Астанада сенбілік кезінде 8 мыңға жуық ағаш отырғызылды

29 сәуірде Астанада «Жасыл Астана» эко-айлығы аясында алғашқы жалпықалалық сенбілік өтті. Оған қатысқан белсенділер елорданың бес ауданына сегіз мыңға жуық жасыл желек отырғызды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Жалпы қалалық сенбілікке 62 мыңнан астам адам қатысты. Олардың ішінде қала тұрғындары, еңбек ұжымдары, мемлекеттік органдардың қызметкерлері, бизнес өкілдері және т.б. бар.
Олардың әрқайсысы елордада тазалық пен тәртіптің орнауына өз үлесін қосты.

Қала тұрғындары бүкіл кіреберістер мен өз аулаларының тазалығына атсалысты.

«Бүгін сөмкемізді арқалап, қолғаптарымызды киіп, қолымызға күрек алып, жалпы сенбілікке шықтық. Тіпті балалар да бізбен бірге қоқыс жинады. Ағаштардың түбі әктеліп, ретке келтірілді. Тазалықтың орнағанына қуанып отырмыз. Әрі мұндай іс-шаралар көршілерді бір бірімен жақындастыра түсіп, өзара тату етеді», - дейді Қосшығұлұлы көшесіндегі үйдің тұрғыны Бақыт Құспетова.

Сенбілікке қатысушылар өз учаскелерін белсенді түрде көгалдандырды. Бір күнде қалада сегіз мыңға жуық ағаш отырғызылды.

«Ауламызға ағаш отырғызылды. Уақытылы күтім жасалса қоршаған ортаға пайдасы зор болмақ. Аптап ыстықта күннен қорғайды деп сенеміз. Көршілерімізбен бірге отырғызып, айналаны бірге тазарттық», - деді астаналық Михаил Прошин.

Сенбілік барысында елордадан мың тоннадан астам қоқыс жиналып, шығарылды. Қаланың 3,3 млн шаршы метрден астам жері тазартылды.

Елордада сенбіліктер сериясы алдағы уақытта да жалғасады.

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Выбор редактора
Ошибка в тексте