Қазақстанда Digital форматындағы алғашқы цифрлық журнал қалай пайда болды

«ULYS» журналы қандай мәселелерді көтереді, қаржы көзі қайдан, авторы кім?

Бұл жайында Forbes.kz тілшісіне сұхбат берген жоба авторы, журналист Ержан Қалымбай айтып береді.

F: «Ulys» цифрлы журналын шығару туралы идея қашан және қалай келді? Құрылтайшылар кімдер?

-Диджитал журнал (digital magazine) шығару идеясы үш жыл бұрын ойға келді. Еуропа елдерінің әсіресе, Американың медиаларында болып жатқан жаңашылдықтарды үнемі қарап жүретінмін. 2010-жылдардан кейін көптеген журналдар әсіресе, сән әлеміндегілер бұл үрдісті жақсы пайдалана бастады. Бұрынғыдай қағаз түрінде тасып жүрмейсің, телефоныңдағы қосымша арқылы кез келген уақытта жүктеп алып, ыңғайлы жерде оқи бересің. Өткен жылы тіпті әйгілі «Тайм» журналы да диджитал түрінде де шығарып, жаңа технологиялардың жақсы мүмкіндігін барынша қолданғанын көрсетті. Бұл бір жағы заман талабы десе болады. Сонымен қатар, баспа мен қағаз үшін миллиардтар кететін қағаз нұсқасынан гөрі көп арзан және барынша интеректвиті, қызықты. Сондықтан біздің халық кімнен кем, біз де осындай журнал жасасақ деген ой келді. Көкейімде жүрген ойды Түркияда оқып, батыстың диджитал журналдарында азды-көпті тәжрибе жинаған Болат Әскерұлы деген ақпарат саласы маманына айтып, осы тақырыпта бірнеше рет ақылдасып, ақыры өзіміз де осындай жаңа дүние жасауға бел будық. Журналды «ULYS» деп атадық, «Ұлыс» көне түркі сөзі, мемлекет, империя деген ұғымдарға келетін қуатты код сөз. Екінші мағынасы «Ұлы іс». Құрылтайшысы өзім.

F: Digital форматындағы бұндай журналды шығару қыруар қаражатты талап ететіні белгілі? Қаржы көзі қайдан, қанша ақша салдыңыз, қолдау жасағандар болды ма?

-Әлбетте, жобаға біраз қаражат салуға тура келді. Осы уақытқа дейін жиған-тергенімізді салдық. Ол аздау болған соң Тұрғын үй-құрылыс банкіне жинаған қаражатты да осы салаға құюға тура келді. Әзірше ешкімнен қолдау алмадық, өзіміз де ешкімге алақан жайып бара қойған жоқпыз. Өз қаражатымды салып, шығарып жатырмын. Бірақ, қазір жарнама берсек деп өздері ұсыныс танытып жатқандар бар. Олар жаңашылдыққа қызығатындарын жасырмады. Сонымен қатар, бизнесте жүрген өзге де біраз адамдар ақшасын төлеп, мұқабаға шыққысы келетіндерін айтты. Бірақ, біз көбіне жастарды қолдайтындықтан, келіспедік. Бірінші бет тек ақылды, білімді, шетелде оқыған, көптеген тіл білетін, өзінің айтары ойы бар, беліглі бір деңгейге жетіп, үлкен жұмыстар жасаған білімді жастарға арналады.

F: Бұндай формат алғаш қай елде пайда болды? Қазірде әлем елдерінде қаншалықты қолданылады?

-Алғаш Америкада пайда болды. Батыс елдерінің көбінде бар. Тіпті, қазір АҚШ-та диджитал журнал оқитындардың арнайы статистикасы шығарылып тұрады. Танымал журналдардың бәрі осы түрге көшіп жатыр. Орталық Азия мен Ресейдің мұндай форматтағы журналдарын әзірше көре қоймадым. Өзбектер мен қырғыздар «біз де осындай журнал шығарсақ» деген ниетпен қызығушылық танытып, хабарласты.

