бұйырды. «Qazaqstan» ұлттық арнасында әлі күнге дейін жұмыс істеймін. Онда жаңалықтар жүргізушісі, экономика тақырыбындағы айдарды әзірледім. Ал 2016 жылы білімімді жетілдіру мақсатында «Болашақ» бағдарламасы бойынша Америкаға аттандым. Нью-Йорк университетінде PR және корпоративтік коммуникациялар мамандығы бойынша магистратураны тәмамдап, жыл басында ғана өз жұмысыма қайтып оралдым. Қазір негізінен отандық технологиялар мен инновациялар бағытындағы материалдарды дайындаймын.

F: Өзіңіз меңгерген PR және корпоративтік коммуникациялар мамандығының маңыздылығы неде? Қазақстанда бұл сала қаншалықтты жолға қойылған? Американың артықшылығы неде?

- Қазақстандағы PR мәселесі бір бөлек, АҚШ-та бір бөлек. Қазақстанда бұл сала Америкадағыдай экономиканы алға сүйреуші фактор деп есептелмейді. Бұны біз мойындауымыз керек. Бізде мамандар бар, бірақ көп емес. Алайда, біздің қоғамда PR мәселесін басқаша түсінеді. Осы салада жүрген мамандардың функциялары бизнесті дөңгелетуге емес, бизнесті жарнамалау мен имидж құруға ғана бағытталған. Сол себептен коммуникациялар дұрыс жолға қойылмаған. Ал АҚШ-тағы PR департаментінің құрылымы туралы сөз етсек, оның жұмыс істеу принципі бизнесте де, мемлекетте де біркелкі. Онда БАҚ өкілдерімен, қаржылық институттармен, тұтынушылармен, инвесторлармен байланыс жүргізіледі. Сондықтан да АҚШ-тағы PR жетекшісінің аясына кіретін міндеттер өте көп. PR жетекшісі өз басшысының оң қолы саналады. Ол бүкіл компанияның дағдарыстан алып шығатын жоспарын әзірлеп, басшысының алдына әкеліп қорғап отырады. Инвестицияларды тарту жайындағы мәселелерге бетбұрыс қоғамымызда енді ғана сезіле бастағандай. Алғашқы мамандар дайындалды. Жаңа қосымшалар да пайда болып жатыр. Алайда, бұл тек алғашқы қадамдар ғана. Тәуелсіздік алған жылдары елімізге сырттан қаражат керек болған. Мемлекетке шетелдік инвесторлармен келіссөздер жүргізе алатын мамандар, «имиджмейкерлер» керек болған. Сөйтіп, егемендікпен бірге келген PR елімізге имидж жасаумен ғана шектеліп қалған. Біз әлі күнге дейін PR саласының барлық мүмкіндіктері мен толық потенциалын пайдаланып үйренбегенбіз. Ал, Болашақ бағдарламасында БАҚ пен медиа аясындағы қызметкерлерге арналған санат алты жыл бұрын ғана пайда болғанын ескерсек, осы арада шетелден оқып келген мемлекеттік органдарда, бизнесте жұмыс істей алатын медиа және PR мамандары санаулы ғана. Магистратурада, сондай-ақ, құнды қағаздардың нарығы қалай жұмыс істейтінін әлдеқашан білгім келген. Сол үшін инвестициялық қатынастар пәнін таңдадым. Ақырында бизнес компанияларының капиталы қор биржасындағы үдерістеріне тәуелді екенін түсіндім. Күн сайын қор биржасындағы акцияның қалай құбылып жататынын investment relations manager, яғни инвестициялық қатынастар жөніндегі менеджер қадағалап қана қоймай, күні-түні инвесторлармен телефонда отырады. Көп жағдайда уақыт айырмашылығы келмейтін кездерде инвестициялар жөніндегі менеджер инвестордың сұрағына толық, қандай да бір ақпаратты жасырынбай жауап беріп отыруы керек.

F: Әлеуметтік желіде жариялап жүрген негізгі тақырыпқа көшсек. Бұл тақырыпты қолға алуыңыздың себебі неде? Біз Amazon мен Alibaba алаңдарында қаншалықты белсендіміз?

