Балаларға арналған бейнеконтентті кімдер жасайды?

19649

Осыдан он жыл бұрын қазақ бүлдіршіндері тек Balapan телеарнасын білетін, ал қазір балаларға арналған бейнеконтент әлеуметтік желіде де кең тарауда

«Шаңырақ» арнасының жобасы
«Шаңырақ» арнасының жобасы

Біз балалар контентін жасайтын YouTube арналарын зерттеп, қаралым мен белсенділік бойынша 15 арнаны таптық. Оның 7-і танымдық бағытта, 3-і үнемі мультфильм көрсетеді,ал  қалған 5-і ойын-сауық форматында контент жүргізеді. Танымдық контент жүргізетін арналар тек қазақ тілін қолдайтындай көрінді, бірақ тіл үйрету және ғылыми бағыттағы контентті байқай алмадық.

Torghai-TV – 2015 жылы құрылған, қазақша ән мен биге негізделген YouTube жоба. Авторы – Дәурен Зейнолланың айтуынша, арнаны құру идеясы отбасында бірінші баласы дүниеге келген соң пайда болған. Ұлының YouTube желісіндегі қазақша бейнежобаларды түгел көріп, ағылшын тілін өздігінше үйреніп бастауы – «дәл сол контентті неге қазақша жасамасқа?» деген сұраққа алып келген. Арнаға алғаш салынған «Әліппе» бейнебаяны қазірдің өзінде 18 млн қаралым жинаған. Көрермендердің ықыласы арқылы «Пішіндер», «Санау әні», «Түстер» және «Аю әні» бейнелерін шығарған. «Аю әні» арнадағы ең танымал бейне, 85 млн қаралым жинаған.

Ал «Шаңырақ» жобасы 2023 жылдың мамыр айында ашылған. Басты мақсаты – балаларды ұлттық құндылықтармен таныстырып, қазақ тілінде тәрбиелеу. Бала кезінен қазірге дейін бірге өскен сегіз адам арнаның ашылуы мен дамуына еңбек сіңіріп жүр.

Біз осы екі арнаның авторларымен және балалар психологымен әңгімелесе отырып, еліміздің ақпараттық және медиа кеңістігінде балалар тамашалай алатын қазақша контент неге аз деген мәселені талқыға салдық.

Нұрболат Бабахан
Нұрболат Бабахан

Байыппен қарасақ, бүгінде тек балалар ғана емес, ата-аналар да шетелдік арналарға құмар. «Шаңырақ» арнасының басшысы Нұрболат Бабаханды бұл сұрақ әлі де ойландыруда. Оның айтуынша, «шала қазақша сөйлеу» қазіргі күні үйреншікті жағдай. Осы себептен контент түсірмек түгілі, қазақша сөйлеудің өзі кей адамдарды қызықтыра қоймайды. Ұжым мүшелері шетелдік арналарды зерттейді екен. Зерттеудегі басты мақсат – қазақ қоғамын барынша қазақ тілді контентке тарту.

Өз кезегінде, Torghai-TV арнасының өкілдері «қазақша контент аз емес» деген пікірде.

«Бүгінгі таңда қазақ тіліндегі контент аз деп айтпас едім. Егер біз контент әзірлеп бастаған уақыт пен бүгінгі күнді салыстырар болсақ,  жағдай әлдеқайда тәуір, біз сияқты біраз арна бар. Мен бұған өте қуаныштымын. Маған басқа арналардың шынайы адамдарды кейіпкер ретінде түсіретіні ұнайды. «Ата-аналар қазақша контентті қолдамайды» дегенмен де келіспеймін. Менің арнам қарапайым халықтың қолдауының арқасында жұмысын тоқтатқан жоқ. Қазір елімізде қазақша сөйлейтін азаматтардың үлесі басым, сондықтан қазақ контентіне деген қызығушылық пен қолдау тек артып келеді. Жалпы, бұл ата-ананың өз баласын тәрбиелеуге қалай қарайтынына байланысты. Егер олар қазақ тілін «қажет емес» деп есептесе, мемлекеттік тілде сапалы мазмұн бар болсын, жоқ болсын, олар балаларына өзі сөйлейтін тілде тәрбие береді», - дейді Дәурен Зейнолла.

