Емханалар қазақстандықтарға МӘМС бойынша 52 мыңнан астам жалған қызметтерді қосып көрсеткен

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының сарапшылары тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша көрсетілген қызметтердің сапасы мен көлеміне тұрақты түрде мониторинг жүргізіп келеді.

2022 жылғы мониторинг нәтижелеріне сүйенсек, қор сарапшылары 3 млн-нан астам кемшілікті анықтады. Салыстырар болсақ, 2021 жылы бұл көрсеткіш 1,9 млн-ды құраған еді. Оның ішінде 403,3 млн теңгеге 52 621 жалған жазба жазылған.

Жалған жазбалардың дені Астана қаласында (26 789 немесе 50,9%), Ақмола (5 774 немесе 11%) және Қызылорда (5 076 немесе 9,6%) облыстарында анықталды.

Медициналық көмек түрлеріне жіктеп айтсақ, жалған жазбалардың көбі жан басына шаққандағы кешенді нормативтен тыс консультациялық-диагностикалық қызметтерге тиесілі (52 621 немесе 99%). Қалған 508 жалған жазба мынадай көмек түрлерінде кездеседі: амбулаториялық-емханалық көмек, стационарлық көмек түріндегі мамандандырылған медициналық көмек (тәулік бойғы стационар), стационарды алмастыратын көмек, қалпына келтіру емі және медициналық оңалту.

Жан басына шаққандағы кешенді нормативтен тыс консультациялық-диагностикалық қызметтер бойынша жалған жазбалар 297 медициналық ұйымда анықталған. Оның 180-і (60,6%) – мемлекеттік, 117-і (39,4%) – жекеменшік.

«Құқық бұзған» денсаулық сақтау субъектілеріне қатысты айыппұл санкциялары қолданылды.

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Выбор редактора
Ошибка в тексте