- Мен АҚШ-та оқуда жүргенде, сол жақтағы адамдардың болашақты ойлап, алға қарайтындарына көзім жетті. Қазір Қазақстанның әрбір секторы біртіндеп сандық жүйеге көшіп жатқандықтан бұл мәселе мені де қызықтырмай қоймады. Себебі әлемде үздіксіз дамып келе жатқан технологиялар біздің елімізді де айналып өтіп жатқан жоқ. Мемлекетімізде IT стартаптар енді ғана қолданысқа енгізіліп жатқанда бұл тенденцияға бей-жай қарауға болмайды. Қазір қазақстандық компанияларды Alibaba.com-ға шығу жағынан көмектесетін QazTrade сауда саясатының даму орталығы барынша қолдау танытып жатыр. Орталықтың маркетинг пен электронды коммерция департаментінің директоры Өжет Шегірбаевтың айтуынша, 15 шілдеде Alibaba.com-да кезекті өтініш қабылдау мерзімі аяқталған болатын. Бір айдың ішінде 120 компаниядан өтініш келіп түскен. Алайда, талаптар бойынша тек 50 компания ғана өте алады. Олардың нарыққа қаншалықты дайын екендігі, өндірістің қуаттылығы, әлеуеті қарастырылады. Тиісті талаптарға сай келетін компанияларға ғана Gold Supplier, яғни ақылы аккаунт беріледі. Ол $3,000 бағаланады, бірақ шығын министрлік тарапынан толық өтеледі. Орталық тарапынан қосымша аккаунтты дұрыс жүргізу, әдемі безендіру, өнімдердің фотосуреттерін салу жағынан толық қолдау көрсетіледі. Кәсіпкерлер оқыту вебинарларына да тегін қатыса алады. Алайда, аккаунттың қолдану мерзімі 1 жыл. Оны тауарөндіруші компанияның өзі жыл сайын $1,500 төлеп, ұзартып отыруы керек. Gold Supplier аккаунты біздің кәсіпкерлер үшін жақсы мүмкіндік. Себебі, ол компания өнімдерінің толық тексерістен өткенін растайды. Кәсіпкерлердің белсенділігіне қарай Alibaba.com-нан әрдайым ұпай қосылып отырады. Ұпайлар тауарды алдыңғы қатарға шығарып, тұтынушыларға мейлінше көрінетіндей етуге мүмкіндік береді. Мұндай компанияларға шетелдік серіктестер, тұтынушылар сеніммен қарайды. Қазір Alibaba.com-да ақылы аккаунтпен шығып жатқан 61 отандық компания бар. Орталықтың сайтынан алынған деректерге сүйенсек, экспортқа кондитерлік өнімдерден бастап ұн, бал, ет, өсімдік майлары, сонымен қатар жиһаз, киім-кешек пен балаларға арналған бұйымдар 4,000 отандық тауар түрі ұсынылады. Сыртқы нарықтағы сауда көлемі қазір $45 млнға жеткен. Мысалы, қазақстандық етті экспорттайтын Optograd компаниясының Оман Сұлтанаты мен Біріккен Араб Әмірліктерінде орналасқан екі компаниямен коммуникациялар дұрыс жолға қойылған. Апта сайын әуе жолдары арқылы шетелдерге мұздатылған ет жіберіледі. Ол үшін Алматының іргесіндегі қасапхананың қуаттылығы күніне 10 тонна қой еті мен 10 тонна сиыр етін шығаруға қауқарлы. Сонымен қоса, басында жоспарламаған елдерден, мысалы, АҚШ, Канада, Еуропа, Таяу Шығыстан, Жапониядан сұраныстар келе бастады. Жақында Сауд Арабиясына тасымалдаулар жүйелі түрде жүреді.

F: Ал Амазонға кімдер шыға бастады?

- Жалпы, Amazon-ға кәсіпкерлеріміз Қазақстан атынан биыл мамыр айынан бастап заңды тұлға болып тіркелуге және банктік есепшот ашу құқығына ие болды. Сауда платформасына, білуімше, әзір екі қазақстандық компания шығып жүр. Технологиялар саласында Nommi компаниясы және Saumal сауда белгісімен шығатын қазақстандық құрғатылған бие сүті. Мысалы, осыдан бірнеше жыл бұрын жерлестеріміз Алёна Ткаченко мен Қайрат Ахметов еш сим-карта мен роумингті қажет етпейтін роутер ойлап тапқан. Тетікті Amazon-ға шығару үшін өз компанияларын АҚШ пен Сингапурда ашуға тура келді, себебі ол кезде Қазақстан Amazon-ның тізімінде жоқ еді. Қазір тетік сауда алаңында $170 доллардан саудаланып жатыр. Құрылғы 150 мемлекетте кез келген жердегі Wi-Fi нүктесіне жылдам әрі арзан қосылуды қамтамасыз етеді. Оны Wi-Fi-ға қосылғыш ретінде де, қуаттағыш ретінде де қолдануға болады. 2017-ші жылы Forbes-қа шыққан мақалада Nommi-ге қаржы құйған инвестор былай деген екен: «Егер компания АҚШ-қа шықпаған болса, мен бұл жобаға қызықпас едім». Сондықтан инновациялар құр инновациялар үшін өмір сүрмеу керек. Бұл шетелдік нарыққа шығатын технологиялар бағытында жалғыз һәм тұңғыш қазақстандық жоба дер едім. Сонымен қатар, Amazon сауда алаңына шығып жүрген екінші компания ол Saumal. Шын мәнінде үлкен сұранысқа ие, таза әрі табиғи отандық өнім, АҚШ-қа, Еуропаға, Гонконгқа экспортталады.

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
5179 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Об авторе:
Загрузка...
20 сентября родились
Айдын Рахимбаев
основатель и председатель совета директоров BI Group, №13 рейтинга 50 богатейших бизнесменов Казахстана - 2021
Самые Интересные

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить