Римде қазақстандық дизайнерлер мен зергерлер топтамаларының таныстырылымы өтті

 Қазақстанның Италиядағы Елшілігінде «Салт-дәстүр және заманауи Қазақстан – ғасырлар тоғысында» атты тақырыпта қазақстандық дизайнерлер мен зергерлер топтамаларының таныстырылымы өтті. Оған итальяндық дизайнерлер, өнертанушылар, суретшілер, дипломатиялық корпус өкілдері, журналистер және т.б. бар 100-дем аса адам қатысты.

Таныстырылымның мақсаты – итальяндық аудиторияны сәндік-қолданбалы өнерде болып жатқан үрдістер арқылы Қазақстанның ұлттық салт-дәстүрімен таныстыру, себебі ол кез келген мәдениеттің құрамдас бөлігі және қалыптасу құралы болып табылатын бірегей тарихты, дәстүрді және ұлттық мұраны бейнелейді.

Іс-шараға қатысушылардың алдында сөз сөйлеген Қазақстанның Италиядағы Елшісі Ерболат Сембаев еуропалықтардың Азиямен танысуы итальяндық атақты саяхатшы Марко Полоның Ұлы Жібек жолының едәуір бөлігі өткен қазіргі Орталық Азия аумағын мекендеген халықтардың салт-дәстүрлері мен өмір салтының ерекшеліктерін суреттеген шығармаларынан бастау алғанын атап өтті.

«Біз ата-бабаларымыздың далалық жан дүниесінің өзіндік ерекшелігі мен сұлулығы туралы қазақстандық дарынды киім және зергерлік бұйымдар дизайнерлерінің топтамаларындағы жарқын бейнелер арқылы жеткізгіміз келеді», – деді Е. Сембаев.

Таныстырылымды бас директоры Самал Төлеңгітова болып табылатын «Tekemet-Syrmak» компаниясының киізден жасалған бұйымдар топтамасы ашты. Көрермендерге киізді жібекке басып, жібек матаға ерекше өрнектер жасауға мүмкіндік беретін, заманауи технологиямен үйлестірілген дәстүрлі қолөнер арқылы жасалған шапандар мен шарфтар көрсетілді.

Одан әрі қазақстандық сәнгерлер көпшілік назарына Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі, белгілі суретші-зергер Нұрдос Әлиасқаровтың әшекей бұйымдарын ұсынды. Ұлттық нақышта жасалған сырға, білезік сынды әйелдердің түрлі әшекейлері көрсетілді.

Сонымен бірге сәнгерлер заманауи дизайнда әмбебап киім үлгісі болып табылатын этно-дизайнер Тәрбия Айдымбаеваның әйелдер мен ерлер шапандарының топтамасын көрсетті. Таныстырылым қалыңдықтың дәстүрлі той киімін көрсетумен аяқталды.

Қонақтар сондай-ақ кілем және басқа да киізден жасалған бұйымдар көрмесін тамашалады.

Таныстырылым аясында қонақтарға концерттік бағдарлама да ұсынылды. Қазақстандық студенттер А. Бабағұлова, А. Қадыржанов және Т. Құралов атақты қазақ композиторларының күйлерін орындады. Ал опера әншісі Л. Әли «Бұлбұл» әнін шырқады.

Халқымыздың ұлттық киімдерін сәнгерлер болып көпшілікке Италия университеттерінде оқитын қазақстандық студенттер көрсетті.

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Популярное
Выбор редактора
Ошибка в тексте