Жұлдыздармен бірге «Аққу көлі»

Классикалық балет жауһарларының бірі – «Аққу көлі» 23-24 қарашада «Жібек жолы» фестивалі аясында «Астана Опера» сахнасында ұсынылады. ХХ ғасырдағы академиялық балет өнерінің нышаны болып табылатын спектакльдің фестиваль бағдарламасына енуінің тағы бір себебі – биыл П.И.Чайковскийдің балетіне 145 жыл толуда.

Осынау әдемі, әсерлі балет елордалық театр сахнасында «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі, Ресейдің Халық әртісі Алтынай Асылмұратованың қойылымында өтеді. Әлемге әйгілі тұлға классикалық би көрінісін (Лев Иванов пен Мариус Петипаның хореографиясын) сақтай отыра, оған кейбір өзгертулер енгізді, бұдан хикая неғұрлым қызықты бола түсті.

Әр күндері басты партияларды орындайтындар: Одетта-Одиллия – Бавария мемлекеттік балетінің жетекші солисі Мэдисон Янг, «Астана Операның» жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әйгерім Бекетаева. Зигфрид – Бавария мемлекеттік балетінің жетекші солисі Цзиньхао Чжан, «Астана Операның» жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Рахматуллаев. Ротбарт – Диас Құрманғазы, Арман Уразов, Шут – Бейбарыс Ақарыс, Ұлан Бейсенбаев және басқалары.

Орындаушылардың екі құрамының да кіршіксіз биге тұтасқан күрделі балет элементтерін шебер орындау ғана емес, оқиға желісінің эмоционалдық құраушы бөлігін де жеткізу қолдарынан келетіні сөзсіз.

Бавария мемлекеттік балетінен жұлдызды жұп – Мэдисон Янг пен Цзиньхао Чжан өмірдің қиындықтарынан мүлде қорықпайтын ақжарқын, үміті зор Зигфрид пен ащы тағдырдың құрбаны болса да, еңсесін түсірмеген, және махабаттың ғажап күшіне деген сенімін жоғалтпаған Одетта секілді кейіпкерлердің өз интерпретациясын ұсынады.

– Әрине, Зигфрид ханзада классикалық репертуардағы айрықша рөл. Мен бұл партияда театрымыздың пандемиядан кейінгі екінші ашылуы кезінде Мюнхенде дебют жасаған болатынмын, сондықтан труппамен осындай атақты, ауқымды балетте сахнаға оралғаннан кейін қуанышты сезімде болдым. Біздің мюнхендік нұсқамызда қойылым басты кейіпкер Зигфридтің психологиялық жағына тоғыстырылған. Мен Қазақстанда өтетін нұсқасын орындайтыныма қуаныштымын, онда мен бұл классикалық хикаяны жаңаша жеткізе аламын. «Аққу көлі» – әсерлі спектакль, әсіресе сатқындықтан кейінгі соңғы актісі. Әлбетте, бұл балеттің техникасы мол, алайда оқиға желісі мен партитурасы әртіс ретінде мені басқа бір бөгде кеңістікке әкетеді.

Көптеген марапаттардың иегері Қазақстан жайлы білетінін атап өтті. – Шын мәнісінде ата-тегім бойынша мен қытайлықпын, Далянда туып-өсіп, Шанхайда Тунцзи университетінде білім алдым. «Астана Операда» билейтініме өте қуаныштымын, менің білуімше, ол Орталық Азиядағы ең ірі театр саналады. Әлемдегі жаңа жерлерді көру, сонымен бірге өз жұмысыңды атқару – кәсібімде маған ұнайтын тұстардың бірі. Белгілі бір уақыт әлемнің бұл бөлігіне баруға мүмкіндігім болмады, сондықтан мені шақырғандарына рақмет, спектакльді асыға күтемін, – деп түйіндеді Цзиньхао Чжан.

Балет труппасы «Астана Опера» Симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен өнер көрсетеді, дирижер тұғырында – атақты италиялық маэстро Джузеппе Акуавива. 

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Ошибка в тексте