F: Диджитал журнал негізінен қандай бағытты ұстанады, қандай тақырыптарды көтереді? Негізгі миссия қандай?

-Сараптамалық-танымдық материалдар береміз. Сапалы контентті бүгінгі ақпараттық технологиялардың жетістігін пайдалана отырып, аудиторияға ұсыну басты миссиямыз. Қоғам қайраткері Берік Әбдіғали ағамыздың «интеллектуалдық жоба» деп бағалуы, өзге де белгілі адамдардың жоғары бағалауы бізге шабыт береді. Сосын отандық жас сарапшылардың қалыптасуына ықпал етсек деген ой бар. Себебі, қазір біз кез келген оқиғаға өзге елдердің ақпарат құралдары көзімен қараймыз. Сондықтан алдағы уақытта елде немесе әлемде болып жатқан қандай да бір оқиғаға өзіміздің сарапшылар, ұлттық мүдде тұрғасынан баға беру керек. Бұдан тыс, қазірде арзан ақпараттар көп. Ал халық олардан бір жағы шаршады. Бұқараның талғамын да жоғары деңгейге көтерсек деген ниет бар. Қазақ тілінде шығатын медиалар арасында әлемде болып жатқан ахуалдарға, саясат, экономикаға т.б өткір тақырыптарға қатысты сараптамалық дүниелер беретін медиалар өте аз. Әзірше, екі-ақ адамбыз.

F: Авторлар кімдер? Командада кімдер бар?

-Авторларымыз — көбіне нақты бір салаға маманданған стратегиялық зерттеу институттарының өкілдері. Түркі және Орталық Азия елдерінен. Себебі, аталған салаларға басымдық береміз. Сұлтан Ыбырай, Жанат Момынқұлов, Нұртас Смағұлов, Айдос Тайбекұлы, Айболат Дәлелхан, Серік Бейсембаев, Өмірбек Қанай, Қайырбек Арыстанбеков, Ғабит Қонысов, Сәкен Мұқан мен Исатай Минуаров сынды әр саланың білгірлері түрлі тақырыптарда қызықты сараптамалар жазып тұрады. Алыс-жақын шетелдерден Дінмұхаммед Аметбек, Дастан Ақаш, Олимжан Собыр, Абдрасул Исаков, Сүер Екер, Сердар Йылмаз, Гөкхан Гүлер т.б. сынды мықты ғалымдар, сарапшыларымыздың материалдары «Ulystyn» салмағын арттырады. Лаура Болатова, Ернат Қашқынов пен Шынар Әбілда сынды мықты аудармашылардың да толымды дүниелерін беріп, атсалысып тұрады.

F: Журналды жеке қаражатыма аштым дедіңіз. Ал жалақы, гонорар мәселесі қалай шешілуде?

-Иә, қаламақы мәселесін бұйырса, осы жылы толық ретке қоямыз деген мақсатымыз бар. Ал әзірше жастардың көбі өз ынта-жігерлерімен, ниеттерімен жазып жатыр. Өйткені, еңбектің өтеуі болу керек. Олар да ұлттық мүдде үшін жасалып жатқан дүниеге зор қызығушылық танытып, журналымыздың дамуына бар күш-жігерлерін салуда. Осы идеяның басы-қасында жүрген жанашыр азамттарға алғысым шексіз.

F: Digital форматының ерекшелігі неде? Цифрлы жүйе қалай қызмет етеді? Оқырман үшін қандай жаңалығы бар?

