Қазақстан мен Ресей көлік, логистика және өнеркәсіп саласындағы екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады
2023 жылғы 10 қаңтарда ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың басшылығымен қазақстандық делегацияның Мәскеу қаласына жұмыс сапары өтті, деп хабарлайды ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің (ИДИДМ) баспасөз қызметі.
Делегация құрамында ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев пен «Қазақстан темір жолы» АҚ төрағасы Нұрлан Сауранбаев та бар.
Сапар аясында РФ үкіметі төрағасының орынбасарлары Марат Хуснуллин, Денис Мантуров, Александр Новак, Алексей Оверчукпен, сондай-ақ РФ көлік министрі Виталий Савельевпен келіссөздер жүргізілді.
Атап айтқанда, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» және «Солтүстік – Оңтүстік» көлік-логистикалық маршруттарын дамыту, Қазақстан мен Қытай шекарасында жаңа үшінші темір жол өткелін салу, Қазақстан – Ресей шекарасындағы автомобиль жолдары мен өткізу бекеттерін реконструкциялау тақырыптары қозғалды.
Сонымен қатар, кездесуге қатысушылар өнеркәсіп кооперациясы, атап айтқанда, автомобиль жасау, тау-кен металлургия, агроөнеркәсіп кешеніндегі бірлескен жобаларды іске асыру мәселелеріне тоқталды.
Өз кезегінде, Ресей тарапы «Иннопром. Қазақстан» халықаралық өнеркәсіп көрмесіне қатысатынын растады (2023 жылғы 23–25 қыркүйекте Астанада өтеді).
Келіссөздердің қорытындысы бойынша тараптармен уағдаластыққа қол жеткізілді және «ҚТЖ» ҰК» АҚ мен «РЖД» АҚ арасында 2023 жылы пойыздар қабылдау және тапсыруды жақсартуға бағытталған шараларды қабылдауға қатысты тиісті Хаттамаға қол қойылды.
Вам может быть интересно: «Криштиану Роналду жаңа командасындағы алғашқы ойынын 5 қаңтарда өткізуі мүмкін»