Атырау облысындағы автожол жобаларының іске асырылуы талқыланды
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде Атырау облысындағы автожол жобаларының іске асырылу барысы қарастырылып, инертті материал тапшылығы мен вагондардың жетіспеушілігі туралы айтылды.
ИИДМ Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Жамбыл Бақтияр кеңеске қатысушыларды ашық диалогқа шақырып, сондай-ақ атыраулықтардың тарапынан Атырау-Аққыстау бағытындағы автожолға байланысты көптеген шағым түсіп жатқанын жеткізді.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Атырау облыстық филиалының басшысы Болатбек Айтбаевтың айтуынша, қазір құрылыс жұмыстары «Атырау-Жанбай» учаскесінде және Тұщықұдық пен Аққыстау елді мекендерінің ішінде шоғырланған. Ол жобаны іске асыру кезінде үздіксіз құрылыс әдісі қолданылып жатқанын айтып, бірақ жұмыстарды орындауда бірізділік сақталып отырғанын атап өтті. Яғни, арнайы техника белгіленген жол учаскесіндегі жұмысты аяқтамай келесіне ауыса алмайды.
«Осы жылдың аяғына дейін Атыраудан Аққыстауға дейінгі жол жабынының төменгі қабатымен көлік қозғалысын қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Бұл арқылы биыл 277 шақырымның 130 шақырымында жол қатынасы ашық болады деп көзделген. Қазір инертті материалды көршілес Ақтөбе және Маңғыстау облыстарынан әкеліп жүрміз», деген Б.Айтбаев мердігер ұйымдарға тиісті тапсырмалар берілгенін атап өтті.
Өз кезегінде Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары аталған автожолдың құрылысы 2023 жылы толық аяқталуы тиіс екенін ескертті.
«Алдымызға Атырау облысындағы осы жобаның құрылысын толығымен аяқтау міндеті қойылып отыр. Сондықтан «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ осы бағыттағы жұмысты күшейту қажет. Сондай-ақ автожол саласындағы құрылыс - монтаж жұмыстарының орындалу барысын Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі жеке бақылауында ұстап отырғанын еске салғым келеді», деді Ж.Бақтияр.
Вам может быть интересно: «Экс-ан-Прованс завоевал титул Европейской столицы инноваций 2022»