Негізі, бұл екі жоба да тек қазақша контент ұсынуды жөн көреді. Ал бейнесюжеттерге балалар да өз әсерін тигізеді екен. Мысалы, «Шаңырақ» арнасы сценарий жазу барысында ең алдымен балалармен ақылдасып, «миға шабуыл» сынды тетіктерді қолданады. Ал Torghai-TV басшысы кішкентай қызының қалауына қарай ән жазуға бет бұрады екен: жобадағы «Мысық» әнінің пайда болуына қызының мысыққа деген көңіл ықыласы әсер еткен.

Torghai-TV арнасынан скриншот
Torghai-TV арнасынан скриншот

Желідегі балаларға арналған өзге де бейнежобаларды зерттеу барысында олар халық әндерін балалар стиліне өзгерткенін байқадық. Көбісінде контент мазмұны шетелдік арналардан алынбаған. Десе де, сол арналарды тамашалайтын қазақ балаларын тарту үшін «Шаңырақ» жобасының кейіпкерлері шетелдік арнадағы киім үлгілерін көшірген екен. Жалпы, бұл арна қазақ аңыздары мен ертегілерінде болған батырларды кейіпкер ретінде алған. Мысалы, Бәкеш, Дәкеш, Палуан, Алау.

«Палуанды сомдайтын Ерман есімді жігіттің физианомиясына, дене бітіміне қарап, Қажымұқан атамыз еске түседі және балуанды елестете отырып, сол кісіге ұқсатуға тырыстық. Алау – Алдар көсенің прототипі. Кей адамдардың ойынша, Алдар көсе тек алдаумен, байларды тонаумен айналысқан. Шын мәнінде мүлде олай емес. Ол кісі өзі секілді қарапайым халықтың көзін ашып, мәселелерін шешіп, керекті білім берген. Біздің Алау да достарының ішіндегі ақылдысы және сол ақылын өзгелермен бөліседі. Дәкеш және Бәкеш өзіміздің кішкентай бүлдіршіндердің прототипі. Әрқашан жаңа ізденіс пен білімге құмар балалар», - дейді Нұрболат Бабахан арна контентінің кейіпкерлері жайлы.

Ал Torghai-TV арнасы «шетелдік контент авторларына соқыр еліктемеу» деген қағиданы ұстанады.

«Контент жасауда біз дәстүріміз бен халқымыздың ерекшеліктерін ескеруге тырысамыз. Бүгінде әлеуметтік желілерде қысқа бейне форматында көптеген вирустық контент бар. Бұл контент біздің қоғамда қабылданған мінез-құлық нормалары тұрғысынан қолайсыз. Егер сізге белгілі бір шетелдік автордың форматы ұнаған болса, бәрін соқыр түрде көшіруге асықпаңыз, кейбір нәрселер міндетті түрде қайта өңдеуді және біздің менталитетімізге бейімделуді қажет етеді. Бүгінде жеткіншектер тұтынатын орыс тілді ресейлік контент көп делік және онда көрсетілгеннің барлығы салт-дәстүрімізге, тіпті, дүниетанымымызға сәйкес келмеуі мүмкін. Ағылшын тіліндегі контент те біркелкі емес, пайдалы бейнелер бар, бірақ біздің балаларымызға сәйкес келмейтін мазмұн да аз емес. Осы себептен, ата-аналар балаларының не көретінін бақылауы керек. Бір сөзбен айтқанда, американдық контентмейкерлерден сапа мен форма тұрғысынан алатындар бар, бірақ сіздер түпкілікті өнімді біздің қазақ аудиториясына ұсынатындарыңызды ұмытпаңыздар», - дейді Дәурен Зейнолла.

Осы тұста YouTube желісіндегі контенттің бала миына әсері жайлы психологтан да сұрап көрдік.

Әсем Ілесбай
Әсем Ілесбай

«Егер бала 3 жасқа келмесе, YouTube жобаларын аздап көрсету керек. Бала дамуды телефоннан емес, сырттан іздеп, оған қоршаған орта қызық болу керек. Ал 3 жастан кейін белгілі бір уақыт аралығында ғана көруге рұқсат берген жөн. Саналы ата-аналар демалыс күндері бір сағат, балабақшадан кейін жарты сағат беруі мүмкін, одан көп емес. Сол кезде YouTube-тың көмегі тиеді, белгілі бір сөздер мен іс-әрекеттерді үйренеді. Ескеретін жайт – әлеуметтік желіде дофамин саны өте көп. Баланың миы оны қорытып үлгермегендіктен, шамадан тыс толқу болуы мүмкін. Яғни, нерв жүйесіне әсер ететін әрекеттер пайда болады, осыны ұмытпау керек» , - дейді балалар психологы Әсем Ілесбай.