-Бұл журнал бүгінгі оқырман үшін барынша ыңғайлы. Қосымшаса бар мультимедиялық жоба. «ULYS» танымдық-сараптамалық халықаралық журналын google play мен app store-дан тегін жүктеп, оқуға болады. Интерактивті түрде нұқу арқылы материалды оқи аласыз. Жалықтырмайды, керісінше арнайы эффектілер адамды тарта түседі. Технологиялық революциядан кейін дүниеге келген буын ақпараттық-технологиялардың заманауи түрін терең меңгерген. Олар ақпаратты цифрлық арналар арқылы алуды жақсы әдетке айналдырған. Қазіргі буынның ақпарат қабылдау ерекшелігі, мінез-құлқы тіпті өзгерген. Біз дәстүрлі медиа арқылы олардың көңілін таба бермейміз. Мәселен, өткенде ғана журналымызға осы тақырыпқа қатысты сараптама бердік. Сауалнамаға қатысқан студенттердің біреуі де газет-журнал оқымаған, республикалық ірі басылымдардың атын да білмейтін болып шыққан. Ең қызығы — бір студент газетті бір жыл бұрын соңғы рет көргенін, оның өзінде терезе сүрту үшін қолға алғанын айтқан. Демек, біз осы саладағы жастардың талғамына сай келетін медиа әлі де жасай алмай жатырмыз. Сондықтан диджитал медиа – ол болашақтың медиасы.

F: Әрине, басылымды ашу бір бөлек, ал тұрақты түрде шығарып отыру өз алдына қиын мәселе. Журнал салынған қаражатты ақтай ала ма? Жарнама, демеушілер тарту ойда бар ма?

-Қазақстанда жеке медиа ашу әсіресе, қазақ тілінде шығатын газет-журнал ашу әрі оны жүргізу қиын деген ұғым бар. Ол рас та. Себебі, ақпарат құралдарының көбі мемлекет тапсырысын орындаудан аспайды. Сондықтан өсіп келе жатқан қазақтілді онлайн нарықтың жаңа медиа мен соны ақпарат көзіне деген сұранысы күшті. Сондықтан, бір-екі жылдың ішінде журналдың өзі-өзін ақтай алатынына көзім жетті. Себебі, қазірдің өзінде Түркия және Қазақстанның ондаған компаниясы хабарласып, жарнама бергісі келетіндерін айтты. Жуырда алғашқы келісімшартты жасамақпыз. Себебі, біз жарнаманы да замануи етіп, диджитал талғамға негіздеп жасап бере аламыз. Ал жалпы қазақ тілді нарық әлі толық игерілмей жатыр.

F: Цифрлы форматта шекара жоқ. Шет тілдерінде шығару жоспарда бар ма?

-Дұрыс айтасыз. Қазірдің өзінде әлемнің 10-нан астам елінен 8 мыңға жуық оқырман біздің қосымшаны жүктеп алған. Әу баста тек қазақша ғана шығардық. Бірақ, түркітілдес халық өкілдері өз ұсыныстарын жасады. Сонықтан, арасында түрікше, өзбекше, қырғызша, башқұртша, әзербайжанша да мақалалар, терең сараптамалар шығып тұрады. Бұл бір жағы түркі тілдерінің рухани интеграциясына да өз септігін тигізіп жатқан жобаға айналды. Жуырда ulys.kz атты сайтымызды да іске қостық. Журналда шыққан материалдар мен маңызды ақпараттарды жариялап отыратын боламыз. Сайтымыз алдағы уақытта түрікше, ағылшынша да хабар таратады.

Ержан Қалымбайұлы

Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін журналистика мамандығы бойынша оқығам. Аталған университеттің магистратурасын бітіргем.

Ыстамбұл университетінің докторанты, бұқарамен байланыс бойынша.

АҚШ-тың IVLP бағдарламасын оқыған.

Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан», «Айқын», «Жебе» газеттерінде жұмыс істегем.

«Хабар», «Еларна» және «Қазақстан» телеарналарында журналист болғам.

: Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
4603 просмотров
Поделиться этой публикацией в соцсетях:
Об авторе:
Загрузка...
19 февраля родились
Ажмат Алимов
Директор ТОО «Региональный центр развития Алматинской области»
Анес Бижанов
Председатель совета директоров AMF Group
Самые высокооплачиваемые диджеи мира

Все цифры отражают доходы за период с июня 2017 по июнь 2018 года до вычета налогов

Самые Интересные

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить