Криптовалютаны қолма-қол ақшаға айырбастап 15 млрд теңге пайда тапқан екі адам сотталды
ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті заңсыз кәсіпкерлік фактісі бойынша А.В.Кучукова мен Е.Т. Садыровқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқтады.
Агенттіктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталған азаматтар криптовалютаны қолма-қол ақшаға айырбастап, аса ірі мөлшерде табыс тапқан.
Заңсыз қызметтен түскен ақша айналымы 15 млрд теңгені құраған. Олар 1,5-нан 2,5% - ға дейін сыйақы комиссия алып отырған.
Мемлекет кірісіне криптовалюта әмиянының балансындағы 22894,5 USDT мөлшерінде қамтамасыз етілмеген цифрлық активтер, 328 мың АҚШ доллары және 7 млн теңгеге жуық ақша тәркіленді.
Сот А. В. Кучуковты мүлкін тәркілеп, 3 жыл мерзімге, ал Е.Т. Садыровты мүлкін тәркілеп, 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырды.
«Қазақстан аумағында заңды тұлғасыз және лицензиясыз айырбастау операцияларын жүзеге асыруға тыйым салынғанын ескертеміз»,-делінген хабарламада.