АЭХА Қазақстанның ядролық энергетикалық инфрақұрылымды дамытудағы прогресін бағалады

Қазақстан Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (АЭХА) ядролық инфрақұрылымды шолу жөніндегі алдыңғы миссиясының ұсынымдарын орындауда прогресске қол жеткізді, деп хабарлады бүгін АЭХА халықаралық сарапшыларының тобы,деп хабарлайды ҚР ЭМ баспасөз қызметі.

Ядролық инфрақұрылымды кешенді шолуды (INIR – Integrated Nuclear Infrastructure Review) кейіннен бағалау жөніндегі команда 2023 жылғы 28-31 наурыз аралығында Қазақстанда өткен төрт күндік миссиясын аяқтады. Миссия Қазақстан Республикасы Үкіметінің өтініші бойынша Астанада өтті. Онда 2016 жылы өткізілген INIR миссиясының ұсыныстары мен ұсынымдарын орындау бойынша елдің жетістіктері бағаланды. Сонымен қатар Миссия кейінгі әрекеттер бойынша ақпарат алмасуға және шешілмеген мәселелерді нақтылауға мүмкіндік берді.

INIR миссиясы 2016 жылы Қазақстанның инфрақұрылымын дамытуда ілгерілеуге бағытталған бірқатар ұсыныстар мен ұсынымдарын берді. Мұнда АЭХА-ның «Негізгі кезеңдер» тәсілінің бірінші кезеңінің өлшемшарттарын пайдалана отырып, ядролық инфрақұрылымды дамыту жай-күйіне шолу жүргізілді, онда дамудың үш кезеңі (қарастыру, дайындық, құрылыс) бойынша егжей-тегжейлі ұсынымдар қамтылған. 1-кезеңде елдің ядролық энергетикалық бағдарламаға қатысты негізделген міндеттемелерді алуына дайындығы бағаланады.

INIR миссиясының командасы 2016 жылғы шолуда қамтылған ұсынымдар мен ұсыныстарды орындауда Қазақстан прогреске қол жеткізгенін атап өтті.

INIR миссиясының командасы ядролық энергетикалық бағдарламаны үйлестіру, атом электр станциясын қаржыландыруды түсіну, аварияға қарсы жоспарлау және радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу бойынша ұсынымдарды Қазақстан толығымен орындағанын атап өтті.

Команда жан-жақты есепті аяқтауға, атом энергетикасы инфрақұрылымына қажетті қаржыландыруды бағалауға, реттеуші органды және меншік иесін/операторды одан әрі дамытуды жоспарлауға және өнеркәсіпті тарту саясатын әзірлеуге байланысты қосымша жұмыс жүргізу қажет екенін айтты.

"Қазақстан INIR миссиясының 2016 жылы жасаған ұсыныстар мен ұсынымдарды орындауда айтарлықтай прогреске қол жеткізді. Осы күш-жігердің барлығы Қазақстан Республикасының Үкіметіне ядролық энергетикалық бағдарламаны іске асыра бастау туралы шешім қабылдауда одан әрі қолдау көрсетеді",-деді INIR миссиясы командасының басшысы – АЭХА Ядролық инфрақұрылымды дамыту секциясының ядролық инженері Мехмет Джейхан.

"Қазақстан атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануды дамытудағы АЭХА рөлін жоғары бағалайды және біздің ядролық энергетикалық бағдарламамыздың қауіпсіздіктің ең жоғары стандарттары мен озық халықаралық тәжірибелерге сәйкес келуін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды. INIR миссиясын қабылдай отырып, Қазақстан өзінің ядролық инфрақұрылымының дайындығына объективті кәсіби баға алуға мүдделілігін көрсетті. INIR миссиясы біз үшін Қазақстанның атом энергетикасын дамытуға қажетті инфрақұрылымның қолжетімділігін жақсартуды және қамтамасыз етуді талап ететін салалар мен бағыттарды айқындау үшін құнды құрал болып табылады."- деді Қазақстан Республикасының Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов.

INIR миссиялары туралы

Ядролық инфрақұрылымды кешенді шолу жөніндегі миссиялар АЭХА-ға мүше мемлекеттердің өкілдеріне халықаралық сарапшылармен әртүрлі елдердегі тәжірибе мен озық практика туралы терең талқылаулар жүргізуге мүмкіндік береді. INIR миссиясы командасының кез келген ұсынымдарын орындау миссияны өткізуді сұрайтын мүше мемлекеттің қалауында қалады. INIR миссиясының нәтижелері мүше мемлекетке кез келген кемшіліктердің жою бойынша іс-қимыл жоспарын әзірлеуге көмектеседі деп күтілуде, бұл өз кезегінде ұлттық ядролық инфрақұрылымды дамытуға ықпал етеді.

Кейінгі INIR миссиялары негізгі миссия барысында ұсынылған ұсыныстар мен ұсынымдардың орындалуын бағалайды. Қосымша ұсынымдар берілмейді.

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Популярное
Выбор редактора
Ошибка в тексте