Қала әкімі Ақтөбенің тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін коммуналдық кәсіпорындардың жұмысымен танысты
Ақтөбе қаласының әкімі Мұрат Жөребеков "Ақтөбе ЖЭО" АҚ және "Aqtobe su-energy group" АҚ жұмыстарымен танысты.
Қазіргі таңда “Ақтөбе ЖЭО" АҚ Ақтөбе қаласын орталықтандырылған жылумен қамтамасыз және электр энергиясымен қамтамасыз етеді. 11 бу және су жылыту қазандығы жұмыс істеп тұр, резервте 2 су жылыту қазандығы бар.
Кәсіпорын басшысы Бақтияр Ізбасаров жылыту маусымы штаттық режимде жүріп жатқанын айтты. Қала әкімі кәсіпорынның жұмысын ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.
«Халық жылумен және басқа да коммуналдық игіліктермен үздіксіз қамтамасыз етілуі тиіс. Сондай-ақ, кәсіпорын басшылығы инженерлердің, жұмысшылардың жалақысын көтеру, әлеуметтік мүмкіндіктермен қамтамасыз ету мәселелерін шешуі тиіс», - деп атап өтті қала әкімі.
Мұрат Жөребеков бұдан соң "Aqtobe su-energy group” АҚ қызметімен де танысты.
Ұйымның қызметтерін 152 мыңға жуық абонент пайдаланады. Кәсіпорын 55 кәріз тазарту құрылғысын, 35 су қабылдағыш, 25 қазандықты қамтиды. Бас директор Ержан Жексембиновтың айтуынша, кәсіпорын объектілерінің жұмысын бақылау, тұрғындарға және ұйымға жылу, суық және ыстық су берілу үздіксіз жүзеге асырылуда.
Қала әкімі жаңа инженерлік желілерді салуға көбірек көңіл бөлу қажеттігіне назар аударды.
«Қалада берілген барлық учаскелерге түгендеу жұмысын жүргізу қажет. Ақтөбе соңғы жылдары алып құрылыстар алаңына айналды. Ал енді біз оның бәрін жылумен, газбен және электр энергиясымен қамти аламыз ба деген сұраққа жауап іздеуіміз керек. Бұл жұмысты қазір облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес жүргізіп жатырмыз.
Бұдан бөлек, біз Ақтөбе маңында соңғы жылдары пайда болған жаңа тұрғын алаптарды ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесін шешуге тиіспіз. Жалпы, жаңа ұңғымаларды бұрғылау бойынша инвестициялық бағдарлама әзірлеу қажет. Су - бұл стратегиялық ресурс, тіршілік көзі, сондықтан ауызсу - бірінші мәселе. Біз тұрғындар қоныстанған тұрғын алаптарды сусыз қалдыра алмаймыз», - деді Мұрат Жөребеков.
Сондай-ақ, қала басшысы Әуе қалашығы ауданындағы қазандыққа барды. Жылумен жабдықтау нысаны күзде пайдалануға берілген болатын. Қазір 43 тұрғын үйді, 40 мекемені жылумен қамтамасыз етіп отыр. Қала тұрғындарына үздіксіз қызмет көрсету мәселесі өңір басшылығының ерекше бақылауында.
М. Жөребеков ақтөбеліктерге коммуналдық қызметтердің берілуін тәулік бойы бақылап, жылыту маусымында кедергілерге жол бермеуді тапсырды.
Вам может быть интересно: «Испания введет новые визы для цифровых кочевников»