Психолог маман цифрлық аутизм түсінігінің қазіргі күні белең алып жатқанын атап өтті. Қазір балалардың миында «мына әлем маған қауіпті, одан да digital әлемде өмір сүрейін» деген ойлар болуы мүмкін. Бұл баланың дамуына, қоғамда өзін ұстауына тікелей әсер етеді. Сондықтан қазірден оның алдын алу жолдарын қарастыру керек, дейді ол.

Бірақ, дейді балалар психологы, контенттің дамуының бала үшін де оң әсері бар.

«Балалар қазір өздерін еркін әрі дұрыс жағынан көрсетіп, дамыта алады. Желідегі контент балаға нақты түрде пайдасын не зиянын тигізіп жатыр деп шешім қабылдау қиын. Барлығы баланың көретін дүниесі мен ата-анасының қадағалауына байланысты», - дейді Әсем Ілесбай.

Желідегі арналар өкілдерімен сұхбаттасу барысында қаржыландыру мәселесі тығырыққа тірейтінін байқадық. Балалар контентін жасаушы авторлар, 2022 жыл – Балалар жылы деп, мемлекеттен көмек күткен, алайда қолдау болған жоқ, дейді олар.

«Шаңырақ» арнасының басшылығы, бір видеоның құны кем дегенде 100 мың теңгені құрайды, деп отыр. Өкініштісі сол – түсірілім жұмыстары ұжым мүшелерінің жалақысы түскен кезде ғана жүргізіледі. Осы себептен жарнама мен PR жағы да ақсап тұр.

Бұл пікірмен Torghai-TV авторы да келіседі. Арна ашылған жылы олар YouTube арқылы табыс табуға тырысқан. Бірақ Google платформасы арқылы бейнені монетизациялау елімізде қиындау болса керек.

«Осыдан 7–8 жыл бұрын кәсіпкерлер Youtube-қа жарнама беруді жөн көрмейтін, сондықтан 2015–2017 жылдар аралығында платформада ақша табу өте қиын болды. Содан да Youtube-тен алған пайда арнаның бейне жасауға қажет шығындарын өтей алмады. Біз үшін халықтың ыстық ықыласы – басты жетістік», - деп отыр Дәурен Зейнолла.

Ал «Шаңырақ» арнасы «өзге елдердің балалары қазақ халқы жайлы жақсы пікір қалыптастырса екен» деген мақсатта ағылшын тіліндегі жобаның жұмысын бастап кеткен. Арна ұжымы қаржы жағынан қол ұшын созғысы келетін кәсіпкерлер табылса деп үміттенеді. Torghai-TV жобасы болса қаржыландыру мәселесіне мемлекеттің қатысқанын қалайды. Мысалы, қазақша контент жасайтындарға жеңілдіктер беріп, оларды салық төлеуден босатса дегендей.

Қазір елімізде балаларға арналған «Балапан» арнасы ғана бар. Ал Ресейде 10-нан аса балалар телеарнасы кең танымал. 2021 жылы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысы бойынша балаларға арналған танымал телеарналардың мультипликациясын қазақ тіліне аудару жобасы іске асырылып басталды. Балалар арасында жоғары сұранысқа ие TiJi және Nickelodeon телеарналарының аудиожазбаларын отандық кабельдік телевизия бойынша кемінде 600 сағат дубляждық аудару және трансляциялау жоспарланған. «Nickelodeon» арнасының 70 елде 22 тілде, «TiJi» арнасының 20 елде 14 тілде хабар тарату тәжірибесі бар. Жоспар орындалды және Nickelodeon арнасының мультфильмдерінің қазақша нұсқасын YouTube-тан да табуға болады.

Фотосуреттер кейіпкерлердің жеке архивінен өз рұқсаттарымен және Torghai-TV, «Шаңырақ» арналарының сайтынан арна басшылығының рұқсатымен алынған.

   Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter

Орфографическая ошибка в тексте:

Отмена Отправить
АЛЕКСАНДР ГЕРЧИК: $20 МЛН ЗА 25 ЛЕТ В ТРЕЙДИНГЕ Смотреть на Youtube