Майқайың алтын кенішінде қос құтқарушыны іздеу жұмыстары қайта жанданды

«Майқайыңалтын» АҚ жер астына автобуспен бірге түсіп кеткен азаматтарды іздеу жұмыстарын қайта жалғастырды. Кәсіпорынның жаңа басшылығы ойық астында жатқан қос құтқарушыны қайтсе де іздеп табуға бел байлаған тәрізді.

Аталған компания биылғы ақпан айының соңында кеніштегі құрдымға құлаған автобус пен оның ішіндегі екі азаматты іздеу жұмыстарын тоқтатып тастағаны туралы хабарлаған едік.

«Майқайыңалтын» АҚ-ның жаңадан тағайындалған директоры Қайролла Жүрсінбаев 13 мамырдан бастап қос құтқарушыны іздеу жұмыстарын қайта жандандыру туралы шешім қабылдаған. Бұл туралы құтқарушы Айдос Шаймерденнің жары Нұрсұлу Шаймерден хабарлады.

Айта кетейік, А.Шаймерден – ойық астында жатқан екі азаматтың бірі. Ол кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы Павлодар филиалында жедел алдын алу жұмыстары жөніндегі взвод командирінің орынбасары болып қызмет атқарған. Ал екіншісі – жедел автокөлік жүргізушісі Айып Тілеубергенов.

«13 мамырдан бастап Айдос пен оның әріптесін іздеу жұмыстары қайта басталды. Біздің отбасымыз бұл күнді ұзақ уақыттан бері тағатсыздана күткен едік. Құтқарушылар жақын адамдарымызды тауып алатынына сенімдіміз. Кәсіпорын басшылығы айтқандай, ең әуелі ойық маңында кен жыныстарын қазу жұмыстары жүргізіледі. Содан соң кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы Павлодар филиалының құтқарушылары іске кіріседі. Қазіргі уақытта жұмыстар тәулік бойы жүргізіліп жатыр. Бас директор Қайролла Жүрсінбаев жер астында жатқан қос азаматты тауып алған соң ғана шахта іске қосылатынын жеткізді», - деді Нұрсұлу Шаймерден Kazinform агенттінінің тілшісіне берген сұхбатында.

«Майқайыңалтын» АҚ-ның жаңа басшылығы іздеу-құтқару жұмыстары туралы ақпарат беруден бас тартып отыр.

Тау-кен металлургиялық өнеркәсібінің салалық порталы metalmininginfo.kz хабарлағандай, «Майқайыңалтын» АҚ инвесторлары алтын кенішіндегі өнеркәсіптік қауіпсіздікті бағалау, сондай-ақ іздестіру-құтқару шаралары мен кен өндіру жұмыстарын жалғастыру үшін «Алтыналмас АК» АҚ компаниясын тартқан. Соған орай 26 сәуірде жаңа директор тағайындалған. Жаңа басшылықтың алдында тез арада қос құтқарушыны тауып, өндірісті толыққанды іске қосу міндеттері тұр.

Еске сала кетейік, Нұрсұлу Шаймерден бұған дейін күйеуінің тірі екеніне ешқандай үміті жоқ екенін, құтқарушылар мүрдесін қазып берсе, арулап жер қойнына тапсыру соңғы тілегі екенін айтқан еді. 

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Ошибка в тексте