Қостанай облысында жер үйде тұратындар қысқа уақтылы дайындалмайды - ТЖД

Қостанайда жылыту маусымына дайындық қызу жүріп жатыр, деп хабарлайды төтенше жағдайлар департаменті.

Қостанай облысы ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының аға инженері, азаматтық қорғау лейтенанты Нұрхан Қабыкеннің айтуынша, тұрғын үй секторында алдын алу жұмысын жүргізу үшін жылыту маусымы қарсаңында 9 745 үйде тұратын 30 908 азаматтың әлеуметтік осал топтарының тізімі жасалған.

Бүгінгі күні облыстық ТЖД қалалық және аудандық бөлімшелерінің қызметкерлері осы санаттағы тұрғындардың тұрғылықты жерін 100% аралап шықты.

Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзудың 1 190 фактісі анықталды, оның 143-і орнында жойылды.

Биыл Қамысты және Жангелді аудандарындағы 9 тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізілген. 165 үйде жылыту пеші жөнделді, 229 үйде түтін мұржасы тазартылды.

Көпбалалы отбасылардың, мүгедектер мен зейнеткерлердің үйінде газ сигнализаторын орнату жұмысы жалғасып жатыр.

Жергілікті атқарушы органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың қолдауымен облыста 2018 жылдан бері барлығы 2 556 улы газ дабылқаққышы және 1 280 түтін дабылқаққышы орнатылды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады.

Ведомство өкілі халық пеш пен мұржаны қыс түспей, жылы кезде алдын ала жөндеп алмайды, сосын ол тұрмыстық өртке себеп болатынын айтты.

«Өрт қауіпсіздігі ережелерін білу және сақтау жамандықтың алдын алуға көмектеседі», - деп атап өтті Н. Қабыкен.

Айта кетейік, Қостанай қаласында жылыту маусымы 29 қыркүйекте біртіндеп басталады.

 

Если вы обнаружили ошибку или опечатку, выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите CTRL+Enter
Выбор редактора
Ошибка в тексте