«БерАли» компаниясының бұрынғы жұмысшылары «Өзенмұнайгаз»-бен келісімге келді

Еңбек дауы бойынша қарсылыққа шыққан «БерАли» компаниясының бұрынғы жұмысшыларының мәселесі оң шешімін тапты, деп хабарлайды «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамының баспасөз қызметі.

«Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде «БерАли Маңғыстау компаниясы» ЖШС-нің бұрынғы қызметкерлерімен келісімге қол жеткізілді. Олар «Мөлдір Мұнай Сервис» ЖШС-ға жұмысқа орналасу туралы осыған дейінгі ұсынысты қабылдады. Аталған компанияға жұмысқа ауысқаннан кейін «БерАлидің» жұмысшыларының бұрынғы еңбек жағдайлары толықтай сақталады. Компанияның бұрынғы қызметкерлерін жұмысқа орналастыру шаралары «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының қағидаларына сай жүргізіледі», - делінген ресми хабарламада.

Ақпаратта айтылғандай, аталған жұмыс қолданыстағы заңнамалар аясында іске асырылады.

Еске сала кетейік, биылғы 10 сәуірде Энергетика министрлігі ғимаратының алдына «БерАли» компаниясынан шығып қалған қызметкерлер жиналып, өздерін «Өзенмұнайгаз» АҚ-ға штатқа жұмысқа алуды талап етті.

11 сәуір күні қарсылық акциясына қатысқан 70-ке жуық жаңаөзендікті Астана полициясы ұстап әкетті.

12 сәуірде мұнай компаниясынан шығып қалған жұмысшылар Жаңаөзенге қайтатынын мәлімдеді.

Ал 7 маусымда Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев «БерАли» компаниясының бұрынғы қызметкерлерімен кездесті. Кездесуде жиналғандарға жалақы мен еңбек жағдайларын сақтай отырып, «МөлдірМұнайСервис» ЖШС-ға ұзақ мерзімге (3 жыл) жұмысқа орналасу ұсынылды.

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Выбор редактора
Ошибка в тексте